Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай

1
Әскерилер кітапханаға келді

Экскурсия барысында олар Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жоспарланған «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты кітап көрмесіне  қатысып, кітапхана жұмысымен танысты.

Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ақтөбе гарнизонындағы әскери полиция бөлімінің отбасымен жұмыс жөніндегі қызметтің ұйымдастыруымен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің қатысуымен экскурсия өткізілді.  

Кітапхана маманы алдымен әскерилер  мен олардың отбасы мүшелерін кітапхана тарихынан мағлұмат берді. Ғасырдан астам тарихы бар кітапханада абонементтік қамтамасыз ету, оқу залы, өнер әдебиеттері, шет тіліндегі әдебиеттер, өлкетану және коворкинг тағы да басқа бөлімдер бар.

Кітапханада оқырманға барлық жағдай жасалған. Таңдаған кітабыңыздың қаласаңыз аудио түріндегі нұсқасын да тыңдауға болады. Балалар әдебиетіне де аса мән берілген.

Кітапхананың бас маманы Жамал Жұмагереева қорда 350 мыңға жуық кітап барын, оның ішінде шет тілінде де кітаптар да жеткілікті екенін айтты.

– Әскери қызметшілердің балаларының жазғы демалыстарын қызықты, әрі тиімді өткізу мақсатында кітапханамен бірлесе отырып, осы іс-шараны ұйымдастырған болатынбыз.  Балаларға қажетті, қызықты кітаптар өте көп екен. Балаларымен қоса, ата-аналары да кітапхана оқырмандары қатарына қосылып, кітаптар жаздырып алуда. Іс-шараның арнайы рәміздер күніне орай ұйымдастыруымыздың да мақсаты – өз еліміздің мемлекеттік символдарымен балаларды қызықтыра отырып, тереңірек таныстыру, – деді әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің штаттан тыс бастығы Ләззат Жақыпова.

«Отан отбасынан басталады» деп дана халқымыз айтқандай, отбасы, бала, тәрбие – бір-бірімен ажырамас ұғымдар. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін – сапалы білім қажет. Осындай тәлім-тәрбиелік мәні зор жұмыстардың берері мол. Кітапхана ұжымына шығармашылық табыстар мен биік белестер тілейміз!

 Светлана НҰРБАЕВА, ҚР Қорғаныс Министрлігі Ақтөбе гарнизоны баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы, капитан

Бөлісу: