Жаңа түскен келінді отқа шақыру немесе шаңырақ көрсету

22
SAMSUNG CAMERA PICTURES

Біздің ауылда келін  түскеннен кейін міндетті түрде баланың ағайындары, жақын көршілері жас келінді шаңырақ көруге шақырады. Немесе бұл дәстүрді  «отқа шақыру», «үй көрсету», «есік ашар» деп  те атайды.  Келін отқа шақыруға енесімен, абысынымен, қайын сіңілілерімен бірге барады. Бірақ, бұл шақыруға бұрындары ер адамдар ермейді екен. Қазір өзіміз көріп жүргендей, үйленген бала да бірге барады немесе атасы да еріп барып жүр.

Күміс Ештайқызының құрақ көрпешелері
Күміс Ештайқызы

Келін тойдан кейін орын алатын осы шақыруда келін өзінің бойындағы барлық әдептілігін, көрегенділігін көрсетуге тырысады. Алғаш есігін ашып отырған үйге келін «ілу» алып барады. Бұрынғы дәстүрімізде келіннің артынан келген жасауынан бір зат апаруы керек екен. Қазіргі күні ілуге сол жасаудан болмаса да жаңадан сатып алып, немесе тойға түскен сыйлықтардың ішінен кілем, қымбат мата, басқа да бұйымдарды алып барады. Шаңырақ көрсетудің негізгі мақсаты: «Бүгіннен бастап келіп жүр. Бұл да бір үйің. Мұндағы бала-шағалар жақын екенін біліп жүрсін, араласып жүрсін» деген.

Шаңырақ көрсету немесе отқа шақыру да келінді сынаудың бір түрі. Жақында менің жеңгемнің інісі үйленді. Жас келін университет бітірген, мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді екен. Тойында болғанбыз. Тойдан кейін бір аптадан кейін жеңгем келінін шаңырақ көрсетуге үйге шақырды. Жас келін енесімен яғни, менің жеңгемнің шешесімен келді. Ілуге бір кілем алып келіпті. Өте инабатты екен. Сондай бір айтарлықтай сұлу болмаса да, жас келін болған соң ба, әлде шынымен де бойында бір өзіне тән әдемілік бар ма, әйтеуір бәрі ұрланып та, сұқтанып та бір қарап қояды. Әлде бұл да келінді сынаудың бір түрі болғандықтан ба екен? Шай ішіліп, тамақ та желініп болған соң келген қонақтар қайтуға жиналды. Жеңгем де келінге көйлек деп бір мата мен орамал, енесіне үлкен жаулық беріп жатты. Үйдегі қалған бала-шағаға деп кәмпиттерін де ұмытпады. Олар кеткен соң бәріміз отыра қалып жас келіннің бойынан не байқағанымызды, оның жүріс-тұрысын, әрбір айтқан сөзін салмақтап, сын тезінен өткізіп жатырмыз. Үйдегі кішкентай балалар да «келіншектің бойы ағамыздың бойынан ұзын сияқты ғой» деп көргендерін айтып жатыр.

Бұрынғы ата-бабаларымыз «қатын алма, қайын ал», «шешесін көріп  қызын ал, аяғын көріп асын іш» деп келіннің шешесінің кім екеніне, нағашыларының қандай адамдар екеніне көп мән берген екен. Бұл тәмсілдердің де қалт кетпей жатқанын бүгінгі күні көріп жүрміз. Мысалы көп өнер адамдарының, басқа да  мамандықтар бойынша жетістіктерге жеткендердің  өмірлерін оқып отырсаңыз, олардың көбісіне талант нағашы жақтарынан келгенін жазып жатады.

Мен бұл шағын мақаламмен қазақтың қай дәстүрінің де тәрбиелік мәнінің зор екенін айтқым келеді. Егер сіз шынымен де осындай дәстүріміз орын алып жатқан жерде болсаңыз, оған еріксіз куә боласыз.

С.Асан

Бөлісу: