Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек

83

Мен жазушы Жүсіпбек Қорғасбекті үнемі  оқып отырамын. Ол ойланбай, толғанбай бір сөз де жазбайды. Оның прозасынан ақындық қарым-қабілеті, қазақтың тілін терең білетіндігі анық аңғарылады. Сонда да ол тартынып отырып жазады, сөзді рәсуә етіп, шашып төкпейді. Шығармаларынан жинақылығы, сергектігі көрініп тұрады. Оқып отырғанда сезе қоясың.
Таланты ерте танылған жазушы Жүсіпбек Қорғасбек туралы «үлкен» әңгімелер алдағы уақытта айтылатын да, жазылатын да болады.
Әдебиетке өз қолтаңбасымен келген талантты жазушының, «Жансебіл», «Үлпілдек», «Көкжалдар», «Жынды қайың» кітаптарының авторының алар асуы әлі алда деп ойлаймын. Оза шапқан еңбекқорлығына тәнтімін, құрметім жоғары.
Ал, оның редакторлық еңбегінің өзі – бір төбе. Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкей сынды классиктер мен Сейдахмет Бердіқұловтай аға буынның тәлім-тәрбиесін алған, олардың «қатаң» мектебінен сүрінбей өткен Жүсіпбек бірнеше басылымдардың бас редакторы болып, «атқа» ерте мінген азамат.
Жазушының «Жансебіл» шығармасы негізінде түсірілген, осы аттас «Жансебіл» фильмі талантты актёр Қасым Жәкібаевтың  қазақы болмысы, қайтпас қайсар образы арқылы халыққа кеңінен танылды. Актердің осы бейнесі миллиондардың жүрегінде қалды.
Бүгінгі таңда Жүсіпбек жүргізетін ABAI TV арнасындағы «Үркер» хабарының қоғамға беретін рухани дүниесі мен тәрбиелік маңызы жоғары. Не деген еңбек, түсіру алаңындағы жазушының ізденістерінен осы салада жүрген жастар жағы үйрену керек деп есептеймін.
Бүгін дарынды жазушының туған күні екен. Жаңа шығармашылық биіктерге аман-есен көтеріле бер, дүниеге келген күніңде бір ауыз лебізімді айтқым келді, Жүсіпбек!

Қасымхан БЕГМАНОВ

Бөлісу: