«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы  болмаса…

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы болмаса…

18.02.2020 0 By Aigul

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 4%-тен аспайтын микрокредит беріледі, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасының бірқатар тетігі жетілдірілгенін атап өтті. Министр: «Көпбалалы және табысы аз отбасынан шыққан азаматтарға жеті жылға дейінгі мерзімге жылдық мөлшерлемесі 4%-тен аспайтын жеңілдетілген микрокредиттер беріледі», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Сонымен қатар, енді қысқа мерзімді оқыту төртжақты келісімшарт жасау арқылы тек жұмыс берушілердің өтінімі бойынша жүргізіледі. Бұдан бөлек жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жаңа бағдарлама енгізіліп отыр.  2019 жылы бес өңірде 204 отбасын қамтыған «Менің кәсібім» жобасы басталған болатын. Биыл «Жасыл экономика» коалициясымен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсету жобасын іске асыру жоспарланғандықтан министр облыс әкімдіктерінен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударуды сұрады. Б.Нұрымбетовтің айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының еңбек нарығына қосып отырған үлесі зор.

«Егер де бағдарлама болмаса, жұмыссыздық деңгейі қазір 4,8%-ті емес, 7,9%-ті құрайтын еді», – дейді ведомство басшысы.

Бөлісу: