Жастарды жұмыспен қамту маңызды

Мемлекет басшысы халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін алға тартты. Ол қазіргі таңда еңбек нарығында жастардың үлесі артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілген. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін жеткізді.

– Жаңа жұмыс орындарының уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті. Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл жағдай жұмыс орындарының жеткіліксіз болуына байланысты туындап отыр. 2000 жылдан бастап дүниеге келген балалардың саны артты. Сол балаларымыз ержетіп, қазір еңбек нарығына қосылуда. Сол себепті алдыңғы жылдары біртіндеп азайып келе жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны қайтадан өсіп, 51 мың адамға көбейген.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналас­ты. Оның 225,5 мыңы немесе 34,5 пайызы – ұлттық жобалар аясында, 203,9 мыңы немесе 31 пайызы – Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» тапсырмасы аясында құрылған жұмыс орындары. Ал 224,3 мыңы немесе 34,3 пайызы – жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналас­ты. Оның 225,5 мыңы – ұлттық жобалар ­аясында, 203,9 мыңы – Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» тапсырмасы  аясында құрылған жұмыс орындары. Ал 224,3 мыңы – жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары

Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 67 пайызы қазір 10 пайыз зейнетақы аударым­дарын тұрақты аудуда немесе өздерінің жұмыс істеп жатқанын растап, мәлімет берді.

Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру Астана қаласы еңбек мобильділігі орталығы мекемесінің басты міндеттерінің бірі.

Бүгінгі таңда Астана қаласының мансап орталығы халықты жұмысқа орналастыру шеңберінде 9 негізгі бағыт бойынша қызмет көрсетеді.

Бұдан бөлек, маңызды бағыттардың бірі – кадрларды даярлау және жұмыссыздарды кәсіптік оқыту. Ол 2 бағытта жүзеге асады:

– жұмыс берушілердің өтініші бойынша білім беру ұйымдарында;

– жұмыс берушілердің жұмыс орнында.

Кәсіби оқытудың артық­шы­лығы – 32681 теңге көлемінде төленетін шәкіртақы. Оқытудан кейінгі жалақы 20 АЕК (73840 теңге)көлемінде.

Сондай-ақ орталық халықтың әлеуметтік осал тобына жеке бизнес ашуға грант береді. Мұндай көмек бір рет көрсетіледі.

Жастарға қолдау көрсету тетіктерінің бірі – несие беру. Шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастардың өкілдері қатыса алады.

Астана қаласы еңбек мобильділігі орталығы мекемесінің директоры Олжас Омардың айтуынша, орталық өз құзыретінде жұмыссыздарға жұмысқа орналасуға тек жәрдемдесу қызметін атқарады. Бүгінгі таңда Астана қаласында 3000-нан астам бос жұмыс орны бар.

 

Жастар қай мамандықты таңдайды?

Қазіргі жастар мамандықты беделіне қарап емес, қанша ақша беретіндігіне қарай таңдау жасайды. Заман сондай, материалдық игілік – бірінші орында. Сосын икемді жұмыс графигі мен орналасқан жері, ұжымдағы игі ахуал маңызды. Әке-шешесінің айтуымен, грантпен оқып, амал жоқ, ұнамаған мамандықтың дипломын алғандар не ма­гистратураға басқа мамандық бойынша тапсырады, не ақылы курстарды оқып алады, не шетел асып, мол табыс табудың жолына түседі.

Қазір фотограф, фотостудияға сұраныс көп. Кәсіби фотоаппаратпен рәсімге түсуді көп адам жөн көреді. Фотостудия үшін 1 сағатқа кемінде 15 мың төлейсіз. Ал фотографтың ақысы 25 мыңдай болады (26 күн жұмыс істеген, күніне екі сағаттан 25 мыңнан жұмыс істегенде, айына кем дегенде 1 млн 300 мың табыс табады екен). Олар көбіне клиентті Instagram, тағы басқа әлеуметтік желілер арқылы тартады.

SPA-салондағы қызметтің ақысы 25 мыңнан басталады, түрлі массаж, қызметіне қарай, бағасы 35-50 мыңға дейін барады (3 сағат). Тай массажы, оil, хамам, пилинг, басқа да процедураларға қолжетімді бағалар мен жеңілдіктер бар. Таиланд шеберлерінің массажы айрықша әсер береді, сондықтан да SPA бағдарламаларының ұмытылмас сезімі көп. Массаждың түр-түрі бар. Соған сай ақысы да қымбат. Қазір кең тараған бизнестің бір түрі – осылар.

Елордадағы такси қызметі – табыс табудың ең кең тараған түрі. Жүргізуші куәлігі барлар, ерінбегендер бос уақытында табысқа молынан кенеліп жүр. Оның ішінде, көрші елдерден келген өзге ұлттың өкілдері де бар. Бірде таксиге мінсем, көлікте жүргізуші Өзбекстан елінің азаматы екен. Самса сататын өзбектердің қалада Сарайшық көшесінде және Пригородный елді мекенінде (әуежай жақта) самса сататын екі дүңгіршегі бар екен. Тандырға емес, самсаны газ пешке салып пісіреді екен.

– Жаңа жылдың алғашқы айларында сауда аз болады, сосын Яндекспен такси болып, ақша табамын. Әуежай жақтағы жер үйлерден 45 мыңға арзандау пәтерді 5 жігіт жалға аламыз. Екеуміз күндіз жұмыс істесек, үшеу­міз түнгі кезекте ақша табу үшін шығамыз» дейді Хабиболла есімді өзбек жігіті. Үш ай сайын визасын жаңартып, қажет соманы да төлейді.

 

Кәсіби бағдар беру

Қай мамандыққа қыры барын білмей, таңдауға басы қатып жүргендерге кәсіби бағдар беруші – проф­ориентолог көмектеседі. Аты айтып тұрғандай, мұндай мамандар елімізде саусақпен санарлық. Ол оқушымен жеке консультация жүргізіп, сұрақ қойып, қажет болса, тест алады. Деректерге сүйенсек, кейбір профориентологтардың жеке консультациясы 50 мың теңгеден кем тұрмайды. Олардың айтуынша, болашақта IT мамандар, медицина саласы мамандары, мұғалімдер, сәулетші, үй интерьері дизайнері, сату менеджері, SMM маман, инженерлер мен HR мамандарға сұраныс артады. Ендеше, сұраныстағы мамандыққа құжат тапсыру мақсат емес. Сұраныстағы мамандыққа емес, сұраныстағы маман болуға талпыну – мақсат.

Елордадағы еркін экономика аймағы – өнеркәсіп орындарының басын қосқан арнайы аймақ. Басты мақсат – отандық өндірісті дамыту. Ал оны жүзеге асыратын – осындай білікті жас мамандар. Сапалы білім, саналы тәрбие, қайсар мінез – ұрпақ тәрбиесіндегі табысты болудың басты өлшемі.

 

«JOLTAP» жобасы

Кәсіби бағдар демекші, Астана қаласында «JOLTAP» жобасы аясында қала тұрғындары 13 мамандық бойынша қысқа мерзімді оқуға жазылып, 52 мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес және жұмысқа орналасуға көмек ала алады. Бұл жоба жұмыссыз жастарға үлкен көмек болары анық.

«JOLTAP» жобасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жалпыға бірдей жұмыспен қамту» деген қағидатын орындау мақсатында Астана әкімдігі «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорымен бірлесе отырып іске асырылуда.  Жоба өткен жылдың қыркүйек айынан бастап екі кезеңмен өз қызметін   атқарып келе жатыр. Осы уақыт ішінде аталмыш жоба бойынша 7 мыңнан астам азамат осы модульдік пункттерде кеңес алған.

Жобаның бірінші кезеңі бойынша адамдар көп жиналатын орындарда «Баршаға мүмкіндік» деген жазуы бар, сары түсті 10 модульдік пункттері іске қосылды.

Ал жобаның екінші кезеңінде қысқа мерзімді оқытудың екі түрлі бағдарламасын ұйымдастыру болатын. Онда бариста, сатушы-кассир, қоғамдық тамақтандырудың әмбебап қызметкері, тігінші, сәнгер-конструктор, дәнекерлеуші сияқты жұмыс мамандықтары бойынша және цифрлық дағдылар – таргет, SMM, бейнемонтаж, маркетплейстер, мобилография, графикалық дизайн және веб-дизайн деген бүгінгі күннің мамандықтарына дайындайды.   Жоғарыдағы мамандықтарды оқушы еркін меңгеріп шығулары үшін оқуға қажетті заттармен жабдықталған жекелеген оқу сыныптарында тәжірибесі бар мамандар дәріс береді. Оқушылар оқып жатқан мамандықтарына байланысты 2 аптадан 1 айға дейінгі қысқа мерзімде практикалық дағдыларды ұсынуға бағытталған.

Жобаның үшінші кезеңінде, яғни – азаматтарды жұмысқа орналастыру. Олар Telegram бот және осы үшін іске қосылған арна арқылы қала тұрғындары қаланың ірі желілік кәсіпорындарына жұмысқа орналасады.

Бүгінгі таңда жобаның арқасында 1,1 мыңнан астам азамат (52% — 35 жасқа дейінгі жастар) жұмысқа орналасты. Қала тұрғындары қызмет көрсету (34%), сауда (32%), қоғамдық тамақтану (16%), өзге (тігін ісі, цифрлық және т.б. — 18%) сияқты салаларға жіберілді.

 

Маман тапшылығы шешіледі

Еліміз бойынша, педагог және дәрігер мамандықтарына сұраныс жылдағыдай жоғары болып қала береді. Жоғары білікті мұғалімдерге деген қажеттілік төмендеген емес. Сондықтан орта мектеп мұғалімдерін дайындайтын оқу орындарына қойылатын талап бұрынғыдан да күрделене түсті. Педагогикалық жоғары оқу орындары да­йын­даған кадрлар талапқа сай өлшемдерге лайықты болмаса, бұл университеттің беделіне де, жалпы білім саласына да әсер ететіні сөзсіз.

– Бүгінгі Елорданың білім беру саласында 21 мыңнан астам педагогтар жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде 12 мыңнан астам педагог бар. Ұлттық білім беру деректері базасының мәліметінше, бүгінгі таңда педагогтарға деген қажеттілік – 91 адам. Қажеттілік орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, математика, информатика, тарих, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия мұғалімдеріне көбірек байқалады, – деді ­Қасымхан Сенғазыұлы қалалық мәслихат отырысында.

Бұған қоса, арнайы білім беру ұйымдарындағы арнайы педагогтарға, мектепке де­йінгі мекеме тәрбиешілеріне де қажеттілік бар. Елордада 2029 жылға дейін 80 мектепті қолданысқа беру көзделуде.

– Бас қалада жыл сайын бала саны 20 мыңға дейін өседі. Жылына 11-сыныпты 10-11 мың бала бітірсе, 1-сыныпқа 28-29 мың бала келеді. 2027 жылы елорда оқушыларының саны 330 мыңнан, ал педагогтарға деген қажеттілік 3 мыңнан асады деген болжам бар, – деді Білім басқармасының басшысы.

Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2018 жылдан бері педагогика мамандықтарына Астана қаласы әкімдігінің гранты бөлінеді.

– Жастардың нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек.

Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етуде. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн.

Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды, – деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

 

 

Болашақ мамандықтар тізімі осындай:

биоинженер

«ақылды орта» жобалаушысы

робототехника бойынша маман

робоәдебі адвокаты

киберқауіпсіздік маманы

баламалы энергия маманы

нейропсихолог, биоинформатик

бағдарламашы

инженер-жобалаушы

3D баспа инженері

гендік инженерия маманы

виртуалды дизайнер

және сәулетші, биофармаколог.

«Дәстүр»

 

 

Бөлісу: