Наурыз мерекесін қарсы алу РӘСІМДЕРІ

 Наурыз күні Қыдыр Атаның назары ақ құйылған, дән толы ыдысқа түссе, мал төлді болып, егін бітік болар деген;

***

Қыдыр түні ыдысты дәнге, таза бұлақ суына толтырып қойса, тоқшылық, молшылық болуды күтуге болады;

***

Кетіліп, жарылып, сынған аяқтарды, шөмішті сындырып, ескі-құсқыны өртеп, тазарту – ескі күндерден қалған қиындықтар мен бәле-жаладан арылу, адамдардың қарым-қатынастарын реттеу, жаулыққа жол бермеу, жамандық біткеннен тазаланудың отпен аластауы деп түсінген дұрыс;

***

Бірігіп, ағаш егу, көпір салып, өткел жасау – ізгілік болмақ;

***

Бұл күндері киелі істер саналған: бұлақ көзін ашу, көкті жұлып, таптамау, ағашты кеспеу, ысырапқа жол бермеу, аңшылық, саятшылық жасамау сияқты табиғатты аялау жұмыстарының есте болғаны жөн;

***

Жылап-сықтап, жүз шайысып, боқтасып, шайпау сөзге барып, басқа да жат қылық жасағандар жыл бойы жанжалдан құтылмайды деген сеніммен ондай әрекеттерге баруға жібермеген;

***

Шаш пен тырнақ алуды, «ескімен алысқанның есі кетеді» деп, ескі киімдердің жыртығын жамау, іс тігу де жаман ырым саналған;

 

***

Жыл бойы үйіне түнемей, алыс сапарда болудың нышаны санап, бұл күні бөтен үйге қонуды дұрыс санамаған;

 

***

Бұл күні күндіз жатып ұйықтауға тыйым салынған. Төсек тартып жатқан науқастың өзі, мүмкіндігіне қарай, басын көтеріп, бір мезгіл болса да Наурызды қарсы алып, көңілін көтеруі тиіс;

 

***

Тірі жан иелерінің ажалына себепші болмау үшін, төрткөз итті қан шығармай, күшәла беріп өлтіреді немесе қуып жібереді;

 

***

Төңіректің төрт бұрышына сүт шашу, жаманшылық атаулыны аластап, көшіру ырымы деп түсіну керек;

***

Мереке күні мал сойып, пышақ қандау – өркендеу, жасампаздық салттарына қайшы келетіндіктен, мал бауыздауға тыйым салынған;

***

Наурыз көжеге қосылатын жетіден кем болмайтын тақ санды дәмдер – береке, бірлік нығая берсін деген тілектен туындағаны есте болсын. Наурызды тойлайтын мұсылмандарға Ғайып Ерен, қырық шілтен, абрар деп аталатын жеті әулие тобы ерекше маңызды. Яғни, наурыз көжедегі жеті дәмде де, сол жеті әулиені пір тұту жатыр деген жорамал бар.

***

Наурызды тойлауда – ата-бабалар жолын дәріптеу, руішілік, руаралық қатынастарды реттеу, ел бірлігі мен тұтастықты сақтау мақсаты көзделіп, табиғатпен «тіл табысу», оны қасиет тұту, адамдар арасындағы шынайы қатынастарды реттеу көзделген.

 

Көктем – тіршіліктің түрленуі

  Көктем – қыстан қажыған адамдардың асыға күтетін, тіршілік атаулыға жан бітірер, ұйқысынан оятар, ең таңғажайып жылдың бір мезгілі. Күнтізбе бойынша, көктем бірінші наурыздан басталатын болғанымен де, табиғат-анада ағаштар мен бұта біткеннің тамырларынан шырын сөлдері жүре бастағаннан кейін ғана көктем келетінін білеміз. Астрономиялық тұрғыда көктем күн мен түннің теңелген уақыты – 21 наурызда келеді. Ал ежелде көкектің шақыруы естілгенде көктем келді деп есептеген.

Көктемгі ояну дегеніміз – күннің құдіретімен мұз еріп, айналаға шуақ шашып, алғашқы көк шығып, бәйшешек гүлдеп, бар дүниенің, жалпы тіршіліктің түрленуі, табиғат сұлулығының айқындалып, қайта жаңғыруы. Көктемнің жылуы 7-8 градусқа жеткенде өсімдіктің тамыры сыр беріп, белсенді түрде өсе бастайды.

Ақпанның өзінде күн көзі шуағын шашып, аппақ қар көрпесі қара қошқылданып, шатырдағы сүңгілер еріп, үздіксіз тырсыл құлаққа жетіп тұрады. Бұдан кейін де қар жауып, аяз болса да, аз ғана уақыт өте, көктем шуағының келері, адамға қуаныш сыйлайтындай күй кештіреді. Көктемде қар ерігенімен, жер беті дымқылданып, көпке дейін тақыр болып тұрады. Көп ұзамай, күнің алғашқы шуағымен қыстан аман шыққан құмырсқа біткен қыздырынып, алқапты асықпай зерттеуге шығады. Құстар мен түрлі жәндіктер де ұйқылы-ояу қалпынан арылып, өздеріне тән әрекетпен тіршілік қамына кіріседі. Шуақты сезінген аңдар да, өздеріне баспана болған жерлерінен шыға бастап, күнге қыздырыну қимылдарын күшейте бастайды.

Көп күттірмей, аспан ашық, әрі көгілдір түске еніп, жап-жасыл өсімдіктер әлемі жерді жарып, түрленіп, оны көк кілемге орап, әсем гүлдерімен әшекейлейді.

Бау-бақшадағы гүлге оранған бұталар бейне бір жұмақ орнағандай көрініс береді. Құстардың тамылжыған әндерін естігенде, жүрегіңе шаттық орнағандай сезінесің.

Ауызы көкке тиген мал да түлеп шыға келеді. «Күннің шуағы жылы, ананың құшағы жылы» дегендей, көктем де әркімге сондай ыстық та, сондай қымбат та мезгіл.

 

Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ, Зейнеткер,  ғалым-зоотехник, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу: