Парижде Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті

1
Атақты әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтті деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызмет.
Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексенұлы, Медет Шотабаев және тағы басқалар өнер көрсетті.

Іс-шараны ашқан Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әншінің 100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізу Роза Бағланованың сіңірген еңбегі мен талантын жоғары мойындау екенін атап өтті.

«Роза Тәжібайқызының шығармашылығы мен өмір жолын Қазақстаннан тыс жерлерде біледі. Ол біздің мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттай отырып, көптеген елдерге гастрольдік сапарлармен шыққан. Оның бұлбұл дауысы 50-ден астам елдің көрерменін таңдандырды. 1957 жылы ол Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Чехословакия, Ауғанстан, Үндістан, Австрия, Бельгия, Бирма, Швеция, Канадада концерттер берді. Оның репертуарында қазақ халық әндері, заманауи композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Мұның бәрі Роза Бағланованың жай әнші емес екенін, оның есімі тарихта алтын әріптермен жазылған бүкіл дәуірдің алтын дауысы екенін көрсетеді», – деді Дәурен Абаев.
Айта кету керек, өткен жылы ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданды және ол тізімге Қазақстанның ұсынысы бойынша Роза Бағланованың 100 жылдығы қосылды.

Сонымен қатар, Парижде Дәурен Абаев ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азулемен кездесті. Тараптар мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын және одан әрі ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Бөлісу: