Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында композитордың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның құрметті профессоры, дирижер, композитор Қайырғали Қожанбаевтың 85 жас мерейтойына арналған «Ризамын тағдырға» кездесу кеші  өтті.

Кездесу кеші Халықаралық Қазанғап атындағы байқаудың бас жүлдегері Құрманғазы Асылхановтың орындауымен Қайырғали Қожанбаевтың төл туындысы  «Қайырғалидың желдірмесі» күйімен ашылды.

Қайырғали Үсенғалиұлы Қожанбаев Атырау облысы, бұрынғы Бақсай, қазіргі Махамбет ауданының Құмшығанақ ауылында 1938 жылы дүниеге келген. 1955 жылы Индер ауданының Кулагино селосында онжылдықты тәмамдаған. Жастайынан жанына домбыраны, гармонды, скрипканы серік ете жүріп, бір жарым жылдай аудандық мәдениет үйінде көркем жетекші қызметін атқарған.

1957 жылы Құрман­ғазы атындағы консерваторияның дайындық курсына түсіп, үшінші курс оқып жүргенде оркестр жетекшісі  Нұрғиса Тілендиевтің қабылдауымен Құрман­ғазы ұлттық аспаптар оркестрінде, Қазақ телерадио комитетінде қызмет жасаған. Оқу бітірген жылы Жамбыл атындағы филармония залында өткен Қайырғали Үсенғалиұлы Қожанбаевтың дирижерлік концертіне келген атақты музыка маманы,  академик  Ахмет  Жұбанов «Жаңа есімдер, жақсы үміттер» атты мақала жазып, онда  «Дирижерлік техника, аппарат  жағынан  ол  өз  алдына  ерекше тұрған жас. Қайырғали  – шебер домбырашы, ойлы музыкант» – деп үлкен үмітпен баға берген.  Бұл шынайы, әділ  берілген  бағаны  Қайырғали Үсенғалиұлы ақтап, шын өнер саңлағы ретінде дәлелдей білді.

1964 жылы Ақтөбе қаласына келіп, еңбек жолын мәдени-ағарту саласында оқытушылықтан бастады. Талай жастарды өнерге баулып, өнер жолында үнемі жаңа бастамалардың ұйтқысы болып, идеяларды жүзеге асыру үшін өзінің күш-жігерін толықтай пайдаланған. Тынымсыз еңбек, қарымды ізденісі нәтижесіз болмады. Жетпісінші жылдардың басында Ақтөбеде Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық училище ашылып, оны басқару Қайырғали Үсенғалиұлына жүктелді. Музыкалық училищені басқарған жылдары орта оқу орындарының арасында Ахмет Құдайбергенұлы Жұбанов атындағы училищесі Бүкілодақтық жарыс жеңімпазы атағын бірнеше мәрте жеңіп алған.

1990 жылдары Мұхтар Арын басқарған Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық институты музыка факультетінің деканы қызметін атқарып, соңғы жылдары «Дүние» университетіне шақырылып, жаңа жауапкершілік қызметтерді де іскерлік қабілетімен алып жүрді. «Дүние» университетінің басшылығы профессор атағын берді.

«Ұстазсыз шәкірт  тұл»  – демекші  бүгінде  композитордың  республикаға танымал шәкірттерінің бірі белгілі өнер зерттеушісі, күйші Әбділхамит  Райымбергенов,  Қазақстан  Республикасының  еңбек сіңірген әртісі  Тұрар  Әліпбаев сынды дәріс алған шәкірттерінің барлығы дерлік өз ісіне адал жандар.  Ақын Жұбан Молдағалиевтың «Қазақстан» атты өлеңіне және Бәкір Тәжібаев, Мұхтар Құрманалин тағы басқа жерлес ақындарымыздың өлеңдеріне  ән жазды.  Өз  жүрегінен шыққан  50-ден аса әні мен  20-ға тарта күйі, оркестрге  лайықтаған шығармалары тыңдарман көңілінен шыға білді. Кезінде құрылған «Әлия гүлі» ансамблі Египет, Германия сияқты елдерге барып өнер көрсетті. Қазір «Әлия гүлі» би ансамбліне Шолпан Айнабекова жетекшілік етіп, халық  сүйіспеншілігіне  бөленіп жүр.

Кездесу барысында Қайырғали Қожанбаев өзінің ұстаздары Ахмет Жұбанов, Қабиболла  Тастанов, Құбыш Мұхитов, Малкеждар  Әбубәкіровтер туралы естеліктерімен, бір жолдаманың бүгінгі тағдырына айналып, Ақтөбеге келген кездерін ризашылықпен еске алып, оқыған әдебиеттері жайында ой бөлісті.

Шараға қатысушылар Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Аққу Гафурқызы, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР композиторлар одағының мүшесі – Нұржамал Мукеева, PhD философия докторы, доцент – Абдрашид Райымбергенов, музыка және хореография кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі – Арайлым Алиева, Музыка және хореография  кафедрасының оқытушысы, дәстүрлі әнші – Ғазиза Әбдірова, шәкірттері  Ахмет  Жұбанов  атындағы Ақтөбе  музыкалық колледжінің  директоры, ҚР мәдениет қайраткері Аманжол Смағұлов, Қазанғаптанушы, күйші, Ерен еңбегі үшін медаль иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ақтөбе облысының «Құрметті азаматы» Жайлаубай Асылханов жастарға композитордың өмір жолы, өнері, атқарған қызметі, Ақтөбе шаһары мәдениетінің көтерілуіне қосқан үлесі туралы кеңінен баяндап, мерейтой иесіне өздерінің ыстық ықыластарын жеткізді.

Кездесу барысында «Отбасы құрған кезден үлкен сыйластықпен бақытты өмір кешіп келеміз», – деп жары Галина Қуанышқызы тілге тиек етіп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Ғазиза Жұбанова атындағы филармония әншісі, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, Марат Әйтімовтың шәкірті Амин Ибраһим А.Жаймағамбетованың  сөзіне  жазылған «Ризамын тағдырға» атты Қайырғали Қожанбаевтың әнін фортепианода  Бибінұр Қожанбаеваның  сүйемелдеуімен орындады. Бұл ән жары Галина  Қуанышқызына арналған.

Кездесу кешіне ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияның белгілі әншісі, ұстаз Марат Әйтімов және бірге қызмет атқарған әріптестері, шәкірттері, мәдениет қызметкерлері, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің студенттері мен оқытушылары, кітапхана оқырмандары, бұқаралық ақпарат құрал өкілдері қатысты.

Шара барысында  өмір дерегінен  бейнеролик  көрсетіліп, «Өнегелі өмір» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сақтаған Бәйішев атындағы  Ақтөбе облыстық   әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Хакимова Сұлушаш Максимқызы Қайырғали Үсенғалиұлын мерейлі 85 жасымен құттықтап, алғысын жеткізді.  Осылайша, рухани кеш  кейінгі ұрпаққа берер тәлімі мол мәнде өтті. Қайырғали Қожанбаевтың жасаған қызметі Ақтөбе өңірінің тарихында ғана емес, қазақ  халқының  мәдениет тарихында алтын әріппен жазылып, қалыптастырған тұлғасы талай жастарға өнеге тағылым болары  анық.

Гүлмайрам Алатаева,С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы,Өнер бойынша  әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі

Бөлісу: