КӨПШІЛІККЕ БЕЙМӘЛІМ БАЙБУРА БИ КІМ БОЛҒАН?

КӨПШІЛІККЕ БЕЙМӘЛІМ БАЙБУРА БИ КІМ БОЛҒАН?

15.10.2019 0 By admin

Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті бағытына бет алған жолаушылардың қыс айларында қорқынышпен айтатын жалғыз ауыз сөзі бар: «Байбура асуы ашық па екен?». Жарма мен Көкпекті аудандарының шекарасына орналасқан осы бір асу туралы жергілікті жұрттың аузында әртүрлі әңгімелер айтылады. Аңыз көп, бір ақиқаты – қасиетті жер.

            Бұрындары Көкпекті ауданында мал дәрігері болып жұмыс істеп, қазір дәл сол Байбура сайының жанындағы қыстауда мал шаруашылығымен айналысып отырған Бақытбек Алғазиев аты шулы асудың қасиеті туралы оқиғалардың бір парасын былай баяндайды.

-Кеңестік кезеңде бұл сай тіптен үрейлі еді. Жұртшылық іштей имандарын үйіріп жүретін. Талай боранда қалдық. Бірақ аман шықтық. Бір рет Көкпектінің бір орыс саудагері шанасына қос ат жегіп Семейге шығады. Киім жылы, ат семіз. Елдің «Байбурадан өте алмайсың-ау» деген алаң пиғылына кекесінмен қараған ол, жолға шығып кетіпті. Ерегескендей, дәл осы сайға келіп тоқтап, ақтүтек боранда қасиетті бабаның басына дәрет сындырған ғой. Кенет, аты үркіп, шанасы шашылған әлгі кеудесоқ байшыкеш осы сайда үсіп өліпті. Бұл бір ғана мысал, – дейді көкпектілік азамат.

            Бұл өңірдің тұрғындарының ішінде боранды асу жайлы әңгіме айтпайтындар кем де кем. Бірақ Байбураның кім екені былайғы жұртқа беймәлім.

            Байбура туралы ең алғашқы болып осы өңірде қалам тербеген белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Серік Құсанбаев. Осыдан оннеше жыл бұрын сол өңірдегі бір малшы ақсақалдың әңгімесі желісінде баллада жазып, 2006 жылы «Дидар» газетінде жариялаған еді.

            Серік Құсанбаевтың жырында белгілі бидің сүйегі кеңестік дәуірде түскен Омбы-Майқапшағай бағытындағы жолдың астында қалып қойған, бұл алапат боран қасиетті би аруағының соған сай туған ашуы екені баяндалады. Ал Байбура баба жайлы нақты деректер қытай жеріндегі бидің ұрпақтарында сақталған.

            Байбура он екі рулы Абақ керейдің ішіндегі шыбарайғыр еліне ұран болған Қожаберген батырдың ұлы.

            Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты кітабында нақты айтылады. Яғни, кітаптың «Қожаберген батырдың тегі және өмір жасы хақында» деген бөлімінде Байбура Қожабергеннің екінші әйелінен туатыны, оның 1759 жылы 2 қыркүйек күні бір топ қазақ азаматтарымен бірге Үрімжіге жылқы айдап апарып, сауда жасағаны туралы деректер келтірген. Бұл ақпараттарды автор мәнжу-қытай мұрағаттары бойынша тауыпты.

            Бүгінде Байбураның Қытай, Моңғолия, Қазақстан жерінде 500-ден астам түтіні, яғни үш мыңнан астам ұрпағы бар. Олардың дені, Қытайдың Алтай аймағы, Қаба ауданына қоныстанған. Ұрпақтарының есебі бойынша Байбура 1720-1793 жылдары өмір сүрген. Байбураның кіндігінен тараған алты ұлдың бірі Кенен де Қалба таудың баурайында, Қызыл су мен Шар өзендерінің бір-біріне жақындаған тұсындағы Доланалы-Топқайың деген жерде  мәңгілік тұрақ тапқан деп айтылады. Бұл бөлек әңгіме.

Қара қылды қақ жарып билік айтқан Қара би

            Байбураның өмірі жаугершілік заманмен тұспа-тұс келсе де, қазірге дейін ерлігі туралы нақты ақпарат жоқ. Сондықтан қолдан тарих жасап, «Батыр болған!» – деген жалған мақтанышқа бармай-ақ қояйық. Ерлігі болса, нақты жазба деректер табылып жатса ертеңгі күннің еншісінде болсын.                                                                                                                                           Есесіне, Байбураның дәулеті мен өнері жиі айтылады. Ал, билігі туралы ел ортасына тараған мынадай бір аңызды баба ұрпақтарының бірі – Әшет Тілеубайұлы баяндайды.

            Байбура жастайынан өнердің әр түрін меңгерген шебер һәм сөзге ұста болып ержетеді. Тамызда жетілген көк шиді тарамыстан ширатылған жіппен түйіп жасаған домбырасы бертінге дейін сақталыпты. Елге айтқан билігі де осы ағашшылық өнеріне байланысты болған көрінеді. Жесірін қаңғытпайтын сол дәуірде орта жүздегі екі арыс – арғын мен уақтың арасында екі жылға созылған «Керімбаланың дауы» туады. Уақиға барысы былай: арғынның Қарабас деген азаматы уақтың Керімбала деген аруына қалың беріп, құда болады. Қыз жасау-жабдығын артып ұзатылып келе жатқан жолда Қарабас жол-жөнекей тағы бір қызға ғашық болып, екеуін қабаттастырып алмақ болады. Керімбала бұған көнбей, кері қайтады. Екі жасқа ешкімнің ақылы жүрмейді…

            Күн өткен сайын күрделеніп бара жатқан бұл даудың шешіміне екі жақ та риза болмайды. Бірі «қалың малын қайтарып алам!» деп қоқиланса, екіншісі есер күйеудің еркелігін көтере алмайды. Ақыры, ара ағайын боп жүрген ел ағалары «Бұл дауға халықты өнерімен тәнті қылған шебер билік айтсын!» – деп келіседі. Алыс-жуықтан келген өнерпаз-шешендердің көбісі сыннан өте алмай отырғанда, Сәлмен атты ноғай саудагері Байбураға кісі жіберіпті. Байқау шарты – беті торғынмен жабылып келген ағаш тостағанның қымызын ішіп, ыдысынан мін табу керек екен.

            Тостақ толы қымызды алақанында айналдырып отырып: «Мына ыдыстың ыңғырулық міні бар екен. Алыссынбасаңдар менің үйімде топсалы ыңғыру бар, соны алдырайық» депті шебер кереге басында самсып тұрған саймандарға бір көз жүгіртіп шығып.

            Қажетті бұйым келген соң, оңаша үйге кірген Байбура ұзақ отырып, билердің алдына жоңқа толы тостағанды әкеліпті. Шебердің қолынан өткен дүниенің жұқалығы сондай, бір бүйірінен үрлесе екінші бүйіріне қабысып қалады екен. өнерге сүйінген елі билік айтуға бірауыздан келісім берсе керек. Сондағы айтылған Байбураның билігі:

 – «Бір тойда екі жар болмайды», сондықтан Қарабастың ісі қазақ дәстүріне жат. Босағасын аттамаған соң, Керімбаланың басы қазірден бастап бос деген сөз. Әуелгі қателік жігіттен кеткендіктен, қалың мал қайтарылмайды, – деп шешім шығарыпты.

            Содан бастап тура сөйлеп, әділ төрелік айтқан Байбураны жұрт «Қара би» атап кеткен көрінеді.

            PS. Киелі Тәуелсіздіктің арқасында атажұртқа қайта оралған қасиетті бабаның ұрпақтары жергілікті билік өкілдерімен, Көкпекті ауданындағы көнекөз ақсақалдармен кездесіп, бір мәмілеге келіп, Байбура асуына белгі тас қоюға кіріскен еді. Алматыға тапсырыс беріп жасатқан сол ескерткіш тас қазіргі күні дайын тұр.  Омбы-Майқапшағай жолының қайта жөнделуіне байланысты ол жұмыс келесі жылдың еншісінде қалып отыр.

Халқымыз «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген. Ұзақ жылдар бойы дінсіздердің қорлығын көріп, қара жолдың бойында қараусыз қалған баба аруағына арнайы қашап жасатқан мәрмәр тастың ашылу салтанатына куә болар күнге де көп қалмаған секілді.

Мұратхан КЕНЖЕХАНҰЛЫ

                                                               «Дидар» газеті

                                                       

Бөлісу: