Науқас саңырау болып қалуы мүмкін

1
коронавирус
Елордада коронавирустың «Үнділік» штаммы тіркелді. Мұны Мәжіліс отырысында Денсаулық сақтау министрлігі растады. Талдау нәтижелері зерттелген науқастардың 56 пайызында «Дельта» штаммының белгілері алдын ала анықталған. Осыған орай елорада шектеу шаралары күшейтілмек. Ал «үнділік» штамм адам өмірі үшін қаншалықты қауіпті? Оның қандай белгілері бар? Біздегі вакциналар кеселге қарсы төтеп бере ала ма? Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі «Дельта» штаммнан сақтану керек» деп айтып, ауыз жиғанша, вирустың жаңа түрі елордада тіркеліп үлгерді. Күні кеше тексеруге жіберілген талдаулардың 56 пайызында үнді штаммы алдын ала расталыпты.

АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «ПТР нәтижелері бойынша Нұр-Сұлтанда КВИ-мен ауырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің скринингі «дельта» штамына немесе «үнді штамы» деп аталатын штаммға тән мутация ықтималдығын анықтады. Осыған орай, науқастарға жедел көмек көрсету үшін аймақтар дәрі-дәрмекпен қамданып, пациенттерге орын жасақтап, жасанды тыныс алу аппараттарын алдын ала дайындау міндеттеледі».

Иә, енді бас қалада карантиндік шаралар қайтадан күшейтіледі. Шаһар әкімдігі жаңа шектеулерді енгізе бастады. Қоғамдық орындардың жұмыс кестесі ұжымдық иммунитет қалыптастыруға байланысты болып отыр екен. «Яғни, вакцина алғандар саны төмен болса, сол нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылады», деп мәлімдеді қала басшысы. Десе де, шұғыл шаралардың тек бас қалаға емес, күллі аймақтарға да қатысы бар.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Барлық әкімдер адамдар көптеп жиналатын орындарда, әсіресе демалыс орындарында санитарлық талаптардың, әлеуметтік қашықтықтың, маска режимінің қатаң сақталуына басты назар аударуы тиіс. Барлық өңірлерде маниторингтік топтардың жұмысын күшейті қажет».

Енді, дақпырты дүниежүзін дүрліктіріп жатқан «Дельта» штаммының таралу тарихына тоқталсақ.
Үндістан. Мамыр айының басында бұл елде ковидтың жаңа штаммы тіркелді деп күллі әлем шулады. Тәулігіне 300 мыңнан астам адамды баудай түсірген вирустың жаңа үндістандық түріне «Дельта» деген айдар тағылды. Сонымен, дельтаның қытайлық коронадан айырмашылығы қандай?
«Дельта» коронавирус штамы ковидтың ағымдағы түрімен салыстырғанда 60 пайызға белсенді. Қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады екен. Тағы бір өзгешелігі науқастың дәм, иіс сезуі сақталады. Бірақ, құлағы естімей, саңырау болып қалуы мүмкін. Буындар мен іштің қатты ауырсынуы байқалады, науқастың жүрегі айнып, лоқсиды.

СӘУЛЕ АТЫҒАЕВА, ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС ИНФЕКЦИОНИСТ ДӘРІГЕРІ: «Заболивание вызванние вирусом Дельта… (Дельта вирусын жастар жұқтырған жағдайда тым ауыр өтеді. Тиісінше, ауруханаға жатқызу тәуекелі екі есеге артып отыр. Әзірге үнді штаммын алдын алудың жалғыз жолы вакцинациялау. Қазақстандық емдеу хаттамасындағы ремдисивир дәрісі аталмыш дертке қарсы тиміді дәрі-дәрмектердің бірі болып отыр».

Үндістандық штамм кәдімгі біз білетін ковидтың төртінші нұсқасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны адамзат үшін ең қауіпті штамдардың тізіміне енгізді. Десе де, қазіргі вакциналардың әлеуеті кеселге қарсы тұруға қауқарлы деп отыр ұйым өкілдері. Осыған орай Асқар Мамин біздің елде де санитарлық талаптарды күшейтуге тапсырма берді. Айтпақшы, кеше кешкісін Үкімет басшысының өзі де 2 млн 800 мың қазақстандықтан соң, екпе алғаны хабарланды.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Өздеріңізге белгілі, елордада коронавирустың «Дельта» штаммына тән мутацияның ықтималдығы анықталып отыр. Осы ретте бүгін Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізуді және Нұр-Сұлтан қаласында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаңдату бойынша шараларды қабылдауды тапсырамын»

Тәжтажалдан қалай сақтанамыз деген сауал тұр. Ғалымдар әзірге бұл індеттің байыбына бара алмай отырғандарын айтады. Тисініше, емдеу жолдары да өзгереді. Әзірге қолдан келері, ұранымыздай болып кеткен санитарлық талаптарды қатаң сақтау. Айта кетейік, үндістандық штамм әлімнің 175 елінде тіркелген.

Бөлісу: