МАЙСАУЫТ 

1

Қазақ халқы ертеден-ақ  ыдыстардың түрлеріне  бай халық екені әлімсақтан белгілі. «Сынған ыдыс екі ғасыр өмір сүреді» демекші осы ыдыс аяқтың ішінде өзінің әсем де күрделі ерекшелігімен көзге түсетін, ол біздің ата-бабамыздан сақталып бүгінге жеткен, яғни қолөнер шеберлерінің әсем туындылары. Ағаштан бедерлеп, әшекейлеп түйін түю ертеден келе жатқан дәстүрлі өнеріміздің бірі. Көздің жауын алардай  ұлттық нақышта оюлары мәнімен сәнін кіргізіп аса шеберлікпен өрнектелген туынды иелерін халқымыз ағаш ұстасы деп атаған. Ыдыс-аяқтарды жасау жолдарында, оларды үй шаруашылығына төзімді пайдалану үшін  асқан ұқыптылықпен, шеберлікпен дайындаған. Ыдыс-аяққа бай халық екенімізді жоғарыда айтып кеткенімдей, олардың ішінде кейінгі ұрпаққа ұмыт болып, көзі жойылып бара жатқан жасалу жолымен ерекшелігі бір бөлек халқымыздың ұлттық ыдыстарының түрлері – майсауыт, бүйен және жуаз туралы көпшіліктің бірі білсе, бірі біле бермейді.  Үлкен кісілердің айтуы бойынша ертеректе электр желісі жоқ кезеңде халқымыз табиғи таза ас-ауқатты, яғни сүт, ақ, қаймақ, сүтпен қаймақтан айырып жасалған сары майды бұзбай қалай сақтаған? Аса ақылдылықпен, зеректілікпен амалын тауып, ас-аухатты еш бұзбастан сол күйінде сақтай білген. Себебі, майсауыт, бүйен, қарыннан жасалған ыдыстар, олардың жасалу жолдары мен атқаратын қызметіне қарай пайдаланылған. Майсауытты дайындауда  бабаларымыз ағаштың түрін, жай-күйін өте жақсы айырып,  көбінесе ағаштың безді  қалың жерінен ойып жасайтын болған. Ыдыс жарылып кетпес үшін ағашты майлап, ішіне сұйықтықты сіңіріп сорып алмайтындай қылып су сіңдіріп, күн түспейтін жерге кептіріп сақтаған.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленіп, қазақстандық қоғамның мәдениет, ағарту және ұлттық рух деңгейін арттыруға бағытталған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы 2025 жылға дейін барлық оқушыларды еліміздің мәдени мұрасымен тереңірек таныстыратын жобамен қамту жоспарланған.

Осы орайда, Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қорында сақталған көне жәдігерлердің бірі – майсауыт ыдысы туралы оқырмандарға мәлімет беруді жөн деп таптық.

Сүттен айырған қаймақты және қаймақтан түсірген  сары майды салып  сақтауға  арналып жасалынған. Цилиндр пішінді ағаш ыдыс. Үстінен жабылатын қақпағы, былғарыдан ілмекті тұтқасы бар. Ыдыстың бүйірінде және қақпағында көлденең сызықтар салынған. Материалы ағаш, былғары. Биіктігі 20 см, аузының диаметрі  17,5 см, түбінің диаметрі  9,5 см.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Этнография» залындағы экспозицияда қазақ халқының өзіндік мәдени дәстүрін түсінуге мүмкіндік беретін және сирек кездесетін экспонаттар өте көп. Солардың бірі – бүйен.  Бүйен – малдың ащы ішегі мен тоқ ішегі түйіскен жерінің тұйық бөлшегінен жасалатын ыдыс. Бүйен әдетте қой мен ешкінің ішегінен жасалады. Ыдыс жасау үшін бүйенді айналдыра жуып, тазалап, иісі кеткенше қанық тұзды суға салып қояды. Бір тәулік шамасы өткенде жақсылап жуып, үрлеп ауа толтырып, түбін тұйықтап көлеңкеде кептіреді. Кепкен бүйенді ішіне тағам сақтауға қолайлы болу үшін сары май жағып жұмсартып отырған. Бүйенге сары май, айран, ет, жент сияқты тағамдарды сақтап, іліп қояды. Бүйен құрамындағы ферменттердің әсерінен онда сақталатын азық ұзақ уақыт бойы бұзылмайды, тек осы ыдыс түріне тән жағымды дәмге ие болады. Бүйенде сақталған тағамдарды қажет кезінде жібін шешіп, сығып ала беруге болады екен. Жорыққа аттанған ежелгі қазақтың батыр жауынгерлерінің, ұзақ жолда жүрген жолаушылардың, отбасына келген қонақтардың сүйсініп жейтін, дастарқан сәнін келтіретін ұлттық тағамдардың бірегей дәмдісі осы бүйенде сақталатын болған. Бұл бүйен 2007 жылы музей қызметкерлерінің Атырау облысының Құрманғазы ауданына жүргізілген музей қорын толықтыру мақсатындағы экспедициясы барысында қабылданған.  Жәдігерді Құрманғазы ауданы, Балқұдық ауылының тұрғыны Аманғалиев Шыңғысбай тапсырған болатын. Ертеден ата – бабамыздың тұрмыстық заттарының бірі майсауыт, бүйен, қарын. Бұл ыдыстарға қаймақ, сары май, құрт және сүзбе салып сақтаған.

Қазақ халқының қолөнері кеңінен дамығандығы күнделікті  үй тұрмысына қажетті заттары, ағаштан түйін түйген шеберлер мен ұсталардың қолынан шыққан бұйымдарынан–ақ  белгілі. Алайда осындай құнды қолөнерімізді жоғалтып алғанымыз өкінішті. Қолөнер шеберлерінің шынайы ниет ықыластарының арқасында, жоғалған құндылықтарымыз бүгінгі күні қайта жаңғырғандай болды. Ата – бабамыздан қалған асыл мұрамызды қастерлеген жандар қолөнерді қайта жандандырып, заманауи нақышта жасап, насихаттауда.

Қазақтың көнеден келе жатқан ыдыс түрлері жасалу ерекшеліктері мен пайдалануына қарай  атаулары да әр түрлі болып келеді.

  • Бүйен – май сақтауға арналған ыдыс.
  • Жанторсық – жолаушы жанында жүретін, сусын құятын шағын тері ыдыс.
  • Жуаз – май шайқайтын ағаш ыдыс.
  • Қарын– бұзаудың, қойдың қарнынан жасалған май сақтайтын ыдыс.
  • Аяқ– ағаштан жасалған көлемі шұңғыл табақтан кіші, әсем, сырлы ас құятын ыдыс.
  • Аяққап– киізден, былғарыдан істелген, кереге басына ілетін, аяқ сақтайтын ыдыс.
  • Астау– ет салатын, көлемі табақтан үлкен, ұзынша ағаш ыдыс.
  • Бақыраш– су құйып алуға арналған темір ыдыс.
  • Саба –қымыз ашытатын ең үлкен ыдыс. Ол тұтас теріден (екіден бес теріге дейін) тігіледі. Әрқайсысының өз аты болған, мысалы «бес биенің сабасы», «тай жүзген» деген сияқты.
  • Сүйретпе – ақ түйенің мойын терісінен қымыз ашыту үшін жасалған.
  • Торсық – сусын құю үшін ысталған теріден жасалған шағын ыдыс.
  • Талыс – жылқының бас терісінен жасалған зат салып қоятын ыдыс.
  • Мес – емдік қасиеті бар,бітеу сойылған ешкі терісінен қымыз құю үшін жасалған ыдыс.
  • Қауға – малдың терісінен жасалған,құдықтан су тартып алуға арналған шелек.
  • Көнек – ірі қараның бас немесе мойын терісінен, көн теріден жасалғандықтан көнек деп атаған.Бие саууға арналған шүмегі бар ыдыс.

Қазақ халқының   «Қозы қарын майым бар, көп сақтаған жайым бар» деген мақалынан – ақ   сары майдың қайда және қанша уақыт сақталатынын аңғаруға болады.

Сары майды серкенің не болмаса ірі қараның терісінен тігілген сабада, торсықта, ағаш күбіде шайқау арқылы дайындайды. Шикі сүттен ұйытатын айранды, кейде іріген сүт пен шикі сүттің өзін сабаға не күбіге құйып, әбден толған кезде піспекпен піседі. Іркіттің пісуі жеткен кезде май ыдырап бөлініп шыға бастайды. Бірден екі, үш қабат дәкеге  салып, бүктейді де қолмен сығымдап майды сүзіп алады да, қалғаны қоюланып торта болады.  Сары майдың жасалу тәсілдері яғни шайқау әдісімен өндіріледі, түскен сары майды тұздайды. Кілегейді шайқау әдісімен май өндірудің технологиялық процесі сүтті қабылдау, сүтті салқындату, сүтті сақтау, қыздыру, сепараторлау, кілегейді жылумен өңдеу, төмен температурада кілегейді дайындау, кілегейді шайқау,май дәнін жуу, майды тұздау және бояу,майды механикалық өңдеу, майды ыдыстау, майды сақтау осындай тәсілдерден тұрады. Таңғы сауыннан алынған сүтті салқын жерде тұрған кешкі сауынның тағы бір шелегін қосып, осы екі шелек сүтті қолмен айналатын сеператорда тартылады. Сүтті тартпас бұрын сәл ысытып алса  сонда кілегейі жақсы айырылады. Жылдамырақ айналдырған кезде машина кілегейді аз айырады. Ақырындап қалса, кілегейдің шүмегінен сүт аға бастайды.Үлкен тегенеге бірнеше күн жинап та  кілегейден май шайқауға болады. Бұл – қолмен істелетін ауыр жұмыстың бірі. Сағаттап араластырғанда барып сарысу бөлініп, май пайда болады. Мұның ауырлығынан басқа қиындығы – кілегей өте суық болуы керек, жылып кетсе май түспей қояды. Ондайда салқын суды аздап құйып, суыту керек. Түскен майды қолдың күшімен түйгіштеп майды тығыздайды. Бұл әдісті – қылшықтау деп атаған. Бұдан соңғы жұмыс тұздау. Тұздалған май бұзылмай ұзаққа сақталады. Тұздалған майды қойдың тазартылған қарынында сақтау отырған.

Осыншама ерекшелігі, қиыншылығы, бейнеті көп бола тұра қызығы мен тардымдылықтары басым көзден ғайып болып бара жатқан ұлттық ыдыстарымызды ұмыт қалдырмай біле жүрейік!

Базаргүл Хансұлтанова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнолог, әдіскер маманы

 

 

Бөлісу: