ЖАС ТАЛАНТПЕН ЖҮЗДЕСУ

116

Биылғы 2019 жыл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы бойынша жастар жылы деп жарияланған болатын. Демек, бұл елдің ертеңі саналатын өрендерге деген ерекше құрмет, зор сенім, үлкен мүмкіндіктер маусымы деген сөз. Сонымен қатар талантымен талай жұртты таңырқатып, ел үшін игі бастама көтеріп жүрген жасөспірімдерді өскелең ұрпаққа үлгі етіп, есімдерін ел арасында дәріптеп, азаматтардың азаматтық ісін асқақтату да осы жылдың еншісіне тиеді.

Осынау Елбасы бастап, артына ерген қауымы қостап көтерген жолдаманы бір ауыздан қолдап, одан әрі дәріптеу мақсатында, С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы

«Өнерліге өріс кең» атты кездесу кешін өткізді. Кеш кейіпкері Ақтөбе қаласындағы үш тілде оқытатын №21 гимназия мектебінің түлегі, жас актер Ерлан Кулмурзин болды.

Дарынды жанмен кездесу кешіне отбасы мүшелері, тума-туыстары, өзі түлеп ұшқан мектепте білім алып  жатқан  шәкірттер  мен өнер сүйер тыңдармандары жиналды. Жүздесу кешін ұжым басшысы Гүлжайнар Нәренқызы жүргізіп, келушілер назарына «Арайлы Ақтөбенің мақтаныштары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ерекше ілтипатпен, көңілді қошеметпен ортаға шақырылған Ерланға шара барысында түрлі сұрақтар қойылып, кейіпкердің өмірі, отбасы, осынау өнер жолына қалай келгендігі жөнінде әңгіме қозғалды. 30 қазан күні тұсауы кесілген «Бақытсыздар бағы» атты телехикаяның кастингінен қалай өткендігі және оны түсіру барысында болған түрлі қызықты жайттарды айтып беріп, тыңдармандардың езуіне күлкі ұялатты. Ұйымдастырушы мекеме қызметкерлері Ерланның актерлік шеберлігін сынау мақсатында ситуациялық жағдаят ұйымдастырып, кейіпкердің импровизаторлық қабілетінің жоғары екендігін тағы бір дүйім жұртқа паш етті. Сонымен қатар Ерлан өзінің үлгі тұтатын адамы ол өзінің әкесі екендігін де айтып өтті. Кештің одан әрі көрікті болуына атсалысқан өнерпаздарымыз да болды. Солардың бірі АРГУ «Тарлан» колледжінің   студенті Олжас Иванов «Рухтастар» әнін шырқап, №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясның оқушысы Дияс Жетпісбаев «Балбырауын» күйін орындап берді. Әсем әуеннің ырғағымен әсерленіп, керемет күйдің күмбірін тыңдаған тыңдармандар алдына Ерланның мектеп қабырғасында жетекшілік еткен ұстазы мен беделді батагөй ақсақалымыз Марат Қабижанұлы шығып өнер жолына қанат қаққан ұлына алғыстары мен ақ тілектерін жаудырды.

Кездесу соңында Ақтөбе Облыстық мәдениет, мұрағаттар  және  құжаттама   басқармасының бас маманы Гүлжан Мейірханқызы  Ерланға сәтті сапар тілеп, мәдениет басқармасының басшысы Маржан Нағашыбекқызының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, жас актердың әжесі Гүлжамал апай кешті ұйымдастырып отырған кітапхана ұжымына алғысын айтып, ризашылығын білдірді, немересіне  ақ  жол тіледі. Сонымен қатар Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұжымы атынан «Ақ айдын» жас талапкерлер кітабы естелікке ұсынылды. Келген көрермендер көрікті кейіпкермен естелік суретке түсіп, қолтаңба алып тарқасты.

Қашанда қай салада жүрсе де ел мақтанышына айналып, қазақтың абыройын асқақтататын Ерландай өнерпаз азаматтарымыз көп болғай деген тілек білдіреміз.

Нұрсұлтан ӘБЖАНОВ

Бөлісу: