Елдегі қымбатшылықтың себебі неде?

2
Фото ашық дереккөздерден алынды.
Осы аптадағы үкімет отырысында азық-түлік пен тұтыну тауарлары, қызметтер бағасының өсуі талқыланды. Себептер айтылды. Себебі дәл қазір қымбатшылық жағадан алып тұрған жай бар. Бензиннің бағасы өсті, ішіп-жем қымбаттады. Жұрт оны ақылы жолдармен де байланыстырып жүр. Ол туралы өткен аптадағы зерттеуімізде айтқан тұғынбыз. Жолдар ақылы болса азық түлік қымбаттайды деп көлікшілер қынжылыс білдірген еді. Әсілінде азық-түлік бағасының асқақтауына тек жол шығыны себеп пе? Оны қазір сараптаймыз. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Жалпы алғанда азық-түлік тауарлары 0,8% -ға қымбаттады. Бағаның өсуі қызылшаға 27,7%, сәбізге 16,1%, картопқа 11,1%, күнбағыс майына 3,3%, қой етіне 3,2%, қырыққабатқа 3%, құмшекерге, жаңа жиналған жемістерге 1,7%-дан, жармаларға, макарон өнімдеріне, құс етіне 1,3%-дан, шайға 1,2%, ет өнімдеріне 1,1%, ұнға, сары майға 1%-дан қымбаттады. Бағаның төмендеуі қиярға 23,4%, қызанаққа 17,2%, жұмыртқаға, апельсиндерге 2,8%-дан тіркелді.

Мына кестеде біз қымбаттаған өнімдердің барлығын тізбектеп айтқан жоқпыз. Негізгілерін алдық. Әйтпесе тізім бұдан көп. Дәл қазір жұрттың жанына батып отырғаны картоп, сәбіз және сұйық май. Сондай-ақ қой етінің де бағасы өскені де таңқалдырып отыр елді.

Енді ше, елдің таң қалатын жөні бар. Біздің Қазақстанның аграрлық әлеуеті орасан екені екібастан белгілі. Мамандар керек десең бүкіл ТМД кеңістігін етпен, сүтпен, көкөніспен, астықпен қамтып тастауға потенциал бар екенін бұрыннан айтып келеді. Обалы не керек, қазір картопты сонау Египеттен, Үндістаннан, Пәкістаннан, басқа да алыс жақын шетелден алып отырмыз қалды. Не күн туды? Картоп егетін алқап жоқ па, жер жоқ па, істейтін шаруалар жоқ па деген сан сұрақ көпшіліктің көкейінде тұр қазір. Қазақ қазақ болғалы мал баққан ел емес пе еді, енді қойдың етіне жарымай қалсақ тіптен ұят деген өкініш пен базынаны естіп жатырмыз. Азық-түлік неге қымбат? Себептері қандай, шешімі бар ма бұл сұрақтың.

Астанадағы көтерме сауда орындарының бірі бұл. Әсілінде дүкенмен салыстырғанда баға төмендеу, бірақ бүгінгі баға, бұрынғы бағадан өзгерек.

ҚАЛ ҚАЛАМҚАС ЕТЕКБАЕВА САТУШЫ: «Сәлеметсіз бе, мына картоптың бағасы қанша? Картоптың бағасы 450, ай 350 тг. Негізінде бұл бізге 320 дан кеп атыр. Бәрі баға шарықтап кетті ғой. Қымбат, ешкім арзандатып бермейді. Халық айтады неге төмен түспейді дейді. Біз айтамыз, енді келген бағасы қарата қоямыз, 20-30 тг.
Сатушылар шенеуніктер сияқты емес, барды бар, жоқты жоқ деп айтады. Жұрт та солай.
«Жол қымбаттайды дейді, сол үшін да продуктының бағасы көтеріледі ғой. Масқара ғой 360. 360 не? Сәбіздің өзі. Сәбіз деген ол 100 теңгеден аспайтын ғой? Сұйық май қымбаттап кетті, жейтін май, ет қымбаттап кетті. Қымбат енді, қымбат болғанымен аламыз, не істейміз? Қайда барамыз? Помидор әлі түспеді тәте, тек қана огурцы түсті. И кішкене капуста түсті. Оның шындығын айту керек қой. Картошка ваще қымбаттап кетті. Халықтың қалтасы көтере алмайды. Картошка қымбат».

Халық ең көп алатын өнімнің бірі сұйық май. Оның да бағасы сұйылып тұр қазір.

ЛӘЗЗАТ МЕЙІРЖАНОВА САТУШЫ: «Олейна 5 литр 3900 боп тұр. Келу бағасы. Бұрын қалай еді, мысалы 1 апта бұрын, бір ай бұрын? Жоқ 2 неделя бұрын Олейнаның бағасы 3700 ден келген еді, қазір екі жүз теңгеге өсіп кетті ғой».
АРАЙ ТӘЖІБАЕВА САТУШЫ: «Қазір тауық өнімдері қымбаттап кеп атыр. Каждый оларға новый завоз келген сайын 50 тг қосылып кеп атыр ғой, каждый няғылған сайын».

Қашанға дейін няғылады баға? Бұл сұрақты елорда әкімдігіне жолдадық.
РУСЛАН ИДРИСОВ ҚАЛАЛЫҚ САУДА ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

«Спад мы ожидаем… Баға төмендейді. Шілдеге қарай, ішкі нарық өз өнімдерімізбен толыққан соң баға төмендеуі тиіс».

Байқадыңыз ба, ішкі нарық өз өнімдерімізбен толыққан соң дейді. Яғни біздің өнім жоқ, сырттан келіп жатыр барлығы. Әсіресе картоп. Айтпақшы сенатқа келген ауылшарушылығы министрі былтырғы картоп бар, бірақ жұрт оны алғысы келмейді деп картопты жарды.

САПАРХАН ОМАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ: «Қазір нақты картоп жоқ емес, бар. Былтырғы картоп біздің астананың өзінде 200 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ, адамдар мына жаңа шығып жатқан картопты алғысы келеді. Жаңа шығып жатқан картоп қазіргі кезде Өзбекстан, Қырғызстаннан келіп жатыр, оның бағасы әрине жоғары»

Сауда министрі Сұлтанов мырза картоп тапшылығы бар және оған ауылшаруашылығы министрлігі мен жергілікті әкімдер кінәлі деп санайды. Айтуынша бізде өсіп өнетін картоп 2 млн тонна . Яғни жалпы түсімдердің 48 пайызы ғана. Ал қалғаны үй шаруашылықтарында.

БАҚЫТ СҰЛТАНОВ ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ: «Осы мәселені басқарып бір жүйелі шешімдерді табуға ауылшаруашылығы министрлігінің шаруалары мен жергілікті атқарушы органдар атқарушы органдар аталған проблеманы жою бойныша тиісті шаралар қабылдамайды. Өткен жылы картоп экспортына тиым салу арқылы ғана баға тұрақтандырылды. Ағымдағы жылы төмен бағамен экспорттаудың өсуімен бірге басқа факторлар отандық өнім қорын 3 есеге қысқаруына яғни 900 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін осылай әсер етті».

Ауылшаруашылығында 25 жыл қызмет еткен Төлеутай Рахымбековтың пайымынша проблеманың төркіні жалған статистикада. Сандарды сапырып, артығымен орындап жатырмыз деп есеп беру 30 жыл бойы жалғасып келе жатқан кесел дейді.

ТӨЛЕУТАЙ РАХЫМБЕКОВ «АУЫЛ» ХАЛЫҚТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАТРИОТТЫҚ ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: «Статистикадағы бар ақпарат жалған деп есептеймін. Статистика бойынша бізде өндіріліп жатқан жеміс жидек пен көкөністің көлемі нақты өмірдегі бар көлемнен ең аз дегенде 2-3 есе артық. Мысалы көкөністің көлемі 4 жарым млн тонна өндірдік дейді. Ал 91-жылы Совет одағының соңғы жылында 955 мың тонна ғана өндіріппіз. Ол кезде кеңшарлар бар, колхоз совхоздар. Ірі ірі мысалы. Қазіргі кезде картоп өндірумен айналысатындар майда шаруашылықтар. Тіпті отбасылық шаруашылықтар. Енді ол кездегі колхоз совхоздармен салыстырғанда майда шаруашылықтар картопты 5 есеге артық өндіреді деп кім сенеді?»

Кеңес заманында картоп 3 млн гектар алқапта өсірілсе, қазір ол 1 жарым млн гектардай ғана. Рахымбеков мырза басқаны қойып картоп пен өзге де көкөністер бағасының қымбаттығына 5 себеп бар дейді. Жаңағы жалған статистка біріншісі. Тағы біреуіне тоқталайық.

ТӨЛЕУТАЙ РАХЫМБЕКОВ «АУЫЛ» ХАЛЫҚТЫҚ-ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ПАТРИОТТЫҚ ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: «Мемлекеттен қомақты беріліп жатқан қаржының мысалы 97-98 пайзы ірі шаруашылықтардың қолдарында кетеді. Олардың өздерінің саны 2-3 пайыз ғана, демек 4-5 мың ірі шаруашылық бар, солар 97-98 пайыз мемлекеттік қолдауды алып кетеді де, жаңағы көкөніспен, жеміс жидекпен айналысатын майда шаруашылықтардың тіпті мұрнына исі де бармайды».

Ал ірі шаруашылықтар үшін картопты экспорттаған тиімді. Сауда министрі мәлімдегендей өзімізде қор жеткіліксіз болса да 360 мың тонна картоп сыртқа сатылыпты. Ауыздан жырып бердік деген сөз ғой былайша айтқанда. Ақшасын алатын ірі шаруашылықтар екен, мемлекеттік қолдауды түгелге жуық солар қарпып әкетіп жатса картоп екеш картоптың да игілігін көруден қалдық па? Қазіргі ахуал Түркістан облысындағы алқаптарға телміріп қарап – көкөнісім пісе ғой, қоймаға кеп түсе ғой болып отыр.

РУСЛАН ИДРИСОВ ҚАЛАЛЫҚ САУДА ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Біз шаруаларға, шаруашылықтарға тұқым, жанар-жағармай мен техникаға қосалқы бөлшектер алуға несие береміз. Сол секілді біз ірі сауда желілеріне де қарыз береміз. Олар тиісінше бағаны ұстап тұруға міндеттеледі. Сондай-ақ біз әлеуметтік маңызы бар тауарларға, олардың саны 19, меморандум жасадық. Соның негізінде сатушылар бағаны 15 пайыздан артық көтермеулері тиіс».

Бұл бағаны реттеудегі мемлекеттің негізгі шарасы. Өнім жеткізушілерді осылайша қолдайды. Алайда баға бас берсе кәні? Тағы бір себеп бар. Делдал деген ағайын. Ауадан ақша жасап отыр.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ ЭКОНОМИСТ: «Отандық тауар өндірушілер мен соңғы тұтынушы халықтың арасындағы делдалдық қызметпен айналысатын кәсіпорындардың да қызметін бір жөнге келтірмейінше, біз бағаны тұрақты ұстай алмаймыз. Өйткені, ең бірінші тауарды өндіріп шығарып, нарыққан шығаратын кәсіпорын мен оның соңғы тұтынушысының арасындағы делдалдар табыстың 60-70 пайызын ұстап отыр. Яғни, ешқандай да бір экономикаға бір пайдасын әкелмей, адамдарды жұмыспен қамтамасыз етпей, басқа да салықтық салымдар төлемей, тек қана осы екі сатушы мен сатып алушының арасындағы бәсекелестік жағдайда нарыққа делдалдық қызмет көрсететін кәсіп орындар табысты өте көп тауып отыр».

Әсілінде қымбаттау инфляның шынайы көрсеткіші. Дәл қазір бізде ол 7.2 пайызға жеткен. Бұның барлығы ішкі себептер десек, жаһандық факторлар да бар. Шетелге шығаратын экспорт азайып, келетін кіріс төмендесе, иморт ұлғайып сыртқа беретін шығын артып отыр. Төлем балансы болса 5 пайызға төмендеп кетті дейді экономист Ләззат Нұрғалиқызы. Айтуынша дәл қазір мемлекет тарапынан халыққа қаржылық қолдау керек.

ЛӘЗЗАТ НҰРҒАЛИҚЫЗЫ ЭКОНОМИСТ: «Халықтың негізгі қаражаттарын пенсия, стипендия, алатын төлемақыларының барлығын индексациялау қажет. Бұл төлем балансын индексациялауда жаңағы мемлекеттік сеткорлардың, үкіметтің өзінің механизмдері арқылы кейбір шығындарды, қазір асығыс емес шығындарды азайтып, оның орнына халыққа әлеуметтік көмек жағын көбейтіп, соны ұлғайтқан жағдайда сол кезде бұл біршама қалыпқа келеді».

Әлбетте экономиканы әртараптандыру, бизнесті демеу сияқты міндеттер де алдыңғы қатарда тұру керек. Бұл да дағдарыстан шығудың бір жолы. Бүгін болмаса да, ертең жемісін береді.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ ЭКОНОМИСТ: «Жалпы қымбаттап жатқан тауарлардың қарқынын төмендету үшін 3 факторды бекем ұстауымыз керек. Бірінші кезекте, бензиннің бағасын қалыптастыруымыз керек. Екіншіден, біздің өзіміздің Отандық тауар өндірушілердің санын көбейтуіміз керек. Яғни, ішкі сұранысты өзіміздің Қазақстандық тауар өндірушілерді шығару керек. Үшіншісі, делдалдық қызметпен айналысатын, яғни сатушы мен сатып алушының арасындағы делдалдардың жұмысын бір жерге келтіруіміз керек».

Елдегі қымбатшылыққа себеп болып отырған басты факторлардың бірі бұл бензин бағасы. Ол жеке тоқталуға тұрарлық тақырып.

 

Бөлісу: