Мемлекет үшін демография – маңызды

Өткен жылдың аяғына таман  Қазақстан Республикасы  халықның саны 20 миллион адамға жетті. Бұл халықтың қауіпсіздігі жағынан да, береке-бірлігі тұрғысынан да ерекше атап өтерлік жайт, оқиға.

Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Қазақстан халқының санын 20 миллионыншы болып толықтырған 3 ұл мен 2 қызға Президенттің атынан арнайы сыйлықпен қатар, «Отбасы банкінің» 2 млн теңгелік сертификаты табысталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтады. «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы  – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды Президент Twitter-де.

Елімізде халық санының 20 миллионға жеткені ел көлемінде аталып өтті. Мысалы, Астана жастары 20 саны түрінде сап түзеп, Мемлекеттік туды желбіретті. Іс-шараға барлығы 200 еріктілер қатысты.

 

Сертификат иелері кімдер?

 

2017 жылғы 11 мамырда Талдықорған қаласында Мүслима Саматқызы есімді 18 миллионыншы тұрғын туылған-ды. 2021 жылдың 20 маусымында Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы 19 миллионыншы азамат ретінде тіркелген еді. Арада екі жыл өткенде 1 миллион адамға көбейіп, 2023 жылдың 14 қарашасында сағат 08.10-да Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облысында 5 сәби туылып, 20 миллионыншы адам болды. Яғни соңғы 3-4 жылда 1 миллион адамға көбейіп келеміз. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Елдің 20 миллионыншы тұрғыны атанған бес сәбидің бірі – Мұхаммад Қосай. Атырау қаласында өмірге келген сәбиді ата-анасы төрт жыл күтіпті. Бақытты сәбидің бірі – Ұлытау облысының Жезқазған қаласында дүниеге келді. Оның есім-сойы­лы – Томирис Ақылбек. Үйінің тұңғышы, ата-әжесінің алғашқы немересі. Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Шакеновтар отбасындағы сәбидің есімі – Әлімхан Асқар. Ақмола облысында – Ясина, ал Жетісу облысында Айсұлтан есімді сәбилер ата-анасын қуантты.

Талдықорғанда тұратын Мұхтар Әзімбаевпен хабарласқанымызда: «Айсұлтан – біздің төртінші баламыз. Оның дүниеге келуі жалпыхалықтық оқиғаға айналды. Енді баламыз­ды білімді, білікті, белсенді етіп тәрбиелеу – біздің негізгі міндетіміз» деп жауап берді.

Елдің «20 миллионыншы тұрғыны» деген сертификатты алып, ата-анасы мен ата-әжесі қуанып жатқанда, Үкімет 2 миллион теңгенің сертификатын табыстап, мерейлі отбасылардың қуанышына қуаныш қосты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы бала туу деңгейі жоғары болып, 446 мың бала дүниеге келді. Табиғи өсімнің артуы, оның ішінде, нәресте өлімінің азаюы нәтижесінде қамтамасыз етілді. 1991 жылы 1000 тұрғынға шаққанда өлім-жітім 8,2 болса, 2022 жылы 6,8 адамға төмендеді. Бәрекелді! Халқымыз өсіп-өніп, көбейе берсін! Өйткені саннан сапа шығады. Сапасыз ұлттың өркендеу жолын табуы қиын. Кез келген мемлекет үшін демография – дамудың діңгегі.

Осы жерде 25 немесе 30 миллионға қашан жетеміз деген заңды сауал туады. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуіне сүйеніп, бұл сұраққа жауап беруге болады. Халықаралық ұйымның 2050 жылы қазақстандықтардың саны 25 миллионға, 2100 жылы 30 миллионға жетеді деген болжамы бар.

Демографтар мен әлеуметтанушылардың сөзінше, қазіргі табиғи өсім 1980-1990 жылы аралығындағы аналардың арқасында қалыптасты. Ал 1990-2000 жылдары туған аналар демографиялық ахуалға деген көзқарасы өзгеше, олар бір-екі баламен шектелуді дұрыс санайды. Яғни келешекте ел бойынша балу туу деңгейі төмендейді. Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосуының бір себебі – осы үдерістің алдын алу болса керек-ті.

 

Елордадағы демографиялық ахуал қандай?

 

2023 жылы Астана қаласының тұрғыны 1 миллион 371 мың адамға жетті. Егер 1998 жылы 275,3 мың адам болғанын ескерсек, 25 жылда көші-қон және табиғи өсім нәтижесінде 1,1 миллион адамға көбейді. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Статистикалық деректерде 2000 жылы Астана қаласында 381 мың адам тұрса, 2003 жылы 502 мыңға жетіп, жарты миллиондық мегаполиске айналды. Әр бес жылды саралайтын болсақ, 2005 жылы – 529,3, 2010 жылы – 684, 2015 жылы 852,9 мың адамға жетті. 2016 жылы Астана күні қарсаңында миллионыншы Саида есімді тұрғын дүниеге келді. Қала тұрғыны Олжас пен Арайлымның тұңғышы бүгінде 7 жаста. 2020 жылы бас қаланың тұрғын саны 1 млн 136 мыңға жетті.

Әлеуметтанушы Айнұр Анарбекова 2000 жылдардың басында Елордада халық санының артуына көші-қон үдерісі оң әсер етсе, соңғы жылдары бала туу көрсеткіші көбейіп келе жатқанын айтты. Мәселен, 2003 жылы 6449 бала дүниеге келсе, табиғи өсім 3163 адамды құрады. 2005 жылы 9,1 мың сәби туылса, 3,6 мың адам өлді. Яғни табиғи өсім 5,5 мың болды. Ал көшіп келгендер – 26,8 мың, көшіп кеткендер 11,1 мың адамды құрады. 2010 жылы туылғандар саны – 17,4 мың, өлгендер саны – 3,1, табиғи өсім 14,1 мың болса, көшіп келгендер – 59,3 мың, көшіп кеткендер 25,5 мың болды.  2015 жылы туылғандар саны – 26,1 мың, өлгендер саны – 3,8 мың, табиға өсім 22,2 мыңды құрады. Көші-қон айырмасы 2,4 мың болды. 2020 жылы туылғандар саны – 28,7 мың, өлгендер саны – 4,3 мың, табиғи өсім 24,4 мың болса, көшіп келгендер – 122,2 мың, көшіп кеткендер 97,3 мыңға жетті. Яғни Астана қаласында көші-қон үдерісімен қатар, бала туу көрсеткіші де артып келеді.

Астана қаласында әйелдерге жүктілік, босану, босанғаннан кейінгі кезеңдегі көмек және жаңа туған нәрестелерге тұрақты медициналық жәрдем 550 орынды қамтып тұрған негізгі үш ұйым да іске асырылып жатыр. Кейінгі 10 жылда бала туу 41 пайызға артты. 2012 жылы – 19,5 мың, ал 2022 жылы 31,7 мың бала өмірге келді.

Егер өзге өңірлерде де табиғи өсім Астана қаласындағыдай болса, онда Қазақстан дамудың жаңа деңгейіне көтерілер ме еді?! Алайда біздің Үкімет демографияға маңыз беретін болса, әлеуметтік-экономикалық мәселелер туындайтынын түсінеді. Демограф, саясаттанушы Әзімбай Ғалидің сөзінше, ел экономикасы халықтың өсуін көтере алмаса, онда шектеу шараларын қолға алады. Мысалы, Астана қаласында халықтың көбеюіне сай әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мүмкін болмай, үшауысымды мектеп мәселесі туындады.

 

Орта Азиядағы орнымыз қандай?

 

Орта Азия елдерінің демографиялық сипатын саралайтын болсақ, 1991 жылы Қырғызстанда халық саны 4 миллион 464 мың адам болса, 2022 жылы 7 миллион 38 мың адамға жетіп, 2,5 миллион адамға көбейді. Демографиялық көрсеткіш Тәжікстанда едәуір жақсы. 31 жылда 5 миллион 338 мың адамнан 9 миллион 886 мыңға жетті. Тәжікстанның әлеуметтік-­экономикалық деңгейі біздің елмен салыстырғанда төмен болғанымен, жыл сайын бала туу деңгейі жоғарылап келеді. Мәселен, Тәжікстанда 2000 жылы 167 мың бала туылса, 2005 жылы – 180 мың, 2010 жылы 239 мыңға, 2020 жылы 243 мың бала туылды. Ал Еуразияның кіндігінде қозғаушы күшке айналуға ниетті Өзбекстанда халық саны 17 миллион адамға артты.

Кезінде шекесінен қарап, менсінбей жүрген өзбектердің саны 90-жылдармен салыстырғанда 2 есеге артты. Олар әлемде халықтың саны жөнінде 41-орында тұр. Бұл елде 1 шаршы шақырым жерде 75,9 тұрғын қоныстанады.

Енді Қазақстан мен Өзбекстанның демографиялық көрсеткіштерін салыстырсақ, 1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша, Қазақстанда 16 миллион 536 мың адам болса, Өзбекстанның халық саны 19 миллион 810 мың адамды құрады.

Өзбекстанда әр 5 жыл сайын 2 миллион адамға көбейді. Мәселен, 2000 жылы – 24 миллион 591 мың, 2005 жылы – 26 миллион 254 мың, 2010 жылы – 28 миллион 292 мың, 2015 жылы – 30 миллион 680 мың, 2020 жылы 33 миллион 226 мың адамға жетті. Қазақстанда 2000 жылы – 14 миллион 900 мың, 2005 жылы – 15 миллион 75 мың, 2010 жылы – 16 миллион 204 мың, 2015 жылы – 17 миллион 417 мың, 2020 жылы 18 миллион 632 мың адамға жетті.

 

Әлем елдеріндегі өсім

 

Демограф Аяулым Сағым­баева халықты байлық ретінде бағалайтынын айтты.

– Халық – демографиялық көрсеткіш қана емес, біріншіден, бұл жұмыс күші, екіншіден, бұл –­ үлкен нарық. Мысалы, Қытай, Үндістан демографиялық дамудың арқасында өсіп-өркендеудің жолын тапты, – дейді демограф.

Расында, қазір адам қоры маңызды көрсеткішке ие. Өйт­кені елдің өркендеуі адами қорға тікелей тәуелді. Яғни адамдардың дағдысы, ойлауы және білімі елдің келешегін айқындайды. Озық елдер адам қоры шексіз мүмкіндікке ие, тек ұлы жетістікке ерік-жігердің жетіспеушілігі кедергі деген қағиданы ұстанып, ғарышты игеріп, роботты жұмсап, өркениет өрісінде жаңа деңгейге жетті.

АҚШ жазушысы Эльберт Хаббард «Бір машина елу адамның жұмысын орындағанымен, елу машина бір интеллектуалды адамның жұмысын атқара алмайды» деп адамның ғылыми шығармашылық қуатына  баға береді.

Расында, Жапония, Корея, Сингапур сынды елдер табиғи қорға бай болмаса да, адамдарға жайлы өмір салтын қалыптас­тырғанын жақсы білеміз. 2000 жылдардың басынан біздің елде жалдамалы жұмысқа жегіліп, құрылыс пен шаруашылық қызметтерді атқарған өзбекстандықтарды кемсітіп, кекетіп жүретіндер көп еді. Қазір осы менсінбей жүрген Өзбекстан бізге шаң қаптырып барады. Бір ғана дәлел, Қытайдың Ханчжоуында өткен Азия және Параазия ойындарында Өзбекстан жалпы командалық есепте алдымызды орап кетті. Өйткені оңтүстіктегі көршінің саны басым, ал саннан сапа шығатыны тағы анық.

Дүние жүзіндегі жалпы халықтың 18,3 пайызы Қытайда өмір сүреді. Кезінде Қытай компартиясының лидері Мао Цзэдун «Басты байлық – адам» деп санап, «неғұрлым көп жұмысшы болса, соғұрлым өндіріс те, қор да өседі» деген пікірді ұстанды. Бұл қағидадан ресми Пекин де бас тартпай, 2021 жылы әр отбасына үш балаға дейін рұқсат беретін жаңа демографиялық бағдарламаны жариялады. Неге десеңіз, еңбекке жарамды адамдар санын арттыру үшін керек. Өйткені еңбек құнының арзан болуы, тауардың өзіндік құнын арзандатып, тауарға сұраныс артады. Бұл өз кезегінде кіріс көзіне әсер етеді. Әлемнің алпауыт компанияларының Қытайға қызығушылығы жоғары болуының бір себебі – осы. Ал әлем халқының 17,7 пайызы Үндістанға тиесілі. Түбекте орналасқан мемлекет өркендеудің өзіндік жолын тапты. Қазір Қытаймен де, Үндістанмен де әлем елдері санасады. АҚШ, Жапония, Германия, Түркия, Индонезия, Бразилия, Вьетнам және Иран секілді елдерде 80 миллионнан артық адам қоныстанды. Халық саны көп болса, ашық бәсеке болады. Бәсеке болған жерде сапа артады.

Қазір Еуропа елдерінде бала туу деңгейі төмендеп, «ұлттың қартаю» мәселесі туындады.

Рас, Еуропа ғалымдары мен демографтары «мықты отбасы – қауіпсіздік негізі» деп дабыл қағып, демографиялық дағдарысты еңсеруге шақыруда. Батыс елдері бала тууды ынталандыруда тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие, бала тууға байланысты жәрдемақыны көбейту, балалы отбасылар үшін салықты азайту және тағы басқа жеңілдікті қарастырады. Мәселен, Германия жас отбасыларды қолдауды басымдық етсе, Италия көпбалалы отбасыларды, ал Франция балалар жәрдемақысын көтеру арқылы мәселені шешуге мән беруде. Сәбидің анасымен қатар әкесіне декреттік демалыс беретін санаулы елдің бірі – Швеция. Бұл елде декреттік демалыс 480 күнге созылса, соның 90 күні әкесіне арналады.

P.S: Біздің санымыз аз, жеріміз кең. Бұл – бір жағы байлығымыз, бір жағы сорымыз болып тұр. Егер демографиялық саясатты басымдық етіп, көбеюге мән бермесек, тұтастық, тұрақтылық, елдік мұрат деген ұрандар жай сөз болып қалады. Өйткені демография – дамудың діңгегі. Осыны ұмытпауымыз қажет.

«Дәстүр»

Бөлісу: