Талдықорғандағы тұрғындар саны 200 мыңға жетті – А. Баталов

3

Биыл Алматы облысы орталығының Талдықорған қаласына көшірілгеніне 20 жыл, деп хабарлайды Дәстүр тілшісі.

2001 жылы 22 қыркүйек күні облыс әкімінің аппараты және басқа да құрылымдар Алматыдан Талдықорғанға ауысты. Атаулы датаға орай Талдықорған қаласында облыс орталығының Талдықорғанға көшірілгеніне 20 жыл толуына орай мерекелелік шаралар өтті.

Қала орталығында Бекен Римова атындағы драма театрының сахнасында облыс әкімі Амандық Баталов құттықтау тілегін білдірді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық өміріне белсене қатысқан бірқатар азаматтарға «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Көпшілікке арнайы фильм көрсетіліп, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілгеннен бергі 20 жылдағы тарих, мұрағаттық фото және бейне кадрлар көрермен назарына ұсынылды.

Бүгінде Жетісудың бас қаласы бірнеше шағын аудан, жаңа ғимараттар бой көтеріп, экономикалық-әлеуметтік жағынан көш ілгері дамып келе жатқан қалалар қатарына қосылды.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі: «Талдықорған өзінің түрлі даму кезеңдерінде өз мәртебесін бірнеше мәрте өзгертті. Соның ішінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың облыс орталығын көшіру туралы 2001 жылғы 14 сәуірдегі Жарлығы тарихи шешім болды. Жарлық шыққаннан кейін 5 ай өткенде 22 қыркүйекте ресми делегация қалаға көшіп келді. Осы тағдыршешті Жарлық қаланың өмірін жаңа арнаға бағыттады. Географиялық жағынан қолайлы орналасуы, жайлы экологиясы және дамыған инфрақұрылымы Талдықорғанды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Қазақстандағы өмір сүруге қолайлы қалалардың біріне айналдырды. Бүгінгі күні Талдықорғандағы тұрғындар саны 200 мыңға жетті. Біздің қала ең алдымен өздеріңізбен мақтанады, қымбаты талдықорғандықтар! Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз, сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз Талдықорғанның тартымдылығын одан әрі айшықтай түсті. Жаңа құрылыстар көбейіп, көшелер мен аулалар абаттандырылуда, саябақтар мен скверлер салынып, инфрақұрылым жақсартылуда, жаңа маңызды нысандар бой көтеріп, қала күннен күнге ұлғайып келеді. Осы 20 жыл ішінде қаланың аумағы 4 есеге кеңейтілген».

2001 жылы Талдықорған тұрғындарының саны 90 мыңның төңірегінде болатын. 20 жылда 200 мыңға жуықтады. Облыс орталығында жыл сайын көпқабатты үйлер бой көтеріп, жүздеген отбасы баспаналы болуда.

Салтанатты жиын соңында қазақстандық эстрада әншісі Мадина Садуақасова, «Славян базары» халықаралық конкурсының жеңімпазы Рухия Байдүкенова, өңірдегі өнер ұжымдары қатысқан мерекелік концерт ұсынылды.

Осы күні Көрме кешенінде Талдықорғанның мерейлі датасына байланысты 21 суретші мен фотографтың 60-тан астам фотосуреті қойылған көрме қойылды. Сол сияқты Талдықорған қаласының бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспары көрсетілді. Амандық Баталов жиналғандарға облыс орталығының сәулеттік келбетінің ерекшелігі, алдағы даму жоспарлары туралы айтып берді.

Алтынбек Бекнұр

Бөлісу: