ТАБИҒАТ ТАҢҒАЖАЙЫПТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР

Ел ішіндегі есепшілер күн есептеудің, оның райын болжаудың дәстүлі амал-тәсілдерін жақсы меңгерген. Олар жаз есебін күн мен түн теңелген жаңа тоғыс – жаңа күн – 22 Наурыздан бастайды. Күн райын болжауды төрт түлік малдың 22 наурыздың түніндегі мінез-қылығын жіті бақылаудан бастайды екен. Сондықтан да, осы мәселеге қысқаша тоқталып өтсек артық болмас:

Егер бұл түні түйе ернін жиі жыбырлатып, ал жылқы оқыранып жұтынар болса, көктем ерте шығады.

 Сол түні қой қораға еркін, алшаңдай кірсе, көктем ерте келеді…

Қыс есебі екінші тоғыс – мизам туғаннан бастап жүргізіледі:

Сол күні түйе бір жағына ықтап, жайсыз жатып, мазасыз сезініп шықса, қыс қатал боларын білдіреді. Ал басын құбылаға беріп, төрт аяғы төрт жаққа керіліп ұйықтаса, ол жылы қыс жайлы болады…

Халық ұғымындағы табиғатта болатын ерекшеліктер мен олардың атауларына назар аударайықшы:

Жыл басы – Жаңа күнгі таңның атуы мен күннің батуын назарға ала отырып, халық жылдың қалай боларына назар аударып отырған. Мысалы, сол күнгі таң жанған оттай қызарып, күн алаулап шыққан болса, ол жылы өрттің көп болып, өлім-жітімге жол берілетіндігін болжаған;

Таң қызыл-сары болып атып, шақырайып шыққан күннің ыстығы бірден бетке ұрып тұрса – ол жылдан құрғақшылықты күткен. Сондай-ақ, таулы жерлерде тасқынның жиі орын алатынын, шалғынды далада өрттің жиілеу ықтималдығы артатынын тұспалдаған;

Күңгірттеніп атқан таңмен, күннің манаурап солғын көрінуіне қарап, жылдың жауын-шашынды боларын күткен;

Таң сәулесін шаша рауандап атып, күн шапағы мамыражай, жайлылық көрсете шығар болса, ол жылдан молшылық күткен;

Бұл күні жылтылдап көз шағылыстырар жұмсақ ұлпа қар жауған болса, оны – тез еритін «Наурыздың ақша қары», «нұр болып жауды» деп, жылдың өте жақсы болып өтеріне балаған.

Ұлыс күнінде қар жауған жағдайда, көктемнің шығу мерзімін қардың бетіне құмалақ шашу арқылы болжаған. Егер құмалақ қардың бетінде домалап жүрсе, көктем 40 күнге кеш келіп, құмалақ қарға батып кетсе – көктем ерте келерін тұспалдаған.

Сол күнгі Шолпан жұлдызының тууына қарап, Шолпан жарқырап көрінсе, шөп пен егін бітік шығып, ал шұнтиып туса, көк те мардымсыз, құрғақшылық жыл болар деп долбар жасаған. Мұндай жыл, әрбір сегіз жылда қайталанып отырар деп күткен.

Халықтың тіршілігі бұрынғы кезде көпшілігінде ауа райына  байланысты болған. Олар жан-жануарлардың мінез-қылығын бақылаумен қатар, шөптің шығуын да бақылаған. Мысалы, көктемде көртышқан інін өзен жағасына тым жақын қазса, ол жылдан жаңбырдың аз жауарын күткен. Ал көртышқан шығарған топырақты іннің ернеуіне тым жақын үйсе, алда қыс қатты, ал қашықтау үйсе, жылы болады деп болжаған.

Көктемде қазтаңдай көп шықса, егін, шөп мол болады деп ұққан.

Қалай да жыл басы жақсы басталған болса, онда аяғына дейін жақсы боларына сенімді болған.

Есепшілер, көктемде болған құбылыстың күзде, жаздағы болған құбылыстың қысқа сәйкес келіп, күнбе-күн қайталанып отырарын білген.

Көшпенділердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, бір жыл алты ай жаз, алты ай қыс болып, екіге бөлінген. Үркер төмен түсіп, Таразы туғанға дейінгі, яғни 21 наурыздан 21 қыркүйекке дейінгі аралықты жаз айларына, ал Сүмбіле туып, Үркер көкке көтерілген, яғни 21 қыркүйектен 21 наурызға дейінгі аралықты қыс айларына жатқызған.

Есепшілер жылды үшке, төртке, жетіге және тоғызға бөлген:

Үш бунақ. Олар: ыстық, салқын, суықтан тұратын үш кезең. Бірінші кезең – «қара қатқақ, аш өзек», малдың аузы көкке тиген – 9 ақпан мен 9 маусым арасы. Екінші  кезең – «шөп қуаты басына шығар уақыт» атанған – 9 маусым мен 9 қазан арасы. «Тоқты тоймас, шөміш кеппес», «тебінге түсер шақ» атанған – қалған уақыт, үшінші кезең.

Төрт тоқсан. Бірінші тоқсанға көктем айлары кіреді. Оларды – «жас тоқсан» дейді. Жаз айлары – «жаз тоқсан», күз айлары – «терме тоқсан», ал қыс айлары – «қыс тоқсан» деп аталады.

Жеті амал. Олар: Күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, Үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, айдың тоғамы, қыс тоқсанның кіруі. Осыларға жекелеп тоқталар болсақ:

Күннің тоқырауы – жазғы және қысқы тоқырау. Жазғы тоқырау – 21 маусымда күннің ұзаруы тоқтайды. Ал қысқы тоқырау – 22 желтоқсанда күн қысқаруын тоқтатады.

Қарашаның қайтуы – жайылым қуаң тартып, төңірек сұрқай түске енген «қараша түсті» дейтін кезең. Таразы жұлдызы туа Қараша түсіп, Үш арқар жұлдызы көтеріліп, «Теке бұрқақтың» қары жауғанда Қараша қайтады.

Үркердің батуы – Үркердің жерге түсуі. Үркер шоқ жұлдызы мамырдың басынан бастап, 10 маусымға дейін көкжиекке көтерілмейді.

Мұздың қатуы – су бетінің қаймақшуын, «қарашаның қары» деген. Су бетіне кілегей «қазан суығы» ұрғаннан бастап тұра бастайды.

Киіктің матауы – бұл «теке бұрқылдақ» деп те аталады. Бұл жайында алда тоқталатын боламыз.

Ай тоғамы – Үркер мен айдың қатар көрінуін есепшілер «тоғыс» деп атайды. Тоғыс үш күнге созылады. Бірінші күн – «тоғам», екінші күн – «ауыл үй қонды», үшінші күн – «өріп шықты» делінеді. Бір жылда Үркер мен Ай 13 рет тоғысады. Бізге 11 тоғыс көрінеді.

Қыс тоқсанға қыс айлары кіреді.

Тоғыз тармақ. Бұл «тоғыз шілде» деп те аталады. Олардың ішіндегі ең белгілісі – ұлы шілде. 25 маусым мен 5 тамыз аралығындағы ең ыстық күндер. Ал кіші шілде – 27 желтоқсан мен 6 ақпан аралығындағы ең суық күндер. Тілімізде «Қысқы шілдеде қу сақта, жазғы шілдеде су сақта» деген мақал сақталған.

Енді халық ұғымында қалыптасқан басты табиғат құбылыстарына тоқталар болсақ:

Наурыз айының соңғы 24-28-і күндері қатты жел тұрып, күн суытып, кейде қар жауады. Бұл күндер халқымыздың ұғымында – «Қоянның толғатуы» аталған.

Сондай-ақ, наурыздың сол 26-28-і күндерінде жыл құстары ұшып келе бастайды. Бұл күндері де жоғарыда аталғандай, қайтқан құстардың қанаттарының суылдап ұшқан ызғарынан күн суытып, қар аралас жауын жауып, суық жел тұрады. Бұл өзгерісті қариялар «Жарықтық, құс қанаты ғой, бұл» деп жатады. Осы кезден қар еріп, жер лайсаң болып, аласапыран басталатын шақ – «Құс қанаты». Бұл амал күндері қырқада қар кеткенмен, айналада қар сіресіп жатады.

Айдың соңында шаруаға жайлы жағдай туғызар бес-он күндік жауын-шашынды амал, «Бес  тоғыстың бет жуары» болады.

Бұл ай – ит шуақ, кемпір шуақ, ескек желді Үркер туа таң ататын ай. Бұл айда таңертең күн күркіресе, ол – суықтықтың хабары, ал алғашқы күн күркірегенде жел арқадан тұрса, ай салқын, шығыстан тұрса – құрғақ, түстіктен соққан болса, жылы боларының хабары. Сондай-ақ, бұлт тым жоғары көтеріліп, тез көшсе, күн жақсармақ та, ай ортасында күн райы қандай болса, жаз бойы сол қалыпты сақтап, жылы жел ессе, қолайлы, жел арқадан соғып, салқындаса, қоңыр салқын, жаңбыр жауған болса, бүкіл жаз жаңбырлы болмақ.

Сәуір айының 4-і мен 5-і күндерінде боран өтеді. Бес тоғыстан соң, 11-інен кіріп, 17-сінде шығатын соңғы боранды, халықта Отамалы, ойылған қыс деп атаған. Бұл күндер желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі де сонда. Отамалының: «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарлы жерге келсем, оны әкетемін» дейтін серті болады екен. Отамалы қара жерге келсе, жауын-шашынды күндер көп болып, біраз жайсыздықтар туғызатынын біліп жүргеніміз жақсы.

Сонан, қар күрт еріп, жер лайсаң болған кезең – «Аласапыран».

Сәуірдің алғашқы он күндігінде бірнеше күн қатарынан шаңды боран соққан кездерде, тасбақалар қысқы ұйқысынан оянып, сыртқа шығуына қарай «Тасбақа дауыл» деп аталған. Қысқы ұйқысынан шыққан тасбақа әлсіз болғандықтан, сауытының үстінде қалған топырақ пен құмның қалдықтарын өздігінше түсіруге мүмкіншілігі шектеулі болады. Сол кезде соққан боранды дауыл оның үстіндегі басылған құм мен топырақты ұшырып әкетіп отырады екен. Сондықтан да, тасбақаның ұйқысынан оянуы мен сол қатты соққан дауылдың сәйкес келуінен «тасбақа дауылы» деген атау алған.

Сәуірдің ортасынан кейін, яғни  18-19-ы күндері найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанады. Бұл сәтті халық «Қызырдың қамшысы шартылдап, қыс кетті» деп есептеп, «Қызыр қамшысы» атаған.

Сәуірдің 25-28-інде қара суық қайталанып, жел соғып, тобылғы бүр жара бастайды. Бұл «тобылғы бүршік жарған», алғашқы көк шыға бастаған күндер «Тобылғы жарған» деп аталған.

Сәуірде аспан ашық-көкшіл түске енсе, күн жылынып, жаңбыр жауарын, түн жарық болса, кешікпей жердің тоңазитынын білуге болады. Сондай ақ, ол айда емен шетеннен (рябина) бұрын жапырақ жайса, жазда құрғақшылық, өзен сулары көп тасыса, жаздың ыстық боларын болжаған.

Мамыр айының 8-9-ы күндері – яғни, алғашқы онкүндігінде сәуірдің 18-19-ы күндері – Қызыр қамшысында ұя басқан құстардың жұмыртқа шайқап, балапанын шығара бастауына тура келеді. Қызыл шақалақ шыққан бұл күндерді халық тілінде «Қызыл жұмыртқа» деп атаған. Бұл екі күнде күн райы күрт суытады.

Мамырдың ортасына қарай, Үркер аспанда көрінбей кеткендіктен халық: «Үркер батты, енді жер қызады» деп болжаған.

Мамырдың аяғына таман, 17-24-і күндері болатын ызғырық суық желді, жаңбырлы суық күнді, «Құралайдың салқыны» деп атаған. Осы амал күндері, киелі жануар – ақбөкендер жаппай лақтап, құралайларын аяқтандырып, өргізеді. Бұл кезде ауа райы салқындап, табиғат дүниеге жаңа келген құралайларды суығымен ширатып, қатал табиғат жағдайына бейімді етіп өсіреді. Бұл мезгілді «киіктің лақ өргізері» деген. Бұл құралайдың салқынын күтіп, одан сақтанған.

Мамырдың алғашқы күні ашық, жылы болса, айдың соңы салқын немесе керісінше боларын, ай бойы жылылық болса, бүкіл жаз бойы күн бір қалыпты боларын, ай жаңбырлы болса, алдағы маусым ылғалсыз, қыркүйекте жаңбырдың сіркірерін білуге болады.

Мамырда қайыңнан шырын көп бөлінсе, үйеңкі (клен) мезгілінен бұрын түбіттенсе, қайыңнан бұрын жапырақ жайса, жаз жаңбырлы боларын, ал қайың үйеңкіден бұрын жапырақ жайса, жаздың ыстық боларын, айдың соңында ең соңғы жапырағын жаятын қайың, мезгілінен бұрын түбіт шашса, жаздың қуаң боларын білген.

Маусымның қосалқы атауы, жердің отаю кезеңін меңзеген – отамалы. Күннің ең биік, түннің ең қысқа деңгейде болатын кезі – жазғы тоқырау, күн ілінген күн – 22  маусымға тура келеді.

Маусымның алғашқы екі күні жауын-шашынды болса, ай бойы құрғақ, алғашқы аптасында күн құбылмалы болса, айдың екінші жартысы құрғақ боларын, күн батарда бұлт қара-көкшілденіп қалыңдаса, түнде найзағай ойнарын болжауға болады.

Сондай-ақ, бұл айда жел бір жақтан ұзақ соғып, кенет бағытын өзгертсе, күн шығарда ауа қапырық болса, таңертең күн үсті-үстіне ұзақ күркіресе, ұзақ уақыт тыныш ауаның соңынан жел күшейсе, мұны жауын жауарының нышаны деп білген. Жаңбыр жауып тұрғанда су беті көпіршісе, жауын-шашын ұзаққа созыларын, күн құмығып күркіресе, жай жаңбыр, шатырлап күркіресе, нөсер боларын білген.

Өсімдіктерден жұпар иіс аңқып, аптап ыстық биік шыңға көтерілетін, жаздың бел ортасының айы – шілде. Айдың шілде деп аталуына, маусымның екінші жартысы, 25 маусым мен 5 тамыз аралығы, күн райының өте ыстық кезеңі, аптапты күндерге байланысты, халық арасында бұл амалды  «Қырық күн шілде» атауы себеп болғандай. Үркер жұлдызы таң ата батыстан көрінетін, 40 күнге созылатын жазғы шілде – «Ұлы шілде» немесе «үлкен шілде» делінген. Халықта қырық күн шілдені Суыр деген, ескіше – Асат деп атаған. Шілденің ыстығы келесі айдың 15-16-сы шамасында, Үркердің қайта тууымен бітеді.

Шілде айының алғашқы он күнінде таңертең шөп басы құрғақ болса, түнде жаңбыр, күн күркірі естілсе, нөсер, ал түнгі шық кеппесе, найзағай жарқылын, шық қалың түссе, аспанның шайдай ашыларын, жауыннан кейін кемпірқосақ солтүстіктен оңтүстікке тартылып, қанық-қызыл түске боялса, жаңбыр жауарын күтуге болады.

Осы айдың екінші он күнінде көкек шақыруын тыймаса, жаз ұзақ, ағаш жапырақтары сарғая бастаса, күз бен қыс ерте түсерін біле бер.

Аптап басталар айдың үшінші он күнінде күн райы ыстық болса, алдағы желтоқсан да суық, қымыздық бітік шықса, қыс жұмсақ болмақ.

Жаз ортасы, жер құрғап, шөп қатып, сарғая бастаған, мал-жанға жайлы кезең – «Үркердің толғағы» аталатын амал болып есептелген.

Жаз ортасы ауып, шілденің аяқ кезі мен тамыздың бас кезіндегі ми қайнатар аптап ыстық салдарынан, шөп қуарып, жапырақтар мен өсімдік сабақтары сола  бастаған, тамыз айын халық арасында «Сарша тамыз» деп те атаған. Сондай-ақ халық, тамыздың бірінші жартысын – лақ сүмбіле, екінші жартысын – теке сүмбіле деп атаған.

Тамыздың орта шенінде аспанда қою бұлт пайда болып, күн райы салқын тартып, күз нышанының білінуін – «Таразының тууы» деп атаған. «Таразы туса – таң суыр» деген сөз орамы осыдан шыққан.

Тамыздың алғашқы күні ылғалды болса, ай жаңбырлы, жайма шуақ болса, құрғақшылық болып, таң алдында жұлдыздар жиі жымыңдаса, екі-үш күн өте жауын жауып, үздіксіз күн күркіресе, нөсер құйып, түнгі шық кеппей қалса, найзағай ойнарын біліп қой. Ал күн қызыл құлақтанып шығып, бетін бұлт торласа, жоңышқаның гүл шоғырлары бүріссе, жаңбыр жауады да, жауыннан кейін батпақ беті көгерсе, жаңбырдың қайталанарын болжауға болады.

Тамыздың алғашқы онкүндігінің соңындағы күн райы қандай болса, соңғы төрт апта бойы сол күн райы сақталады да, үшінші он күнде жауын жауса, апта бойы сыбылыңқы, күшті жел тұрса, алдағы қыркүйек жаңбырлы болады деп күте беруге болады.

Көкжиектен таң алтын шапақтанып атса, шық таңертең мол түссе, су бетін тұман бауырласа, күн тұманды жарып шығып, су деңгейі көтерілсе, тамыз айы ашық, жақсы күн райының сақталу белгілері деп білген дұрыс. Ал мал суды аз ішіп, желсіз күннің өзінде тоғайда шуыл болса, кемпірқосақ төмен көлбей тартылса, құстардың шуылы тоқтаса, күн райының бұзылатын нышандары деп біл.

Қыркүйек – күзем айы, күздің басы.

Қыркүйектің соңғы онкүндігінде күн суып, жауын басталып, күз келеді. Халық аузында күздің бірнеше атауы бар. Олар:

Мырза (жомарт) күз – дәнді дақылдар мен жеміс-жидектер пісіп, молшылыққа кенелетін кез.

Сары (алтын) күз – жапырақтар сарғайып, түлеген кез.

Жылауық күз – салқындаған, жауын-шашынды лайсаң шақ.

Қоңыр күз – қара суық түсіп, күн бұлыңғырланар кез.

Қара күз – күн бұлыңғырланып, қара суық түскен кез.

Боқырау – суық түсіп, қар жауған кез, күздің соңғы айы.

Айдың ортасына қарай, күн едәуір салқындап, жауынға ұласып, түнде шөп басына біраз шық түскенімен, күндіз шуақты күндер болып тұрады. Мұндай жылы мезгілді «Мизам шуақ» деп атайды.

Қыркүйектің 23-інде күн мен түн теңелетін күн. Мал баққан ел, «Сүмбіленің суы жүріп пе?» деген. Сол күні жаңбыр жауып өткен жердің көдесінің түбі көгеретін болғандықтан, қыс кезінде жылқыларды сол жерге тебіндеуге жаятын болған.

Қыркүйектің алғашқы күндері күн күркіресе, күз жылы, жауынсыз жылы болса, күз түсетінін, жидек өнімді болса, күз ылғалды, өнімсіз болса, құрғақ болатынын, күн райы құрғақ әрі жылы болса, қыстың кеш түсетінін болжауға болады.

Тағы бір есте болатын жағдай, бұл айда ағаш жапырақтары ерте түссе, қыс та ерте түспек, ал жапырақтар түгел түспесе, қысқы күн райы бір қалыпты, қайың мен емен жапырақтары тегіс түсіп қалатын болса, қыс қаһарлы болмақ. Қайың жапырақтары жоғарғы бұтақтардан бастап сарғайса, көктем ерте келіп, төменнен бастап сарғайса, кеш келетінін де білген жөн.

Көктеректің жапырақтары тегіс жазылса, қыс суық, ішкі беті жоғары қарай бүріссе, қыс жылы болатындығын, осы айтылғандардың орта деңгейінде болса, қыс қолайлығын көрсетеді. Айдың ортасында күн бұлыңғыр болса, күн жауын-шашынды, ал ашық болған болса, жайма-шуақ күн болады деп күтуге болады.

Келесі ай – алғашқы үсік жүретін қара суық ай – қазан. Бұл ай жаңбырлы, түні қараңғы, су беті қабыршықтанып, бозқырау түсер ай. Бұл айда кеш піскен жидек, бау-бақша, көкөністердің көпшілігі суыққа ұрынып қалады. Содан да, халықта «Қазан соқты, қазан ұрды» деген сөз қалған. Қазандағы терек жапырақтарын жерге үйірген желді қазанның жапырақ желі, төгілген жапырақтарды – «қазан жапырақ», соққан ызғарлы желді – «қазанның қара дауылы» дейді.

Қазанның басында жел арқадан соқса, суықтық, түстіктен соқса, жылылық әкеледі, ал батыстан соғылған жел, ылғалдайды, шығыстан соқса, жайма-шуақ күн болмақ; солтүстік-батыстан өткір желдің соғуы, келер қыстың қаһарлы боларының нышаны да, қар жауса, қаңтардың соңы мен ақпанның басы күн жылы боларын меңзегені.

Қазанның алғашқы ызғарында жапырақтар сарғаймай, үзілмей тұрса, күн қайта жылынып,күн райы тұрақтанарын біле бер де, жаңа ай туғанда жаңбыр жауса, ай түгел жаңбырлы, қар құрғаққа түссе, тез еритінін, лайсаңға түссе, жатып қаларын, шие жапырақтары түспеген болса, қардың тез еритінін біл. Бұл айда кешке тұман түсіп, тез ыдырап кетсе, қатқақ болар да, күндізгі жауған қар жатпастан, ериді дағы, түнде жауғаны ұзақ жатып қалады екен.

Сондай-ақ, пияздың қабығы қат-қабат біткен болса және емен мен қайыңның жапырақтары түгел түспесе, қыс қатаң, қаһарлы, бірден түгел түссе, қыс жұмсақ болар деген болжам қалыптасқан.

Тағы да сол қысқа байланысты, күн күркіреп, найзағай жарқылдаса, қыс қысқа әрі жұмсақ, қарағай мен шыршаның  бүршігі аз болса, аязы сынық, күн тұтылса, қыс қатты, алдағы жылғы наурыз, сәуір, мамыр айлары жаңбырсыз құрғақ болар деген болжам бар.

Қазанның ортасында күн жылынса, жылылық үш аптадай тұрар, ал қар аралас жаңбыр жауса, қаңтарда екі-үш рет жаңбыр жауар, күн ашық жылы болса, келер маусым жаңбырлы салқын болар.

Жалпы, қазанның 20-21-лерінде күн райы салқындай бастайды.

Күз мезгілінде талтүсте, бекіре балықтар өзеннің құмды жағалауында бастарын судағы құмға тығып, тобымен жиналып, үйездеген жылқыдай бірінің соңынан бірі тізіліп, ұзақ қозғалмай, ағынға қарсы тұратын мезгілді «Бекіре ойнақ» деп атаған.

Қатты жаңбыр жауып, шағылысқа түскен бұғылардың бойындағы жағымсыз иістен тазаратын қарашаның алғашқы он күндігі, «Бұғының мойын жуары» атанған.

Қараша – аспан түнерген, жер бауырлап дымқыл тұман түсетін, зілмауыр бұлттар көшетін, қара суық айы. Қараша – күн қысқаратын, ашық шуақты күндер сирейтін, қар кейде жауып, кейде еріп, түнге қарай тоң қататын, жылдың іңірі, қыстың босағасы.

Бұл айдағы қар түспей соғатын өткір салқын жел – «қара суық».

Қарашадағы құстардың жылы жаққа қайта бастар уақыты – «Сүмбіленің тууы» амалы. Бұл, солтүстікке қар түсіп, күн суытатын «Қараша қаздың қайтуы» амалына ұласады.

Қарашаның 15-і мен 21-інің аралығындағы алты күнде қыстың 6 айын болжаған ерекше ырым да бар. Бұл айдың 17-сі мен 18-і күндерінің өз амалы бар.

Қарашадағы құбылыстарға байланысты: маса ұшырасса – қыс жылы, күн күркіресе – қаһарлы, ай тұтылса – қыс суық, ай шалқалап туса – қар қалың түсіп, қаһарлы қыс ұзаққа созылар, ағаш бұтағын қырау басса – ертеңіне қар жауар, шөпке қырау қонса – жаңбыр жауар, қар ерте түссе – көктем ерте келер, найзағай жарқылдаса – келер жаз жаңбырлы болар, кемпірқосақ көрінсе – қыс қатты, көктем жаңбырлы болғанымен, жаз ыссы қуаңшылық болар деген болжамдар бар.

Қарашаның бірінші он күнінде тоң қатып, жел тұрса – қаңтарға дейін қар жаумас, жапырақтар түспесе – қар ұзақ жатпас, күн ашық болса – қыс жылы, бұлт жиі үйірілсе, желтоқсанның ортасында қатты аяз тұрмақ.

Ал екіншісінде тұман тез тараса – күн жылынар, қар жауса – қыс қаһарлы, бұлтты және желді келсе, қаңтардың басында қар көп жауар.

Үшінші он күнінде қар аралас жаңбыр болса – желтоқсан жылы. Ай соңына қыс та сәйкес болады. Құдық суы көтерілсе, аяз болар.

Халықта, қыс алғашқы қардан 40 күннен соң түсер деген бар.

Қарашаның соңы – желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «Қырбастың қызыл амалы» дейді. Үркердің сол жамбасқа келуі желтоқсанның 4-5-і күндері болатын алғашқы аяз сол Қырбастың қызылына дәл келсе, Үркердің дәл төбеге қарай біртіндеп шырқай көтерілуі – қыс шілдесі деп аталатын Сары аязға дәл келеді. Жалпы, желтоқсанда боран соғып, қыс күшіне енеді. Әсіресе, желтоқсанның 17-сі мен 23-інің аралығында бір апта бойы көз аштырмай, «Текебұрқыл» бораны соғады. Бұл кезде таутекелер тауешкілермен, құлжалар арқарлармен шағылысатын болғандықтан, «Текебұрқылдақ» (текебұрқыл) амалы деп аталып кеткен.

Желтоқсанның 15-20-сы күндері ауа райы күрт өзгеріп, ақбөкендер мен қарақұйрықтардың текелері үйірге түсіп, қосақталар кезең – «Киіктің матауы». Осы кезде нөсерлеп жаңбыр жауып, сасай болған ақбөкеннің текелері сасық иісінен тазарады екен. Бұл кезеңдерде жауын-шашын болмай қалса, текелердің көздері ағарып, өліп кетуі де мүмкін екен. Бұл кезеңді – «Киіктің мойын жуары» деп атаған.

Желтоқсанның 22-і ең қысқа күн, астрономиялық жыл басы.

Желтоқсанның алғашқы күні күн райы жылы болса, айдың бірінші он күні жылы, түсте салқындап, бұрқасын көтерілсе, бұл құбылыс ай ортасында қайталанар, ал кешке қарай боран соғып күшейсе, қыс ұзаққа созылмақ та, алғашқы қар нығыз не жаңбырмен араласып түссе, жаз ылғалды, құр қылаулап тұрса, жаз қуаң болар.

Бұл айда таң шапағы қызғылттанса, жел тұрады дағы, күн құлақтанып батса, ертеңіне күн салқындайды, айдың айналасы шеңберленсе не бұлт желге қарсы көшсе – қар жауады, ал қар жапалақтап жауса – күн бұлыңғырланып, күн бұзылады.

Күн құлақтанып, түтін тік ұшса, жұлдыздар анық көрініп, жиі жымыңдаса, аяқ басқан қар қатты сықырласа, будақ бұлттар көкжиектен өркештене көтеріліп, көрінбей кетсе, аяз боларын біле бер.

Тынық күннің өзінде шыршаның құрғақ, ұзын бұтақтары иілсе, күннің айналасы шеңберленсе, боран соғуының белгісі деп біл.

Желтоқсанның 25-і мен 5-ақпан аралығы, сақылдаған сары аяздар болатын, әсіресе қаңтардың соңғы күндері, ең суық 40 күн – «Қысқы шілде» немесе «Кіші шілде» атанған.

Ең қатал әрі суық ай саналатын қаңтарды – күннің тұқырып, қаңтарыла байланып, ары қарай қысқармайтынын ескеріп, қаңтар деп атағаны белгілі. Қаңтар қысты қақ бөледі. Бұл айда түс мезгілінде, күн көзі аспанның оңтүстік жағында ең биік деңгейде болып, қаңтарылған аттай, көкжиекке жақындамайды. Қаңтарда күн қысқарып, түн ұзара береді. Бұл айда күн құлақтанып шықса, қорқуға негіз бар, боран соғады, немесе қатты аяз болады. Ал күн құлақтанып батса, күн райы жылы болады деп күткен.

Қаңтардың алғашқы күндерінде күн райы  өзгеріп, қар жауып, сырғақ болып, сырғыма жүреді. Бұл халықтың айтуында, «күн найза бойы көтерілді» дейтін кезеңді «Күннің таласуы» кезеңі деп атаған. Қаңтардың 10-ы мен 25-інің арасы – үркердің тас төбеге шығатын, қазақтың нағыз Сары аязы атанған мезгіл.

Айдың соңына қарай, сары аяз боларын күткен. Қазақта «қаңтар – аязды, ақпан – боранды» және «қаңтар бөгет салса, ақпан оны бұзады» деген түсінік қалыптасқан.

Қаңтарда күн құлақтанып туып, бұлт төмендеп, ай төңкеріліп туса, орман желсіз күннің өзінде сықырласа, тұман биік көтерілсе, аяз боларының нышандары деп ұққан жөн.

Қаңтардың алғашқы күндері аяз болса, жаздың бірінші күндері аптап ыстық, ай тік туса, күндер қолайлы, шалқайып туса, жайсыз, ұйтқыған боран жиі соқса, жаз жауын-шашынды, құрғақ шыңылтыр аяз тұрып, өзен суы тартылса, жаз аптапты, қуаң болар.

Қаңтардың ортасында жұлдыз көп болып жарқырап, әрі жиі көрініп тұрса, суық ұзаққа созылып кетер де, жаңбыр жауса, жыл жауын-шашынды болып, күн ашық, сықырлаған аязды болса, жаз құрғақ, қуаң болмақ деген болжамдар бар.

Айдың соңғы он күнінде оңтүстіктен жел соқса, жаз жауынды болып, қар жауса, жаз сулы, шық түсіп, еріген сүмелек мұз жиі салбырап, әрі ұзын болса, жаз ылғалды болып, күн шығып, жылынса, жыл құстары ерте оралып, көктем ерте шығар.

Ат құлағы көрінбейтін ақыра келген ақ боранның күш алатын кезі – ақпан. Ақпандағы күндердің райы өте құбылмалы, аумалы-төкпелі болғандықтан, ақ ықпа сөзінен, ақпан атанған. «Ақпанда күн ат адымдай ұзарады» және «ақпан – бір бүйіріңді қыздырса, екінші бүйіріңді мұздатады» деген де сөздер қалған. «Жақсылығына барса – құт, жамандығына барса – жұт» айы. Үркер ауатын ақпанның 3-і мен 5-інің арасы күн райы өзгереді.

Бұл айдың орта тұсын, халықта «Итбалықтың кіндік кесері немесе қатырмасы» аталған. Себебі бұл кезде, қақаған аяз бен боранға қарамай, итбалықтың аналықтары мұз үстіне шығып, күшіктейді екен де, ақкүшіктердің кіндігі – мұзға жабысып, үзіліп түседі екен.

Ақпанның 15-і – қыс пен көктемнің алғаш тоғысар күні. Бұл күнгі күн райына қарап, көктемнің күн райларын болжауға болады. Бұл аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болар деп күтілген. Бұл айдағы қазаққа белгілі қыс амалы ақпанның 17-сі мен 23-інің арасында өтетін «Бөрі сырғақ» бораны. Бұл күндерде жауын жауып, арты сырғақты (ұсақ түйіршікті) қарға айналады. Бұл кезеңде қасқырдың арланы мен қаншығы жұп құрып ұйығып, 62 күннен соң, қасқыр бөлтірігін туады.

Ақпан – қыстан көктемге орын берер ай есебінде өте тұрақсыз. Аяздың беті қайтып, сына тұрып, кейде аспан түнеріп, жапалақтап қар жауа салуы таң емес. «Ақпанда күн ат адым ұзарады» деген мақал қалған. Бұл айдың түнде, таң алдында соғар бұрқасыны мен шуақты күндері алма-кезек. Айдың аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады.  Ақпан боранды да, наурыз – жылауық.

Сондай-ақ бір жағдай, біз үшін ақпан деген жай ғана ай атауы болса, көшпелі қазақ тұрмысында ақпан арпалыспен өтетін, көңіл күдік пен алаңға толы кезең екен. Сол себепті де, «Ақпан ақырып келеді, жан-жағын жапырып келеді», «Ақпанның ақ түтегі» – бұл мезгілден сақтанған.

Ақпанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыс ұзаққа созылмақ та, сол жұлдыздар жымыңдаса, боран соғар, жарқыраса, аяз, күңгірттенсе, жылылық болмақ. Қырау түспей жатып, күн желді болса, боран болар. Жалпы ақпан салқын әрі ылғалды болса, алдағы тамыз ыстық болар.

Ақпанның соңғы жартысында күн ашық болса, алдағы жаз қуаң, жер көлкілдеп, ылғал мол болса, жаз отты, дала қарлы болса, жер нәрлі болып, қар қалың жамылса, сәуір суға толады.

Қыста қырауға қарап та күн райын болжауға болады екен. Мысалы, қырау қалыңдаса, кешікпей қар жаумақ. «Қардың белгісі – қылау», «Қарды қылау өсіреді» дегендей, қылаулай жауған қар ұзаққа созылуы мүмкін. Қардан кейін қырау, қылау көбейіп, күн шаңытса, күн жылынады. Қырау түспей, күн желді болса, боранды күте бер. Қыс кезінде кешкісін, аспанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыстың ұзаққа созылуы мүмкін. Ал жұлдыз жымыңдаса, кешікпей боран соғар, жарқыраса аяз болар, күңгірттенсе, күн жоқ тоңар деп түсінген.

Наурыздың 4-і мен 5-і күндері – Үркердің жамбасқа батуы, жылымық болатын күндер. Ал күн райы күрт өзгеретін, доңыздар ұрпақ беретін, наурыздың 6-8-і күндерін, халықта «Доңыздың толғағы» атаған екен. Наурыздың 8-9-ы күндерін – Үркердің оң жамбасқа түсіп, толқыма өткеннен кейінгі шақты қазақта «Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деп атаған.

Наурыздың 17-21-і аралығындағы  жауын-шашынды күндер – «Бес қонақ».

Есепшілер, бір жылдағы он екі айдың әр айын 30 күннен есепке алғанда, жылдың 12 айына кірмей қалған 5 күнді «бес қонақ» деп атаған.

Шығыс күнтізбесі бойынша, Жаңа жыл, наурыздың 22-сі Самарқанның көк тасы жібитін күннен бастау алатынын білеміз. Яғни, қыс пен жаздың қақ ортасындағы «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» болып тұрып алатын, жауын-шашынды наурыз айының 17-21-і күндері – бес қонақ күндері.   «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсы» осы өлара күндер. Бұл күндерде болатын ықтималды табиғи құбылыстар: ызғырық суық пен жауын-шашын, лайсаңды жердің босауын ескеріп, жолаушы жүрмеген, көшпеген, жиын-той жасамаған, мал сойып, қонақ шақырмаған.

Бесқонақ өте салысымен, ел сәл де болса арқасын кеңге салып, көктемгі шаруаларына кірісіп кетеді.

Міне құрметті оқырман! Табиғат пен адам – егіз ұғым. Табиғатты адамды әлдилер ана десе де болады. Оның тылсым сырын түсініп, аялап, қорғау әркімнің де борышы болуы тиіс. Сіздерге халық аузындағы табиғат таңғажайыптарына байланысты, тәжірибе тезінен өткен тәсілдерді баян етуге тырыстық. Бір жыл ішіндегі болатын табиғи құбылыстарға тән ұлттық ұғымдарды әркім де есінде сақтап, ой елегінен байыптап өткізіп, біліп жүргенінің еш артықтығы болмас дейміз. Мұны өмірге қажеттілік ретінде түсінсек, ұтылмасымыз ақиқат.

  

ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІНДЕГІ ҚҰБЫЛЫСТАРДЫ БАҚЫЛАЙ ОТЫРЫП ТА,  КҮН РАЙЫН БОЛЖАУҒА БОЛАДЫ

Жылдың төрт мезгіліндегі құбылыстарды өлшем ете отырып, біріне-бірін сәйкестендіру арқылы, күн райын болжау мүмкіндігін өмір дәлелдеп отыр. Қыс арқылы көктемді, көктемге қарап, жазды, жаз бен күзді, күзге қарап, қыстың қалай боларын болжауға болады.

Мысалы, қыс қарлы болса, жазда да жауын  мөлшерінің көп боларын күткен. Қыс жылы болып өтсе, жаздың салқын боларын, ал керісінше жаз жайсыз болса, қыс жайдарлы боларын күте бер.

Жазда күн жылы болып, түн салқын болса, шөп жақсы көктемей, қуаңшылыққа алып келуі мүмкін. Ал қыста қар үсті-үстіне жауып, аспан шаңыттап сәулеленіп тұрып алса, қиындықты қарсы алып, одан шығу жолын ойлау керек.

Наурызда қар жаумаса, мамыр жауынды болады.

Көктемде күн күркіреместен, найзағайдың жарқылын көрсең, жаздың жауынсыз құрғақ боларын, ал күн суытып кетсе, жазда жауын-шашынның көп болатынын біле бер.

Жаз айларында күн шамадан тыс шыжып кетсе, алыстан күн күркіресе, кешікпестен жауын жауардың нышаны.

Жаз мезгілінде бұлт қызарып, күн батса, ертеңіне жауын, ал күн сәулесіне тау боянса, ертеңіне күн райында өзгеріс болады.

Көктем ұзаққа созылса, көк жақсы шықпастан, күн салқындайды. Жаз салқын болса, күз уақыты да созылып кетеді. Күз суытса, қыс қатты боларын болжаған жөн. Кейде керісінше де болуы мүмкін.

Қыста қар жапалақтаса, күн жылынуының нышаны.

Қыста тұман түссе, күн жылынуының белгісі. Күндіз күн тымық болып және күн тұман, бұлтты боп батса, ертеңіне күн жақсарады.

Қыстың басында қар көп жауса, алдағы жаздың басында да, күшті жауын жаууын күте беруге болады.

Жазғы жауында аспан көгеріп ашылса, іле тоқтайды.

Жыл мезгілдерінде болған құбылыстар, кезектесіп отырады. Жаздағы жылы жел, қыста үскірік суық болып қайтып келеді.

 

ТОҢАЗЫҒАН АТМОСФЕРАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҚАРАП ТА, КҮН РАЙЫН БОЛЖАЙ АЛАДЫ

Тоңазудың әсерінен болатын атмосфералық құбылыстарға қырау, қылау, шық, шаңыту және кәдімгі қар жатады. Міне, осы құбылыстарға қарап та күн райын болжайды. Мысалы, қылаулай жауған қар ұзаққа созылады. Соған қарап, «қарды қылау өсірер» деген мәтел және «қар белгісі – қылау» деген сөз қалған. Аталарымыз қырау көбейсе, кешікпей қар жауарын білген.

Қар жауып өткеннен кейін қырау мен қылау көбейіп, күн шаңыттанса, күн ашық болып жылына бастайды.

Түнде ауа дымқыл тартып, шықтатса, ертеңіне күн жылы боларының белгісі.

Жерге шық түсті дегенше, кәдімгідей-ақ күн салқын тартып, суытып, күз түскенін біле беруге болады. Шық – ол суық болған көктем мен күздің салқын түндерінде таңертеңгі топырақты дымдап, шөптердің басында мөлдіреп тұратын атмосфералық ылғал – су тамшысы.

Түн суық болғанымен, шық түспесе, ертеңіне күн райы жақсы болады деп күтілген.

Түн қыраулы болса, күндіз жауын жаумайды.

Жерге үрпиген қырау түссе, күн жылынарын біл.

Шық қалың түскен жылдары, шөп те қалың шығады.

Халықтың күн райын болжау салтында, тоңазудан болатын қырау, қылау, шық, шаңыттау сияқты көріністерді жауын-шашын мен қыста жауатын ақ түсті тоңазыған атмосфералық тосапты – қардың белгісі деп білген.

Қардың жауу түріне сай жеке атаулары бар. Олар:

Қылау – сілбілеп, ұшқындап түскен ұлпа қар.

Ақша қар – жаңа жауған таза қар.

Сонар қар – алғаш жауған қалың қар.

Ұлпа қар, күпсек қар – қалың жауған таза қар.

Бір жерлерге жауып, басқа жерлерге жаумай ала түскен қарды, ала қанат қар деген.

Жапалақтаған ірі түйіршікті қар – жапалақ қар.

Қырбақ, қырбық қар – ұшқындап жер бетіне жұқалап қана жаңа жауған қар.

Жылбысқа қар – ери жауған қар.

Қар жерге түскенімен, асты еріп, беті көпіршіген жұмсақ қарды, көбік қар дейді.

Қиыршық қар – жентектелген түйіршік қар.

Күртік қар – жел үріп үйілген, бекіп үлгірмеген, жаяу жүргенде ойылып кететін, беті қатқан қалың қар.

Ұзақ жатқандықтан тапталып, қалған қалың күртік қарды – омбылы қасат қар дейді.

Жаңбыр тамшылары жерге қатты түйіршіктеліп, мұз болып түсіп жатқан болса, ол – мұздақ  болады. Ал сол қар үстіне жауған мұздақтың әсерінен мұзды түйіршікті қарға айналса, оны – сырғанақ қар, немесе мұздақ қар деген.

Ат бауырлайтын, тапталған қалың қар – омбы қар.

Сүрі қар – ерте түсіп ерімей, жатып алып, тозаң мен топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан, нығыз қалыңдаған қар.

Көліктің жүрісіне бөгеу болатын, мызғымай, ұзақ сіресіп жатқан, аяқ бастырмас,  сір қатты қарды, сіреу қар дейді.

Үйме қар – қатты жел мен күшті соққан боранның әсерінен сырғи отырып, тау – төбе болып үйілген қар.

Үрме қар – жел үрлеп, үйіріп әкеп,  сайлау жерлерде жиынтықтаған тығыз қар.

Анжыр – қардың еріп кетуінен соң, жер бетінде аралас жатқан қатқан қарлы мұз.

Қыстың аты – қыс. Қыс жер бетін жауып жатар қарымен көрікті. Қыс болған соң даланың қарлы болып сіресіп жатқаны кімге болса да жақсы көрінері белгілі. Дала қарлы болса, көктемде еріген қардан жерде ылғал мол, құнарлы жер нәрлі болады. Нәрлі жерге шөп те, егін де жақсы шығатынын біліп жүрейік.

 

КҮНГЕ ҚАРАП ТА БОЛЖАЙЫҚ

Күн – қасиетті аспан денесі болып саналады.

Бабалар күн арқылы да, күн райын болжап келген. Мысалы:

Таңертең аспан ашық, күн ақшылтым, сәулесі өте өткір болып келсе, күн райы бұзылмай, күн жақсы боларын білген.

Таңертеңгі күн күндегісінен үлкендеу көрініп, қызыл-күрең өңге боялып, сәулелері жоғары шашырап тұрса, сол жылы жаз жауынды, қыс қарлы болады деп күткен.

Күн шыққанда және батқанда да екі жағынан бірдей тік сәулеленіп, өңді болып көрінсе, кешікпей күн суытады.

Күн батарда әр жерінен шоғырланған сәулелер көрініп, шарбы бұлт тәрізді сәулеленсе, күн райының бұзыларын білген.

Күн күлгінденіп батса, күшті жел болудың белгісі.

Күн шығар алдында бұлыңғыр болса, бұл күні тұмша ыстық болады деп күткен жөн.

Күн батарда күлгін, алтын түсті болып, артынша жасыл-күлгінге айналып батса, ертесіне түн салқын болып, күн жайлы, жауын-шашынның болмайтынын болжаған.

Күн құлақтанар болса, күн суытып, боранды немесе аязды күндер келерін білген.

Күн кешке құлақтанып батса, ертеңіне күн райы жақсармақ.

Күн батар кезде, аспан бұлтты болғанмен де, аспанның оң жағы бұлтсыз болса, күн бәрібір ашық боларын тұспалдаған.

Күн қызарып батса, ертеңіне аспан ашық, жайлы күн болады.

Күн бұлттың ар жағына барып қызарып батса, жазда жауын жауып, қыста боран соғарының белгісіне балаған.

Күн батарда, бұлттар бытыраса, түнде жауын жаумақ.

Күн үш күн бойы қорланып көрінсе, жел күшейіп, аспан түнеріп, жауын-шашын боларын, қыста қар боларын күткен.

Қорланған сәуле шеңбері азайса, кешікпей жауын жауарын, үлкейсе, жауын кешеуілдеп сейілерін білген.

Күн батарда көкжиектен қызыл шапақ атып, ашық болса, күн райы жылы боларын білген.

Күн көзі мұнартып шықса, ыстық көтерілерін күткен.

Күн қызыл шапаққа оранып батса, ертесіне ыстық боларын болжаған.

 

Нұрмахан ТІЛЕГЕНОВ,  Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Бөлісу: