Мәдени қызметтің мазмұны

Мәдени қызметтің мазмұны

26.11.2019 0 By admin

Ақжайық даласы – талай дүлдүлдердің рухани бай мұрасының сарқылмас қазынасы, өнердің сан қыры мен інжу-маржандарының ордасы. Міне, осындай атамекеннің мәдениеті мен өнерін дамытуда, ұлттық реңкі басым құндылықтарының мәйегін бұзбай, халыққа жеткізуде,  халық арасындағы дарындарды танымал етуде, бос уақытты тиімді ұйымдастыруда 65 жылдан астам Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы жұмыс жасап келеді. Мәдени-әлеуметтік даму барысында аға буын өкілдерінің бастамасын жалғастырып, заман талабына орай жоспарлы, оның ішінде 274 мәдениет үйі мен клуб жүйесіндемәдени-көпшілік және демалыс, тақы­рыптық байқау, өнер фестивальдері, мемлекеттік және ұлттық мерекелерге, мерейтойларға арналған шаралар, алдыңғы қатарлы тәжірибелік мектеп пен шеберлік сыныптары мәселелері, көркемөнерпаз ұжымы, әуесқой үйір­ме мен ұлттық-мәдени орта­лық­­тарға әдіскерлік көмек, ұсыныс, үздік іс-тәжірибелерді насихаттау жұ­мыстары, тың бастамаларды іздестіру, ұйымдастыру негізгі қызмет болса, сонымен бірге «Халықтық» /үлгілі/ атағы бар көркемөнерпаз ұжым­дарымен жұмыс басты назарға алынған. Оған қоса, халық шығармашылығының негізгі және болашақ бағыттарын, мә­дени демалыс қызметінің жаңа тиімді әдісі мен түр­лерін, мәдени сауықтыруды дамыту бағыттары бо­йын­ша ауқымды істер, шы­ғар­машылық салада зама­науи үлгілерді пайдалану мәсе­ле­лері қарастырылып отыр.

Иә, халықтың өшпес өнерін, алтын қа­зы­на­сын дәріптеу, оны дамыту бойынша көптеген игі істержүзеге асты. Бірақ бүгінгі ой барысында негізгі қозғалатын мәселе – мәдени қызметтің мазмұны және  соған еңбек ететін клуб қызметкерлері немесе әдіскер мамандар жайында.

Алдымен мәдени қызметтің мазмұны дегеніміз – негіз қамтамасыз ететін шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі, құнды қорытынды. Өйткені өткізілген, ұйымдастырылған, оздырылған шаралардың белгілі бір идеясы мен жинақталған нәтижесі болмаса, көрсетілмесе – еңбегіңнің желге ұшқаны емес пе?!. Міне, осылайша әрбір жылдық жоспардың жаңа беті ашылуымен бірге, облыс мәдениет саласында рухани толысу мен ізденіс, жас ұрпаққа ұлағат пен болашаққа қалар із-таңба қатар жүретіні сөзсіз.

Қазіргі таңда қай жерде де ұлттық өнер түрлері дәріптеліп, жолға қойылып отыр. Соның ішінде батыс өңірінде ғасырлар жемісі – айтыс өнерінің өрістегеніне 60 жыл болса, жыл сайын облысымыздың ауыл-аймағынан бастап, қала төрінде де республикалық, облыстық, аймақтық ақындар айтысы, конференция, жолдастық кездесу, мектепішілік сөз бәйгелері оздырылып отыр. Олақындықтың ұрпақтан ұрпаққа қанат жаюына ғана емес, Орал қаласындағы «Ақберен» ақындар мектебі, Ақжайық ауданындағы«Муза» шығармашыл оқырмандар отауы, Теректі аудандық мәдениет үйінде «Ғазал» жас ақындар клубы, Казталов ауданы Жалпақтал ауылында«Мұра» жас ақындар үйірмесі және Сырым ауданында жас ақындар сыныбыныңбой көтеруіне себепкер болды. Сонымен қатар қоғамның қалыптасуына бірден-бір ықпал – отбасы құндылығын арттыруда жас отбасылар, келіндер, жас жігіт пен бойжеткендер, көп балалы аналар, тіпті өнерлі аталар мен әжелер байқауларының ел арасында өтіп, дәстүрге айналуының септігінде 9 дәстүрбөлмесі, 13 келін, 2 бойжеткенклубы ашылса, сондай-ақ ардагерлер клубы, әжелер ансамбльдері –әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің өнегелі таратушылары атанды.

Өңір мәдениетіндеқазақтың дәстүрлі ән мен киелі домбырасын – ұлттың ұлы қазынасын дамытуды дұрыс бағыттап, әрбір байқау мен фестивальдерде талантты жастардың жемісін тануды және ұлы тұлғалардың шығармашылығын ұлықтауды мақсат етеді. Сондай жұмыс барысында республикаға танымал өнер майталмандарымен бірлескен кеңес алқалары /айтыс, дәстүрлі ән, домбыра/ және облыстық Қадыр Мырза Әли өнер орталығында күйшілер бөлмесі, Бәйтерек ауданында домбыра үйрету орталығы, Жаңақала ауданында күйшілер аллеясы,  Бөрлі ауданы саябағында домбыра сөрелері құрылды.

Жалпы қоғамның рухани жаңғыруына – халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз. Ал оны ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Олай болса, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері» жобалары барысында тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеуге маңыз беріліп, қастерлі мұралар көбейтілді. Сондай-ақ әрбір өлкеде ұлттық-мәдени кешен -этноауылдың орнығуына ықпал етер алғашқы қада: облыс аумағында оздырылған 1700 домбырашы күй күмбірі мен 1500 бишінің мың бұралған әсем көрінісі, Наурыз, жайлау, этномәдени фестивальдерінің ықпалымен қолға алынса, әрі қарай кең көлемде, халықаралық немесе көрші шекаралас Ресей елдерімен мәдени байланысты ұштастырып, жүзеге асатыны айқын.   Осылайша әрбір іс-шараның сапасы мен берері ұлғайтылса, сол жолда негізгі ұстаным иелері – қызметкерлер еңбегі қалайша танылып жүр?! Өйткені мәдениет және өнер ұйымдары сан қырлы, ал соның ішінде халық шығармашылығы орталығы, клуб мекемелерініңмәдени мұраны дамытуда қызметіорасан болғанмен,  өзіндік ерекшелігі, танылуы қалыс тұрады. Еңбек әлеміндежүйелі беку, жетілу, кеңею, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеру, заманауи техникалық құралдар қолдану дағдысын көтеру, оның ішінде жекеленген кәсіби мамандардың, әдіскерлердің өзіндік  бағыттары болады. Нәтижесінде бір рет қана кәсіби маман болу емес, оған үнемі іскерліктің деңгейін және сапасын сақтап қалу үшін даму қажет. Осылайша айтылғанмен, біздің клуб қызметкерлерінің кәсіби дамуының деңгейлік жоспары жоққа тән. Облыс аумағында мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру мақсатында 2012 жылдан бері «Әдіскер» клубы және өнер саласы ұйымдары мен мәдениет қызметкерлерінің «Рухани қазына» фестивалі облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылып, өнер бастауы – ауыл мәдениетін өрге тартып, ел ықыласына бөленіп жүрген халық шығармашылығы орталығы, мәдени-демалыс орталығы, ұжымдаранықталды. Бірақ республикалық шара барысында диалогтық алаң нағыз тәжірибе алмасу бағытында әлі де қарастырылмағаны көңіл қынжылтты. Шығармашылық ізденістер мен Қазақстанның ең үздік мәдени дәстүрлерін сақтау мен дамытуға кәсіби біліктілік керек екені рас, ал ол үшін қызметкерлерге республикалық, тіпті ара-тұра халықаралық семинар-тренингтер, онлайн сабақтар, инновациялық тәсілдемелерді зерттеу, енгізу бойынша конференциялар оздыру, оқыту қажеттілігі ескерілмей отыр. Тіпті әдіскер немесе осы саланың ұйымдастыру мамандарының теориялық білімдерін негіздейтін бір республикалық орталық, сондай-ақ ауыл, аудан мәдени-демалыс орталықтарының шығармашылық қызметкерлерінің елеусіз еңбегін айдай анық қылатын басылым қолжетімді болса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені кез келген мәдени саланың қызметінің жоғарылауы – мамандарына тікелей байланысты.

Мәулет Жұбатов, Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы  директоры

Бөлісу: