«КИЕЛІ КИМЕШЕК»

1

Кимешек – қазақ әйелдерінің киелі бас киімі. Бойындағы иманы, инабаты, қорғаны, бет жүздігі, талғамы, дәрежесі, мәртебесі. Бүгінде ақ жаулықты әжелер, жас аналар ұлтымыздың киелі кимешегін емес, қырғыз, шығыс елдерінің бас киімдерін күнделікті өмірде қолдануда. Мұндай қателіктерге бой алдырудың басты себебі неде? Өзіміздің тарихымыздағы қазақы кимешектердің үлгісін білмегендіктен бе? Әлде насихат жұмыстарының аздығынан ба? Қазіргі таңда қасиетті кимешек қазақ қоғамынан алшақтап барады. Осыған байланысты қазақы нақыштағы кимешек үлгісін насихаттау мақсатында  Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Киелі кимешек» этно-танымдық шара өтті.

Танымдық шараға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақыртумен келген қазақтың ұлттық киім, қолөнер түрлерін дәріптеуші, белгілі шебер Мейрамгүл Адахқызы, кимешекті насихаттаушы, дизайнер, тігінші Ақмарал Жұматайбекқызы, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық «Абдулхамит Қаттани» мешітінің Бас имамы Керімбек Ахметжан Пірәліұлы және ақ жаулықты әжелер, аналар, қыз-келіншектер, дизайнерлер, ұлттық киім тігетін тігіншілер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шымкенттік қолөнер шебері Ақмарал Жұматайбекқызы мен белгілі шебер Мейрамгүл Адахқызы жасөспірім қыз баланың бас киімінен бастап, ақ жаулықты әже атанғанға дейінгі киетін бас киім үлгілерімен таныстырып, келген көпшілікке кимешектің қыр-сыры мен мән-мағанасын түсіндірді. Мәселен, қыздар басына тақия, бөрік, сораба, қасаба кисе, жаңа түскен жас келіншек кимешек кимеген, келіннің басына ақ орамал салған. Құрсақ көтеріп, бөпе туған соң, бала қырқынан шыққанда ақ жаулықты әжелер, абысын-ажындары жиналып, дастарқан жайып, жас анаға: «Енді сен осы шаңырақтың толық мүшесісің, ана болдың, Ел анасы бол, ұлағатты ұрпақ тәрбиеле», – деген ақ тілекпен, маңдайынан сүйіп, батасын беріп, кестелеп тігілген кимешек кигізген. Кимешектің үстіне тақия киген келіншек, ол – күйеуіне жаңа шыққан, бір бала туған жас келіншектің стилі екен. Кимешектің ана мен баланың тазалығы үшін маңызы зор болған. Жас босанған келіншектің денесінің жылы, таза болуына да ықпалы зор. Кимешек бала емізген кезде келіншектің кеудесін көлегейлеп тұрған. Кимешекті ақ матадан тігіп, жиегін астарлап кестелеп тіккен. Кезінде кимешекке қарап, әйелдің қай рудан, қай әулеттен екенін білген. Кимешектегі кестеге қарап, әйелдің жасын да болжап білген. Жас келіншектің кимешегінің бояуы ашық-қызыл, жасыл түсті, көркем айшықты, жылтыры көп, оюланып өрнектелген. Ал егде әйелдер кимешектерінің кестесі аз, онша әшекейленбеген, сары, ақ жіппен сырылып тігілген. Жасы ұлғайған әйелдердің киіміне иір кесте тігілген, күміс теңге мен моншақ тігілген, қызыл-жасыл түсті кимешек кимеген. Бұл жасы келген ел анасы екенін білдірген.  Күндіктің қызметіне тоқталсақ. Мәселен, кимешектің үстінен орайтын ақ мата – жас әйелдер жолай босана қалса, жөргекке қолданылған. Егде әйелдердің күнікейінің қарқарадай мол оралу себебі: жол-жөнекей қаза болса, кебіні болған және жаугершілікте жарақатты байлауға қолданған.

Орталық қызметкерлері іс-шара соңында ескі мен жаңаны үндестіріп, заман талабына сай ұлттық нақыштағы заманауи кимешек үлгілерін әжелерге, жас келіндерге желек, күндік кигізіп, тарту етті. Танымдық, өнегелік шараның жастарға тәрбиелік мәні зор, берері мол болды. Кимешек – аса киелі, ұлттың тазалығын сақтауды ниет еткен бас киім. Бүгінде өзге ұлттың бас киімдері мен бастан аяқ қап-қара болып, тұмшаланып киінгенше, аппақ кимешек, етек-жеңі мол пішілген, ашық түсті қамзол, шапан киіп, ұлттық киіміміздің қадір-қасиетін ұғынып жүрсек, керемет болмас па еді?!

 

Дайындаған Кәмила Мұса,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр

орталығының қызметкері  

Бөлісу: