ТАБИҒАТ АЛУАН ТҮРЛІЛІГІН САҚТАУ – МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ

29.07.2019 0 By admin

Табиғат тепе-теңдігін сақтау қазіргі таңда аса өзекті және күрделі мәселеге айналып отыр. Адам факторы араласпайтын ешқандай сала қалмай бара жатыр. Табиғат заңдылығын бұзып, пенделік құлқынды тойдыру үшін кісі ойына келмейтін, орасан обалы бар жобаларды іске асырып, ертеңге деген аяушылықты аяққа таптау жағы да орын ала бастағандай. Соңғы жылдары осындай орынсыздықтарды болдырмау жолында көрнекті жұмыстар да жасалынды. Агробиоалуантүрлілікті сақтау үшін Ұлттық табиғи парктер және қорықтар дүниеге келді. Олардың өз тәртібі мен саясаты басқа әңгіменің жүгі дегіміз келеді.

Осы мақаланың негізі – алуантүрлілікті сақтаудағы мал шаруашылығының рөлі қандай екенін ажырату болып отыр. Осы орайда маусымдық мал бағу режиміне, жайылымды дұрыс пайдалану арқылы табиғатқа нұқсан келтірмеу жолдары туралы айтқанды жөн көрдік.

Маусымдық мал бағу

Соңғы жылдары мал жайылымының таршылығы қатты аңғарылады, бір ғажабы жер көлемі өзгерген жоқ. Басты себеп: КСРО құлаған соң басқа да ірі шаруашылық нысандары қоса келмеске кетіп, олардың орнына өз беттерінше шаруашылық жүргізген көптеген ұсақ шаруа қожалықтары мен жеке шаруалар пайда болды. Бұрындары ауыл табанында қалатын табын сиырдан басқалары шалғай жайлау төсіндегі жайылымдарда бағылса, қазіргі кезде малдың басым бөлігі ауыл төңірегінен ұзамай жайылатын болды. Мал күнделікті бір маңды ғана төңіректеп жайылған соң жердің тозуына әкелсе, бұның салдары малдың жүдеуіне әкеліп соқтырады. Мал     жаюдың      екі       түрлі   амалы           бар: бейберекет (ретсіз)          және            қоршаумен шектелген (ретті).

Малды бетімен бейберекет жайғанда жайылым кеңістігіне шектеу қойылмайды. Мал көбіне жаңа көкті ғана оттайды, сондықтан олар жайылым төрінен ерте сарқылады. Жаздың екінші жартысында жаңа көктің сиреп кетуіне орай ірі қара малын былтырғы шөптерге бағу керек, Ескі шөптің құнарлылығы төмен келеді, соған байланысты сүт азайып, жайылым сапасы төмендейді. Және сипаты да ала-құла болып, бір жері басын жарып гүлдесе, екінші тұсы енді көктеп жатады.

Ретті жаю дегеніміз – мал жаятын учаскелерді кезекпен пайдалану, себебі жайылым сапасын төмендетпеу  және шөптің шүйгінділігін түсірмеу көзделеді. Малды бір қабат қана жайып өткен ұтымды, өйткені шөптің екінші рет көктеуіне кедергі боларлықтай мал қоршау ішінде жайылмауы керек.

Мал жайылымын қолдану

Жайылым қорын толыққанды пайдалану барысында малды ретті бағуға аса көңіл бөлу қажет, себебі жайылымның келесі жылдары да отты болуына оның әсері өте зор. Ауа райының жыл сайынғы өзгерістеріне байланысты жайылым оттылығы да әртүрлі  болып келеді. Қуаңшылық жылдары шаруагерлерде сақтық шара ретінде алдын-ала әзірленген мал азық қоры болуы тиіс (бұған өнім мол болған жылдарғы жайылымнан түскен өнім де кіреді), сонымен қатар малды аман сақтап қалу үшін оны қысы қолайлы аймақтарға көшіре алу мүмкіндіктерін де қарастырған жөн.

Көктемнің жауын-шашынды, жылы болған жылдары өсімдіктер қаулап шығады және жаз айлары ашық, аптап ыстықсыз болса оның ұзақ уақыт сақталуына да жайлы жағдай туындайды. Жайылым өнімділігі ауа райына тікелей байланысты болуына орай жайылым экосистемасы әрқашан бақылауда тұру керек.

Малшылар экосистеманың бүгінгісінің өткен жылдармен салыстырғанда қандай дәрежеде екендігін білуі қажет – оның құрамы, азықтық пішендіктің өсіп-өнуі, жердің ылғалдылығы мен түкті қабатының жағдайы, тышқандар мен басқа шөпқоректі жануарлардың сандық өзгерістері және т.б. Ең бастысы – жайылымда қаншалықты азықтық қор бар екені және келесі маусымда қандай болатындығы туралы, сонымен қатар ондағы мал азығының мөлшерін анықтай алу да өте маңызды болып саналады. Осының арқасында дер кезінде жайылым айналымын реттеуге және оның сапасын арттыруға, ағымдағы жылы пайдаланыстағы аймақта малды орналастыруда алдын-ала өзгерістер енгізуге, жайылым аумағындағы шұрайлы тұстан пішен шабуға жер бөлу, кейбір жайылымдықтарда мал жаюды шектеу, мал азығының сақтық қорын жасау және т.б. іс- шараларды атқаруға мүмкіндік туындайды. Жер беті экосистемасы әр гектардан 0,5-тен 10 центнерге ауыл шаруашылығы түліктеріне қорек бере алады.

Сонымен қатар зиянды жәндіктердің, соның ішінде мал арасында ауру тарататындарының өсіп-өнуін болжай білу ілімін дамыту аса маңызды.

Жайылымды дұрыс пайдаланғанда оның сапалық жағдайы артып және мал шаруашылығының өнімділігі де ұлғая түседі.
Тым  ылғалды  жайылымда,  өзен  бойында, сондай-ақ суы кеппеген жерлер мен жерасты сулары таяу тұстарда мал баққан жағдайда шымдары бүлініп, ойлы-шұқыр болады, соның кесірінен су іркінділері  пайда болып, оның ақыры батпаққа айналады. Осындай малды бей-берекет жаю мен жерге уақытылы күтім жасамағандықтан бұндай жайылымдарға арам шөп қаптайды.

Жайылымды пайдалану

Екі немесе бірнеше қабат өрісті пайдаланғанда өсімдіктердің кейбір түрлері жоғалып, жайылым өсімталдығы төмендеп кетеді. Сондай-ақ көктем және жаз айларында да өрісті демалтпай пайдаланғанда оның қоюлығы жұтаяды. Ал күз бен қыс мезгілінде өсімталдық төмендемегенмен, шөп сапасы жұтаң тартып, қоректік қасиеті азаяды.

Жайылымды кесікті мөлшерде пайдалану үшін және оның тозуын болдырмауға, сонымен қатар бұрынғы пайдаланыста болған тозған жайлымды қайта қалпына келтіру мақсатында мал жайылымының қоректік сапасын есепке ала отырып, ауыспалы жайылым кестесі жасалуы тиіс. Түбірлі өсімдігі басым жайылымдарда шөптің мол және аса құнарлылығы көктем айларындағы вегетация кезеңіне сәйкес келеді. Сонан кейін төмендеу кезеңі басталады: жусанды жайылымда көктем кезінде және жусанның гүл тастау тұсы, изенді жайылымда – изеннің гүлдеуі қарсаңы, ал аралас дәнді шөпті жайылымда көктемгі және жазғы айларға тән келеді.Жайылымдыпайдаланукезеңіазықтық өнімнің мол тұсына ғана бағытталмай, маусымдық кезектесуді қолдана отырып, неғұрлым жайылымның құнарлылығын сақтап қалуды мақсат ету қажет.Тәжірибе көрсеткендей, кейбір жайылымдарда, соның ішінде қырдағы өрісті бір емес, қатарынан екі рет тиімді пайдаланғанда малға қажетті азық көлемі әлдеғайда жоғары болады. Ал жусанды жайылымда бұндай тәсілді қолдану жақсы нәтиже бере бермейді.

Алғышарт ретінде ең маңызды көрсеткіш мал азығы қорын есептей білу. Сондықтан оның есеп-қисабын жүргізу өте дәлдік пен бірегейлікті талап етеді. Бұл үшін 5 немесе 10 аумақтан мөлшері 1м2 жерден  биіктігі 3-4 см өсімдіктер қиылып алынады, себебі мал өсімдікті осы мөлшерден төмен тістеп жемеген жағдайда (әсіресе шөлейт жерде) оның қайта бой алып, ары қарай дамуына жағдай туындайды. Ары қарай, қиылған өсімдіктер кепкен соң, оның құрғақ азық түріндегі салмағы айқындалады. Маусымдық азық қорын есептеу жайылым ерекшелігіне орай жасалады. Басты мәселе әр түлік малдың ерекшеліктерін есепке ала отырып, жайылымның жағдайы мен құнарлылығына байланысты оны тиімді және ретті пайдалануды көздеп және өрістегі малды ары-бері қуалау сияқты бос жүріске неғұрлым жол бермеу керек.

Жайылымның өнімділігіне зиян келтірместей пішендікті тиімді және ретті пайдаланған жөн. Малды бей-берекет және жөнсіз баққан жағдайда табиғи жайылыс түгіл қолдан сепкен жайылымның өзі қысқа уақыт ішінде азып-тозып кетеді.

Ауыспалы жайылым

Жайылымды тиімді пайдаланып және оның өнімділігін төмендетпей одан ары жақсарта түсу үшін ауыспалы жайылымды зерделеп, қолданысқа алған жөн. Ауыспалы жайылым жалпы алғанда жылжымалы жайылым кестесі мен жайылымды пайдалану жөніндегі бүтіндей бір әдістік система мен оны өркендетуге арналған іс-шаралардан тұрады.

Егістік арасындағы жайылымды малды еркімен шашырата  жаюға  болатын  жер деп есептемеу керек, ол тегінде «қоршап» жаятын жайылым санатына жатады да, оны тек бір ғана емес біраз жылдар бойы нақтылы қадағалау арқылы тиімді пайдалануға жол ашады. Осыған орай келесі жылдың алғашқы жайылысы отар үшін бірінші учаскеден емес, мәселен бесіншіден басталуы мүмкін. Осыдан барып жайылымды пайдаланудағы әртүрлі маусымдығымен қатар оның жақсы тынығыуына мүмкіндік туады.

Жайылым күтімі

Жайылымда төмендегідей арнайы іс- шараларды атқару қажет:

  1. .Мал жайылып болған соң, жеуге келмейтін және нашар желінетін шөптерді шабу. Шөп қалдықтарын 7-8 см биіктікте орады. Әсіресе арамшөптердің қаулаған кезінде шапқан жөн  және  шалғындықта мал жайылып өткен кез де қолайлы болып саналады. Жаз бойы бір немесе екі қабат шабу керек, ең дұрысы бірінші немесе екінші жайылыстан соң.
  2. .Жайылымда қалған көңді мал жайылысы біткен соң тегістеу. Табиғи жайылымда егер мал саны көп болмаған жағдайда әр кесікті аумақтың қалдық шөбі шабылып, жиналғаннан кейін (егер шөбі көп болса) ірі қараның көңін тырмамен, сүйретпемен тегістеу керек.
  3. .Ауыспалы жайылымды қолдану. Мал санын реттеп, жайылымды демалдырып, шөптің тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Қоныс аударып отыру.
  4. .Арамшөптердің азайып немесе жойылуына әсері болған жағдайда түлік түрлерін ауыстырып жаю.

Мал бағу техникасы

Мал бағу техникасы, малдың жайылымда болған уақыты, демалысы және өргізу кезеңдері әртүрлі болады. Ірі малдармен салыстырғанда тайынша, торпақ, бұзаулар қысқа мерзімде тояттайды. Шөбі құнарсыз жайылымнан гөрі шүйгінді жайылымдарда мал тез тояды. Егер дұрыс бақпаған жағдайда шұрайлы жерде жүрсе де малды ары-бері бос қуалағананның салдарынан ол арып кетеді.

Шұрайлылығы орташа немесе жақсы жайылымда күні бойы 3-4 рет өргенде мал толық тояттау үшін жалпы 8-9 сағат кетіреді, бұл уақытты былай таратуға болады, күйіс қайтаратын малға әр 2-2,5 сағаттан соң шаршағанын басуға және күйіс қайтаруға 30-35 минут қажет. Мал демалатын жер құрғақ, күн ыстық кездері самал соғатындай дөңес, немесе суық жел өтінен қаға беріс ық, жатын жерінің шөбі қалың емес, бірақ бұрын тапталмаған болу керек. Қойдың тойып жеуіне 6-7 сағат кетсе, жылқы мөлшермен 10- 12 сағат жайылады.

Құнды    шөптер    толығымен   желінген жағдайда малшы мал  жаюды  доғаруы керек: бір жылдық немесе биік шалғынды жайылымда шөп 6-7 см, аласа шөпті жерде 4-5 см, бетегелі жер мен жайлау төсінде 3 см дейін шөп мал тісімен қырқылған жағдайда. Жайылымды шектен тыс пайдаланғанда ондағы азықтық құндылығы мол шөптерінің сапасы төмендеп, тіпті жоғалып кету қауіпі бар, ал, жайылымды толық пайдаланбаған кезде оның өнімділігі нашарлап, мал жемейтін және басқа арамшөптер түрі қаптап кетеді.

Жайылымды ретті және толығымен пайдалануда, сонымен  қатар  малдың қоңды болуы үшін әр түліктің жайылыс ерекшеліктеріне мән берген жөн. Бұның себебі әр түлік малдың шөпті өз қалауынша теріп жеуінде. Оған мысал, шөптің басым көпшілігін қой мен ешкі жейді. Олар ащы, өткір иісті тіпті аралас шөптегі тікенділерін де жей береді.

Қой мен ешкі тістерінің орналасу ерекшеліктеріне байланысты олар ірі қара малдарына қарағанда шөпті төмен, түбірінен 0,5 см-дей қалдырып тістейді, ал жылқы шөпті түбіріне дейін тістеп жейді.

Ірі қара ылғалды жерге өскен шөп пен бойшаң аралас шөпті сүйсіне жейді, бірақ жоңышқа тектес кепкен шөпке тәбетсіз; ірі қара малы шөпті түбірінен 2-3 см қалдырып тістеп жейді.

Жайылымды мал жаюға әзірлеу

Малды өріске шығарар алдында жайылым мен суаттарды зооветеринарлық тексеруден өткізеді. Жайылымды қар еріген кезде жиналған қоқыстардан тазартады, әсіресе олар ойпатты саздауыт жерге көп жиналады. Егер жайылымда іркілген су болса, оны ағызып жіберген дұрыс.

Жайылым мен суат маңында жұқпалы аурулардың  кесірінен  мал  шығыны  болған жағдайда ол учаскелерді анықтайды (қарасан, эмфизематозды шиқан). Бұндай учаскелерге мал жайып, суаттарына мал түсіруге тиым салынады. Оның төңірегіне тек осы дертке қарсы егілген мал ғана жайыла алады. Алдыңғы маусымда науқас мал жайылған учаскеге сау малдың жайылуына тек мал дәрігері ғана рүқсат береді.

Жарамсыз деп саналған суаттарды қоршап, пайдаланудан шектейді. Суаттарды лас, қоқыстардан тазалап, қалыпқа келтіреді. Мал түсетін жерін реттейді.

Суат маңына жиналған мал көңдерін тысқа шығарып, әруақытта таза ұстайды. Мал қоралар мен шаруашылық үй-жайлар малды жайылымға шығарар бұрын алдын-ала жөнделіп, ағартылып, дезинфекцияланып, тазартылып қойылады.

Мал жаюдың күнтәртібі

Әр отар мен табындарда малдың жайылу мерзімі, суғаруы, қосымша  азық  беруі мен демалысын реттейтін тұрақты, қатаң күнтәртібі жасалуы тиіс. Оқыра және тағы басқа маса-сона сияқты қансорғыштардың көбейген кезінде және күннің өте ыстық уақытында малды өріске таңбозынан ерте шығарып, аптапта (5-6 сағат) тыныстатып, кешкі салқынмен қайта жаю қажет, соның арасында демалып жатқан малға орылған көк шөптен қосымша азық беруге болады.

Малдың өрістен тойып қайтуына тәулік көлемінде төмендегідей жайылым мерзімі керек (малдың жайылымдағы 2-3 қабат жатып демалғанын қоса есептегенде): сиырға 8-9 сағат, қойға 6-7 сағат, жылқыға 10-12 сағат.

Мал суғару уақытын жыл мезгілі мен ауа райының жағдайына қарай орайластырады. Әрине мал жаюға арналған әр аумақта ауыз суының болғаны дұрыс және оған баратын жолдың да ыңғайлылығы қажетті.

Қоныс басында мал жалайтын тұз болуы керек, жайылым ауыстырғанда тұзды жәшікке салып бірге алып жүрсе өте дұрыс болады.

Түнге қарай малдың міндетті түрде тынығуы қажет. Сөзіміздің соңында Балқаш маңына қатысты аймақтарда өсетін өсімдіктер мен мал жейтін шөптердің атауларын келтіріп, сонымен қатар олардың біраз мінездемесін де ұсындық.

Ірі шөптер, ағашсымағы бар:

  1. Сексеуіл.
  2. Жыңғыл
  3. Дүзген
  4. Қоянсүйек
  5. Шеңгел – (тікенді, мал бұтағымен жейді.) Ұсақтау:
  6. Шыларжын – (талпақ шөп, отқа да жағады)
  7. Итемгек – (ұзын, басын шалып мал жақсы жейді)
  8. Ақтаспа – (құмда өседі, жоңышқа сияқты аласа шөп, жылқы малы аса сүйіп жейді, түбіріне дейін)
  9. Құтырған – (бұл да құмда өседі. Жусан тәрізді, аздап биігірек, күзде қураған кезде иісі бұрқырап тұрады. Қурамағаны қыста да көгеріп тұрады. Мал қурағаны, қурамағанында жей береді).
  10. Ақизен
  11. Қызылизен
  12. Жусан – табантақжусан (мал жақсы жейді), желбасжусан (мал аса сүйіп жемейді, тек басын ғана шалады), көкжусан (қысы- жазы көгеріп тұрады, аса қурамайды)
  13. .Ақселеу – желкілдеп тұрады, қыста қурағанда мал жейді
  14. .Ақеркек – тізеден келеді. Түп-түп болып шығады. Мал қыста да көктемде де жақсы жейді, бидайдың сабағы сияқты болып шығады.
  15. Өлеңшөп – ойпаң-ойпаң су орнаған жерлерге шығады. Мал жейді.
  16. Көде – көбіне тегіс жерге шығады.
  17. Сүттіген – қурай шөп, қыста бүршік басын, жапырағын жейді, жазда бәрін жейді. Көбіне түйе көп жейді, басы тікенсымақ.
  18. Ыраң – аласа, майда шөп, ерте қурайды. Малдың бәрі жейді.
  19. Илан – қурай боп шығады. Түбін қазып алады. Отқа пісіріп адам да жейді. Тамыры ұзын, мал қурайының басын ғана шалады.
  20. Қылша – мал ащылап жейді.
  21. Жантақ – аласа, қай мал болсын жей береді. Тарам-тарам жапырақсымақ болып шығады.
  22. Ши – бидайық басты шөп, тартатын ши ауылдың маңында өседі. Шиқияқ – түбіндегі қияғына бола жейді.
  23. Қамыс,     қоға,     қараөлең,     ақөлең шабындық шөптер.

Жер таңдап өсетін шөптер Шыбар атты аймақта (Алматы обл. қазіргі Алакөл ауданы төңірегі )

24. Көкпек. Сасыр, майсасыр, қарасасыр, сирек шығатын түрі Көксасыр – әсіресе жылқы малына улы келеді.

25.Майшағыр – тізеден биік, түбі ұлпаланып тұрады, жұмсақ. Қай мал болсада жей береді. Қурайланып өседі.

26. Изен.

27. Жусан.

28. Жалмаңқұлақ – сиырдан басқа, түйе және басқа малдың бәрі жейді. Аласа, ұсақ жапырақты.

29.Қараматау – тәтті шөп, қара-қоңыр, түп-түп, қою киіз болып шығады.

30. Шытыр – құмдасын, құмдауыт жерге шығады. Кейде шығып, кейде шықпайды. Малдың ішін кептіріп өлтіреді. Әсіресе таңертең шықтан дымданып, өрбіп шытланып тұрады. Осы уақытта өте улы. әртүрлі уақытта шығады.

31. Шүкіржапырақ – сәуірдің аяғына таман ұшып кететін түйе жейтін шөп, қой да жақсы жейді. Түбі бояу болады. Былғары, тон бояйды. Сары түс. Үлкен талдай көлемі.

Жер бетіндегі күллі тіршіліктің Анасы – Жер. Сондықтан туған табиғатты аялап, оның қас-қабағына қарау, соның заңдылығымен тұрмыс өткеруді өз бойымызға берік қағидат қып сіңіруіміз қажет. Қазіргі таңдағы «Жасыл энергия» және де тағы басқа экологияны сақтауға арналған шаралардың өзекті екені күннен-күнге айқындалып келеді. Бұл мақалада тек мал шаруашылығы факторына байланысты қоршаған ортаны қорғау мәселесін қозғадық. Егіншілік саласының да өзіндік ерекшеліктер бар. Соның ең маңыздысы ауыспалы себіс саналады. Адамзаттың мойнына үлкен міндет пен жүк артылған. Ол – Жерді аздырып-тоздырмай, көлді тұзға айналдырып суалтпай, жайқалған жасыл дүниенің көркін кетірмеуі тиіс. Мемлекет тарапынан осы игі істі жүзеге асыру үшін арнайы жобалар жасалып, ғаламдық дәрежеде ойлау сатысына көшу керектігін анық түсінді.

З. САМАЛБЕКҰЛЫ

Бөлісу: