Дәстүріміз үзіліп қалған жоқ па?

ЖОРЫҚШЫНЫҢ ТАМАҒЫ

 

– Жазушы Жекен Жұмаханов ағамыз жөнінде деректі фильм түсіріп жүргенімде, сол кісі екеуіңіздің бір ұлттық тағам жөніндегі әңгімелеріңізді құлағым шалып қалғаны бар еді. Соны еске аласыз ба?

– 1972 жылы Қарт Алтайдың қоңыр күзінде көзді суарып алып, Марқакөлден Зайсанға бет алғанмын. Қалжыр мен Қара Ертістің құйғанындағы «Боран» паромының үстінде Жекен ағамен жолықтым. Екі аяқ, бір қолын қан майданда қалдырып, екі ағаш аяқтың үстінде жүріп-ақ, ит арқасы қияндағы «Боран» орта мектебін Бүкілодақтық үлгілі оқу орнына айналдырған, қазақтың Маресьеві атанған майдандас досы Құмаш Нұрғалиевке келіпті. Тізгінші – совхоз парткомы Баян Малғабылов деген жас жігіт. Жолда Ақаралда әрі соғыс ардагері, әрі озат малшы, менің аталас туысым Мәсәлім ағаның күзеулігі бар. Алпардың тұсы ойқы-шойқы. Жолдан шықсаң түйе қараған, қалың тораңғыға еніп кетесің. Күн батып кеткен. Сонадайдан жылтыраған бір жарық көрінеді. Соны көздеп жүріп жеттік әйтеуір. Қанаттары кең, уықтары қысқа, жатағандау қоңырқай үй. Есік алдындағы құрт жаятын өренің бір қазығына бұраған шыбықпен шырмап байлаған ұзын бақанның басына үлкен фонарь іліп қойыпты. Ауланың арғы жағында алаулаған от. Бір аяғын сылтып басатын, етжеңді, жұрт Сар-Мәсәлім деп атайтын ағамыз шықты. Қарғып түсіп, қарымды құшаққа көмілдім. Жәкеңдер жай ғана сәлемдесті.

– Бәйбіше, қарасаңшы кім келді?

Жеңеше аңтарылып, бір қарады да, дауыстай ұмтылды.

– Қой, бәйбіше түн ортасында жылама. – Оны тыңдаған жеңешем жоқ.

– «Қайтейін түннің ортасын,

Жылауға да қорқасын.

Фәниден өткен марқұмдар,

Жамылсын топырақ торқасын! – деп өксіп алып, сабырға келді. Өйткені біздің үйде әулетіміздің екі үлкені қайтыс болған.

– Мәс-аға, мына кісі өзіңіз сияқты майдангер, белгілі жазушы Жекен Жұмаханов ағамыз. Ал мына жігіт…

– Ай, азамат, сен осы Медеубаев емессің бе?– деді Жекең тесіле қарап.

– Болсақ болармыз. Мәсекең де қадала қарады.

– Мәссаған!

– Міне, саған ендеше! – Екі құшақ айқасып, бірін-бірі сілкіп-сілкіп барып, сабаларына түсті.

Есіктен керіскедей кері тұсақтың басы көрінді.

– Ойбай, қойыңыз. Түн ортасы ауып кетті. Бүгін мұнсыз да қойдың қанын ішіп келдік.

– Әй, Жеке, Украинаның орманында отырған жоқсыз. Бұл Жылқайдардың Алпары. Шаршасаңыз бата беріңіз де, жата беріңіз. Тек мұны мейман болып жейсіздер ме, аңшы боласыздар ма, әлде жорықшы болып жейсіздер ме, соны айтыңыздар.

– Кім болып дедің? – Жекең сәл кідірді. – Қонақ болып, күнде жейміз. Аңшының асы да таңсық емес. Қысылтаяңда қарынға түсіп те қорек ете береді. Енді бізді жорықшы деп біліңіз. Аллаһу акбар! – деді.

Иә, шайға да қарамай, сусындап қана жатуға ыңғайландық.

Әрі жорық асын дайындауды көргім, әрі ағаның қасында біраз болғым келді. Жиегін екі қатар таспен көмкерген, ұзыншалау жер ошақта сытыр-сытыр етіп, от жанып тұр. Жаңа ғана бауыздалған жануар тұяғын соңғы рет серпіді. Бас пен сирақтарды қуыс кеудеге қол жүгіртіп, қан жынын төкті. Тұзды сумен екі рет жуып, үгітілген бұрыш пен пияз ба, әлде дәрі-дәрмек пен бірдеңелерді сеуіп, істікке шыбықпен түйреп тастады.

– Әкел, ананы, – деді қосшы балаға. Анадайдан дырылдата сүйретіп әкелген үлкен легендегі қоймалжың ақ балшықты қойдың терісінің сыртынан баттастырып, біркелкі етіп жақты (ақ балшықпен орап тастады). Ошақты дайындай бастады. Қоламтаның тағанына қызыл шоқты бір қабат жайды да, қойды оның үстіне орналастырып, үстіне тағы да шоқты көмір төгіп, ыстық қоламтамен қалыңдап жауып тастады.

– Ал балалар дем алыңдар…

Үй солқ ете қалды. Оянып кеттім. Белдеудегі бұзау үстіне түскен енесін сорпылдатып еміп жатыр. Далаға шықтым. Отарды қосшы баланың алдына салып берген Мәс ағам, жамбастай басып көмбеге келе жатыр.

– Ал енді сенің көмегің керек, – деді. Көмбенің күл-қоқыстарын аса сақтықпен ашып, құлаштай-құлаштай екі таяқты бас-аяғына сұқты.

– Ауп! Әлгі таяқтармен биік көтеріп алдық та жерге тастай салдық. Сыртындағы қалың қара қабыршақ жарылып, жан жаққа ұшып, тұтас дене аппақ болып шыға келді. Бұрқыраған ақ бурыл қолқаны қапты…

Дастарқан. Сырты кленкамен оралған шаптаны екі жақтап көтеріп әкеліп, ортаға қойды. «Бисмилла!» – деп орауды ашты. Саны-сан, бұты-бұт күйінде мүшеленген, тұтас ет. Үстінде үш-төрт істік жатыр. Жазушы бата да жасамай, ұмсына берді. Парторг аң-таң.

Мәс ағам істіктің біреуімен жамбасты шаншып алып, Жекеңнің алдына қойды.

– Ендігі шаруаны істік пен тіс тындырады. Қане, қарағым, енді өзің қам жаса, – деп парторгке иек қақты.

– От шарпыған орман. Өкшелеген жау. Қырық күн қуғын. – Жазушы сөздің бетін тосын ашты. – Тоқта, Мәсеке. 1943 жылдың 12 қыркүйегі. Құдай-ау, дәл бүгінгі күн ғой қоршауды бұзған бесеу. Майдан газеті. «Мықтының бірі – Мәсәлім Медеубев»… Сол мықты – сіз. Жазған – біз! Дәл осындай бұйра талдың астындағы блиндаж. Тек тұтас қой емес, бұқтырған еттің бір қалбырын сойып отырып сөйлескенбіз. Есіңде ме?

Мәс аға сұмдық соғысты қозғағысы келмеді. Соны аңғарған жазушы басқа сұрақ қоя бастады.

– Ал сіздің бұл «кулинаркаңыз» қалай, қандай сәттерде жасалады?

– Қалай жасалатынын бауырым көрді. Сол айтар.

– Онда қандай сәттерде?

– Мысалы, Жеке сіз сардарсыз. Жауды үдере қуып келе жатырсыз. Немесе қашып, әйтпесе адасып, елсіз-күнсізге шығып кеттіңіз. Сарбазыңыз аш. Баяғы Украина орманындағыдай, бір бұланды, яки бұғыны атып алдыңыз. Қазан-ошақ жоқ. Етін үлестіріп бере алмайсыз. Шикі жесеңіз – шиқан шығады. Енді қайтесіз?

– Түсіндім, түсіндім. – Жазушы көзін жұмсақ жұмып, сәл кідірді. – «Бұзбай құлан пісірмей, мұз үстіне от жақпай, ерлердің ісі бітер ме?» Махамбет батырдың құланын пісіре алмай жүр едім, оны сіз көрсеттіңіз. Ауыз әдебиетінен бірдеңелер іздеп жүретін бүгінгі білгірлердің жиыны жетпеген бұл ғажапты сізге кім үйретті екен?!

– О, ол ұзақ әңгіме…

Сиырды қазақ көп ұстамаған

 

– Жарайды, аға. Ұзақ әңгімеге бізде уақыт жұмсамайық. Менің түсінгенім Жекең мен Мәсекең бұрын кездескен адамдар болды ғой.

– Иә, Жекең ағай майдандық газетте жүргенде «Қоршауды бұзған батырлар» деген мақала жазыпты. Сол кейіпкер бүгінгі шопан Мәсәлім болып шықты. Ғажап кездесу емес пе?

– Әрине, ғажап кездесу ғой. Ал енді ежелгі қазақ құрғақ сүт те жасады дегенге қалай сендіресіз?

– Иә, оған мен де сенбегем. Бірақ сендірген.

– Кім сендірді?

– Мүсілім Ермеков.

– Әлімхан Ермековке қатысы жоқ па?

– Иә, сол Әлімхан Ермековтың туған інісі. Зоотехникалық мал дәрігерлік ғылымының докторы. Академик Алматы «зоовет» институтының ректоры болған. Төрт түліктің тегі, тұқымы, өнімі, таралымы туралы терең білетін. Жылқы шаруашылығы және оның өнімдері жөніндегі ғылым докторы Даниял Керімбаев деген профессор (баяғыда Республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған) болды.

– Сиырды қазақ тым көп ұстамаған, – дейтін академик. – Жаугершілікте, мысалы, Алтайдан көтерілген қазақ Оралға барып бір-ақ тоқтайды. Сиыр ондайға шыдамайды. Үш-төрт көште іштері қолқылдап (тышқақтап) жүре алмай қалады. Ал қой малы күндіз-түні жайыла жүріп, жылқы мен түйенің барған жеріне жетеді. Сиыр отырықшының малы. Ол бізге орыспен бірге келді, – дейтін.

Менде Түріктің Комуран Грун деген тарихшысының «Түрік және түркі елдері» деген кітабы бар. Адамзаттың алғашқы дәуірінен бастап, осы заманға дейінгі кезеңін қамтиды. Ол үшін жер бетінде екі аяғымен тік тұрған алғашқы адам – түрік. Адамзат өркениетін олардың малды қолға үйретуінен бастайды. Адамға алғаш үйір болған жануар – ит екен. Адамдарды түрлі апаттардан қорғай жүріп (судан сүйреп шығарып, жыртқыштардан қорғап, ұсақ аңдарды ұстап беріп, әлсірегендердің алдына жемтіктер әкеліп тастап) адамдарға өздері жақындапты. «Қойды адамға ит қайырып әкелді» дейді. Нағыз өркениет жылқыны үйретуден басталыпты. Жылқы адамдардың аяғын ұзартты. Көші-қон, қашу-қуу, қорғану, кәсіп-нәсіп көбейді. Оларды бағу үшін қора салу, жем-шөп дайындау қамы, бара-бара қауымдасып әрекет жасауға, отырықшылыққа жеткізді дейді… Адамның алғашқы мекені солтүстік полис екен. Сібірді суық басқан соң ұлы көштер арқылы жер жүзіне шығады.

Осы кітапта мал өнімдері туралы да этнографиялық деректер көп.

«Көшерін жел, қонарын сай біледі» дейтіндей, ұшып-қонып өмір кешкен халықпыз. Қыстауымыз Сырдың бойында болса, жайлауымыз Сарыарқаның сары жонында жатады. Салқар көш кешесің. Ойдан орыс «Ураласа» Оралдан үркіп, төр Алтайға тартып отырасың. Жоннан Жоңғар, қырдан Қытай қиқулайды. Жайылып жатуға, айран ұйытып, құрт қайнатып, қымыз ашытып отыруға мұршаң болмайды. Бар несібең малдың желінінде жүреді. Саумасаң «желін сау» болып мал өледі. Өзіңе азық керек. Ақты балаға сауу обал. Енді қайтеді? Дамылдаған жерде әуелі малдың желінін босатады. Жабыла сауады. Тай қазандарға толтырады да, сарқылдата қайнатады. Сүттің ішіне тіліп-тіліп қойдың шикі қарынын салады. Су-су болып ұшып кетеді де, қазан түбінде қарынға ұйыған (жабысқан) нәр қалады. Керек болса онан әрі қыздырып, ақ ұнтаққа айналдырып ал. Асықсаң, қарынға жабысқан сүт нәрін тосап түрінде торсығыңа салып ал да, кете бер. Ол енді ашымайды, бұзылмайды. Көш үстінде жылаған баланың аузына салып сорғызасың ба, шөлдеген қартқа суға езіп, сусын етесің бе, еркің. Әрі жан сақтайсың, әрі мал сақтайсың.

 

КӨПІРШІК  – бие сүтінен жасалатын ауыл элексирі  

 

– Жаңа сөз арасында «Көпіршік» дегеніңізді естіп қалдым. Ол не нәрсе?

– Ол – бие сүтінен жасалатын бір таңсық тағам. Анығырағы тағам емес, дәрі-дәрумен. Ауыл элексирі шелектің түбіне мәлім мөлшерде шығармақ (ащы) қымыз құяды да, соның үстіне биені сауады. Жылы сүт бірден көбіктеніп, көпіріп шыға келеді. Көбік басылғанда сарысудың бетінде қалыңдығы ек-үш еліден, ақ ірімшік сияқтанған, көбіктің тығыз қаттамы тұрады. Бұл сүтке жарымайтын жас балаларға, қауқары қайтқан қарттарға таптырмайтын тағам, тез қуаттандыратын қуаткер. Мұның дәмін бала кезімізде өзіміз де татқанбыз.

– «Кебін киген келмейді. Кебенек киген келеді» – дейді қазақ. Осы мақалдың мәнін түсіндіріп бере аласыз ба?

– Ең әуелі «кебенек» деген не? Ол аса таза, аса жұмсақ жүннен өте тығыз басылған, жұқа киізден тігілген, жеңсіз, желбегей жамылғы, кавказдықтардың буркасы тәрізді киім. Суық өткізбейді, жел жібермейді. Малшылар қыста отарға, жауынгерлер жорыққа киеді. Кебін киген молаға кетеді. Келмесіне көзің жетеді, түңілесің. Кебенек киген далаға кетеді. Батырлар «алты малтаны ас етіп, өзінен туған жас бала сақалы шығып, жат болғанша жорықта жүреді. Тұтқынға түсуі немесе қуылып, басқа жаққа шығып кетуі мүмкін. Күндердің күнінде қайта оралып жатады. Кебенек ездің емес, ердің киімі. «Ерді кебенек ішінде танисың. «Кебенек кимей, көресіңді көрмейсің». Демек, ол үзілмейтін үміттің, сарқылмайтын сағыныштың нышаны.

– Оқыған адамдарды баяғыда Түркістан жақта бала кезімізде Ишан, Ахун деп жатушы еді. Осы сөздердің түп-төркінін білесіз бе?

– Ишан, Ахун, Қожа, Уаң-гуң, Лама дегендерің әр ұлт, әр сенімдегі адамдардың діни атақтары, әкімшілік мансаптары. Ишан, мысалы, парсыша Аятолладан кейінгі дінбасы, үлкен ұстаз. Ахун да солай. Қожа ең әуелі өздерін Сәнт (Пайғамбар шыққан тайпадан тарайтын асыл нәсіл) санайды. Түріктер бірде ұстаз, бірде қожайын деп атайды. Лама будданың бір тармағын тұтынатын тибет-монғолдардың ең жоғарғы рухани көсемі. Уаң Гуң мәнжүрше билік дәрежесі (князьдар).

– Батыс облыстарда өздерін «Ишанның ұрпағымыз» деп бөлектеніп жүретіндер кезігеді. Ишанның ұлын Мақсұм деп мадақтайды. Бұл қалай?

– Батыс өңірдегі молда-қожалардың салт-дәстүрлерін көп біле бермеймін. Төре мен қожа қашан да өздерін қара бұқарадан бөлек санайтын ақсүйек жік қой. Тіпті төреге қызмет атқарған қарапайым қазақтың өзі «төлеңгітпіз» деп, дәрежеленіп жүрген. Олар да сондай мүриттер шығар. Ал Мақсұм – ханзада, бекзада, мырза деген сияқты сын есімдер.

– Ахундардың әйелдерін «елті» дейді. Мұнда қандай дәреже бар?

– Ондайды естіген емеспін. Біз жақта абыздың, ғұлама діндарлардың әйелін «абызтай» дейді. Елтіңіз де сол сияқты құрметті атақ шығар. Қожаңыздың өзі қырық құрақтан құралмай ма?! Әрқайсысының өз лақап атаулары бар шығар.

 

Сұқбаттасқан Қ.Бегманов

(Жалғасы бар)

Бөлісу: