Оңтүстік Қазақстан  НКВД-МВД қызметкерлерінің соғыс жылдарындағы қызметі тарихынан

1

Бүгінде посткеңестік мемлекет ғалымдары ХХ ғасырда салтанат құрған кеңес билігінің қызметі тарихын қорыту үстінде. Тарих ғылымында жаңа ой қорытудың қозғаушы күші оның әдіснамалық және әдістемелік құралдарына тікелей байланысты. Соған сәйкес, империялық тәртіп жағдайындағы адамның құқығын бұзу (негізсіз соттау, түрмеге қамау, денеге зақым келтіру түрінде жазалау, ұлттық кемсітушілік ж.б.) мәселелері бұрынғы тарихи-зерттеу әдістеріне мүлдем ұқсамайтын ментальды, сезім мен ой-санаға тура жететін антропологиялық бағыттағы зерттеу әдістерін өмірге әкелді. Бұл қарапайым адамның өміріне үңілуге, дәлелді-талдауларын жасауға, халықтың тарихын демократияландыруға жол ашты. Автор мақалада басым түрде Ішкі істер бөлімдеріндегі және басқа да құпия грифі қойылған мұрағаттық іс-құжаттарға, естеліктер мен куәгерлердің көрсетуіндегі деректерге сүйенеді. Аталған деректердің негізінде Оңтүстік Қазақстан, Түркістан ауданындағы құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі тарихы талдауға алынды.

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзаттың өміріне зор апат әкелген тарихи кезең болды. Кеңес Армиясы майдан даласында батырлықтың ерен үлгісін көрсетсе, тыл ардагерлерінің еңбектегі ерліктері одан кем түскен жоқ. Алайда «соғыстың аты соғыс қой» деген қарапайым көзқараста қала беру бүгінгі зерттеушілер үшін қате түсінік болар еді. Өйткені бүгінгі зерттеудің жаңа технологиялық құралдары майдан және тыл өмірінің күнгейі мен көлеңкелі тұстарын айқындап берді. Кеңес елі өктемдіктің 20-30-жылдардағы тоталитарлық режимін 1941-1945 жылдардағы соғыс жағдайында әрі қарай жалғастырды. Сондықтан да ел басына төнген қатер салмағы тым ауыр болды. Кеңестік жүйеде қалыптасып қалған өктемдік саясат әсіресе құқық қорғау қызметкерлерінің қызметінде еш өзгеріссіз қала берді. Әлеуметтік өмірдің барлық салалары бақылауға алынып, халықтың еркін өмір сүруін қиындатты. Кез келген тіршілік үшін жасалған оқшау іс-әрекеттер, мысалы, сауда жасау, мал ұстау ж.б үлкен қылмыс саналып, түрлі мерзімге сот кесімі шығарылды. Әсіресе, арзан жұмыс күші ретінде жер аударылып келген жат жерлік азаматтар жазаның ең ауыр түрі – өз отанынан жырақта, құқықсыздық жағдайында күн көруге тиіс болды. Міне, осындай жер аудару жолымен келген поляк, қарашай, еврей, әзірбайжан ж.б. түрлі ұлттың өкілдері ерекше қиындықты бастан кешірді. Әрине, жергілікті тұрғындардың өмірі де бақылауға қойылды, болмашы әрекеттері үшін жазаланды, осы түрмелерде «айыбын» өтеді. Егер 30-жылдарда қолдан жасалған ашаршылық жүріп өтті десек, онда соғыс жылдарында сол әдіспен елді қыру екінші рет қайталанды. Бұл жолы мұның салқыны арнайы жер аударылғандарға ауыр тиді.

Түрме, аштық, мәйіттер. Мысалы, 1943 жылдың 12 сәуірінде Оңтүстік Қазақстанның КПК өкілеттілігінің орынбасары Федотовтың обком хатшысы Нечаевқа жолдаған хатында №23 түрме қызметкерлерінің түрмедегі арнайы жер аударылған азаматтарға моральдық шектен тыс қатынасы үшін бірқатар мәліметтер келтіреді, яғни құжатта: «1943 жылдың 4 ақпанында №23 түрмедегі құр сүлдері қалған, аштықтан өлім аузында тұрған 22 тұтқын азаматты жүк таситын көлікке отырғызып, оқшаулаушы ғимаратының алдына әкеледі. Бұл уақытта ауруханада орын болмай, ондағылар науқастарды қабылдаудан бас тартады. Құқық қорғау органының қызметкерлері науқастарды аурухананың алдына тастап, өздері кетіп қалады. Нәтижесінде далада қалған науқастардың біраз бөлігі жан-жаққа тарап кетеді де,  қимылдауға шамасы жоқ екеуі ғана ауруханаға қабылданады», – деп көрсетіледі, – әрі қарай мұнда, – «работники местной тюрьмы вместо создания минимальных условий заключенным в вопросах питания, медпомощи и санитарии доводят заключенных до полного истощения, а затем буквально выбрасывают их за ворота тюрьмы» [1,1], – деген ақпараттар жеткізеді.

Сондай-ақ аталған түрмеден оқшаулауышқа 1943 жылдың 1 қаңтарынан 30 мамырына  дейінгі аралықта 38 адам түскен, оның  4-і бөртпе сүзек, ал қалғаны –  өлім аузында тұрған ашыққан адамдар. Олардың 8-і қайтыс болған. Бәрінен де атап айтарлық жайт: бұл адамдардың барлығы небәрі 16 және одан жоғары жастағы жасөспірімдер еді [1,2], – деп жазылған құжатта. Бұдан поляк жастарының кеңестік паспорттан бас тартып, ерекше отаншылдық мінез танытқанын байқаймыз. Ал кеңес саясатының соғыста еңбек етуге көмекке келген, турасын айтсақ, арзан жұмыс күші ретінде әкелінген жастармен күресі – мағынасыз күрес еді. Хантағы, Ащысай, Шымкент түрмелерінің де тұтқын ұстау жағдайы мәз емес-тін. Оның ішінде адам лық толы болса, екіншіден оларды азық-түлікпен қамту мүмкін емес еді. Міне, осындай фактілерден кейін жергілікті құқық қорғау қызметкерлерінің қатыгездігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.

Қала мәйітханасына көшеден жинап әкелінген адамдардың есебі былайша көрсетіледі: «17 адамның мүрдесінің, оның – 12-сі аштықтан, 2-і тоңып, 3-і басқа да жағдайда қаза болғаны анық болады. Одан басқа осы жылдың 1 қаңтарынан 15 наурызы аралығында оқшаулауышқа пеллаграмен ауырған 14 адам әкелінсе, оның 2-і көз жұмған, ісіктен ауырған 4 адамның 3-і қаза тапқан, авитаминозға шалдыққан 12 адамның 2-і жан тәсілім еткен. Ал оқшаулауышқа алынған  30 адамның 7-і қайтыс болған [1,2]. Бұл құжаттың соңы НКВД қызметкерлерінің мынадай қорытынды ойымен аяқталады: «Эти досрочно освобожденные из тюрьмы лица и бездомные доведенные до крайнего истощения не имея сил для движения, валяются на улицах и дворах создают у граждан города почву для не здоровых настроении и разговоров» [1,2]. Адамның мәйітіне толы көшені көзге елестетудің өзі ауыр. Демек, өңір тұрғындарының аштықтан жаппай қырылуы орын алғаны айқын. Алайда аштық қорытындысымен опат болғандар саны мұрағатта толық көрсетілмей қала берген, яғни мұндай мәліметтер құпия сақталған.

Бұл берілген ақпарат құқық қорғау органы қызметкерлері қызметіндегі қылмыстардың бір қырын ашады. Құжатта кісі өлімін тоқтатумен жұмыс емес, аштықпен күрес жүргізу мәселесі емес, «кісі өлімінің көше сәнін өзгертіп, адамдардың көңіл-күйін бұзуы» мазалап тұрғанын байқауға болады. Міне, бұл қызметкерлердің негізгі  ұстаным бағытының айқын көрінісі болмақ.  Соғыс жылдарында облыста аштықтың орын алғандығы ғалымдар жүргізген елішілік экспедиция барысында тыл еңбеккерлерінен алынған сұхбаттар арқылы да расталды. Мысалы, Социалистік Еңбек Ері, тыл ардагері Ибрагимова Мәрзия Ырысбайқызы (1918 ж.т.) [2] қызылша егісінде опат болған аш адамдарды талай көргенін айтса, Садиева Мушарапхан Сайткаримовна (1930 ж.т.) [3] соғыс жылдарында Жамбыл қаласының  Фурманов көшесі бойында аштықтан әлсіреп, ісініп жатқан адамдарды көздерімен көрген. Бұл куәлікті берушілер 1943 жылдарда 13 және 25 жастағы жас адамдар болатын. Сұхбат барысында алынған бұл көрсетулер аштыққа байланысты жоғарыда аталған мұрағаттық фактілерді толықтыра түседі.

ҚР ПА өңірлік тарихи оқиғаларды сомдайтын құжаттарға аса бай. Ал естелік материалдарының артықшылығы: жағдайды басынан өткерген куәгерлердің көрсетулерінде ментальді элементтер орын алады, яғни оқиға сюжеттері егжей-тегжейлі түрде көрсетіледі. Бұл заман арнасындағы аласапыран дүниені көз алдыңнан өткізуге мүмкіндік береді. Зерттеушісін адам өміріндегі қуаныш, үрей, қорқыныш, сағыныш сияқты сезімдерге баурап, дәуір құшағына бірге ала кетеді. Сондықтан жеке адамның көрсетулері мұрағаттағы ресми құжаттардан әлдеқайда бай, әрі шынайы.

Әпкемді түрмеге қамады, НКВД қызметкерлері ұрды, психикалық денсаулығы бұзылды…

Әсіресе, Станислав Лъасек баяндаған мына сюжет кез келген адамның жүйкесіне әсер етпей қоймайды. Ол тым жас кәмелетке енді толған әпкесі Аннаның НКВД қызметкерлері қолынан үлкен зардап шеккенін жазады. Құқық қорғау қызметкерлері өрімдей жас қыз баланы ұрып-соғып, тіпті киімдерін сыпырып алып, моральдық шектен шыққан әрекетке барғандарын көрсетеді. Дерек сөздерімен жеткізер болсақ, онда былай көрсетілген:

«Поляки, которые трижды в НКВД отказались от советского гражданства, были осуждены и по приговору получили пять или десять лет тюрьмы и ссылки. Ужас положения усиливался и тем фактом, что родителей отправляли в отдаленные места, а детей отдавали в детдом. Часть этих детей, лишенных заботы родителей, бродила по городку. Они просили хлеба, копались в мусорных ямах. Вид этих несчастных детей сложно описать, сердце разрывалось от боли за них.

Помню, когда целая наша семья угасала от тифа, отец решил принять советское гражданство. Он получил паспорта для себя и мамы, а меня и мою младшую сестру вписал в свой паспорт. Самая старшая сестра гражданство СССР не приняла. Уже совершеннолетняя она сказала отцу: «Я не предам моей родины Польши». Ее арестовали и заключили в тюрьму, после шести дней отец, по просьбе мамы, пошёл снова в Чулаккурган, чтобы спросить начальника о судьбе своей дочери Анны. Вместе с госпожой Кравчиковой, нашей соседкой, Анна получила приговор на пять лет ссылки. 

Отец получил согласие на свидение с заключенной. Оказалось, что сестра не выдержала методов следствия и сошла с ума. Она не узнала отца, стала кричать, дрожала от ужаса. Отец снова попросил начальника, чтобы выдали ему больную дочь. После долгих переговоров НКВД согласилось, что с душевнобольным человеком им будет больше проблем. Отец нашел попутную машину в Ачисай. Водитель за табак согласился проехать до нашего колхоза. Отец с сестрой вернулись в колхоз.

Сестре нужна была теперь хорошая забота и спокойствие. Так прошли четыре недели, и можно было уже заметить некоторые улучшения. Сестра помнила, как её били, раздевали догола. Каждый раз, как об этом начинала рассказывать, содрогалась в ужасном плаче. Мама нежно обнимала её как маленького ребёнка» [4].

Хантағы түрмесі көз көргендер естеліктерінде. Мысалы, Хантағы түрмесіндегі тарихи кезеңнің куәгері естелігінде бұл жағдай былайша суреттеледі: «В лагере люди ежедневно боролись со смертью. Если человек помрет утром, то днем выносят трупа за ворота лагеря. Я видел померших выносили под стражей несколько сот метров за ворота и там обкладывали камнями тела, с которых после несколько времени оставались только кости. Собаки и волки съедают тело померших» [5].  Хантағы түрмесі КСРО НКВД түрмесі барақ типтегі үй-жайларға орналастырылған. Алайда бұл түрме кейін, 1945 жылы жапон әскери тұтқындары әкелінген №347 лагердің 2-бөлімшесіне айналған. Ол жапон тұтқындары клеген соң, Хантағыдан 4 км қашықта жатқан Мырғалымсайға көшірілген [6]. Хантағы НКВД колониясы жергілікті қазақ азаматтарына, жер аударуға ұшыраған азаматтарға ерекше қиянат жасалынған орын болды. Осы ғылыми-зерттеу жобасын орындау барысында жер аударуға ұшыраған поляк азаматтарының балаларымен (қазір сол заман куәгерлері ақсақалдар) байланыс орнатылды, олар өз естеліктерімен бөлісіп, жобаны іске асыруға атсалысты. 2015 жылдан бері үздіксіз байланыс жасап жүрген Тадеуш Исанский мырза анасының Ащысай, Хантағы, Шолаққорған елді-мекендеріндегі өмірінен естелігін жіберді. Ондағы материалдар кеңес  өкіметінің жат елдіктерге және өңір тұрғындарына көрсеткен ауыр қылмыстарын ашатын фактілерге толы. Міне, осы Хантағы колониясында Т.Исанский мырзаның нағашы әжесі Розалия Глуховская кеңестік төлқұжатты алудан бас тартып, көптеген отандастарымен бірге отырған екен. Т.Исанскийдің анасы Ванда Глуховская-Исанская (қыз күніндегі тегі) 17 жастағы жасөспірім еді. Анасын Ащысайдан Хантағы колониясына жаяу іздеп келіп, алайда бір көруге зар етіп қойған ондағылар рұқсат бермейді, содан қайтадан кері қарай қауіпті сапар шеккенін баяндайды. Кейін анасының сол жерде көз жұмғаны туралы жазады, бірақ оның мүрдесінің қайда жерленгенін білмейтінін үлкен толғаныспен көрсеткен. Бүгінде Т.Исанский мырза жақындарының қазақ жеріндегі зираттарын іздеуде.

Ванда Исанскаяның әкесі Ян Глуховскийдің және қазақ жерінде өмірге келген Халина Исанскаяның (1 жаста) зират орнын табуға мүмкіндік туды. Ол Шолаққорған ауылды мекеніндегі қазақ зираттарының жанынан орын алған екен. 1945 жылы поляк азаматтары еліне оралуға рұқсат алып, Польшаға оралады [7].

Енді міне, Хантағы колониясының орны 1945 жылы Мырғалымсайға көшіріледі, ендігі кезекте ол орын жапон азаматтарының тағдырын тәлкек еткен аймаққа айналады. Мыргалымсайға орналасқан лагерьде тұрғын үй-жайларының алаңы 672 м²-ге тең болды. Онда жылыту жүйесі – шағын плиталар. Ол көмірмен және отынмен жылытылды. Сумен жабдықтау су құбыры арқылы жүргізілді. 12 адамға 1 қолжуғыштан ал, 20 адамға 1 дәрет сындыру орнынан келді. Көріп отырғанымыздай, бұл аталған бөлімшенің де санитарлық ахуалы өте төмен жағдайда қала берген [6].

Байқағанымыздай, соғыс жылдарындағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметінде орын алған ауыр қылмыстық әрекеттер әсіресе поляк азаматтарының естеліктерінде ерекше мол, нақты және жүйелі көрсетіледі. Өйткені олар алдымен Ресейдің ішкі аудандарына жер аударылып, кейін өз таңдауымен кеңес елінің ішкі аймақтары, мысалы, Қазақстанның Түркістан өңіріне келген азаматтар үнемі саяси бақылауда болған-тын. Сондықтан НКВД қызметкерлері поляк азаматтарын кеңестік төлқұжат алуға мәжбүрлеу науқанын қатал жүргізді.

Анам түрмеден шықты…сосын өліп қалды… Мысалы, Волынь облысынан 1940 жылы алдымен Архангельскіге жер аударылған, сосын Ащысайға келген поляк отбасының 10-12 жасар мүшесі – Тадеуш Кулъик (1930 г.р.): «Я находился там (детдом) больше чем полгода, потому что ждал возвращения матери из тюрьмы. Она не отсидела полный срок. Так как она опухла от голода, ее отпустили. Пришла к нам в детдом, потому что больше некуда ей было идти. Хотела встретиться с нами. Через неделю уехала в Ачисай и там умерла. Я даже не знаю, где ее похоронили. Выпустили ее из тюрьмы только для того, чтобы она умерла не там, а в другом месте (курсивавт.)…» [2, 354], – деп еске алады. Міне, бұл жоғарыдағы құжатта көрсетілген НКВД қызметкерлері жасаған қылмыстардың бір құрбаны – Тадеуш Кулъик мырзаның анасы еді. Естеліктің түпнұсқасын өзгеріссіз беруді жөн көрдік. Поляк тіліндегі естелік орыс тіліне аударылған, сондықтан оның негізгі ойын осы қалыпта беру орынды болмақ. Кеңес жүйесінде адам өмірі түкке де тұрмаған. Мұндай естеліктер – отанымызда болып өткен өмірімізді жақыннан тануға, өткен билік жүйесінің қатыгездігін келешек ұрпақтың біліп өсуінде құндылығы  зор.

Құқық қорғау қызметкерлерінің зираттармен күресі (1950-1960 жж). Кеңес билігі жер аударылғандардың, әскери тұтқындардың зираттарымен де айрықша күресті. Зираттар КСРО жасаған қылмыстардың нақты көрінісі болатындықтан, билікке оны (зираттарды) қалдырудың қажеті жоқ еді. Сол себепті зираттардың орындары тегістеліп, жойылды. Сондай фактілердің бірі Түркістан өңіріндегі жапон әскерилерінің зиратына қатысты еді. «Аса құпия» грифі көрсетілген құжат 1960 жылдың 21 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасы Кентау қалалық милиция бөлімшесіне, милиция майоры Чергейкоға жолданады.

«1/ «Мырғалымсай руднигінде  – 9 зираттан қалған бір зират орны,

2/ Хантағы поселкесіндегі  – 8 зираттан қалған бір зират орны,

3/ МВД Каз.ССР № 14 – 2150 с. ст. 16.VІІ.950 ж. бұйрығына сәйкес (6. VІІ – 1960 ж.) Ащысай поселогындағы 21 зираттан қалған бір зират орны жойылсын», – әрі қарай онда, – аталған өңірлердегі үш зираттың төбешік қалпын жермен бірдей етіп тегістеп, зират нұсқасындағы барлық белгілері жойылсын. Содан соң, оның жойылу себептері көрсетілсін, сөйтіп 3 данадан акт даярлансын, ол құжаттар бізге жіберілсін. Зираттар қызметкерлерден құралған комиссияның қатысуымен жойылып, осы құрамдағы адамдардың растауымен акт даярлансын. Ал зираттардың орнындағы жер телімі жергілікті органдарға акт бойынша өткізілсін. Бұл 1960 жылдың 1 наурызына дейін іске асырылсын» [6], – деп жазылған. Құжаттың соңында Ішкі істер басқармасының бастығы полковник Утегенов, 1-арнайы бөлімшенің бастығы, милицияның аға лейтенанты Казанцеваның есімдері көрсетілген. Бұл құпия папкада жоғарыда көрсетілген әрбір өңір бойынша зираттардың орны, оның қиратылғаны және зират орнына ғимараттардың тұрғызылғаны айтылады. Бұл кеңестік жүйенің, жергілікті құқық қорғау органы қызметкерлерінің ендігі кезекте өлілерге бағытталған шабуылы – бұл моральдық шектен шыққан қатыгездік еді. Адам шығынын қанша жасырғысы келсе де, имандылық қасиеті мол өңір қазақтары зираттардың бәрін бірдей жоюға жол бермеген екен. Биліктен көрсетпей жасырған да болар. Бүгінде жапондық азаматтарының да, поляк азаматтардың да сақталған, аздаған зират орындары кездеседі…

Ескертулер

  1. ҚР ПА. Ф.725, Оп.4 Д. 507. Л. 1-2.
  2. Ибрагимова М. Р. (1918 ж.т.). 15.12.2014 ж. 2 сағ.30 мин. (сұхбатты

жүргізген Мырзатаева З.)

  1. Садиева М.С. (1930 ж.т.). 28.11.2014 ж. 65 мин. (сұхбатты жүргізген Мырзатаева З.)
  2. Станислав Лъасэк, (1925 г.р.). Перевод с польского: Тадеуш Исанский от 01.10.2018. (архив Мырзатаевой З.).
  3. Из воспоминаний очевидцев. // Из переписки с Тадеуш Исанским. Личный архив Мырзатаевой З.
  4. ҚР ІІМ Шымкент қаласы департаментінің мұрағатынан: фонд № 96 / р. 521;
  5. Исанская В. Мои годы в казахской степи (воспоминание спецпереселенца). / Под редакцией академика НАН РК  М.Койгелдиева  Алматы: издательство «Балауса», 2019.  – 120 с. (Алғысөз автордыкі)
  6. Тадеуш Кулъик, (1930 г.р.). Перевод с польского: Тадеуш Исанский от 28.08.2019. (архив Мырзатаевой З.).

 

Мырзатаева З.Б., Абай атындағы ҚазҰПУ т.ғ.к. ассоц.проф.м.а.,

Байсалбаева Т.М., т.ғ.к. доцент,

Ерденбекова Ж.С., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы

 

 

 

 

 

Бөлісу: