Көз тию – дәстүрлі наным-сенім бойынша жас нәрестеге, сұлу қызға, жақсы адамға, жүйрік атқа, сүтті сиырға, т.б. көзінің сұғы бар адамның назары түскеннен болатын ауру. Бұл ауру қатты таңырқап, көз ала алмай қарап қалу, сұқтанып қарау, қызғанышпен яки ызаланып тесіле қараудан болады екен. Көз тиген адам бірден ауруға шалдығады. Кейбіреулерінде денесінде көз тиген жері қап-қара болып күйіп кетеді екен. Көз тиген жүйрік ат болса, жолда кенеттен жығылады, сүтті сиырдың, сүтті түйенің аяқ астынан желіндері ісіп, сүті қайтып кетеді.
Бау-бақшаға көз тисе, жақсы өнім бермей қояды, жапырақтары солып қалады. Әсіресе кішкентай балаларға көз тию жиі байқалады. Көзі тигенін ауырған баланың кіші дәреті мен ауру белгілері мен беталысына қарап анықтайды. Мысалы, баланың денесі суып, кіші дәретке жиі отырса, қолға тұрмай шалқалап жылай берсе, оған ер адамның көзі тиген екен, ал денесінің қызуы көтеріліп, тәбеті нашарлап, шырқырап жылап, мүлде аузына емшек алмай қойса, әйел адамның көзі тиген екен деп жорыған. Мұндай жағдайда әжелер тез арада ұшықтауға кіріседі және көзі тиді-ау деген адамды тезірек таптырып алып, соған түкіртеді немесе таңертең ертемен аш қарынға үлкен әжелерге түкіртеді.
Самал Молдашева