Тараздықтар «Елбасы жылуы» қайырымдық көмекке қол жеткізді

7
Фото ашық дереккөздерден алынды

Елімізде «Елбасы жылуы» қайырымдылық шарасының екінші кезеңі басталды. Іс-шара Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл ұйымдастырылған болатын. Ондағы мақсат тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға, сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететіндерге қолдау көрсету. Бұл кезекте көмекке қол жеткізгендер қатарында Жамбыл облысындағы мұқтаж жандар да бар. Оларға азық-түлік пен тұтыну тауарлары үлестірілді. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

«Елбасы жылуы» шарасы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолы еліміздегі бес аймақтың тұрмысы төмен тұрғындарына 120 тоннадан астам тауар дайындалған. Әр отбасы 130 келіге дейін азық-түліі пен басқа да керек-жарақтар алады. Қайырымдылық себетінің ішінде ұн, картоп, жемістер, күріш, қарақұмық, шәй, қант, май мен гигиеналық заттар бар.

НИКОЛАЙ ЧАГАЙ, ЕРІКТІЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: «Алдын-ала аз қамтылған отбасылар анықталып, тізімі жасалды. Шын мұқтаж жандарға беруді барынша назарға алдық. Бүгін міне жүк келді, қазірден бастап үйлестіріп жатырмыз. Бұл іске еріктілермен қатар жастар, қоғам белсенділері тартылған».

Елбасы жылуын жамбылдық 200 отбасы алды. Олардың осындай қиын кезеңде қайырымдылықпен қарайласқан бұл бастамаға алғыстан басқа айтарлары жоқ.

ГҮЛНӘЗ АЛМАНОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҮРҒЫНЫ: «Алғысым шексіз! Бірінші естігенімде тіпті көзіме жас алдым, осынша көмек болған емес негізі. Маған мұндай көмек берілген емес, бірінші рет алып тұрмын».

Тілші: Жыл басында бұл бастама аясында Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарынан 681 отбасы көмек алды. Бұл жолғы көмек Тараз, Талдықорған, Орал қалаларында, сондай-ақ, Алматы және Ақмола облыстарында тұратын мың отбасын қамтитын болады.

Тағы да оқыңыздар: Домбыра – дастан

Бөлісу: