«Ой маржаны – кітап» үздік медиа жобасы бастау алды …

8
«Ой маржаны-кітап»

    Рухани құндылықтарымызды жастарға насихаттайтын киелі шаңырақ – ол кітапхана. Кітап – адамзаттың сарқылмас рухани қазынасы. Кітаптан алған білім – мәңгілікке сарқылмайтын рухани құнды қазына. Осы рухани қазынамызды насихаттауға бағытталған «Ой маржаны – кітап» атты үздік медиа жобасы бастау алды. Медиа жоба негізінде  «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» акциясы аясында «Bookdating» әдеби онлайн сұхбаттары, «AQTO’BE» телеарнасымен, «Tilshi.kz», «Tilshimedia.kz»  сайттарымен бірлескен арнайы хабарлар, әдеби айдарлар ашылып, тікелей эфирлер тұрақты түрде өткізілетін болады.

Наурыз айынан бастап «Bookdating» кітапсүйер оқырмандарының әдеби кездесуін тұрақты түрде өткізіп келеміз. Bookdating – сүйікті кітабыңмен бөлісу, пікір алмасу дегенді білдіреді. Бұл іс-шарада оқырмандар республикамызға белгілі тұлғалардың өзі оқыған кітабы туралы кітапсүйер оқырмандарға айтқан пікірлерін, тағылымды ойларын тыңдай алады.

   «Ой маржаны-кітап» атты үздік медиа жобасының басты мақсаты – өскелең ұрпақтың кітап оқу мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Оқырмандардың танымдық көзқарастарын қалыптастырып, әдеби мұраларымызды зерделеу.

Жоба барысында әлеуметтік  желідегі baishevabiblioteka инстаграм парақшасында, сонымен қатар «AQTO’BE» телеарнасының қолдауымен  «Qairly tan Aqtòbe» бағдарламасында «Ой маржаны –кітап»  атты әдеби айдар ашылып,  арнайы хабарлар, «Bookdating» әдеби іс-шарасының көрсетілімдері, тікелей эфирлер ұйымдастырылады. Сонымен қатар,    жыл бойы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ел Тәуелсіздігінің  30 жылдығына орай жалпыұлттық оқылымға таңдалған «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» атты акциясын насихаттауға және «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің, жастардың  кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған    «Әдебиет – ұлттың жаны» атты бейнетаныстырылым айдары мен  «Қазаққа керек әдеби ғұмыр» атты бейнесұхбаттар тұрақты түрде оқырмандар назарына ұсынылады.

    «Ой маржаны-кітап» атты үздік медиа жобасы аясында оқырмандарымыздың кітап оқу, оқу мәдениеті, отбасылық оқу және кітап оқуды насихаттауға бағытталған жобалар туралы пікірлерін біліп, сұхбаттасқан едік.

     Республикамызға белгілі тілші,  «Tilshi.kz» сайтының журналисі, Асқар Ақтілеу: «Бұрын метрода кітап оқу сәнге айналған еді. Әсіресе, Украинда жастар көп кітап оқиды екен. Оны іс-сапармен жүргенде байқадым. Оларда, кітап сатып алу кең көлем алған. Ал, біздің елде дәл сондай кітапқа деген қызығушылықты байқамадым. Қазіргі таңда «Tilshi books» жобасын «Жүректен жүрекке» волонтерлік тобымен бірлесе  қолға алып жатырмын. Мақсатымыз – аз қамтылған отбасыларды кітаппен қамтамасыз етіп, оларды рухани азықтандыру. Сонымен қатар, баспа саласы даму үшін коммерциялық жолға түсу керек деп есептеймін. Сонда ғана өзара бәсекелестік орнайды. Мен достарыма кітап сыйлауды әдетке айналдырдым. Кітап – ең үлкен сый. Кітаппен дос болыңыздар, құрметі оқырмандар».

   Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының режиссері Елтай Кемал: «Біздің балалық шақпен салыстырғанда қазір жастар кітап аз оқиды. Бірақ, бір қуантарлығы кітапқұмар балалар үш тілде тікелей аудармасыз оқи алады. Мен әлеуметтік желіде адамдарға ой салатын жазбаларды бөлісіп тұрамын. Болашақта кафе-кітап демалыс орнының ашылғанын қалаймын. Жастардың да қызығушылығы артар еді. Оқу мәдениетін дамыту мақсатында біздің отбасымызда барған жерден кітап әкелу үрдіс алған. Іс-сапардан міндетті түрде кітап ала келеміз».

   Хромтау аудандық ақындар мүшәйрасының 1 орын иегері, кітапхананың белсенді оқырманы Асылбеков Наурызбай : «Қазіргі жастар мотивациялық кітап оқуға әуес. Ал, мен тілді дамыту үшін көркем әдебиет оқу керек деп есептеймін. Осы орайда, оқу мәдениетін дамытуға өз үлесімді қосудамын. Мәдени іс-шараларға белсене қатысып келемін. Болашақта «Қазаққа керек», «Ашық ой» жобасының іске асқанын қалаймын. Мұның барлығы да ой-өрісті дамытуды қажет ететін жобалар.  Отбасында кітап оқуды қалыптастыру үшін кітап оқуды өзімізден бастауымыз керек деп ойлаймын».

    «Шын хакім-сөзің асыл, баға жетпес» атты республикалық әдеби онлайн байқауының I орын жүлдегері, Ақтөбе көпсалалы АГУ Тарлан колледжінің студенті, кітапхананың белсенді оқырманы оқырманы Утегенова Анар:

«Қай кезеңде болмасын кітап оқудың құндылығы ешқашан жойылмайды деген ойдамын. Қазіргі таңда кітапсүйер жастар көп. Мен солардың бірімін. Әр адамның жеке талғамына сай сүйіп оқитын кітабы болады. Өзім шетел және қазақ әдебиетін оқығанды жақсы көремін. Әрдайым айналамдағы жастарға кітап оқудың пайдасын айтып жүремін. Кітап оқу арқылы сөздік қор қалыптасады». 

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Бердіғалиева Нұрлыгүл:

«Жастардың оқу мәдениетін дамыту үшін кітапханамызда заманауи іс-шаралар өткізіп келеміз. Осы мақсатта арнайы жобалар қолға алынып жатыр. Болашақта жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын «Ой маржаны-кітап» сияқты жобалардың қолға алынғанын қалаймын. Қазіргі заман талабына сәйкес балаларды әлеуметтік желіден ажырату қиын. Сондықтан да, өзім бір мезгіл уақытымды кітап оқуға бөлуге тырысамын. Балаларыма да балалар әдебиетін дауыстап оқып беремін».

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері Омарханова Гүлназия:

«Жастар біздің кезіміздегідей кітап оқымайды. Қазіргі жастар психолгиялық кітаптарды көп оқиды. Детектив, фантастика жанрына деген қызығушылығы зор. Мен кітап оқуды насихаттауға бағытталған жобалардың көп болғанын қалаймын. Оның ішінде ең үздік кітапханашыларды анықтайтын жоба жүзеге асырылса деген ойдамын. Өзім жас кезімде поэзиялық сайыстар жиі ұйымдастыратынмын. Әсіресе, балаларды көрініске дайындайтынмын. Сол арқылы кітап оқуға өз үлесімді қостым. Білімді ұрпақ тәрбиелеуде отбасылық оқудың маңызы зор. Отбасылық оқуды қалыптастыру ата-анадан басталу керек. Ол үшін ата-анасы баласымен бірге кітап оқыса деген ниеттемін. Кішкентайынан ертегі тыңдап өскен бала тілі бай болып өседі».  

 «Тілін сатқан, Отанын сатқан, анасын сатқан, дінін сатқандар түптің түбінде қайғы қасірет шегеді. Ол қайғыны өзінің баласынан шегуі мүмкін. Өз баласы өзінің аузына су тамызбауы мүмкін. Себебі, одан ұлттық сипат көрген жоқ. Біз кеткендермен емес, болашақ ұрпақты, өмірге жаңа келген баланы тәрбиелеуіміз керек. «Сен қазақсың, сенің елің – қазақ елі» деп, өз тілінде өскен азаматтан ғана қазақтың ұлтын сүйген азаматы туады. Сондықтан да, біздер ең алдымен тілімізге, ділімізге деген құрметті арттыруымыз керек», – деп ақын А.Бақтыгереева өзінің «Парасат сөзі» кітабында тіл мәртебесі туралы ой қозғайды.

Расында да, «Ой маржаны-кітап» сияқты үздік медиа жобалар зиялы қауым өкілдері арасында сұранысқа ие болып қолдау көрсетілсе, оның өзі әдебиетке, тіл мәдениетіне деген зор құрмет деп есептеймін. Білім мен өнер кейінгі буын өкілдерінің болашағы жарқын болуына басты кепіл. Олай болса, құрметті оқырмандар, «Бір ел – бір кітап» акциясы және «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында өскелең ұрпақтың кітап оқу мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру мақсатында  «AQTO’BE» телеарнасымен бірлескен «Ой маржаны – кітап» атты үздік медиа жобасына қатысуға шақырамыз!

 

 АҚМАРАЛ МҰҚАШЕВА, С.Бәйішев атындағы

Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері.

«Ой маржаны – кітап» үздік медиа жобасы бастау алды …

Бөлісу: