Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еліміздегі кітапхана ісі, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға қатысты біраз ойларын ортаға салып, «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың жады екенін» атап айтты. Шындығында кітапхана ісінің саласы туралы сөзді биліктің биік мінберден айта бастауы жайдан жай емес.
Өйткені қазіргі замандағы кітапхана кітаптарды оқырмандарға беріп, қайтадан қабылдап алатын орын ғана емес, ол – тұрғындарға қосымша білім беру орталығының міндетін атқарып отыр. Өкінішке қарай, қазіргі таңда біздің қоғамда рухани құндылықтардан гөрі, материалдық құндылықтар озып тұр. Ұрпағымыз жалт-жұлт, жарқ-жұрқ дүниеге алданып, арбалып қалды. Президенттің өзі айтқандай, «Интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес». Балаларымызды Тик-Ток, теледидардың тәрбиелеп жатқанына куә болып отырмыз. Иә, қазір олар жай ғана бала болғанымен, ертеңгі халық болады. Міне, сол кезде қоғамда үлкен мәселе туындауы әбден мүмкін. Рухани байлықтан құр алақан қалған «халықты» көзге елестетудің өзі де қорқынышты, көңілге үрей ұялатады. Сол үшін де кітапхана ісі саласын дереу қолға алмасақ, болмайды. Ертең кеш болуы ғажап емес.
Сондықтан да, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды балалардан бастау керек. Кітап оқитын ұлтқа айналу үшін ең алдымен негізгі назарды балаға аудару қажет. Неге? Өйткені, кітап оқу дегеніңіз – нағыз тәрбиенің өзі. Салалық сауаттылықтың базалық негізі де – кітап оқу.
Жақында Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Парламенттің жоғарғы палатасының отырысында қазақстандық мектеп оқушыларының оқу үлгеріміне қатысты халықаралық зерттеулердің көңіл көншітпейтін нәтижелерін жариялады. Соның ішінде, атап айтқанда, «оқу сауаттылығының жағдайы ерекше алаңдатады. Біздің оқушылар ОЭСР елдеріндегі құрдастарынан үш жылға артта қалған. Бір қарағанда, оқу сауаттылығы – маңызы төмен болып көрінетін санат болғанымен, бұл өткір мәселелерді ашып көрсетті. Және де қазіргі балалардың әлеуметтік желілерге көбірек тартылғанын көрсетеді» – деді. Әрине, бұл дегеніңіз өте алаңдатарлық мәселе. Мұндай мәселенің туындауына үлкендердің өзі кінәлі. Өйткені материалдық байлыққа көп назар аударылуда.
Мысалы, әлемдегі ең кітап оқуға құштар ұлттардың бірі – жапондар. Неге? Өйткені, олар кітап оқуға балаларды жастайынан баулиды. Жапонияда тіпті Халықаралық балалар кітапханасы бар. Онда әлемдік балалар әдебиетінің жауһарлары жинақталған. Ал әлемдегі өркениетті елдердің бірі – Германияда Балалардың кітап оқуын қолдау қоры бар. Бұл қорға мемлекет басшысының өзі қолдау көрсетіп отырады.
Біз қазақ қоғамында орын алған осындай түйткілді мәселеге ерекше алаңдаймыз әрі кітапханамызда келешек ұрпақтың білім алуына ерекше жағдайлар жасауға ұмтылып отырмыз.
Бүгінгі күні Өскемен қаласының Ертіс жағалауына орналасқан жазушы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана балалардың нағыз білім алу және пайдалы демалу орталығына айналды.
Кітапханада балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру бағытындағы сенбіліктер серпінді жүргізілуде. «Наурыз нығметі» – апталығына қатысқан жасөспірімдер Қазақтың ұлттық ойындарының фестивалі күні ұлттық ойындар әлеміне еніп, «Таяқ тарту», «Бәйге», «Ләңгі» және «Асық ату» ойын-сайыстарына қатысты. «Көктем сиқыры» кітап көрмесі балаларға қызықты кітаптар ұсынып, «Анимация студиясында кітаптың көктемгі әлемі» шеберлік сыныбы анимациялық фильмдер жасауды үйретті. Ал, «Ертегілер сенбісі» күні «IQ – Ұлттық Санаңды Серпілт!» – деп кітапханамыздың үлкен экранды кино залында қазақ ертегілерінің ізімен түсірілген фильмдер мен мультфильмдерді ұсындық.
VR-асық ойыны – қазақтың салт-дәстүрінің байлығына сүңгіп, төл мәдениеттен ләззат алуға мүмкіндік беретін есте қаларлық тәжірибе. Мұнда балалар VR-асық ойнаумен бірге, қазақ даласына саяхат жасап, көрікті табиғат әсерлерін сезінеді. Ұлы даланың аңыз тұлғаларымен кездеседі. «Ұлттық киім күні» мектеп оқушылары «Оюлар сөйлейді» көрмесімен танысып, қазақтың ою-өрнегі туралы және оның түрлерімен, киім-кешек, тұрмыстық заттар, музыкалық аспаптар, ат әбзелдерімен танысты. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі әшекей ғана емес, адамның қай жерден келгенін, қай рудан екені туралы танымға ие болды. Балалар «Ақ сандық – көк сандық», «Таяқ тарту» сияқты қазақтың ұлттық ойындарына қатысып, «Наурызнама» бағдарламасын тамаша меңгергендерін көрсетті. «Оюлар сөйлейді» атты фестиваль-жәрмеңкесінде қолөнер шеберлері көрмесін, ұлттық шапандар, ыдыс-аяқтар, «Сырмақтар сыры» көрмелерімен, ұлттық қолөнер туралы әдебиеттермен танысты.
Фестиваль кезінде жасөспірімдерге Наурыз мейрамының тарихы, наурыздың қазақ халқына қайта оралғаны жайында деректі фильм көрсетіліп, «Наурыз – бата, Наурыз – поэзия, Наурыз – проза, Наурыз – ән» тәрізді танымдық ақпараттар мен кітаптар ұсынылды.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Ұлттың сапасын жақсартамыз десек, біз ел болып, жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет…. «озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы кітап оқу» – деп атап айтты. Өркениетке қол созған ел ұрпағының қамын, ертеңін ойласақ, «кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» – деген Президенттің сөзімен келіспеске амалымыз жоқ.
Шекер Нұрғалымқызы, Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкері