Жастардың кадрлық резерві

1
Фото ашық дереккөздерден алынды

Президенттің жастардың кадрлық резервін жасақтау ісі жалғасуда. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен 30 қыркүйекке дейін Жастар кадрлық резервіне қабылдаудың алғашқы іріктеу кезеңі өткен болатын.  Қазақстан Республикасының мемлекеттік істер жөніндегі агенттіктің ақпарына сәйкес, осы жылы Президенттің Жастардың кадрлық резервіне 8638 үміткер құжат тапсырған. Онда Нұр-Сұлтан қаласынан 1540, Шымкент қаласынан 688, Алматы қаласынан 665 жас өтініш білдіріпті.

Қыркүйекте жобаның төртінші кезеңінде құзыреттерді бағалаудың екінші бөлімі басталды.  Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің ресми өкілі Ерхан Таткен өзінің «Facebook» парақшасында  жазды.

«Бірінші бөлім, яғни ассессмент-орталық 25 қазан мен 15 қараша аралығында өткізілді, оған 235 үміткер жіберілген болатын. Қазіргі уақытта ассессмент-орталықтың қорытындысы шығарылып, оның нәтижелері бойынша екінші бөлім– құзыреттер бойынша сұхбатқа 132 үміткер өтті. Құзыреттер бойынша сұхбат – бұл құрылымдалған сұхбат түрі, мұнда сұраққа жауап берген кезде үміткер өз тәжірибесінен мысалдар келтіруі тиіс. Мұндай сұхбатта үміткердің тек өзі туралы және өзінің тәжірибесі туралы айтуы, өзінің өткен өмірінен нақты мысалдарды сипаттауы қажет.  Сондай-ақ, жалпы ой-пікірлер мен болжамды жауаптардан аулақ болуы маңызды.

Құзыреттер бойынша сұхбат биыл 20-28 қараша аралығында кәсіби HR-менеджерлердің қатысуымен онлайн форматта өтеді. Бұл іріктеу кезеңінің ерекшеліктері, біріншіден, үміткердің кәсіби құзыреттілігінің деңгейін анықтау. Екіншіден, сұхбат үміткердің нақты тәжірибесін бағалайды және үміткердің нақты жағдайларда қалай әрекет ететінін дәл болжауға мүмкіндік береді. Кәсіби тәуелсіз сұхбат жүргізушілер командасы үміткер құзыретінің даму деңгейін ғана емес, сондай-ақ үміткерлердің ынта-жігері мен құндылық бағдарларын да бағалайтын болады, патриотизм және Қазақстан халқына қызмет ету сияқты құндылықтар басым болып саналатын үміткерлер іріктеледі – деді Ерхан Таткен.

Сондай-ақ, әр үміткердің нәтижелері сертификатталған HR менеджерлерінің қатысуымен талқыланады.

Осы блоктың нәтижелері бойынша іріктеудің келесі бесінші кезеңі – Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге ең үздік нәтиже көрсеткен 100-ден аспайтын үміткер жіберіледі – деді Ерхан Таткен.

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 үміткер резервке алынады.

Президенттің Жастар кадрлық резервінің мақсаты – қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау.

Естеріңізге сала кетер болсақ, құзыреттерді бағалау кезеңі 25 қазаннан 28 қарашаға дейін өтеді. Бұл кезең ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат атты 2 блоктан тұрады.

Өткен кезеңнің қорытындысы бойынша 235 үміткер осы төртінші кезеңге өтті. Ассессмент-орталық оффлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық көрсеткіштерінің жиынтығы арқылы үміткерлердің белгілі бір құзыреттерін анықтауға және бағалауға бағытталған.

Үміткерлер үшін ассессмент-орталық 25-30 қазан аралығында оффлайн форматта өтеді, содан кейін 1-15 қараша аралығында сарапшылар барлық материалдарды өңдеп, жеке есептер дайындайды.

Ассессмент-орталық мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы үміткерлердің стратегиялық ойлау, белсенділікті жақтау, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сендіре білу сияқты құзыреттерін анықтауға және бағалауға бағытталған.

Құзыреттерді бағалаудың бұл блогы топтық және жеке тапсырмалардан тұрады, әрекет барысында үміткерлердің мінез-құлқын сертификаттарға ие сарапшы-бағалаушылар – ассессорлар бақылайды.

Аталған тапсырмалардың әрқайсысында үміткерлерге қатаң шектелген уақыт ішінде арнайы буклеттегі ақпараттық материалдарды талдау негізінде өзекті өңірлік мәселенің шешімін ұсыну қажет болады.

Ассессмент-орталықтың барлық рәсімдерін Мемлекеттік басқару академиясының сертификаттарына ие сарапшы-бағалаушылар тобы жүргізеді.

Ассессмент-орталықтың қорытындысы бойынша келесі бағалау кезеңі – құзыреттер бойынша сұхбатқа ең жақсы нәтиже көрсеткен 125-тен аспайтын үміткер жіберіледі.

Құзыреттер бойынша сұхбат ағымдағы жылғы 20-28 қараша аралығында кәсіби HR-менеджерлердің қатысуымен жеке құрылымдалған сұхбат түрінде онлайн форматта жүргізіледі.

ПЖКР жобасы аясындағы сұхбат барысында үміткерлердің ішкі ынта-жігерінің деңгейі мен олардың құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттер туралы барынша объективті түсінік алуға мүмкіндік беретін сұрақтар қойылады.

Сұхбаттардың нәтижелері бойынша іріктеудің келесі кезеңі – Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге ең жақсы нәтиже көрсеткен 100-ге жуық үміткер жіберіледі.

Нұрлан Ысқамбай,  «Дәстүр» журналы

Бөлісу: