СҮЙЕК ДОМБЫРА ШЕРТКЕН СЫР

28

«Ұлылар қадірін ұғындырар сапар» экспедициясы мен Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері болып, Сыр өңірі, жыраулар мекені – Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарына сапар шеккен едік. «Сыр елі – жыр елі» ән-жырға тұнып тұрған өңірдің өлкетану музейінде көз тартар жәдігерлердің (көне ғұн дәуірінің қазаны, жойылып кеткен балық түрлерінің коллекциясы) қатарында бізді ерекше қызықтырғаны – таза сүйектен ғана жасалған ерекше сүйек домбыра. Осы домбыра тарихына аса зен қойғанымыз соншалық, сол шеберге жолықтыруды сұрандық, шебер қарапайым жігіт ағасы Күлмамбетов Құдайберген Тағжанұлы болып шықты. 60-ты алқымдаған шебермен болған әңгімеге құлақ түрейік:
– Сіздің қолдан шыққан қолөнер зергерлік бұйымдар елімізден тыс жерлерге кең танымал екен. Бізге мына тек сүйектен құрылған домбыра туралы айтсаңыз. Идея қалай келді?
– Неше түрлі домбыра жасап жүрмін ғой, қазақ домыра, құрстырма домбыра дегендей әкемнен жеткен өнер ғой, оқуын оқып, академияда оқыған жоқпын. Кішкентайымнан әкем үйретті. Еңбектеп жүріп қара төске маңдайымды ұрып алғанмын, мына белгі содан қалған ғой (маңдайындағы шырамын көрсетіп) содан ес білгелі әкемнің жанында жүріп, ананы алып беріп мынаны алып беріп есейдім. Бірақ, өнерінің бәрін алып қала алмадым, 14 жасымда бұл өмірден кетіп қалды әкем.


– Ол кісіден қалған не бар?
– Ол кісіден дым қалған жоқ. Тек мына қара төс, іскер инесі, екі-үш көрігі қалды. Қалғанын Қызылорда мен осы Арал ауданының музейіне беріп жібердім. Шаңырағын бұзбасам ұйықтатпады ғой. Қонақтар келсе қона алмайды, үйді өзі кезеспен салған, амал жоқ бұздым. Жаңа сұрадыңыз ғой қалай шебер болдыңыз, ұстазыңыз кім деп, ұстаз деген кейін көбейеді екен, ең алғашықы ұстазым әкем болды. Әкем сегіз қырлы еді, аң аулады, тазысын, атын баптайтын мен. Маған берген тайы болды өзінің аты болды. Мына жақта Қылыш дейтін жер бар соған барып аң аулап келеміз. Аңнан келгеннен кейін өзінің өлеңі бар, бой жазып алған соң сол әнін айтатын. Аңнан келген соң достары келед үйге, келіп олар біздің үйдегі тазыларға қарайды, мен оларды бөліп қоям, біреу қасқырға, екіншісі, түлкіге, одан кейінгісі қоянға салады деп. Шешем қазанға қоянды салып бұқтырып, тамақ жасайды. Ой сол күні үйде үлкен той болатын. Анау пәлен үйде арлан туыпты, соның күшігінен екеу-ақ қалыпты десе әкем кетеді ғой. Тай ма құнанды ма жетектеп алып кетеді күшікке айырбастауға. Не деген құмарлық деп айтып жатқаным ғой.
Қолөнер, домбыра туралы айтыңызшы?
– Әкем сандық, кебеже, жүк аяқ, төсекағаш, түкаяқ, ат әбзелдерін барлығын істеді себебі, соғыстан кейін халыққа тұрмыстық бұйымдар керек қой соны жасады. Сол уақыттарда жастарға үйреткен. Мен домбыраны өзгеше қылғым келді, бәрін жасап жүрмін. Қой, осы малдың сүйегінен де жасап көрейін дедім. Ол уақыттарда мен көркемдеуші болып жұмыс істеймін. Үйдің жанында Коперотивный магазин бар еді, сонда істейтін кісіге айтып қойдым «түйенің еті келсе, бір қабырға солайымен алып қой», деп ол кезде үш сом еді. Бір күні келді, бір қабырға солайымен алдып, етін, майын арылтып өлшеттім, 10 кг шықты. Үйге алып келіп тағы етін сырдым ерінбей. Қазанға салып қайнатып, майын алдым. Бір қарасам қабырғаның бәрі бір жағынан. Екі жағын алу керек. Содан ойландым, түнде түсіме әкем кірді. Әкем бірдеңе деп айтып жатыр мына жағына аудар деп. Содан кейін барып ойыма түсіп кетті, қабырғаны пышақпен ортасын бөліп едім, біреуі мына жаққа, екіншісі келесі жағына сәйкес келіп екі қабырға болып шыға келді.
– Сағағын қалай жасадыңыз?
– Сағағының басталғаны асық жілік, екінші қойдың асық жілігі, тоқтының асық жілігі, асық жіліктің бір жағы қуыс болады да екінші жағы теп-тегіс болады, соны бір-біріне кигіздім. Әкем мүйіз тарақ істейді, аттың тарағы болады үлкен жал тарайтын, өгіз, қыздарға арналған тарақтар жасаған. Өгіздің тарағын тауып алып, тарағымен бетін жаптым. 85-жылы істедім. Содан тұрды жасырынып, ішектерін ешкінің ащы ішегімен өрдім. Бұрайтын құлағы киіктің құралайының мүйізінен.
– Тарихта бұндай болған ба?
– 1988 жылы алматыда Республикалық көрме болады. Ауданнан мен бардым. Ата –бабам құрастырмалы жасаған, ал мен таза сүйектен жасап көрдім. 3 күн конференция болды. Москвадан доктор, наук зерттеушілер, музейдің адамдары келді. Ішінде ең жақсысы менің қолөнерім болды. Жас бала болған соң көрмеден соң қалаға достарыммен шығып кеттім. Үш күннен кейін қонақ үйге келсем, домбырамды эрмитажға алып кетпекші болып мені іздеген екен. Қанша десе де сатып аламыз деп іздепті. Қазір ғана поездға мініп кетті депті. Содан домбыра қалды өзімде. Алматыда А.Жұбанов атындағы аспаптар музейі ашылған екен соған бардым. Сол музейдің қызметкерлеріне тапсырып кетіпті қол хатпен аламыз деп. Мен берген жоқпын баламын ғой қайта ауылға алып келдім. Келген зерттеушілердің бәрі үнін естіп, бұл жоғалып кеткен үн деді. Эрмитажға да бермей, зерттеушілерге де бермей алып келдім. Содан Қызылордада көрме болады деді. Сол көрмеге сұрады. Бердім ол кезде ұзын автобус бар сонда кеткен адамдар тартқан мен екі күннен кейін барсам, домбырам сынып тұр, оны ауылға алып келдім, кішкене жөндеп. Музейдің директоры Мәдидің әкесі Құдайберген деген кісіге өткіздім.
– Бала-шағаңыз жалғастырып жүр ме?
– Жоқ, жалғастырған жоқ. Шәкірттерім бар, бірақ, анау-мынау деп айта алмаймын айтсам көңіліне келеді ғой.
Қазір енді бастап жатқан үлкен жұмыстар бар ма?
– Мен енді бастаймын, шамалы ауырып қалдым. Әйелім де ауырып жатыр. Армандар мен ойларым бар. Биыл Алматы қаласының мәдениет басқармасы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ұйымдастыруымен өтетін республикалық көрменің біріншісінен қалып қойдым, қазанда болады. Тағы сүйек домбыраны қайта жаңғыртпақшымын. Ол домыбыра төрт түлік малдың сүйгінен жасалған домбыра. Сағағы тоқтының, қойдың асық жілігі, құлақтары киіктің баласының мүйізі, ішектері ешкінің ащы ішегі, шанағы тайлақтың қабырғасынан. Қайнатып қапқа салып қойып, кептірдім. Оны біріктіргенде ұрғашы бекіренің майымен желімдедім. Әкем пайдаланған осы әдісті. Бір арманым машина алып далаға шығуым керек еді. Әкемнің айтып кеткен бір аманаты бар ғой, шет жағын көріп бліп қалдым, зерттеп кітап жаз деп. Соны орындауым керек, мақсатым осы.
– Рахмет! Дегеніңізге жетіңіз. Еліміздің өнерін шар тарапқа танытуда сіздей ерекше адамдар аса қажет. Деніңізге саулық тілейміз!

Мырзабай Омар,
Әйгерім Тастанова,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының қызметкерлері

Бөлісу: