Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдық мерейтойы өтті

37

Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдық мерейтойы парасатқа толы бейнесі мен   өшпес рух әкелген жалынды поэзиясын дәріптеген   «Қиял қанаты» республикалық дуэт /сөз бен бояу/ байқауы өз мәресіне жетті. Бұл туралы «Дәстүр» сайты  Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығына сілтеме жасап хабарлайды.. 

Алғашқы рет ақын мен суретші шығармашылық байланыс – дуэт құрып, көркемдік, бейнелік, композициялық шешім, тұтастық, үйлесімділік бағытында жұмыстанды. Ақынның ойын суретші бояу тілімен баян еткен. Сөйтіп, бұл байқау Орал қаласында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 15 қыркүйекте өз мәресіне жетті.

Байқауға Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай облысы және Батыс Қазақстан облысынан бір ақын, бір суретші /дуэт түрінде/, барлығы  17 жұп /34 үміткер/ қатысып, бақтарын сынаған.

Нағыз шешімін тапқан, өлең мен ақын бейнесі ұштасқан, бір-бірін толықтыратын, жаңа өнер туындысын анықтау қазылар алқасына да оңай бола қоймапты.  Кей сәтте дуэттер бір дауыста емес, екіге бөлінген тұстар немесе мүлде бір-бірінен алшақ жатқан дүниелер, тіпті кей шығармалардың бір-бірін өрге өрлететін тұстарынан гөрі, бір-бірін әлсірететін жағдаяттары да болыпты.  Бірақ өнердің құдіретін өз жүректерімен сезіне біле алатын кәсіби мамандардан құрылған алқа нәтижені айқындап, белгіледі.

Осылайша өнер бәйгесінде павлодарлық ақын Алпысбай Хонж бен суретші Жеңіс Молдабековтің «Мен – Жұбанмын!» шығармасы Бас жүлдені иеленсе, бірінші орын «Жайығына Жұбан келе жатқандай» туындысымен ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев пен суретші Данияр Ізбасаровқа, екінші орын «Уақыт желкені» еңбегі үшін оралдық ақын Сыйлыхан Жұмасалық пен суретші Нұртай Жәрдемовке, үшінші орын қарағандылық Жанат Тілегенов пен Ерсін Темірғалидің жұбына берілді. Оралдық жас ақын Марлен Ғилымхан мен суретші Арман Имашевтің «Үлесіне» ынталандыру сыйлығы ұсынылыпты.

«Бұл байқаудың басым тұстары: өнер альянсын құруға болатындығында! Екіншіден, келешекке ақын бейнелерінің жаңаша, жаңғыртылған түрлерін ұсына алатындығымызда! Үшіншіден, республика көлеміндегі өлең және сурет туындыларының ортақ іске жұмылдырылып, ақынның туған жері Ақжайық ауданында жаңадан ашылған Жұбан орталығында орын алғандығында!» – дейді орталық басшысы.

 

Бөлісу: