Жыршыларға да продюсер керек

134

Жыр-дастандарымызда қазақтың тарихы, этнографиясы, ұлттық коды сақталған. Бүгінде өнерімен халықтың ықылас-қошеметіне бөленген жыршылардың қатары аз емес. Солардың бірі – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жыршы Аманқос Садықовпен жыршылық өнердің қазіргі жай-күйі, оны дамыту жолдары сияқты бірқатар мәселелер төңірегінде  әңгімелескен едік.

  Жыршылық өнердің дамуына зор үлес қосып жүрген жыршылардың бірі – өзіңізсіз. Қазіргі уақытта жырдың өз тыңдаушылары бар десек те, оны жалпы халыққа насихаттау, жеткізу жағы кемшін болып жүргені жасырын емес. Дәріптеуге мүмкіндік көбейген ХХІ ғасырда бұл өнер түрінің дамуы, насихатталуы, жай-күйі қалай? Осы мәселе жөнінде ой бөліссек…

– Қазіргі жырдың, жыршылық өнердің жай-күйі туралы айтар болсақ, жалпы, жыршылық өнер тұралап қалды деп айта алмаймыз. Еліміздің әр өңірінде қалыптасқан жыршылық мектептер өз бағыты бойынша дамып жатыр. Мысалы, Маңғыстауда «Қырымның қырық батыры» эпосын қырық жыршыға бөліп беріп, жырлатуды жоспарлап жатыр екен. Қызылорданың жыршылық дәстүр қалыптасқан өңір екені белгілі. Елімізде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінен тұңғыш рет жыршылық өнерді оқытатын кафедра ашылды. Ол жерден білім алған жыршылар облыстарда, әр ауданда, ауылдарда елге қызмет жасап жүр.

Ал енді дамыту, жыршылық өнерді насихаттау жағына келсек, «ХХІ ғасыр – интернеттің заманы» дейміз, алайда мұның пайдасымен қатар,  зияны да болып тұр. Бұрын жыршы-жырауларды іздеп жүріп тыңдап, үйлеріне шақырып, құрметтеп жататын. Жыршылық – Құдайдың берген дарыны, бір жағынан жыршылар жырды кәсіп етіп, жан баққан. Көлемді-көлемді дастандарды  жаттап, таңды-таңға жалғап жырлайтын болған. Қазір міне, осы  жағы ақсаңқырап тұр. Мысалы, халық көп шоғырланған Алматы, Астана, Шымкент сияқты қалалардың өзінде жыр-термеден гөрі жеңіл-желпі айтылатын эстрада әндері көбірек сұранысқа ие. Осы аймақтардың өзінде той-мерекеде жыр-термені керек қылып жатқан қазақ шамалы. «Заманына қарай адамы» дегендей, қазір жыршыларды шақырып тыңдамайды, бәрі ғаламторда тұр, содан тыңдап алады.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында еңбек етесіз. Мұнда жыршылық өнерді халыққа жеткізуде қандай жұмыстар атқарылуда?

– Театрмызда бұл өнерді дәріптеп жүрген Бесқала мектебінен – өзім, Сыр мектебінен Ерсейіт Әлиев, Нұршат Ақбаева, Жетісу мектебінен Шаттық Уатханұлы тәрізді бірнеше жыршылар бармыз. Өткенде біздің алдымызға  «Жыр-дастандарды көпшілікке қалай тыңдата аламыз, жыр-терменің тыңдарманын қайтсек көбейтеміз?» деген мәселе қойылды. Халық өзге  концерттерге келгендей, жыр тыңдауға ағылып келуі үшін жыр-терме кештерін  қалай қызықты етіп ұйымдастыруға болады деген сауал төңірегінде ақылдастық. Бір жырды алып, оны мюзикл сияқты қойылым түрінде ұсынсақ деген жоспарымыз бар. Жыршы бір жырды басынан-аяқ жырлап отырады, сахнада актер-актрисалар ойнайды, жауға шабатын тұсында этнографиялық ансамбльдердің дауылпаздары қосылады, осылайша үлкен қойылым жасап, халықтың жырға деген қызығушылығын оятқымыз келеді. Алайда, қазірше нақты бір дастанға тоқтай алмадық. «Алпамыс», «Едіге», «Қыз Жібек», «Қамбар батыр» болсын, бір жырды таңдап алуымыз керек. Сол үшін күнде жиналып, кеңес өткізіп жатырмыз. Оның сценарийін, жарнамасын жасауымыз керек. Бұған кем дегенде үш-төрт  ай дайындаламыз. Бір жағы тәжірибе ретінде осындай бір амалды жасап көрсек деген ниеттеміз. Кезінде «Ел» продюсерлік орталығы және Ақан Әбдуәлінің ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Алпамыс батыр» жыры жырланды. Төрт ай дайындалдық. Ұйымдастырушылар төрт-бес ай бұрын Жетісу, Маңғыстау, Бесқала, Сыр елі сияқты әртүрлі жыршылық мектептердің өнерпаздарына хабарласып, қомақты қаржысын беріп, дайындықты бастады. Қаражат берген соң  жас жыршылар да, жасы үлкен жыршылар да кәдімгідей қызығушылық танытып, жақсы дайындалды. Сол дастанды керемет қылып жырлап шықтық. Енді, шындығын айтқанда, қазіргі уақытта бір жыршы ұзақ жырласа, тыңдарманды жалықтырып алуы мүмкін.  Ал әлгі «Алпамыс жырын»  жеті жыршы әр мектептің мақамына салып жырлап, әлқиссасын Ақан Әбдуәлі өзі айтып отырғанда өте тартымды болды.  Жыр кешіне келген  зиялы қауым «20-30 жылдың ішінде «Республика сарайында» қаншама концерттер болды, бірақ мынадай керемет концерт көрмеген едік» деп риза болысты. Қазір біз қаншама дастандарды жаттаймыз, қаншама уақытымыз кетеді, оны жырлайтын концерттер де көп емес. Жырды жырлап, жиі-жиі айтып тұрмаған соң кейде ұмытып та қаламыз. Сондықтан бүгінде жыршылықты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылып, мемлекеттен қаражат  бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Бұрын Сізді жыршы деп танитын халық енді актерлік қырыңызды танып жатыр. Қандай қойылымдарда ойнап жүрсіз?

– «Алатау» дәстүрлі өнер театры – Қазақстанда ұлттық музыканы насихаттайтын жалғыз театр. Ән салып, жыр жырлаумен ғана шектелмейміз. Баяғыда Иса Байзақов, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержановтар операларға, спектакльдерге қатысып, өнер көрсеткен ғой. Театрымызда Жұлдызбек Жаманбай, Нұржан Тутов сияқты режиссерлеріміз бар. Мысалы, айталық, театр репертуарында «Мұхит сал» туралы керемет қойылым бар. Сол қойылымда тек әнші-актер, актрисалар ғана емес,  жыршылар мен бишілер де өнер көрсетеді. Мен жасыма қарай, бір дүмше молданың рөлін сомдаймын. Ал  Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымын:

Өткен соң лаңгерлік үлкен соғыс,

Маман бай Торғай жерін еткен болыс.

Шектінің Ор мен Жайық жайлауы екен,

Тарапты Орынбордан жүздеп болыс.

Алшын мен Жетірудың арасында

Сол кезде бір оқиға болған зор іс.

Ей, жарандар, құлақ сал,

Шөмекейдің тойы бар, – деген жырмен бастаймын.

Менің жырыма бишілер ақырын ырғатылып билеп, қойылым солай жырмен басталады. Маман байдың ауылын Көтібардың шабатын,  Айман мен Шолпанды атқа теріс мінгізіп алып кететін жерлерінде, содан кейін жоқтау айтатын тұсында да жырдың үзіндісін айтып, қойылымды жырмен аяқтаймын. Оның бас-аяғында фольклорлық ансамбль қосылып отырады. Сондай жаңалықтарымыз бар. Жалпы, театрдың бағыт-бағдары жақсы.

– Сіз ән мамандығында оқығанмен, жыршылық жолды ұстандыңыз. Жыршылыққа баулыған ұстаздарыңыз туралы білсек қайтеміз.

– 1979 жылдары әнші Сәтмағамбет Нұрмағамбетов күйші Мағауия Қамзинмен Қарақалпақстанға гастрольдік сапармен келді. Сәтмағамбет менің ағамның сыныптас досы еді. Сол кездерде 7-8-сыныпта оқитын мен домбырамен аздап өлең айтатынмын. Сол сапарында Сәтмағамбет ағаның орындауындағы ән-термелерді магнитофонның төрт-бес таспасына жазып алып қалдық. Менің жыршылық өнерге ғашықтығым, құмарлығым содан басталды. Термелерін дыбыс таспасынан көп тыңдадым, менің жыршы болуыма Сәтмағамбет ағаның өте көп ықпалы тиді. Адамның бала кезде тыңдағаны құлаққа әбден сіңеді екен. Ізіне еріп, тікелей тәлім алмасам да, Сәтмағамбет ағаны бүгінде ұстазым деп санаймын. «Қыз Жібек» жырын сол кезде айтқаны әлі күнге дейін құлағымда. «Орақ-Мамайдан» бастап, біраз жырларды айтатын. Сол жырларды әлі айтып жүрмін. Сәтмағамбеттен кейін Наурызбек жыраудың орындаушылық мәнерін, термелерін қатты ұнатып тыңдадым. Наурызбек жырауды көрген емеспін. Наурызбектің шәкірті – Өсербай Сәрсенбайұлы 1989 жылы Алматыда өткен жыршы-жыраулардың халықаралық конкурсында бірінші орын алды. Өсербай жыраумен таныстығымыз содан басталды. Баяғыда ұстаздарымыз «Тура көшіруге болмайды, өзіңше айт, бәрібір сен Наурызбек, Өсербай бола алмайсың, әркімнің өзінің ерекшелігі бар, өз мәнеріңмен айт» деп үйретуші еді. Мен сол сөзді ұстадым. Соңына еріп, тікелей үйренбеген соң, Нәукеңнің мақамдарын мен өзімше айтамын. 1987 жылы Эстрада-цирк өнерінің республикалық студиясына (қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі) оқуға Ғарифолла Құрманғалиевтің класына түстім. Ол кезде ұстазымыз Ғарекең шау тартып, үйінде жатқан шағы, бізге сабақ берген жоқ. Ғарекеңнің үйіне оралдық әнші Серік Әбдірахманов екеуіміз бір-екі рет сәлем бере барып, ән салып қайтқанбыз. Әнші Қалыбек Ақтаевтан сабақ алдым. Батыс Қазақстан өңірінің халық әндерін, Мұхит пен Ғарифолланың  әндерін айтып, емтихан тапсырсам да, менің даусым жыр-термеге бейім болды, қалыптасып кетті. Студияны аяқтап бірден Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияда жұмыс істеп, Ақтан, Қашаған, Наурызбек сынды ақын-жыраулардың толғауларын орындап жүрдім. «Адырна», «Алтынай» және «Сазген» сияқты фольклорлы-этнографиялық халық аспаптары ансамбльдерінде «солист» болып еңбек еттім. Маңғыстауға концерттік сапармен барып, сонда өнердің арқасында қалып, облыстық филармониясында он жыл қызмет жасадым. Маңғыстауда Қашаған, Ақтан, Нұрым, Сүгір тәрізді айтулы  ақын-жыраулар өткен. Олардың шығармаларын да жаттап, сол өңірдің мақамдарына салып жырладым. Атақты жырау Жақсылық Елеусіновпен көрші болдым, Жеткізген Сейітовтің қамқорлығын көріп, тәлім-тәрбесін алдым. Осы екі жырау менің  Маңғыстау саздарын үйренуіме септігін тигізді. Осылайша, мен қазір өзімнің білгенімше, Нәукеңнің мақамдарымен де, Маңғыстаудың мақамдарымен де айтамын. Оқыған әндерім тағы бар. Көпшілік жақсы қабылдады.

– Сізді әйгілі жырау – Қарасай Әбдімұратұлынан бата алған деп есітеміз. Осы жөнінде не айтасыз?

– Көп жылдардан кейін, 1995 жылы туған жерім – Қарақалпақстанға барғанымда, Қарасай жырауды көрдім. Тақтакөпірде тұратын Дауылбай Сәрсенбаев деген нағашым оны  үйіне шақырып,  көп жырлатады  екен.  Сол Қарасай жырауды алғаш рет сонда көріп, екі күн тыңдап, дыбыс таспасына  жазып алдым. Оның ерекше мақам-саздарын, орындаушылық шеберлігін көріп, жырға деген құлшынысым қайтадан оянды. Ол кісі сол сапарда маған бата берді. Қарасай жырау алғашқы күні ашыла алмай отырды да, екінші күні көсіле жырлады. Мен магнитофонға, төрт-бес кассетаға үлгергенімше  жазып алдым. Оның жырлау стилі  Наурызбек жыраудың мәнерінен мүлдем басқа, бөлек екен. Менің ертеден келе жатқан, ескілікті сіңірген  жырауды алғаш рет көріп, тыңдағаным сол болды. Қарасайдың иірімі, дыбысты тамақпен, көмеймен алғаны,  қайыратын жерлері тым бөлекше. Қарасай мен Наурызбек екеуі екі түрлі тұлпар ғой. Наурызбектен Қарасайдың ерекшелігі ол айтып-айтып келеді де, жырдың сегіз-он жолынан кейін аңыратып қайырады. Мен сонысына ғашық болдым. Үйге келіп, кассеталарды қойғанымда, келіншегім жыраудың образға кіріп жырлаған «Әбу Шайма», «Рауабану», «Тұтқын қыз» сияқты дастандарын  тыңдап, кәдімгідей жылайтын еді. Сол жырларды маңғыстаулық атақты жырау Жеткізген Сейітовке тыңдатқанымда, ол Қарасайдың жыршылығына таңғалып,  «Мен бұрын-соңды мұндай жырауды көрген жоқ едім» деп қатты әсерленді.

Қарасай аға маған «Менің үлкен бір арманым Жақсылықпен айтысу, мені Маңғыстауға  апаршы, айтысып көрейін» деген еді. Сонда қалай айтысасыз десем, бұлар жыр жарыстырады екен ғой. Бірақ, мен оның ол арманын орындай алмадым, апара алмадым.

– Сіз жыршылық дәстүрді терең меңгерген жыршы-жырауларды көріп, тыңдадыңыз. Бүгінгі замандағы жыршылық өнер мен жас жыршыларға не қажет деп ойлайсыз?

Қазіргі жыршыларға репертуар жетіспейтін сияқты. Сонымен қатар, домбыра тарту өнерін де жақсы меңгеруге талпынуы керек, бүгінгі көп жыршыларға домбыра шеберлігі жетіспейді. Содан соң жастарды, жалпы халықты тартып, жырды тыңдату үшін басқаша форматтағы ізденістер керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, жыршылар да арқалана жырлап, бабында болуы үшін олардың әрбір жаттап, жырлаған дастанына, репертуарына  байланысты Авторлық қоғамнан, Үкіметтен болсын, қаражат бөлінуі керек. Ертеден жеткен жыраулық өнерді сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан осындай қамқорлықтар қажет деп санаймын. Елімізде бірнеше жоғары оқу орындарында жыршыларды дайындайтын кластар бар, алайда жас жыршылар тек ұстаздарының үйреткенімен шектеліп қалмай, өз беттерінше ізденістерін күшейтуі керек.  Елді қалай ұйытуға, қызықтыруға болады деген мәселелер жас жыршылардың өздерін де толғандырса дейміз.  Мысалы, продюсерлер ұйымдастырған эстрада концерттеріне халық ағылып барады, зал толады. Жыршыларға  да сондай продюсерлер керек. Бүгінде концерт қоятын жыршылар тыңдармандарын өздері жинауға мәжбүр. Концертті ұйымдастырып, жарнамасын жасап, тыңдарманды жинайтын ұйымдастырушылар жыршыларға да қажет. Себебі жыршы шығармашылықпен алаңсыз айналысқанда ғана өнер дамиды.  Сонымен қатар, жыршылық өнерді дамыту үшін фестивальдерде, концерттерде жыршыларға ұзағырақ жырлауға мүмкіндік берілсе дейміз. Қазіргі уақытта фестивальге барлық аймақтардан жиырма-отыз жыршыны шақырады да, оларға қысқа айт деген талап қойылады. Сонша жерден келіп, үш минут қана жырлаған жыршы өзінің мүмкіндігін, өнерін көрсете алмайды. Мұндай фестивальдардың халыққа да, өнерпазға да пайдасы шамалы сияқты.  Кейбір шараларда күйді, әнді, жырды  қосып, қырық адамның концертін бір-ақ қояды. Мен мұны жақсы деп айта алмаймын. Кәсіби маманның көзімен қарағанда,  мұның бәрі жыршылық өнер үшін пайдалы емес. Жырдың өз тыңдарманы бар, күй, ән тыңдауға келген адамдар оны дұрыс қабылдай алмауы мүмкін.

Қазір жырдың тыңдарманының аз болуының бір себебі, теледидардан адамның санасын улайтын мағынасыз-мәнсіз, жеңіл-желпі әндер мен әзілдер көп беріледі.  Теледидарда да тарс-тұрс, тойларда да тарс-тұрс, адам үзбей сондай әндерді тыңдай берген соң, ол санаға сіңіп, біраздан кейін «аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деп өзі де айта бастайды. Тыңдарманның, көрерменнің деңгейін түсіріп алуымыздың негізгі себебі осы.

Ал енді қазір телеарналар  жыршы-термешілерді насихаттағандай болып, бағдарлама ашқанымен, ол көп ұзамай, қайта жабылып жатады. Мемлекеттік мерекелер мен Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылатын концерттерде дәстүрлі өнерпаздар өнер көрсете бермейді. Ұлттық музыканы күніне  бес-жеті сағат беретін телеарналар ашылуы керек. Мысалы, батырлар жырын тыңдасаңыз, қандай рух береді. Оны тыңдап өскен жастарымыздың да ұлттық танымы, ұлттық болмысы қалыптасып, талғамы, рухы биік болып өсер еді. Халық өнеріне жаны ашитын іскер азаматтар осындай телеарна, радио арналарды ұйымдастырса деген тілегіміз бар. Мысалы, «Қазақ» радиосында Қошан Мұстафаұлы деген азамат бар. Ол ерінбей, жалықпай қай жерде жыршы болса, аспаптарын арқалап барып, жазып алып, радиодан хабар жасап, таратады. «Қандай бағдарлама жасайық?» деп жыршылармен үнемі ақылдасып отырады. Осындай өнерге жанашыр азаматтарға қалай риза болмайсың?! Аз ғана уақыт бөлінетін бағдарламамен халық музыкасын жастардың бойына сіңіру қиын. Мысалы, бізде күні-түні эстрадалық әндерді насихаттайтан арналар бар ғой. Сол сияқты дәстүрлі музыкаға арналған телеарналар ашылуы қажет. «Домбыра» арнасы ашылды. Алайда оны мемлекет өзінің қамқорлығына алмағандықтан, қиындықтар туындауда. Қай музыка көп дәріптелсе, халық та соны бойына сіңіріп, көп тыңдап, көп қажет етеді. Бәрі де насихатқа байланысты.

  • Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен Күнқожа ҚАЙРУЛЛА

Бөлісу: