Ж. Түймебаев: АССАМБЛЕЯНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ МАҢЫЗДЫ ТҰРАҚТАНДЫРУШЫ ФАКТОР

27.07.2019 0 By admin

Қазақстан     Республикасының             Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Елбасы және халқы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа Қазақстан халқы Ассамблеясын құруға     бастамашы      болған Қазақстан Республикасының  Тұңғыш                Президенті         – Елбасы,   Қазақстан   халқы   Ассамблеясының Төрағасы  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаевтың 1995-2019  жылдардағы  сессияларда  сөйлеген сөздері  топтастырылған.  Басылымның  негізі ретінде   Елбасы  кітапханасында сақталған Елбасының  Жеке  архивінен  алынған  бірегей фотосуреттер  мен  құжаттар  пайдаланылған. Сонымен қатар этномәдени бірлестік өкілдері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін қалыптастырған кемеңгер саясаткер,  дара  тұлға  Елбасына  алғыстарын білдіріп жазған сөздері кіреді.

Айтулы     Іс-шараға     Қазақстан     халқы Ассамблеясының Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директорының орынбасары Күляйша Ақтаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, мемлекет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ҚХА аталған кітапты қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін жасаудың, нығаюы мен дамуының түбегейлі жылнамасы екендігін атап өтті. «Ассамблеяның төрағасы, Елбасымыздың сөздерінде этносаралық қарым-қатынастағы мемлекеттік саясаттың қалыптасу кезеңдері мен оны  дамытудың  бағыттары  үнемі  зерделеніп келеді. Ассамблеяның бірінші сессиясында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынасты реттеудің басты ұстанымдарын анықтап берді. Бірінші ұстаным: халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарының кеңеюі, жанасу нүктелерін табу. Осы  ұстаным  аясындағы  біздің  бағытымыз – барлық этностық топтардың қоғамдық келісімін және ынтымақтастырушы жолдарын дамыту болмақ», – деді Ж. Түймебаев.

Ел тарихында Ассамблеяның құрылуы маңызды тұрақтандырушы фактор болып қалыптасты. 1995 жылы Қазақстанның саяси жүйесі өзара үйлесімсіздіктің әсерінен қиын дағдарысқа тап болды. Осы кезде Елбасы Ассамблеяны құрды. Осылайша билік пен қоғам арасындағы ізгіліктің көпірі орнады. Бұл туралы да ҚР  Президенті  Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев баса айтып өтті.

«Ел тарихында Ассамблеяның құрылуы маңызды тұрақтандырушы фактор болып қалыптасты.   Естеріңізде   болар,   1995 жылы Қазақстанның саяси жүйесі өзара үйлесімсіздіктің әсерінен қиын дағдарысқа тап болды. Осы кезде, Елбасы көрегендігінің саяси айғағы ретінде, Ассамблея құрылып, оның халыққа тікелей назар аударуына жол ашылды. Осылайша, билік пен қоғам арасындағы ізгіліктің көпірі орнады. Бұл саяси қадамдағы Нұрсұлтан Әбішұлының сара жолы ешқашан да ұмытылмақ емес. Бүгінгі таңда Ассамблеяның бастамасы арқасында біздің өмірімізде Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу, Алғыс айту күні, Қазақстан халқының бірлігі күні секілді ұғымдар пайда болды», – деп, Ассамблеяның басты маңызды бағыттарын атады Хатшылық меңгерушісі. Сонымен қатар Ж.Түймебаев Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының құрамдас бөлігі болып табылатын Қазақстанның     ұлт     бірлігі     доктринасына тоқталып өтті. Оның айтуынша, осы құжаттар «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық актісін қабылдауға түрткі болып, ол тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жалпыұлттық біріктіруші құндылықтардың декларациясына айналды. Олар өз кезегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айқындала түсті.

Іс-шара барысында «Елбасы және халқы» кітабының тұсауы кесіліп, мемлекет қайраткері, Елбасының ұстазы Мырзатай Жолдасбеков естеліктерімен бөлісті. Ол Тұңғыш Президентті 1958 жылдан білетінін айтып, сол жылдары оқу тәжірибесінен өтіп жүргенде Қаскелеңдегі Абай атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақ әдебиеті пәнінен сабақ беріпті:

«Сол уақыттан бері Елбасымен қарым- қатынасым өзгерген емес. Елбасының ең қиын кездерде, тәуелсіздік алардың алдындағы аласапыран кезеңде Елбасының ұйқысыз күндерінің, мазасыз түндерінің куәсі болған адамдардың бірімін. Мен Н.Ә.Назарбаев туралы 11 мақала жазыппын. Қазақ тарихында небір хандар, көсемдер де шешендер де болған.  Бірақ,  Нұрсұлтан   Назарбаевтай қазақ тарихында адам болған  жоқ.  Өйткені, ол халқын сан мыңдаған жылдар бойы ата- бабамыз көсеген арманына жеткізген адам. Тақыр жерден тәуелсіз мемлекет орнатқан, оның экономикасын қалыптастырған адам. Осы мемлекетті әлемге танытып қана қоймай, оны әлемге мойындатқан адам. Ол біздің тарихымызда кездескен бірінші адам. Қазақтың есіктегі басын төрге сүйреді. Нұрсұлтан Әбішұлының қазақты бақытты ету жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Сол еңбегінің бірі – оның бастамасымен құрылған «кіші Біріккен Ұлттар Ұйымы» деп аталып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы».

Қазақстан    Республикасының    Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құттықтау сөзінде барлық этносаралық топтар мен ұлыстар Қазақстанның байлығы болып табылатынын айтты.

«ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда тұратын барлық этностарға қатысты саясаты – дұрыс бағытта дамуда. Сіздерге жол тартқан «Елбасы және халқы» кітабының тұсаукесері құтты болсын! Елбасының бейбітшілік пен келісімге жетелейтін жалынды сөздерін оқып, орамды ойларына көңіл аударып, оның әрбір оқырманның жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Біз татулық пен келісім жолын таңдадық, осы сара жолда бірге күш жұмылдырып, табысты еңбек етеміз. Елімізге бірлік, ынтымақ, сабырлық пен парасаттылық тілеймін», – деді Министр.

«Елбасы және  халқы»  кітабын дайындау үшін Елбасы кітапханасының қызметкерлері Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жеке архиві қорынан материалдарды іріктеді. Әуелгіде 250 фотосурет, қолжазбалар, деректі материалдар іріктеліп, кейін «Елбасы қызметі тұрғысынан Ассамблеяның    қалыптасу    тарихы»    және «Тәуелсіздік таңында Елбасы бастамасының арқасында ұлттық-мәдени орталықтар ретінде жасақталған этномәдени бірлестіктердің тарихы» екі бағытта жүйелендірілді.

Жиналғандарды бірегей басылымның жарыққа шығуымен құттықтаған Қазақстан Республикасының        Тұңғыш        Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева: «Қазіргі заманғы мемлекеттіліктің, саяси мәдениеттің маңызды негізінің бірі – тарихты шолу  арқылы  оны  түсіне  алу  және  сақтау.

Қазақстан халқы Ассамблеясы шығарған басылым Елбасымыздың жас мемлекеттің басшысы ретінде қоғамдық келісімге негізделген тұрақты қоғамды жасақтауының шынайы бейнесін құрайды. «Елбасы және халқы» кітабының тарихи құндылығы да осынысында», – деп атап өтті К.Ақтаева.

Тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы биік белестер, аса ауқымды жобалар, жеңістер мен жетістіктер Қазақстанның Тұңғыш Президенті- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен   байланысты.   Қалыптасудың күрделі кезеңінде Қазақстан  ұлтаралық негізде бөлініп-жарылуға, егесулер мен қақтығыстарға жол бермеді. Бұл жария етілген ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық татулық пен этносаралық келісім қағидаттарының арқасында мүмкін болды.

Қысқаша   айта    кетер    болсақ, Қазақстан халқы ассамблеясы – Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған, ең негізгі міндеті міндеті мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекет және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында жасақталған мекеме. Қазақстан Президенті Н. Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет айтқан болатын. Бірақ үш жылдан соң, яғни 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бөлігіне айналды. Басында тек руханият, тіл және мәдениет саласындағы іс-шаралармен ғана шектеліп қалуға тиіс ассамблея қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалып, саяси өмірге де араласуға бет алды.

А. Бекнұр Дәстүр журналы

Бөлісу: