Мен саған есірткі жайлы айтып беремін

4

    Әрбір ата-ана дүниеге сәбиі шыр етіп келгенде өмірімнің жалғасы, ұрпағым келді деп қуанады. Сол сәбиі қашан өсіп жетіліп, қолы аузына жеткенше бағып-қағып, мәпелейді. Ешқандай ата-ана өз сәбиін жаман болсын деп тәрбиелемейді, бойындағы бар жақсы қасиетін баласына беруге тырысады. Ата-ананың сол еңбегін бағаламай қаншама жастарымыз түзу жолдан тайып, есірткі сынды улы затқа әуестеніп, теріс жолға түсіп жатқаны бәрімізге аян.

Есірткі тұтынған адамның ағзасы зиянды әдетке тәуелді болады. Бұл дегеніміз – өз өміріңе өзің қожа бола алмайсың деген сөз. Егер де есірткі тыныштандыратын әсерлі болса, есірткі әрекеті аяқталғаннан адам өте сезімтал болады. Барлық есірткілер ауруды басатын әсерлі болғандықтан, есірткі қызметі аяқталғаннан соң адам ауруды тым сезгіш болады. «Бір рет қана тартып көремін» деп әуестенген адам өз өміріне өзі балта шабады. Өмірде жолы болмай, ісі алға баспай жатқан жандар уақытша есірткіден ләззат алып, тыныштық табуы мүмкін. Бірақ мұның бәрі де уақытша алданыш. Ал мұндай іс-әрекеттің соңы міндетті түрде қасіретке, өлімге апарып соқтырады. Басында досым деп санаған нашақор достарың түбінде сені сатып кетеді. Ал сенің мына жарық дүниені көруге себеп болған, түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген ата-анаңа өз перзентінің құрдымға кетіп бара жатқанын көру қандай қасірет десеңші? Әрбір ата-ана үшін баласының жамандығын көруден асқан азап жоқ.

Әр адамның қай жолды таңдауы ата-анаға да, ортаға да байланысты емес, тікелей өзінің күш жігеріне, санасына байланысты. Салауатты өмір салтын ұстанған адам мен есірткіні жанына серік еткен адамның өмір жолдары мүлде екі бөлек арнада өтеді. Салауатты салтын ұстанған адамның денсаулығы мықты, айналасына қадірі мол болады. Өзінің қара басын ғана емес, жақындарының, ата-анасының жағдайын ойлаған адам есірткі сынды зиянды әрекеттен алыс болады.

Өз еркінен тыс есірткінің дәмін татып, бұзақыларға тап болды делік, бірақ та осы зиянды әдеттің ізіне түспей, дер кезінде ем алып, тұзақтан құтылудың жолын қарастыруға болады.

Таңдау әрқашан да әр адамның еркінде. Жүрегінде иманы бар, болашағын ойлайтын әр адам баласы басына мұндай қатер төнсе, қашан да тура жолды табуға мүмкіндігі бар.

Барша жас достарымды бойымызды жаман әдеттен аулақ ұстап, тура жолдан айнымай, болашағымызға қарай нық қадам басуға шақырамын!

Жұлдыз Жұмабекова, Қармақшы ауданы, Т.Жүргенов атындағы № 80 мектеп-гимназиясының  10-сынып оқушысы

#Есірткігеқарсы,#Противнаркотиков

Бөлісу: