Отырар жазирасындағы – оазисіндегі ортағасырлық тұрғын жайлар

           Ерте кезден-ақ көшпенді немесе отырықшы тіршілікке бейімделген халықтар тұрғын жайдың мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Әсіресе, отырықшылығы дамыған оңтүстік өңірлерде тұрғын жайларды салу ерте ортағасырларда кең етек алған. Қала мәдениеті дамыған Сырдың орта ағысындағы жерлерде тұрғын жайларды қолайлылығына қарай бірнеше үлгіде салған. Бастапқы кезде кіші-гірім қоныс ретінде пайда болған елді мекендер біртін келе, үлкен қалаға айналған. Зерттеу барысында тұрғын жайлардың ерекшеліктері археологиялық зерттеулер барысында толығымен нақтыланған. Отырар өңіріндегі көне ескерткіштерді зерттеу тұрғын жайлардың әр ғасыр кезеңдеріне қатысты мағлұматтар алуға мүмкіндік берді. Оңтүстік өңірлерде ортағасырлық қала орындары көптеп кездеседі, біз тек Отырар өңіріндегі тұрғын үйлердің салыну технологиясы мен ерекшеліктеріне тоқталамыз.

Жалпы алғанда, ортағасырлардағы тұрғын үйлерді салу технологиясының бір-бірінен айырмашылықтары мен өзгешеліктері шамалы. Оларды салғанда пайдаланылатын материалдар мен өңірдің табиғи ерекшеліктері назарға алынған. Сырдария мен Арыс өзенінің қосылысында, Арыс өзенінің сол жағалауында қаңлы кезеңіне қатысты көптеген қалашықтар орналасқан. Археологиялық зерттеулер бұл қалаларды ортағасырларда тұрғын үйлерді салудың қарапайымдылығымен көзге түседі. Қаңлы кезеңіне қатысты Көкмардан, Пұшықмардан, Қостөбе қалашықтарында қазба жұмыстары осы кезеңдегі тұрғын үйлерді тұрпаттандыра жіктеуге мүмкіндік береді [1, 125 б. ]. Мұндай қалашықтағы үйлер негізінен саз балшықтан салынған  және шикі кесекті құюға кез келген топырақ жарай бермеген. Тек топырақтың құрамы, суға шыдамдылығы, су сіңіргіштігі, кепкеннен кейінгі беріктігі назарға алына отырып, белгілі бір жердің топырағы пайдаланылған. Төбе жабындысына жергілікті жерде өсетін ағаш материалдар мен табиғатта көп кездесетін, қазір де кеңінен пайдаланылатын қамыс көп қолданыста болған. Үйді тұрғызудың екі түрлі технологиясы қолданылған, біріншісі пахса түрінде, екіншісі – шикі кесектен тұрғызу, екі технология да кеңінен қолданылған. Үлкен тұрғын үйлерді салуға негізінен пахса әдісі қолданылса, шағын үйлерді салуға – шикі кесектерді пайдаланған. Кей кезде бір үйді салуға екі технологияны да бірдей қолданған, төменгі қабырғаның негізіне қамыс төсеп, үстіне – пахса әдісімен белгілі бір биіктікке дейін қабырғаны көтеріп, үстіңгі бөлігі шикі кесекпен қаланатын болған.

Көкмардан, Пұшықмардан, Қостөбе қалашықтарында III-VII ғғ. кезеңдеріне қатысты үйлер салыну технологиясына қарай бірнеше түрге жіктеледі. Бірінші түріне – бір бөлмелі кең үйлердің көлемі әр түрлі, пішіні төртбұрышты болып келеді, қабырғаларының қалыңдығы 0,5-1 м-ге дейін. Бөлмелердің қабырғаларын бойлай шығыңқы сыпа салынып, еденге төртбұрышты жақтау қабырғалы ашық ошақ орналастыратын бөлған. Сондай-ақ қабырғаларға бойына ендей түтін шығар құбыры бар ашық пештер (камин) салынған. Бөлменің төбе жабындысын ұстап тұруға арналған бөлменің көлеміне қарай екі-үш тіреуіш бағандар қойылған, төбеден жарық түсіретін арнайы тесіктер ойылған және бұл ойықтар бөлменің ішіндегі ауаның айналымын реттейтін өзіндік қызметі болған. Мұндай бір бөлмелі үйлер әрі тұрғын жай әрі асханалық қызмет бөлмесі болған [2, 6-7 б.].

Екінші түрдегі тұрғын үйлер екі бөлмелі болып келеді, пішіні тіктөртбұрышты бөлмелері қатар орналасқан. Бұл үлгідегі үйлердің бірінші бөлмесі негізінен тұрғылыққа арналған, бөлменің қабырғаларына бойлай «Г» тәрізді сыпа салынып, бөлменің бір бұрышына таман еденге ашық ошақтар орналастырылатын болған. Екінші бөлме негізінен қойманың қызметін атқарған, мүнда еденнің деңгейіне дейін немесе жартылай көмілген астық сақтауға арналған саз балшықтан жасалған хумдар мен қабырғаға жапсарластыра шикі кесектен өріліп, сырты сыланған қамбалар орналастырылған.

Үйдің үшінші түрі көп бөлмелі үйлер негізінен үш-бес бөлмелі болып келеді. Бөлмелердің көлемі әр түрлі, қабырғаларын бойлай «Г» немесе «П» тәрізді сыпалар, еденде дөңгелек немесе төртбұрыш пішінді ашық пештер орналастырылатын. Бұл үйлердің бір бөлмесі шаруашылық, бір бөлмесі қойма қызметін атқарса, қалған бөлмелері – тұрғылыққа есептелген.

Келесі қарастырылатын тұрғын үйлер Сырдың оң жағалауындағы Отырар өңіріндегі қала мәдениетінің дамуында ереше рөл атқарған Отырар, Құйрықтөбе, Күйікмардан, Алтынтөбе қалашықтарындағы қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген мағлұматтар алынды [3, 15 б.]. X-XII ғғ., XIII-XV ғғ. кезеңдеріне қатысты мәдени қабаттардағы тұрғын үйлер тұрпаты  жағынан бір-екі және көп бөлмелі болып жіктеледі. Мұндай тұрғын үйлердің бір ерекшелігі, жоғарыда қарастырылған ерте ортағасырлардағы үйлерге қарағанда, белгілі бір отбасына тиесілі иеліктерге бөлінеді. Бір иелікте бір отбасына арналған тұрғылыққа, шаруашылыққа, қойма, асхана қызметін атқаратын бірнеше бөлмелерден тұрған [4, 51 б.].   Жасалу тәсілі ерте кездегімен бірдей, тек XII ғ. бастап кейбір үйлердің ішкі нышандарына  күйдірілген кірпіштер қолданыла бастайды. Бөлмелердегі сыпаларға дендей тандыр ошақтар салынып, олардың еденнің астымен жұргізілген түтін шығару жүйесі кеңінен қолданыла бастаған. Бұрынғыдай ашық ошақтар қолданыстан шығарылды. Бұл кезеңде тұрғын жайларды салғанда қала ішіндегі кәріз жүйелеріне де ерекше назар аударылған. Қала ішіндегі жаңбыр, қар сулын шығаратын арнайы су жүретін жүйелер кеңінен пайдаланылды. Әрбір тұрғын үйлерде арнайы қалалық кәріз жүйесіне қосылған санитарлық-гигиеналық бөлмелер кеңінен пайдаланылған. Гигиеналық бөлмелерде саздан күйдіріп жасалған құбырлар мен арнайы дәрет алуға арналған сазды ванналар тұрғын үйлердің ерекше нышандарына айналған [5, 38 б.].

XV-XVIII ғасырлардағы қала  өркениеті туралы мәліметтер тек архелогиялық қазба барысында қазып аршылған тұрғын жайлар мен табылған жәдігерлерді сараптау арқылы қала мәдениеті туралы мәліметтер алуға мүміндік берді. Архелогиялық жұмыстар барысында XV-XVIII ғғ. тұрғын жайлардың ерекшеліктері мен ерте кезеңдегі мәдени қабатынан анықталған архитектуралық құрылыс орындарынан айырмашылықтары сараланған. Жоғарыда атап өткен тұрғын үйлердің салыну технологиясы бойынша айырмашылықтар жоқ. Уақыт өте келе, тұрғын үйлердің кей бөлмелері шеберхана қызметіне орайластыра жасалып, өзгешеленген [6, 95 б.].

Отырар және оған жақын орналасқан қалашықтардағы қазба жұмыстары барысында анықталған көп секциялы тұрғын жайлардың құрылысына негізінен шикі кірпішті пайдаланған. Қам кесектердің көлеміне қарай қабырғалардың қалыңдығы 0,5х1 м және бір-біріне байланыстырыла сазды балшықпен қаланған. Еліміздің басқа өңірлерінде жүргізілген зерттеулер барысында тұрғын жайларды тұрғызу кезінде арнайы технологияны пайдаланғандығын көрсетеді. Таулы сейсмологиялық аймақтарда шикі кесекті қалағанда әрбір төрт-бес қатардан соң, тағы екі-үш қатарды шырша тәрізді тәсілмен қалаған, немесе қабырғаны көтергенде шамамен бір метр сайын жуандығы 10 см болатын жіңішке бөрене ағашын тігінен қабырғаның арасына орналастырған. Қазба барысында анықталғаны, бұл технологиялық әдіс бірнеше баллдық жер сілкінісіне шыдамды болғандығын көрсетті.

Археологиялық зерттеулер Отырар өңіріндегі қала орындарында XVI-XVII ғғ. жататын мәдени қабатының архитектуралық құрылымына кеңінен жүргізілген. Тұрғын жайлар жоспарлы түрде тығыз орналастырылған бас көшенің бойын алып жатқан көлемді құрылыстар болған. Қаланың ауданы 1000 шаршы метр ауқымды жерді алып жатқан бірнеше мақаллаға бөлінген, ол  бірнеше бөлмелерден тұратын көп секциялы тұрғын жайлардан құралған. Жоспарда тұрғын жайлар төртбұрышты, бұрыштары дүниенің төрт тарабына қаратылған, сырты биік қабырғамен қоршалып, ішке кірер негізгі қақпасы бар. Жайлардың ішкі жоспары күрделірек, сыртқы қабырғаға жапсарлас бөлмелер орналастырылып, әр бөлмелердің атқаратын өзіндік қызметі болған. Тұрғылыққа арналған бөлмелер немесе асүйлер үш-төрт жайлардан тұрған, бір бөлмеден екіншісіне өтуге болатын есіктермен жалғастырылған. Асүйлердің көлемі әр түрлі, бөлмеге кірер есік алдында төртбұрышты күйдірілген кірпіштермен қаланған ташнау орналастырылған. Ташнау еденінің орта тұсы төмендеу және ортадағы бір кірпіштің ортасы арнайы тесілген, сол тесікке қарай «Х» тәрізді арықшалар қашалып тереңдітіле жүргізілген. Осы кірпіштің астыңғы жағында орташа көлемді түбі жоқ құмыра көмілген, бұл құмыра суағар құбырдың қызметін атқарған, сонымен ташнаудың негізгі қызметі ыдыс-аяқ жуғанда немесе жуынып-шайынғанда су ағып жерге сіңетін кәріздің  міндетін атқарған. Бөлменің ішкі кеңістігін түгелімен ташнау еден деңгейінен 50-60 см биік болып келетін сыпа алып жатыр, беті қалыңдатылып, сабан аралас балшықпен сыланған.    XVII-XVIII ғғ. уақыт кезеңдерін қамтитын тұрғын жай орамдары, архитектуралық құрылымы жағынан, ертедегі ортағасырлар қалашықтарынан анықталған тұрғын үй орамдарынан еш айырмашылығы жоқ.   Кейінгі ортағасырлық қала жұрттарында жүргізілген археологиялық зерттеулер қазақ халқының отырықшылыққа арналған тұрғын жайларын бірнеше түрге жіктеуге мүмкіндік береді. Оңтүстік өңірлерде климаттың өзгешілігі, көктемнің ерте келуі, жаздың ыстық болуы, тұрғын жайлардың архитектуралық құрылымына біршама әсер етуі ықтимал.

XVIII ғ. түрлі саяси жағдайларға байланысты Қазақстан жерінде қала мәдениеті біржола тоқтады десе де болады. Халықтар қала орындарын тастап, көшпенді өмірге бет бұрғанымен, тұрғын үй салу үрдісі тоқтамады, тек басқаша өрбіді. Енді халықтар жаз жайлауда, қыста – қыстауларда тұрақтайтын болды. Жердің ерекшелігіне қарай қолжетімді материалдарды пайдалана отырып, қыстауларда тұрғылыққа арналған үйлер көптеп бой көтерді. Бұл үйлер негізінен анфилатты түрде салынды, тұрғылыққа арналған, пішіні тік төртбұрышты үйдің орта тұсы дәлізбен бөлініп, дәліздің екі жағына қарама-қарсы бөлмелер орналастырылатын болған. Тұрғын үйлердің төбе жабындысын көтеріп тұру үшін көлденеңінен қары бөрене ағашын қойған, сондықтан төбе жабындысы үшбұрыш тәрізді болып келген. Үйдің алдыңғы жағы бастырмалы, алдыңғы жағы ашық болып келетін тіреуіш бағаналы айван есебінде жасалған. Күннің жылы мезгілінде сыртта отыруға арналған. Тұрғын үйдің ас бөлмесі, шаруашылық бөлмесі жеке тұрғызылған бір немесе екі бөлмеден тұратын. Осындай үйлер оңтүстік өңірлерде 60-жылдарға дейін кең қолданыста болған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер;

 

  1. К.А.Акишев, К.М.Байпақов, Л.Б.Ерзакович. Древний Отрар. //Издательство «Наука» Казахской ССР, Алма-Ата 1972, стр.125.
  2. К.М.Байпақов, Д.А.Воякин, С.Ш.Ақылбек. Отырар алқабы Кокмардан қалажұрты.// Алматы, 2006, 6-7-б.
  3. К.М.Байпаков. Құйрықтөбе ежелгі Кедер шаһары. // Алматы, 2005, 15-б.
  4. К.А.Акишев, К.М.Байпаков, Л.Б.Ерзакович. Древний Отрар. //Издательство «Наука» Казахской ССР, Алма-Ата 1972, стр.51.
  5. К.А.Акишев, К.М.Байпаков, Л.Б.Ерзакович. Отырар в XIII-XV веках. //Издательство «Наука» Казахской ССР, Алма-Ата 1987, стр.38.
  6. К.А.Акишев, К.М.Байпаков, Л.Б.Ерзакович. Отырар в XIII-XV веках. //Издательство «Наука» Казахской ССР, Алма-Ата 1987, стр.95.

 

Досхан ЖҰМАХАНҰЛЫ, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми қызметкері

 

 

 

Бөлісу: