ТАБИҒАТ БЕРГЕН ДӘРУМЕН, КЕМ БОЛМАС ЕШБІР ДӘРІДЕН

 «Ақыл көптен шығады, дәрі-дәрмек шөптен шығады» деген мақалды жандандыру. Мысалы:

Кәдімгі қалақай (крапива) – денсаулыққа пайдалы шөптердің бірі. Себебі, оның құрамында калий, кальций, темір, мыс, қорғасын, фосфор, хлор, йод, оттегі, азот, сутегі, марганец, магний сияқты элементтер көп болғандықтан, ағзаны шлактан тазарту, қанды тазарту, зәр айдаудың басқа да тиімділігін айтпағанда, қайнатып, ыстық суға бұқтырып, тұнбасымен басты жуса, шаш қатайып, қайызғақты кетіреді, теріні жұмсартып, шашты жарқыратады.

Киік оты – көкемаралды (матрушка) шайдың орнына қайнатып ішеді. Оның құрамында жүректің жұмысына қажетті селен өте көп. Зат алмасуға тікелей әсер ететін, жүйкенің қозуын тежейтін, ас қорыту, қолқа бездерінің реттеуге қатысатын, ішектердің қалыпты жұмысына жәрдемдесетін эфир майы, аскорбин қышқылы жетерлік. Киік отын ұйқысыздықта, жүйке шаршағанда, асқазан қышқылы төмендегенде дәрі ретінде пайдалануға болады. Ауырған буындарға суға малынған шүберек тарту – компресс жасауға да жарайды.

Адыраспан (гармала обыкновенная) халық медицинасында емге қолданылады. Тіл-көзден сақтап, үй ішіндегі микробтарды түтінмен аластайды. Оның гүлі, шөбі, жапырағы, тамыры, дәні де ем. Сарбас қотырды емдейді. Буын ауырғанда жас сабағын алып, жаншып, таңып тастайды. Аяқ-қол қақсағанда қайнатып, сол сумен ауырған жерді үш мәрте булайды. Тұмау тигенде адыраспанға тұз қосып аластайды. Тұтатып, үйді иісімен аластап тазартады.

Иттікеннің құрамында эфир майы, қыша алколоиді, каротин, аскорбин қышқылы бар. Қабынуға қарсы ем. Тері ауруларына қолданады. Шаш өсіруде де көмегі бар.

Күздің келісімен, бүршік салатын өгейшөптің (мать и мачеха) дәрілік қасиеті жоғары. Оны күздің соңында және көктемде жер бусанған кезде тамыр сабағымен қоса қазып алады. Көлеңкеде кептіреді. Жуғанда мыжып алмай, бал қосып жаратады. Қан түкіргенде, демікпеде, жөтелге, өкпе туберкулезінде дәрілік өсімдіктерді қосып пайдаланады.

Қырыққұлақ, қазтабан (папоротник) – халықтық медицинада іш өту мен іштің ауруын басуда қолданылады. Несеп айдауда да пайдаланады. Оның қайнатпасын тыныс алу жолдары бітелгенде, сіңір тартылғанда, қалшылдап ауырғанда ішуге болады. Бауырға зиянын тигізбей, асқазан жарасын жазуға көмектеседі.

Балдыркөк (сельдерей) – бүйректегі улы заттарды шығарады.

Қымыздықтың (щавель) жапырақтары, гүлі мен тамыры дәрі ретінде қолданылады. Кермек дәмді, суық райлы, уытсыз қымыздық ұйыған қанның жүруін күшейтеді. Дене қызуын басып, ісікті қайтарады. Аққан қанды тияды, іштің өтуін тоқтатады.

Долананың 39 түрі бар. Оны жүрек-қан тамырлары, бас айналу, ұйқысыздық, асқазан қышқылын реттеу, буын ауруларына, тұз жиналуға қарсы емдікке қолданады.

Қасиетті өсімдік – арша (можжевельник) калий мен магнийге өте бай. Бұл элементтер жұқарған жүйке жүйесін нығайтады, әлсіреген ағзаға қуат береді. Қандағы тұз бен май қосындыларын азайтуға ықпал етеді. Ойлау қабілетін арттырады. Оны ас қорыту жүйесін жақсартып, тыныс жолдарын тазартуға, бүйректі сауықтырып, жууға аршаның піскен дәнін ұнтақтап, қайнаған суға салып, бұқтырып ішеді. Ауырған адамды, үйді аршаның иісімен аластап, тазартады. Етті, қымыз пісетін сабаны аршаның түтінімен ыстайды. Құрғақ жөтелге аршаның түтіні бірден-бір ем болып саналады.

Қызыл мияның (солодка голая) – тамыры дәрі. Ол көкбауырды күшейтіп, әлдендіреді. Өкпені дымқылдандырып, қақырықты түсіріп, жөтелді басады. Демікпеге де пайдаланылады.

Қарғакөз (вороний глаз) – жүрек ауруларын емдеуге қолднады.

Қырмызыгүл (календула)бауыр, көкбауыр, асқазан мен ішек жараларын, мешел, тері ауруларын емдеуде керемет көмекші.

Жұпаргүл (душица) – демікпенің асқынуын тежеп, суықтан қабынуда тер шығарып, пневмонияда қақырықты түсіреді.

Бақытгүл (хризантема) да ем. Ұйқыға жатар алдында бірнеше күлтесін шайнап жатсаң, ұйқың қатты әрі тыныш болады. Қол қақсап, дірілдегенде бақытгүлден дайындаған қайнатпамен ванна қабылдаған, ал аяқ буындары қақсап, тізе ауырғанда компресс жасаса болады. Гүл дестелерін бөтелкеге толтырып, арақ құйып екі аптадан соң ауырған жерге жағып, массаж жасаса остеохондрозға көмегі тиеді.

Қыша (горчица) – денсаулыққа пайдалы. Тұмауды емдеу үшін, ұнтақ қышаны жүн шұлыққа салып, бірнеше күн киюі керек. Тыныс жолдарын емдеуде қыша қосылған жылы ванна қабылдаған жөн. Қыша майлы тағамдардың қорытылуына да көмектесе алады. Ішектің жұмысын белсендіреді. Зат алмасуды жақсартады.

Күреңот (иван чай) «верба богородицы» деп те аталады. Құрамында тез сіңіп, қуат аттырар табиғи ақуыз және С дәрумені мен минералдар бар. Күреңоттың тыныштандырып, түрлі күйзелістерден шығуға әсері жақсы. Ұйқыны жайландырады. Бұдан жасалған шай ауыз қуысының, қызыл иектің қабынуын болдырмауға септігін тигізіп, тісжегі мен қанжелді емдеуге көмегі зор. Сусыны дененің қызуын басып, қалтырап-дірілдеуді тоқтатады. Тыныс жолдарына да пайдалы. Түрлі қақтар, улы заттар мен ауыр металдардың қоспасынан арылтуға үлкен мүмкіншілік жасайды. Қаназдыққа да пайдасы бар.

Түймедақ шай  (ромашка) – мұнда аса қажетті триптофан аминқышқылы мол. Ұйықтар алдында ішсе, жайлы ұйықтады. Күніне 3 шыныаяқ шай ішсе болады. Ас қорыту жүйесіне пайдалы.

Бозқараған (сирень) – буын қақсағанға ем. Бүйректе құм мен тұздың жиналуын болдырмайды. Іш өткенде гүлін шай етіп ішсе, көмегі тиеді. Гүлінің хош иісі үйге ұнамсыз қуатты жолатпай, жағымсыз иісті жояды.

Қызғылт семізот- алтын тамыр (радиола розовая) адамның жұмыс қабілетін арттыруға, жүрек-бауыр жүйесін жақсартып, қан қысымын реттеуге ықпал етеді.

Қояншөп (спаржа) басқаша аты ақтық – құрамында фолий қышқылы (В9 дәрумені) жеткілікті. Бұл дәрумен қанды көбейтіп, күйзеліспен күресуге көмектеседі. Қояншөп  бауыр мен бүйрекке дауа.

Стевия шөбі (медовая трава) – мыңда бір дертке дауа. Фитошай ретінде сатылатын бұл шөпті екі ай бойы ішкен адам дәрісіз ақ сауығады. Дәмі тәтті, ара балындай. Ол асқазанның жұмысын жақсартып, оған түскен дәрумендерді реттей алады. Қан қысымын, бауыр мен бүйректің жұмысын жақсартады. Иммунитетті көтереді. Үзбей ішсе, екінші аптада ішектің, үшінші аптада өт пен бауырдың жұмысын жақсартады. Қандағы, ағзадағы артық тұз, құм сияқты жиналған заттарды табиғи жолмен ерітеді. Терінің өңі жақсарып, ұйқы мен тәбет реттеледі. Бауырда жиналған қалдықтарды сыртқа айдайды. Сусын орнына ішіп жүрсе, аурудан аман болады.

Түйежапырақ (лопух) – буын ауруына ем. Еттартқыштан өткізіп, жасыл қойыртпақты сығып, суын ауырған жерге ауа өткізбейтіндей етіп таңып қойса, буынды қыздырып, емдейді.

Жоңышқаның қайнатпасы, тұнбасы, сиробы, ұнтағы да ем. Онда белок пен көміртегі, С, Д, Е, К және В тобының дәрумендері жетерлік. Құрамында қышқылдар, эфир майы сияқты қажетті заттар көп.

Жоңышқаның зәр айдауды жақсартатын, қанның құрамындағы қантты азайтатын, ағзадағы улы заттарды айдайтын қасиеттері бар. Тіпті зат алмасуды жақсартып, гемоглобинді көтеріп, иммунитетті қалпына келтіріп, эндокрин жүйесінің жұмысын реттейтін қасиетке де ие. Қан тамырлары мен жүрек жұмысының жақсаруына ықпалы зор. Суық тиюде, қызу көтерілгенде қолдануға да болады.

Шүйгіншөп (валериана) – жүрек ауруларын тыныштандырады.

Інжугүл (ландыш) – жүрекке жақсы.

Жалбыз (мята) – өттегі тасты ерітуге, тамырды кеңейтуге қолданылады.

Ботагөз (незабудка) – қан тоқтады. Тері ауруларына ем.

Бақбақ (одуванчик) – холестеринді азайтады. Ас қорытуға жақсы ем.

Түймешетен (пижма) – ішек құрттарын жоюға көмегі бар.

Жолжелкен (иманжапырақ) – қан тоқтатады, қабынуға ем.

Жусан (полынь) – ас қорытуды жақсартады, жараны жазуға себі бар.

Шашыратқы (цикорий) – есекжем, сыздауық т.б. тері ауруына ем.

Қаражидек (черника) – қуаттандырғыш қасиетке ие.

Арша (можжевельник) – ағаш-фармацевт атауымен кең тараған ағаш. Одан бөлінетін фитонцидтер бактерияларды өлтіріп, денсаулыққа шипалы ауа  береді. Бір арша бір жылда 1 тоннадан артық шаңды жұтып, 1,5 мың литр оттегін бөліп шығарады екен. Арша – өте ұзақ өсетін өсімдік.

          Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ,   Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысы

 

Бөлісу: