Мен саған есірткі жайлы айтып беремін

21

      Қазіргі қоғамда оқимын, білім аламын, өсемін деген жастарға бүкіл жағдай жасалған. Еліміздің болашағы жастардың қолында екенін ескеріп, жыл сайын мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер берілуде.

Ата-ана баласына жамандық тілемейді, барлығы жақсы тәрбие беруге тырысып бағады. Десек те, барлық бала бірдей тура жолмен жүре бермейді. Кейбіреулері қиыншылыққа шыдамай, енді біреулері қызығушылық, құмарпаздыққа ұшырап азғындардың жетегіне ереді. Есірткінің құрамында табиғи гормондарды еліктіретін химикаттар бар. Есірткі тұтынудың салдарынан болған уақытша жан тыныштығы күші кеткен соң адамның ағзасы есірткіге тәуелді болып, қалшылдап ауырып, тірі өлікке айналады.

Ал сенің мұндай түріңді көру сенің жақындарыңа қаншалықты ауыр екенін сезбейсің. Адам ретінде ойлау қабілетінен айырылып, қалай да тағы да есірткіні тұтынсам деген оймен әлек боласың. «Өз еркімнен тыс, есірткіге тәуелділілігіме біреу себепші болды» деп өзін алдап жүрген адамдар да қаншама?

Егер адамның ерік-жігері мықты, санасы бар болса емделсе де бұл індеттен арылуға болады. Бұл күнге дейін есірткінің пайдасынан байып, не жақсы жетістіктерге жеткен адам жоқ және болмайды да. Себебі, арам жолмен келген байлық та, бақ та берекелі болмайды. Жыл сайын қаншама ата-ана есірткі деген удың салдарынан баласынан айырылып, қаншама жас сәбилер ата-анасынан айырылып отыр.

Әдетте ұрлық, зорлық, адам өлтіру сынды қылмыстарды дені сау адам жасай алмайды. Ал есірткіге санасы уланған адам үшін жақынын өлтіре салу түк те емес. Себебі, есірткіге бой берген адам ағзасы уланып, адамдық қасиеттен жұрдай болады. Есірткінің уақытша ғана рахат сезіміне беріліп, өз өміріңе өзің балта шабу, сенің тілеуіңді, амандығыңды тілеп отырған жақындарыңды жылату саналы адамға тән іс емес. Есірткі әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып тұрған заманда әр адам өзіне жауап беріп, зиянды әдеттен бойын аулақ ұстаса, нашақорлардың саны азаяды деп ойлаймын.

Қымбатты жас дос, замандастар, бізді ата-анамыз туған баласынан жаманшылық көру үшін қанаттыға қақтырмай, мәпелеп өсірген жоқ. Қартайған шағында жарық дүниеге әкелген, әлемдегі ең аяулы жандарымыздың бақыты үшін бойымызды жаман әдеттен аулақ ұстайық! Тек өзіміз ғана емес, айналамыздағы достарымыздың ішінен жаман әдетке үйір болып жүрген жанды байқасақ, тура жолдан айнымай, ел қатарлы күн кешуіне септігімізді тигізейік!

Баршаңызды есірткі деген қасіреттен аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бақытты күн кешуге шақырамын!

Рита  Айтбай, Қармақшы ауданы, Т.Жүргенов атындағы № 80 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы

#Есірткігеқарсы,#Противнаркотиков

Бөлісу: