ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ МЕРЕЙІ ТАСЫСЫН!

31.07.2019 0 By admin

Биылғы жылды «Жастар жылы», «Жастарды қолдау жылы» – деп жариялаудың астарында қаншама мән-мағына жатыр. Арман қуып оқуға түсіп, білікті маман атанған қаншама жастар қызметке келгенде бақтары жанбай жатады. Солардың қатарында менде  бар   едім…   2017 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық  Өнер  академиясының «Театртану» мамандығын бітірген едім. Кәсіби маман атанып, қолымызға диплом алған соң мамандық бойынша қызметке орналасу қиынға түсті. Облыстың жағдайы баршаға мәлім. Жергілікті әкімшіліктің бюджетіне қарайтындықтан жастарға жағдай қарастырылмаған. Дегенмен,  өлместің  күні үшін барға қанағат дедік. Қолдау мен жағдай болмаған жерде алға қарай қадам жасау, жарқын болашақты елестету, әрине мүмкін емес. Тың идеямен кәсібилердің қатарына қосылып, алған білімім арқылы қоғамға өз үлесімді қоссам дегенім «арманға» айнала бастады. Себебі, жұмыс іздеп қақпаған есігім, аттамаған табалдырығым қалмады. Үміт үзілді…

Жан-жақтан іздестіріп жүріп, Көкшетау қаласы, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі жас мамандарды жұмысқа шақыртып жатыр деп естідім. Телефон арқылы байланысып, көрмеген, болмаған Ақанның серілік салып, Абылайханның билік құрған мекені Көкше жерінен бірақ шықтым. Бұл түсім емес өңім еді… Сағымға айналған арманымның орындалғаны бірінші алланың, екінші Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжін басқарып отырған Идрисова Құралай Ғазизқызының арқасы. Көреген дана басшы екенін көрсетіп  жылы қарсы алды. Тыңдады, қолдады, шабыт берді, жігерлендірді. Біраз уақыт бойы үзілген үмітіме жан бітірді.

Бүгінде осы киелі қара шаңырақта қызмет істеп  жүріп,  Идрисова  Қ.Ғ.    «Жастар  жылы» деген үндеусіз-ақ, жалпы білімі жоғары білікті жастарды әрдайым қолдайтынына көзім жетті. Жастарға мүмкіндіктер жасап, сағын сындырмай, рухтандырады. Мәдениет колледжінің ұстаздар қауымы да өте ұйымшыл. Барымен бөлісіп, сағымды сындырмай жаңа ортаға бейімделуім үшін  көрсеткен  қолдаулары  аз  болмады.Бұл бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылдырып ұстап отырған басшылықтың арқасы деп түсіндім.

Мұнымен айтқым келгені басшылыққа жағыну емес, «Жақсының жақсылығын» айту деп түсінген абзал болар. Шынында болашағы бұлыңғырлардың қатарында менде бар едім. Жақсылардың арқасында тұрақты жұмысым, келелі болашағым, аспанмен ұштасқан арманым бар. Алға қойған мақсаттарым айқындала бастады. Алған білілмімді желге ұшырып алмай, ары қарай жетілдіріп, менде шәкірт тәрбиелеп шығаратын ұстазға айналдым. Өмірге деген қызығушылым артып, өзіме деген сенімділігім арта түсті. Қатарластарыма айтарым үміттерің үзілмесін! Қазақ елінің болашағын ойлайтын жақсы адамдар барда білікті жас мамандар жерде қалмайды екен.

Жақыпбек ТАЛШЫН, Көкшетау қаласы, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің «Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрайымы». Театртанушы

Бөлісу: