Жер жәннаты – Жетісу

1

Қазақ әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі – Ілияс Жансүгіров есімі туған ел әдебиетінің тарихында аспанның төсін арда емген Гималайдай зәулім биікте танылса, Құлагердей дүлдүл ақындығы поэзия «Бәйгесінде» әрдайым алда келіп, Абай мұрасындай мәңгілікке айналды.

Ғабит Мүсіреповтің: «Көркем сөздің сұлулығы сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын» деген пікіріне Ілия шығармалары дәлелдей. Жазушы пікірін таратып түсіндірер болсақ, сағым – алдамшы, көзді алдап, көңілді арбайтын құбылыс, мағынасыздық, құр жылтырақтық, ал сөздің өзендей толқуы жанды да нақты бейнелілік, ой, мағына тереңдігі, күшті, қуатты сұлу сөз, көркем ойдың көрінісі.

«Сөз құлагері», «Өнер жаршысы», «Күй жаршысы» Ілияс поэзиясындағы мөлдір арнаның бірі – табиғат лирикасы. Ақын туған жер табиғатын жырлауда аршындай түсіп, туған жердің шұрайы, оған деген ақындық сезімі, махаббаты тамаша жырланды.

Табиғат жайлы жазылған шығармаларының ішіндегі ақынның басқа өлеңдеріне ұқсамай, оқшау тұратыны «Жер жаннаты – Жетісуға» арнаған,1925 жылдары жазылған «Жетісу суреттері» атты өлеңі. «Жетісу суреттері» атты өлеңі Ілиястың ақындық өнерінің құдіретті күшін айқын танытқан шығарма. Өзінің туып өскен балалық, жігіттік, азаматтық шағын бастан кешірген, зары мен мұңы, күйініші мен сүйініші, қуанышының куәсі болған болған «Жер жаннаты – Жетісу» табиғаты ақын жүрегін тербемей, тебірентпей қоймағаны хақ-ты.

Туған жерін, елінің тау-тасын, өзен-көлін беріле сүйген патриот ақын қоршаған ортаның ғажап сұлулығынан өз шабытына нәр алып, сан алуан бояулары арқылы буырқанған ғажап суреттер салды. Ақын өлең арқылы табиғаттың әсем көріністерін суреттегенде сол көріністің өзін халықтың тұрмысында кең көрінген құбылыстарға теңей, балай отырып бейнелейді. Тіпті, ақын суреттеп отырған жер өзінің ертедегі тарихынан да мәліметтер береді. «Тарбиған Тарбағатай жердің құты» болған, «Оранған ақ кебенек аруақты Алтай» үшін ерте заманнан бері талай талас-тартыстар болып келгендігі жайлы ақын:

Ертеде сол асқардың сәулетіне,

Қиыспай қырғындасқан талай жұрты, –

деп, жылысып бір мінезбен жылжып аққан Іле өзенінің жағалауы үшін талай шайқасулар болғандығын:

Ел шайқап, ердің қанын Іле, –

деп нақтылай айта өткен.

Өлең «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісуда су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деп аталатын бес тараудан тұрады. Ақын өлеңдегі табиғаттың әрбір көріністеріне әсем бейнелеулер мен көркем бояулар беру арқылы ақындық қырын айшықтай танытты.

Ақын «Жетісу суреттері» өлеңі арқылы табиғат көріністерін лирикалық жылы леппен байланыстыра суреттеген. Біріншіден, тау биіктігін танытатын сөздер мен сөз тіркестерін қынжылмай, барынша қолданғанын мына өлең жолдарынан байқауға болады:

  1. Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу күз. (43б)
  2. Текестің көкке өрлеген тік қиясы,

Сымпиып сол маңайдың төресіндей. (45б)

Мұнда бұлттардың белгілі бір биіктікте орналасқандығын бағамдап, соған бөленген таудың заңғарлығын аша отырып, «көкке өрлеген» тіркесімен тағы да тау тұрпатын нақты көрсетіп тұрғандығын аңғаруға болады.

Екіншіден, су тазалығы мен су ағынының сипатын, судың көптігін, оның екпінін межелейтін сөздерді көркем бейнелермен аша алғандай.

1.Асқардан ақтарыла арқыраған,

Жөкеңнің кім аңсамай балдай суын. (43б)

  1. Арқырап асқарынан құлаған су,

Бауырын балбыратқан еліне иіп. (45б)

  1. Шымырлап Іле қайнап құмды келген… (47б)
  2. Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді, – (48б)

деп табиғаттың бір көрінісі арқылы «ақтарыла» сөзінен өзен суының көптігін байқатса, «арқыраған» сөзімен су ағысының тездігін, оның екпінінің қандай екендігін елестете суреттеп, одан әрі судың арқырап қана қоймай, құлауы, ағыстың тік қиядан төмен құйылу сипаты мен екпінін сезініп, туған жердің әдемі көрінісінен кереметтей әсер бере білді.

Өлеңнің тағы бір жетістігі Жетісу өңіріндегі өсімдіктердің өсуі мен оның мыңдаған түрлері кездесетіндігі өлеңге кірістіре берілген.

1.Көктемде құмнан әсем жер болсын ба,

Жайқалып жауқазыны, раң гүлдері… (47б)

  1. … Балқашты қамыс қамап желкілдейді – (47б)

деп өлеңде ақын табиғаттың сұлу көрнісін бейнелі сөздермен белгілей, жауқазынның жайқалып өскендігін нақты өрнектеп, «қамап» сөзі арқылы су маңында қамыстың қаумалап өсіп тұрған бір бейне екендігін аңғарта өткен.

Өлеңдегі өлке сұлулығын толықтыратын құстарға, табиғаттағы үннің әсемдігіне, мұзарт таулардың пішініне де тоқтала өткен.

1.Шымсықтың сан-сапалақ атаулысы –

Айтарға сай-салада жүр лықсып,

Тас жарып, балақ біткен шыңға шықсаң,

Күй тартар той қылғандай торғай сыңсып.

  1. … Шуылдайды шиебөрі үй артынан (49б)
  2. Тарбиған Тарбағатай – жердің құты … (44б)

деп табиғат бейнесін жанды бейнеде жырлап, «лықсып» сөзі сай-саланы құстардың толтыруын әуелесе, «сыңсып», «шуылдайд» сөзімен торғай үнін нақыштау нәтижесі арқылы тіршілік салтанатын қызықтата отырып, «табиғат» сөзіне қанық бояумен таудың пішіні мен көлемін кескіндей түскен.

Ақын жанының нәзік сезімталдығы, жанарының қырағылығы, құлағының дыбыс талдағыштығы, – соның бәрін айнытпай түсіріп, бейнелеп берген суреткерлігі өз оқырмандарын таңдандырады. Ілиястың туған жері туралы айтыла қалса, алдымен «Жетісу суреттері» еске сап ете қалатыны да сондықтан: сүйіспеншіліктен, оның да керемет күштілігінен.

Жалпы алғанда, Ілияс Жансүгіров табиғатты жанды ете бейнелей отырып жырлаған лирик ақын.

Ақын аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналды. Көркем туындылардағы сөздің мағыналылығын, әсерлілігін, суреттілігін күшейте, өз өлеңінде көркемдік шырайын арттырып, шеберлігін танытты.

Ілиястың тілі кім көрінген сөйлей білетін жалпы шешен тіл емес, нағыз сегіз қырлы жебедей, төрт құбылысы сай, аса бейнелі, қуатты тіл екендігін аңғартқандай. Оның ақындық әлемі «қазақ поэзиясының» сұлу сарайы іспеттес болды. Ол табиғатты суреттейтін  туындылары арқылы қазақ тілінің байлығы мен ғажайып бейнелеу қуатын, сұлу оралымдылығын шебер таныта отырып, ұлттық бояуы қанық та жарасымды ерекше поэзия жанрына айналдыра білді.

 

Кистауова Шынар Еркинбековна,
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы.
М.Исламқұлов атындағы жалпы орта мектебі
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Бөлісу: