НАУРЫЗНАМА: Киіз үй тігу бойынша шеберлік сағат

 ХІХ ғасырда қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Семенов Тянь-Шанский «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» деп бекер айтпаған. Сондықтан келер ұрпақ өзінің салт-дәстүрін толық меңгерсе, оның ұлт ретіндегі болашағы жарқын. Осындай идеологияны жүзеге асыруды басшылыққа алып, бүгінгі жас ұрпаққа ұстаздық шеберлікпен санаға біртіндеп сіңіру арқылы «Асыл мұра – киіз үй» атты «Киіз үй тігу» бойынша шеберлік сағаттарының рөлі зор. Биылғы жаңа форматта өтіп жатқан Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында елордада екінші рет  «Өндіріс» тұрғын алабында өткізілді.

Этнограф Ақеділ Тойшанұлы өткізген бұл шеберлік сағатында  мектеп шәкірттеріне киіз үйді дұрыс тігудің әдісі мен жолын, оңы мен солын жасай жүріп үйретті. Оның пікір-пайымынша, киіз үй – төрткүл дүниеде бірегей, сән-салтанатымен, қайталанбайтын нақышымен өзгешеленіп тұратын төл сәулет өнері. Қазақтың бағзыдан бергі тұрғын жайының пәлсапалық, материалдық тиімділігі көп.

Шеберлік сағаты барысында киіз үйді тігу әдісі мен ерекшеліктерін айтқан этнограф   Ақеділ Тойшанұлы: – Бүгін жасөспірім балалармен кездесіп, 8 қанат, 90 басты үлкен киіз үй  құрдық. Қала балаларының таңданысы, киіз үйге деген құрметтері көздерінен көрініп тұрды. Бұл жақсы үрдіс екен. Қазір теориясын қанша жерден айтсаң да, тәжірибеде жасап көрмесе, миға қонымсыздау болары анық қой. Басқа да салт-дәстүрлерімізді  өмірімізге бірте-бірте енгізсек, болмаса осылай шеберлік сағаттары арқылы шынайы жасап көрсетсек, оның берер пайдасы көп деп ойлаймын. Керемет бастама!   Алғаш рет өтіп отырған шеберлік сыныбының ғұмырлы болуын тілеймін, – деді.

Киіз үйді тігу барысын өз көздерімен көрген жастар оның теориялық құрылымы жайында таныстырылымын тыңдап, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері ғимарат алдында тіккен 8 қанат ақ орданы қалай дұрыс тұрғызу жолдарына жеке-жеке тоқталып, жастарға егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Бұл шеберлік сағатының мақсаты – ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан ата дәстүрінің  желісін үзбей, халқымыздың асыл мұрасы ретінде бағалап, оларды көздің қарашығындай сақтап, ілгері дамытып отыру және де болашақ ұрпаққа жеткізу, көрсетуді болды.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері: бала тәрбиесіне байланысты салт- дәстүрлер, тұрмыс-салт дәстүрлері, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үш үлкен топқа бөлінеді. Соның ішінде бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға баланың дүниеге келгеннен бастап жүргізілетін шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесуден бастап, қыз бала мен ұл баланы келешек отбасы – жанұя құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған жөн-жоралғылар кіреді.

Ал тұрмыс-салт дәстүрлеріне қазақтың киіз үйі, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді.

Әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге: ауыл адамдарының туыстық қарым-қатынастары, ұлттық музыка аспаптары, қонақ күту, тағы басқа рәсімдері жатады.

Осындай дәстүрлеріміздің ішіндегі тұрмыс-салт дәстүрлеріне жататыны –  қазақтың киіз үйі. Оның құрылымдық ерекшелігіне назар аударсақ, жинақылығы мен ыңғайлылығы өз алдына, сәулеттік шешімі мен сырт пішімі ерекше сұлулығымен дараланып тұрады. Тек қана сәулет өнерінің озық үлгісі емес, сонымен қатар, астрономия, математика, физика, экономика, дін, этнография, т.б. өмірлік тәжірибесіндегі адамзат білімінің айқын көрсеткіші, қазақ ұлтының білім биігі. Не бары сүт пісірімдей уақытта бір түйеге жүк болып, жинала қалатынына таң қаласың. Қазақтың баспанасы болған киіз үйдің бөлшектеріне шаңырақ, уық, кереге, босаға, ал жиһаздарына сандық, сырмақ, ши, құрақ, сонымен бірге, ыдыс-аяқтарына келі мен келсап, қол диірмені жатады. Киіз үй  бөлшектерінің ішінде шаңырақ пен босаға ерекше қастерленеді. Оның тарихы әріден басталады. Біздің заманымыздың VІІ ғасырларында кеңінен пайдаланыла бастаған.

«Асыл мұра – киіз үй» тақырыбында ұйымдастырылған бұл мазмұнды шеберлік сағаты Астана қаласындағы Байқоңыр ауданына қарасты Қ.Кемеңгерұлының есімін алған  №49 мектеп-гимназиясында өтті.

Осы мектеп-гимназияның оқушылары киіз үй жабдықтарының ережеге сәйкес орналасуын, керегенің кеңге жайылуы оған бекітілетін уықтардың ретімен шаншылуын,  сықырлауықтың ағатсыз бекуін, шаңырақтың жоғары көтерілуін, басқұр-бауларының дұрыс кірігуін, киіздері мен шилердің жабылуын   тамашалап, өздері де ұстап көрді.

Сонымен қатар, іс-шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Досымжан Таңатаров және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Киіз үйді тігудің әдісімен танысқан оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Шара соңында оқушылар өнерін ортаға салып, жиналған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Осындай ұлтымыздың бай дәстүрлерін қолымыздан келгенінше дәріптеп, келешегін ойлар иісі қазақ үшін игілігі мен тағылымы мол, мәдениеттің нәрімен сусындауына, адамгершілік асыл қасиеттер үлгісін санаға сіңіруіне жағдай жасалған шеберлік сағаты көпшіліктің көңілінде қалады деген ойдамыз. Жас ұрпақты өз Отанының тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын бойына сіңірген, үлкенге ізеті, кішіге құрметі бар, яғни ұлттық кодты сақтай алатын тұлға қалыптастыруға себепші болды деген сенімдеміз.

 

«Дәстүр»

Бөлісу: