«Наурыз айы туғанда…»

1

Балалармен өткен үш күндік мерекеден

Биылғы жыл Президенттің Жарлығымен «Балалар жылы» деп аталды. Балаға еткен еңбек келешек үшін. «Қадамыңа құт тілеп атты…» Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлерімен өткен мерекенің алғашқы күнінде қаламыздағы №1 оңалту орталығының Балалар үйінен 15 сәбидің қайырымдық мақсаттағы «Тұсаукесер» рәсімі осылай басталды. Сүп-сүйкімді мейірімге зәру сәбилердің өмірге алғашқы қадамы сәтті болсын деген ниетпен шараға қаламыздағы танымал тұлғалармен қатар, мекеме басшылары, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсе жетекшісі, өнер тарландары, «Өрлеу» білім жетілдіру институтынан өкілдер қатысты. Алғаш болып тұсауы  кесілген ұлдарымыз – Әбілмансұр, Осман, Мұстафа, Даниал, Никита есімін иеленгендердің болашағы жарқын болсын деген ақжарма тілектер ақтарылды. Ізгі амал, жылы лебізге мұқтаж мұндай жандар қаншама?! Дәстүрлі рәсімнен хабардар қала тұрғындары да сәбилерін жетелеп келіпті. Халқымыздың көнеден жеткен жақсы ырымы мен наным-сенімінен үміт арқалап келген ата-аналар рәсімнің өздері біле бермейтін қыр-сырын танып, тағылым алды. Тәттіден шашу шашылды, қайырымдылық қоры мен біздің мекеме атынан балаларға сыйлық тарту етілді. Мекеме басшысы Б.Сманов шараның тартымды өтуіне үлес қосқан жандарға алғысын білдірді.

«Қыдыр Ата, қандайсың?!

«…Ата-анадай елжірер күннің көзі» атты екінші күндегі шарада күн мен түннің теңелуі, жарық пен қараңғылық, жақсылық пен ынтымақ туралы ертегілер әлеміне құрылған ертеңгілік жас көрермендер үшін үлкен тарту болды. Ай мен күн, Мыстан кемпір, Тапқыр бала рөлін сомдаған орталық қызметкерлерінің шынайы ойыны табиғат құбылысын өмірмен ұштастыра бейнеледі. Түрлі ойын-сауық, іс-қимыл, тапқыр баланың тартымды би ырғағымен үйлескен балалардың шаттыққа толы жүздері бал-бұл жанды. Бала кезімізден санамызға әбден сіңіп қалған Аяз Ата бейнесі Тәуелсіздік тұсынан бастап мәнін жоя бастағаны аян. «Аяз Ата қандайсың?!, Тоқсандағы шалдайсың. Өтірік сақал киіп ап, Балаларды алдайсың» деген тақпақты балалардың бәрі білетініне куәміз. Бүгінде жаңа сипатқа ие – Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз символы –Қыдыр Ата емес пе?!

Біздің дүниетанымымыздағы Қыдыр Атаның бейнесі, оның даналыққа толы: Әумин десең берейін бата, Дарысын Қыдыр Ата! Күніміз Ұлысты, Жеріміз ырысты болсын! Келе жатқан барыс жылы, Мал-жанға жұғысты болсын! Наурыздың Ұлы күнінде, Ақ мол, Қайда барсаң жол болсын! деген бата-тілегі Жаңа Қазақстанның жас өрендеріне үлкен сарын берді.

Ертеңгілікке қатысқан 3 жүзден астам балалар Қыдыр Атаны айнала би-билеп, суретке түсіп, өз аталарын көргендей бауыр басып қалыпты. Бала қуанышынан асқан не бар дүниеде?

Ұлттық ойын күні

Ойын ойды ғана емес, дене бітімді де шыңдайды. Күн ұзақ гаджеттен көз алмайтын балаларға бұл күн де ерекше қуаныш сыйлады. Қолданыстан шыққан көне ұлттық ойындар – «Асау тай», «Қасқыр мен қойшы», «Сиқырлы таяқша», асық ойындары, қыздарға арналған «Бес тас», кесте тігу өнері, т.б. ойын түрлері насихатын тапса, нағыз іс-қимыл, тіпті әскери, ақыл-ой ойындары да тәрбиелік маңызға жетеді екен. Төрт мектептен келген ойыншылар өз қатарларының намысын қорғап, бар күш-жігерін салып, жеңіске ұмтылды. Ұжымдық мақсатты көздейтін мұндай ойындар түрлерін әрбір мереке бағдарламасына енгізсе, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға әрі ата-бабамыздан қалған мұраны тануға септігін тигізері сөзсіз. Ойын ойлауға құрылса ғана өміршең болады. Бар ынта-ықыласымен командасына жеңіс сыйлаған өрендердің мерейі үстем болды. Әрбір балдырғанға арнайы жүлде берілді. Наурыз айы туғанда ғана емес, әрбір күнімізде балаларға назар аударғанымыз абзал емес пе?!

Мырзабай ОМАР, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы.

Бөлісу: