«ЖЕТІ ҚАҒАН» ЖЫРЫ көркемдік пен дәстүр сабақтастығы

21

 

  Ауыз әдебиеті үлгілерінде сол тұстағы тұрмыс-тіршілік түйіні мен тағылымдары ғана емес, кезең-кезеңнің кестелі суреттері көбірек айшықталады. Таным, түйсік, әдет, әдеп әліппесімен біте қайнасып, шынайы шындық пен көркемдік шешім қатар өрбиді. Әлбетте ауыз әдебиеті үлгілерінің бәрінде дерлік, түп-түгел, тұп-тұтас кездесетін қайталаулар орындаушының немесе жыршының ұстанымы мен сол тұстағы тыңдарманның көңіл-күйін көтеру үшін де қайталанады. Қайталаулардың түр-түрі – еспе, кезекті қайталау, бәрінде дерлік кездесетін қалыпты қайталаулар бұл жырда да жиі ұшырасады… Мәселен, «Құнт аға сонда сөйлейді, сөйлегенде  бүй дейді». Бұл бір жағынан жыршылардың жадында  жылдар бойы   сақталып, санасында жатталып, қалыптасып қалған халықтың жанына жақын, табиғатымен туыстас теңеулер болып келеді, «оймақ  ауыз, күлім көз, сұлу еді, өзі рас», әлбетте «оймақ ауыз» теңеуі халық әндерінде де, халық өлендерінде қайта-қайта кездеседі, себебі әр халықтың сұлулық туралы қалыптасқан қағидалары болары белгілі:

                              Сындар бойлы, өзі жас,

                              Ақ маңдайлы, керме қас.

                              Оймақ ауыз, күлім көз,

                              Сұлу еді өзі рас.

болмаса, Абайдың:       

Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,

                              Болады осындай қыз некен-саяқ.

Яғни, халық ұғымындағы  сұлулық сипатының қилы қырларының бірі де, «оймақ ауыз», «күлім көз», Абай айтқан: «кішкене аяқ» – мұның бәрі ойдан шығарылған жалған өлшемдер емес, ұлт ұғымымен үзеңгілес, ұлт танымымен тамырлас, ұлт табиғатымен туыстас «сұлулық, қол мен аяқтың әдемілігі ғана емес, тұтас тұлғасының  бір-бірімен бәсекелес болуы» деп Сенеке айтқандай, қазақ арулары бармағынан бал тамған шебер, шешен болғаны өз алдына, өз киімдерін өздері тігіп, өз үлгілерін өздері таңдай білген, әлбетте «оймақ ауыз» туралы теңеудің тұрмыс-тіршіліктен туындағаны да таңғаларлық жайт емес, күнбе-күн киім тігіп, кесте тоқып отырған қыздың қасында оймақ жататыны белгілі емес пе?!  Олай болса, Федор Достоевскийдің «кез келген қиялда шындықтың шырағы жанып тұрады» деуі де тегін емес қой, арудың аузы мен аяғының кішкене болуына көңіл бөлген халық, көзінің де күліп тұруына айрықша мән бергені байқалады, халық әнінде айтылатын «күміс құмған-ай, отта тұрған-ай, айналайын көзіңнен, ашып-жұмған ай» сынды жолдарда осыны аңғартады, айқындай түседі. Қазақ әйел адамның аузының «оймақтай» болуын құптайды да, ер баланың аузының үлкен болуын «несібесі мол болады екен» деп жорамалдайды. Әлбетте «Жеті қағанда» әйел табиғатына тән айла, амал әрекеттердің түр-түрлері іс, қимыл-қозғалыс аясында, оқиға орнында байқалып отырады. Бір сөзбен айтқанда «оймақ ауыз, күлім көз» қазақ ұғымындағы көп айтылған, әрбір жырда кездесетін таптаурын теңеу болғанымен, әр жырдың нұсқасында жаңаша сипатталып, «сындар бойлы өзі жас, ақ маңдайлы, керме қас» теңеулеріндегі «сындар бойлы» сөзі эпостық жырларда аса сирек ұшырасады. Ал, керме қас, қиғаш қас, қалам қас, болмаса, ақ маңдай, жазық маңдай, кең маңдай да жеткілікті. Жырда бір оқиға желісін баяндау барысында бүге-шігесіне дейін тәптіштеп, кей-кейде қазбалап кететін тұстар да баршылық, сонымен қатар жыр тілінің көрер көзге менмұндалап тұратын кемшіліктері де шаш-етектен: «Айтыспауға әйелмен, намысына қарысқан», «ысқырынған жыландай, ышқырына шабады», «қолы ышқырға барғанда, жаңа туған тауықтай, қақылдады Жезмаңдай», «қос қолдап сұныңдар», «ығытына келген іс», «жарлық шашты жан-жаққа», «тілін сайлап боқтауық», «Мілмираның қымтитып шашын кесіп алыпты», «құнжита байлап белімді», «шақшадай басы қалқиып», «Арыстанға түсір деп, көп таласты ышқырды»,  «сөзге келмей тамтырап», «шетінедіңдер ұлықтар осы арада ақылдан» т.с.с.  Біз әрине жыр тіліндегі орашолақ ойлар мен оралымдар, тіл тазалығы туралы ғана бір-екі ауыз сөз қозғамақпыз. Мәселен, «намысына қарысқан» қазақ баласы «намысыма тиді», «намысымды таптады», «намысымды қорлады» деп айтуы мүмкін, «қарысты» деп айтпайды, «тілі қарысты», «жағы қарысты» десе бір жөн, олай болса, жыршының «намысына қарысты» дегенінен гөрі, біздің бағамымызша «намысына тырысты» деуі өтімдірек болар еді, болмаса, ышқыр туралы толғаныстардың тым тұрпайылығы да қайта-қайта көрініс тапқан. «Басты түймені дұрыс түймелей алмасаң, қалғандарының бәрі де теріс түймеленеді» деп Иоганн Вольфранг Гете айтқандай, басқасын сөз етпегеннің өзінде, «қолы ышқырға барғанда, жаңа туған тауықтай, қақылдады Жезмаңдай» деген алғашқы жолдың өзі-ақ естір құлаққа түрпідей тимей ме?! Себебі, Виктор Гюгоның сөзіне сенсек, «Ұлттың ұлылығы оның санымен сарапталмайды, сол сықылды адамның ақыл-ойы да бойымен өлшенбейді». Қазақтың бұрынғы батырлар жырында «Қорамсаққа қол салды, қол салғанда мол салды» деген жолдар болушы еді, ал ышқырға қол салуды осы жырдан оқып отырмыз. Оның үстіне «қақылдау» да, «жаңа туған тауық та» көңілге қонымды болып тұрған жоқ. Жаңа туған тауық «дүниеге сәби әкелдім» деп әйгілейтіндей, ал бұл жердегі «қақылдаудың» қандай мән-маңызы бар?! Сондай-ақ «Жарлық шашты жан-жаққа» жолының да, дәлірек айтсақ, «шашты» сөзі орынсыз қолданылып тұр. Абайша айтсақ – «бөтен сөз», Абайдың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген өлең жолдары бар ғой, сол жолдардағы «бөтен сөз» деп отырғаны да осындай орынсыз қолданылған сөздер ғой. Қазақ баласы жарлыққа қатысты «Жарлық қылды, шығарды, жүргізді, етті, жариялады» деуші еді, ал «шаштыға» келсек, оның да өз сыңарлары бары белгілі: сәуле шашты, су шашты, шашу шашты т.с.с. Болмаса «құнжита байлап белімді», «шетінедіңдер ұлықтар» дегенді алайықшы. Осы арада жыр жолдарындағы «құнжита» да, «шетінедіңдер» де шығарманың шырайын келтіріп тұрған жоқ, жас сәби шетінеуі мүмкін, «шетінеу» – шығын шықты, немесе өлімге қатысты ұғымды білдіреді,  «құнжита» деген сөздің астарында «құн-жын» болу, «құнжың қағу», «құнжыңдау» «құнжыңдасу» тұрса, оның өзі белге қатысты теңеу болса, қалай болады?! Біздіңше «құнтиту» көбірек келеді, себебі «құнтита байлап белімді» деп қазақ айтады, ал екінші бір қонжита деген сөзбен де шатастыруға әсте болмайды.  Академик З. Қабдолов «Әдеби шығарма тіл арқылы жазылса, тіл сөзден құралады» демеуші ме еді?! Ал әр сөз о баста образдан туған, келе-келе олардың көпшілігі ұмытылған да, солардан туған сөздер  ғана қалған. «Сондықтан образды тіл деген ұғымды жаңалық деу қиын». Бұл – әр сөздің табиғи қасиеті. Иә, ғалымның айтуынша, сөздің туған топырағы болады, «құнжита» сөзінің серіктері қандай сонда, ол нендей жағдайда қолданылады, міне осыған назар аударғанымыз абзал. Ал белге қатысты қазақ ұғымындағы қалыптасқан тіркестер: бел алу, бел байлау, бел бала, бел буу, бел бүгу, бел жазу, бел көрсету, бел көру, бел құда, бел орақ, бел ортасы, бел шешу, бел қайысу т.с.с  болып кете береді, ал бел байлауға қатысты болса да «құнжиту» сөзі еш қисынға келмейді. Ұлы ойшыл Беранжеше айтсақ, «Әркім бір қолданып ығыр қылған, арзан сөздерге жоламайтын болады». Ал құнжиған «құн – жың қағу», «құнжыңдасу» сөздерін қазақтың «асыл сөздері» деуге  де негіз жоқ, яғни бір сөздің өзі бүтін бір сөйлемнің құтын қашырады, болмаса «шыбындай шынды жасырма, кемітпе де асырма» жолдарында жадағайлық, жайдақтық басым. Сонда «шыбындай шын» қандай шын, қазақ ұғымындағы шыбынжан, шыбындай, шыбындасу, шыбындату, шыбындау,  шыбынқағар, шыбынқанат, шыбынсыз, шыбынша сөздерінің бірде-біреуі «шынмен» тіркеспейді, ал шыбынмен шұрқыраса қалған шын сөзінің қандай сиқыры бар. Қазақта  «зәредей шыным», «имандай шыным» деп ант-су ішіп жатады, бірақ, «шыбындай шыным»  дегенді естіген емеспіз, бұл әрине көркемдік ерекшеліктеріне қатысты болған соң тоқталдық. Қазақтың қызы кесте тігу үшін түрлі-түсті жіптер жинайды, сол жіптердің қайсысын қолдану үшін де көп ойланып-толғанады, сол сияқты қай сөзді қалай қолдану керектігін авторы жоқ, ауыз әдебиеті үлгісіне жүктеу мүмкін емес болғанымен, оқырманның ойы мен тілін қисынсыз сөздермен, тұрлаусыз тіркестермен тұтқындағанда не табамыз.  «Егер шешен сөйлеп, сөз саптай алсаң, сол күйінде сөйлей бер, ал олай болмаса тілінді түзе» деп француз жазушысы Жюль Ренар айтқан екен, болмаса, француз ақыны Николо Буало: «Кім орамды ойласа, сол орнықты ой айтады» депті. Екі жағдайда да, тілге қатысты айтылған пікір: сөйлеу тілі, жазу тілі деп жіліктеп-жіктеп жатпайды. Міне біз тілге тиек еткен кейбір кемшіліктер тек тікелей тілге қатысты болғанымен, әрбір бет, әрбір парақ сайын шұбырып жүретін «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама сөздерді» аттап өте алмайсың: «ештемеден тайлықпай, айбатынан қорынып, тұрды бірдем таяулап, нығызсиды, шелиіп, күркірейді найзасы…» т.с.с. теңеулер көз сүріндіреді.

  Ал енді алты аршын найза, тілегенін тел қылып, көңілін жылы жай етіп, қара жағам жүзіме, жала жабам өзіңе, арбағанға түсетін, ала торғай мен емес, шеру тартып, шеп жайып… т.с.с. теңеулердің табиғатына бойлай білу де оқырманның ойын сабақтауға оң әсерін тегізеді. «Жан сүйгенім – ол да өлең,  жете алмасам, жолда өлем» деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, «Жеті  қағанда» ұйқасатын, ұйқаспайтын жолдар да кездеседі. «Жеті қағанның» кейіпкерлері де «сен тұр мен атайын» болғанымен, аттарынан ат үркетіндей, бұрынғы, қазіргі қазақ есімдері кітаптарына енбеген қазақ құлағына түрпідей тиетін атаулардың, дәлірек айтсақ, аттарына істері сай келіп жататынын қайтерсіз: Қартаңхан, Сетерхан, Мілмира, Жезмаңдай, Арыстан, Түктабан, Сақия, Құнт, Миян, Күлмира, Сақауыл, Татай т.с.с. «Қайда барсаң – қорқыттың көрі» демекші, қайда барсаң алдыңнан Жезмандай шығады, жүрген жерінің бәрі – бүлік, дау-дамай, әлде жез маңдай атануынан ба, әлде маңдайына жазылғаны сол ма? Жезмаңдай бірде маңдайын тасқа соғады, бірде жарады, қазақ ертегілерінде сипатталатын мыстан кемпірдің кимешегін киіп алғандай әсерге бөлейді. Жамғыржан, Көккөтен есімдері де қазақ табиғатына жат, бір жағынан жырды орындаушы немесе жұртқа жеткізушілердің арасында басқа ұлттың өкілдері болды ма екен деген күдік-күмән да туады.

  «Қаһарланып шабынып, етек-жеңі қағынып, шығып кетті Жезмаңдай»,  бұл бір күнгі қимыл-әрекеті ғана емес қой, күнбе-күнгі айла-әрекеті, енді бірде Жезмандайы Қартаңның сарайда жалғыз отырды, Самарқаннан кетудің қарарына бекінді». Бұрын сонды қазақ эпостарында кездеспейтін кейіпкер, яғни әйел табиғатына тән емес кесір қылықтың сан түрі  Жезмаңдайдың маңайынан табылады. «Бірді бірге соғып, өтірікті шындай қылып» жүретін жандар бүгінде бар, бола бермек. «Әйелдер мен пілдер кінәңізді кешірмейді» деп Гектор Хью Монро қалай тауып айтқан. «Жезмаңдайдың кешірім сұрағанын, кешіріммен қарағанын көрмейсіз, үнемі және үздіксіз өш алу мақсатында жоспар құрады, құрып қана қоймайды, аяқ астынан жоспарын жүзеге асыратын «сәтті сағатты күтеді». Жырдағы оқиғалар өткен орындар мен тарихи атаулар, қалалар, өзен, су атауларының бірсыпырасы күні бүгінге дейін бары белгілі, соған қарап оқиғаның болғанына күмән келтірмейсің, ал Арыстанның айтқандары, шынында батырдың сөзіне ұқсайды:

                                  Тарт атыңды, бұра тұр,

     Сөзімді менің ұға тұр,

     Өрекпімей, ағайын,

                                  Сөзімді менің ұға тұр.

Сөзі ірі Арыстанның іс-қимылы да кесек, Арыстан ақырғанда дауысынан шошынған жасақтар аттарын тастай қашты. Кәдімгі қазақ жырларына тән құбылыс қой, болмаса:

Тірі қалған жасақтар,

Түсінде көріп бақырды,

Түнімен ұйықтай алмады.                                                                                                                                        

Өңі түгіл түсінде үрейі ұшқан жасақтардың жөн-жосығы Арыстанның айбатын айғақтай түсетіндей, болмаса:

Бет келген әрбір кісіні,

                                         Бақидың салды жолына.

немесе:

                                         Бұл Түктабан дойылда,

                                        Жоқ қылыш найза сойыл да…

Көрдіңіз бе, жырда біресе Түктабан, біресе Арыстан болып жүретін  батырдың қолында қаруы да жоқ, бұл да бұрынғы батырлар жырында сирек кездесетін кейіпкер. «Жолы болғыш жігітті терең суға батырсаң да, біраздан соң аузына балықты тістеп, су бетіне қайта шығады» деп поляк ақыны Юлиан Тувим тұспалдағанындай, Түктабаннын табаны таятын жері жоқ. Жырдағы жауыздық пен жымысқылық, қулық пен сұмдық, бақай есеп пен бақталастық тартысы жасырын жүріп жатады.

«Келе жатты бейшара, құдай басқа салған соң, көнбесіне не шара?»  – деп жырда бейнеленгеніндей бейшараның күнін кешкендер де «Жеті қағанда» баршылық. Батырлар жырының көркемдік ерекшеліктері көбінесе теңеулерден түзілгені болмаса, ал салыстыру атаулының бәрі де сәтті бола бермейтіні белгілі. Әйтсе де жырда жиі кездесетін теңеудің бірі – алаторғай, бұл біздің бәз-баяғы жырлардағы бозторғай, қараторғай емес. «Арбағанға түсетін алаторғай мен емес» немесе «алтын садақ қазақты» деген теңеулерде бізге беймәлім, әйтсе де түсініктемелерде көрсетілгендей, садағын былай қойғанда, қазақ сөзі түрікшеге аударғанда баю, байлық деген мағынаны білдіреді екен. Сонымен қатар ақ кебін, ақжал ат, ақсақал, ақ жолбарыс, ақ орда, ақ шағыл, ақ келін, ақ маңдай т.с.с. сөздер де ұлт ұғымымен үндесіп жатады. 

  Эрнест Хемингуэйдің пікірінше, «жазушы жазатынын тек қана жазу керек, ал оны айту әурешілік». Ал ауыз әдебиеті үлгілері әуелі айтылып, ауыздан-ауызға тарап,  өзінше өзгерістерге ұшырап  жеткен жазбалар. Бұл жағынан қарағанда, қанша қаған болса да, қазаққа жұмақ орнатпайтыны белгілі ғой. Дегенмен сол кезеңнің кестелі суреттері мен сөздері қазақ ауыз әдебиетінің қанжығасын майлап, қазанын толтырады. Бұл жағынан алғанда, қолжазбаның кітапқа айналуы құптарлық қадам. «Алуан-алуан сөз айтты, ащы-тұщы  аралас» деп жырдың өзінде айтылатындай,   көркемдік дүниесінің төрт құбыласы түгел деуден аулақпыз. Десек те, сол заман, сол замана шындығы сол қалпында сақтаулы  –  ұлт, ұрпақ алдындағы аманатқа қиянат жасамау деп ойлаған жөн шығар. Дастандағы дау мен тартысты, оқиға мен оның өрбуін тараулар табиғатынан, атауларынан айқын аңғаруға болады. Қазақ топырағында туындаған туындылардан ерекшеліктері де бар екенін ескертуіміз қажет. Ол – жырдың мейлінше ықшамдылығы,  яғни 6-7 буынды, әрі кеткенде 7-8 буынды екендігінде де, көркемдіктен гөрі қарапайымдылық, ауыз-екі сөйлеудің үздік-создық үлгілері байқалады. Біз мұны ұйқас тұрғысынан таразылай келіп, тап басып айтуға тиіспіз. Әлбетте «кетпеннің жуан сабындай, қолдарының саусағы» деп бейнелегеніндей, жыр саусағының, жүрек саусағының мейлінше нәзік екенін ескеріп айтып отырмыз. Абай аудармасындағы, «жас жүрек  жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» дегендей, талпыныстың бәрі  – сұранысқа бастайды, «Маған мұражай беріңдер де, толтырмасам көріңдер» деп Пабло Пикассо айтқандай, «Жеті қағанның» толық нұсқасы – толыққанды дүние.

Шайгүл РАМАЗАНОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Бөлісу: