«Жыр тарланы – Нұрпейіс»

205

  Жы­рау­лық дәстүр мен жазба әдебиет арасындағы алтын көпір іспетті сөз зергерлерінің бірі Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 160 жыл.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттер бөлімі биыл облыстық «Оқитын өлке» акциясында жалпы оқуға таңдалып алынған Н.Байғаниннің шығармаларын насихаттау мақсатында және ақынның 160 жылдық мерейтойына орай «ЖЫР ТАРЛАНЫ – НҰРПЕЙІС» тақырыбында бір айлық іс-шараларын жоспарлап, ақынның өшпес мұрасын қазақ ұлты мен ұрпағына кеңінен насихаттау жұмысын жүзеге асырды.

Қыркүйек айының алғашқы күні оқырмандарға халық ақыны Н.Байғанин жөнінде ақын  атындағы мәдени  қоры  ұсынған «Ұмытпас  мені  ғасырлар» атты деректі фильмі таныстырылып, хат танымаса да, сөз маржанын тізбектей білген Н.Байғаниннің шығармашылығын сүйсіне әңгімелеген Қазақстанның халық әртісі, актер Жұмабай Медетбаев, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың саф алтындай сақталған алтын қордағы дауыстарымен жазылған, сондай-ақ ақын Әбділда Тәжібаев, профессор Есмағамбет Ысмайылов, профессор Оразгүл Нұрмағамбетованың асыл сөздері ұрпақ үшін өнеге болады деген сеніммен «Кемеңгер елдің ертеңі» тақырыбында ұлы тұлғалардың ақын туралы ой-толғамдары насихатталды.

Сондай-ақ өлкеміздің көрнекті тұлғалары филология ғылымдарының докторы, профессор ҚР Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, ҚР ғылымын дамытуда еңбегі сіңген қайраткер, Ақтөбе қаласы және облысының Құрметті азаматы Алтай Тайжанов «Нұрпейіс Байғанин тағылымы», ҚР Мәдениет қайраткері, журналист, ақын Нұрлыбек Қалауов «Қазақ ақын жырауы», ҚР Мәдениет қайраткері, Ақтөбе облысына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісі иегері, Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы, Байғанин ауданының Құрметті азаматы Еркін Құрманбектің «Нұрлы жүзді Нұрпейіс», филология ғылымдарының докторы, ҚР педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Жұбаназар Асанов «Шежірелі жырдың жамбозы» тақырыптары бойынша Н.Байғаниннің өмір деректері, шығармашылық жолы туралы кең көлемді ақпараттар легі жинақталған бейне-дәрістер оқырмандар назарына ұсынылды.

«Ғасырлар үні» тақырыбында Әдемі Бөрібекованың дауысында жазылған Н.Байғаниннің «Нарқыз», «Құбығұл», «Төрехан» дастан-жырларының аудио және жазба нұсқаларынан бөлек, қазіргі заман талабына сай кітапхананың @baishevabiblioteka инстаграмы парақшасында оқырмандарға ақын шығармаларын QR код арқылы оқу мүмкіндігі жасалды.

«Ақиық ақын жырлары» атты виртуалды кітап көрмесіне, «Жырдың жүйрік жыршысы» атты библиографиялық көрсеткіші мен «Мәңгі сөнбес жарқыраған шырақтай» тақырыбында жасақталған әдістемелік құралына библиографиялық шолу жүргізілді.

Сөзге бай, қазақ халқының қисапсыз мол сөз қазынасын түгел меңгере білген Нұрпейіс атаның мәңгі өлмес мол мұраларының бірі «Қобыланды батыр» жырынан үзіндіні «Шашу» халықтық-отбасылық ансамблінің жетекшісі, жыршы Өмірхан Жетесов жырласа, «Еңбек туралы жырын» Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Әділет Күзембаев жырға қосты.

Сырын салып жырлайтын төкпе ақын, маһаммен толғанатын жыршы эпос уысымен ауызданған арқалы ақын Н.Байғаниннің жырлары мен өлеңдерін өздеріне өнеге еткен жандар аз емес. Солардың қатарында Ақтөбе өңірінің мәдениет майталмандарымен бірге Семей және Маңғыстау өңірлерінің жас ақын, жыр-термешілерін атап айтуға болады. Оған дәлел ретінде, Маңғыстаулық «Сөз бен Саз» бағдарламасының жүргізушісі Бердіхан Әлмен бастаған Маңғыстаулық жыршы-термешілер: Темірбек Асқынбаев, Айгерім Бекназарова, Жақсыбек Барлыбаев, Ғанибет Аманғали, Айсұлтан Есенғали, Қайсар Қарақожа, Қуаныш Жолдас, Қайырбек Кемел «Жырдың жүйрік жыршысы – Нұрпейіс» тақырыбында өткізілген жыр сағатында Нұрпейіс атамыздың жыр термелерімен көрермен қауымды бір серпілтіп қоймай, Маңғыстау жұртшылығына Нұрпейіс бабамыздың жыр-дастандарын таныстырды. Ал, Семей өңірінің жас ақыны, Халықаралық байқаулардың лауреаты Бауыржан Игілік Нұрпейіс ақынның «Абайға» атты өлеңін барша Ақтөбе жұртшылығына жолдады.

Өмір  із-түссіз болмақ емес, онда кемелді ой, келелі көрініс, кең тыныс, шалқар өріс жатады. Сол себепті Нұрпейіс бабамыздың өмірінің жарқын беттерін өшірмеу кейінгі ұрпақтың парызы. Осы тұста ұлттық өнерді тұмар еткен жыршы, ұстаз, «Нар қыз» жыр мектебінің жетекшісі Жаңылсын Қуанышбайқызымен кездесу ұйымдастырылып, «Нар қыз» жыр мектебінің дарынды оқушыларымен «Ғасырлардан жеткен бабалар мұрасы» атты жыр-шашу сағаты жүргізілді. Оқушылар қазақтың ұлттық аспабы – домбыра сарынымен Нұрпейіс бабамыздың қазақ әйелінің өз теңдігі үшін жасаған жан қиярлық ерлігін жырлаған «Нарқыз» жырын жырлап берді.

Нұр-Сұлтан қаласы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Тілектес Тоқсанбаева: «Нұрпейіс Байғанин – өмір жолы бай, мағыналы да сырлы  асыл жандардың бірі. Ақынды тек жыршы-жырау деп атап қана қоймай, оның үлкен эпик ақын екенін де білеміз. Өйткені, кезінде ақын дүлдүл ақындармен қатар жүріп, олардың жырлаған жырларын айтып, көптеген аңыздық негізде құрылған батырлық, ерлік жайында жазылған мұраларды есінде сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізді», – деп ақын Нұрпейіс Байғаниннің 160 жылдық мерейтойына орай  «Жыр дүлдүлі, эпик ақын» тақырыбында берген бейне-дәрісінде өз естелігімен бөлісті.

Нұрпейіс Байғаниннің ғұмырының соңғы кезеңінде жанынан табылып, көзін көрген ақынның әдеби хатшысы болған Қуандық Шаңғытбаев өз естелігінде былай дейді: «Нұрпейіс Байғанин 1944 жылдың күзінде қатты сырқаттанып, Ақтөбенің түбіндегі Табантал деген жерде тұрды. Қалың қабағы көзіне түсіп, әжімдері тереңдеп, күңгірт отырған бейнесінде қолына домбырасын алып, жәймен ғана шертіп отырып «Мен өлмеймін, өрлеймін»  атты өлеңін шығарған болатын». Осы өлеңмен тұспа-тұс аталатын «Мен өлмеймін, өрлеймін» тақырыбында Нұр-Сұлтан қаласы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Темір, Байғанин аудандық орталық кітапханаларымен ZOOM платформасы арқылы тікелей эфир өткізілді. Басты мақсат – ақын бабамыздың рухани қазынаға толы өшпес мұрасының қазақ ұлты мен ұрпағына қайта оралып, мәңгілік байлық етіп қалдыру.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы оқырмандарының сұрауы бойынша, оқырмандар сұрақтарына жауап беру үшін Н.Байғанин атындағы мәдени қорының жетекшісі, ақын немересі Ерболат Байғанин арнайы Алматы қаласынан бейне материалға түсіріп, жіберген бейне-сұхбаты «Ақынның асыл мұрасы» тақырыбында барша көрермен назарына ұсынылды.

Халық ақыны Н.Байғаниннің өшпес мәдени қазыналарын кеңінен жинақтап, оқырмандарға таныстыру мақсатында Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі мен облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі орталықтың мұрағатынан «Мәңгілік өшпес мұра» тақырыбында зерттеу жұмыстары жүргізілді.

«Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінде халық ақыны Н.Байғанин экспозициясы, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған фото-құжаттар, тарихи деректері мен  заттай құнды жәдігерлері сақталған. Атап айтсақ, ұрпақтары тапсырған ақынның жеке киген шекпені, қолданған шәйнегі бар. Сондай-ақ өнер, мәдениет саласында жеткен жетістіктері үшін Нұрпейіс Байғанин 1940 жылы «Құрмет» орденімен наградталған болатын. Осы Н.Байғаниннің наградталу барысындағы бейнесін картинаға түсірген қазақтың тұңғыш кәсіпқой суретшісі Әбілхан Қастеев туындысының көшірмесі де музей қорында сақталған», – деп Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің «Қазіргі заман тарихы ғылыми-зерттеуші қамтамасыз ету» бөлімінің меңгерушісі Айбек Ертеміров бөлісті.

Ал, Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі орталықтың директоры Фархад Досмұратов: «Халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің 4 ескерткіші бар. Атап айтатын болсақ, Ақтөбе қаласындағы, мәңгілік тыныс тепкен бауырластар зиратында өзінің жерленген бейіті тұр. Екіншіден, Әбілқайыр хан даңғылы көшесінде Н.Байғаниннің тұғырда молдас құрып отырған, қолында домбырасы бар, басында бөрігі бар 1999 жылы мыстан әзірленген  ескерткішін айтуға болады. Темір ауданы, Шұбарқұдық кентінде 2010 жылы ақынның 150 жылдығы қарсаңында мүсінші Кенбай Жәдігер әзірлеген ескерткіш мүсіні және сол ауданның Ақсай ауылында мүсіні әзірленген 4-ші ескерткіш бар, – деген ақпараттармен бөлісе отырып, Герцен көшесінде орналасқан ақынның өзі тұрған үйінде музей ашылып, мемориалдық тақтайша орнатылса екен», –  деген ұсынысын жолдады.

Ақынның есімі мәңгі ұмытылмас себебі, артында қалған ұрпақ ақын есімін ұлықтауға, өміршең өлеңдерін жас жеткіншектерге үлгі ету мақсатында үстіде көрсетілген іс-шараларынан бөлек «Жыр тарланы – Нұрпейіс» атты жыр айдары оқырмандардың назарынан тыс қалмады.

Ақынның туған жері Темір ауданының дарынды оқырмандарынан бастау алған жыр айдарына Қобда, Мәртөк, Шалқар, Байғанин, Ойыл аудандары мен Хромтау және Ақтөбе қаласынан барлығы 21 белсенді оқырмандар қатысты. Жыр айдарының басты мақсаты – Нұрпейіс Байғаниннің шығармаларын облыс оқырмандары арасында кеңінен насихаттау, өлең, жыр-дастандарын қазақ ұлты мен ұрпағы арасында ұмытылмауына мүмкіндік жасау.

Қазіргі әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген жағдайға байланысты Нұрпейіс Байғаниннің 160 жылдығына арналған «Жыр тарланы – Нұрпейіс» атты бір айлық іс-шарасы ZOOM платформасы, әлеуметтік желілері (instagram, facebook) арқылы онлайн, тікелей эфирде өткізілгенімен   С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана оқырмандары үшін үлкен мереке ретінде аталып өтілді.

XX ғасырға дейінгі қазақтың дүниетанымын, философиясын, ерлікке толы тарихын бізге жеткізген Нұрпейіс Байғаниннің өмірі мен шығармашылығын бүгінгі сана мен таным деңгейінде оқырмандарға түсіндіріп, жеткізген көрнекті тұлғаларға С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханасының оқырмандары атынан алғыс білдіре отырып, осы «Жыр тарланы – Нұрпейіс» атты бір айлық іс-шарасына белсенділік танытып, ақынның жыр-дастандарын насихаттауға ат салысқан барша кітапхана оқырмандарына алғыс хаттар табыс етілді.

Әрине, бұл тойдың соңы емес, жалғаса бермек. «Алақаныма салып аялаған елім мен халқыма ризамын. Өкінетіндей ештеңем жоқ. О дүниеге армансыз кетіп бара жатырмын деп айта аламын. Ғасырлар мені ұмытпас», – деп Нұрпейіс Байғанин атамыз айтпақшы қазақ ұлты мен ұрпағы халық ақының ғасырлар бойы ұмытпайды.

 

Назерке Құлжанова, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми                кітапханасының өлкетану әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы 

 

 

Бөлісу: