«Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналының Бас редакторымен кездесу

Бүгін, Алматыда А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада ақын-этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «ДӘСТҮР» ұлттық-этнографиялық журналының Бас редакторы, ақын Қасымхан Бегмановпен кездесу өтті, деп хабарлайды Дәстүр порталы.
Рухани кешті модератор, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының аға әдеби кеңесшісі Ермек Еркін оқушылармен емін-еркіндікте, тақырыпқа сай, қызықты жүргізді.
Кездесуге келген 147-ші мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушылары журналдың арнайы тақырыптағы рубрикаларына қызығып, журналдың шығу тарихына байланысты сұрақтар қойды.
«ДӘСТҮР» ұлттық-этнографиялық журналы 2009 жылдың қыркүйек айынан бастап он төрт жылдан бері үздіксіз шығып келеді.
Басында он мың тиражбен шыққан журнал бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып, өз оқырманын тапқан басылым.
Ұлттың абыз ақсақалы, этнограф-қаламгер Жағда Бабалықұлының ақ батасымен алғашқы саны жарық көрген «ДӘСТҮР» журналының ақылдастар алқасында қазақтың классиктері — ақын Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиев, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек, жазушы-журналист Зәкір Асабаев, қаламгер Сейіт Кенжеахметұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессорлар Уахит Шалекенов пен Мәмбет Қойгелді, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов және тарих ғылымының кандидаты, жазушы-аудармашы Әлімғазы Дәулетхан сынды көптеген белгілі азаматтар болып, ақыл-кеңестерін берді.
Кеш барысында А.П.Чехов атындағы Орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі қызметкерлері Демеуханова Алуа мен Кәдірбек Әйгерім атты мамандар «ДӘСТҮР» журналы жайлы жалпы шолу жасап, қызықты мәліметтермен таныстырды.
Қызметкерлер кітапханаға келетін «ДӘСТҮР» журналының әр санын асыға күтіп жүретін өз оқырмандары мен журналдың Бас редакторы арасында әдемі, үйлесімді байланыс орнатып, кездесудің тәрбиелік маңызына баса көңіл аударды.
Өз кезегінде журналдың Бас редакторы Қасымхан Бегмановтың журналдың шығу тарихы мен алқа мүшелері жайлы айтқан естелік әңгімелері мен бүгінде дүниеден өткен ардақты ағаларын сағынышпен есіне алып, құрмет көрсеткенін тыңдаған жас оқырмандар жүректері лүпілдеп, ақын ағаларымен бірге тамаша сезімге бөленді.
Сонымен бірге XXl ғасырдың ақпараттар ағынына тез ілесіп, шұғыл жаңалықтарды таратудағы «ДӘСТҮР» ақпараттық сайты туралы да мәлімет берілді.
Әр саны мезгілімен шығып, бағыт-бағдары айқындалған оқырманы мен авторлары анықталған басылым жайлы қызықты кеш әсерлі өтіп, жасөспірімдердің баспасөзге жазылу туралы көзқарастары жақсы қалыптасып, оқуға деген құлшыныстарының артқанына куә болдық.
Кешке арнайы келген «Ұлы дала» компаниясының президенті, белгілі қаламгер-журналист Мұрат Мұқаш жасөспірімдерге жарқын болашақ тілеп, тәрбиелік мәні терең кездесу үшін ақын Қасымхан Бегмановқа алғыс айтты.
Жанға жылу сыйлаған кездесудің соңында оқырмандар ақын Қасымхан Бегмановтың жаңа жырларын тыңдап, поэзия әлеміне енді.
Баймолдина Лейла басқарып отырған А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана ұжымы мен оқырмандарына ыстық ықыласын білдірген ақын кеш соңында өзінің қолтаңбасымен жыр жинағын тарту етті.
Шығармашылығын құрметтейтін оқырмандары жуырда ақынның мемлекеттік тапсырыспен «Күреңбел» жаңа өлеңдер жыр жинағының 2-ші басылымы «Атамұра» баспасынан және «Құланиек, құла таң» атты жыр кітабы «Мереке» баспа үйінен шығатынын естіп, құтты болсын айтты.

Бөлісу: