Тарихи-тәрбиелік маңызы зор

Тарихи-тәрбиелік маңызы зор

10.01.2020 0 By Алтынбек

«Egemen Qazaqstan» газетінен еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты аса бір көлемді, терең мақаласын оқып шықтым. Оқып шықтым да Абай турасындағы ой тереңіне үңілдім.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған хал­қымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қаза­ғын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», деп жазған еді. 

Кейінгі кезде ел басындағы азаматтар руханиятқа ерекше көңіл бөле бастады. Ол да жақ­сылықтың нышаны. Сондықтан Елбасының «Ұлы даланың же­ті қыры» және Мемлекет басшы­сы­ның бүгін біз жаппай оқып жатқан «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақалалары рухани өміріміздегі елеулі құбылыстар деп бағалаймын.

Президентіміз бұл мақа­ласында Абайды әлемдік дең­гейдегі ұлы қайраткер, ұлттық болмысымыздың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры, әлемдік мәдениеттің тау тұлғасы ретінде бағалап, Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін де көкейкестілігі, Абай шығармаларынан алатын тағылым жөнінде де терең ой бөліседі. Қалың елді, ұлтты Абайша сүюге шақырады. Өз тіліңді де, өзге тілді де терең білу керектігіне тоқталады. Еге­мен­дігімізді нығайтуға, мемле­кет­тігімізді сыйлауға, елдің бір­лігін сақтауға, заңның үстем­дігін қамтамасыз етуге, әді­лет­ті қоғам орнатуға, халық­тың үніне құлақ түріп отыруға, адам­ды мәртебесіне қарап емес, еңбе­гіне қарап бағалауға, тату­лық пен бірлікті берік сақтауға ерек­ше мән береді. Мақаланың ерекшелігі де осында.

Президент Абайды өз зама­н­ындағы іскерліктің ұйытқысы, ең­бек­қорлықтың мотиваторы ретін­де, қазақ топырағынан шық­қан әлемдік деңгейдегі кемең­гер ретінде таниды. Абайдың мол­шылдық болмысына, терең философиясына, қазақ мәдениетіндегі орнына айрықша тоқталып өтеді.

Келешекте қоғамның көшін бастайтын жастарға да мақалада ерекше мән береді. Иә, расында да, кейінгі кезде билікке, биліктегі басшылыққа жаңа буын жастар келе бастады. Мұны мен өз басым дұрыс процесс деп есептеймін. Дей тұрғанмен, солардың өзі халқын сүйетіндер, мемлекеттің мүддесін көздейтіндер, ұлтының тілін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін жетік білетіндер, бағалай алатындар болса екен деп тілейміз. Айтып-айтпай не керек, осы күні телеарналарда, сахналарда қаулап-шулап жатқан шоу­лар, арзан күлкілер, құнсыз әндер, оның түкке тұрмайтын сөз­дері етек ала бастады. Клас­-
сикалық туынды­лар, халық ән­дері, халқымыз қадір­леген компо­зиторлардың шығар­малары аз насихатталатын болды. Эк­ранда «жұлдыз­дар» қаптады. Көк­тегі жұлдыз­дар жерге түс­ті. Қай­сысы жұл­дыз екенін біле алмай қалдық. Ғалымдар, жазу­шы­лар жайын­дағы салиқалы әңгіме­лер азайып барады. Бала тәрбие­сі де, оқу-білімнің сапасы да тө­мендеп кетті. Баланы әлди­лей­тін, тәрбиелейтін аналардың жұ­мыс­тан қолы босамайтын бол­ды. Қызылтанаулап күн шық­пай жұмысқа кетеді, күн бата келеді. Бала тәрбиесі кенжелеп бара­ды. Бұл келешекте біздің қоға­мымызда үлкен мәселелерге айналуы мүмкін деп уайымдаймын.   

Мақалада Абайдың 175 жыл­ды­ғын тойлаудың нақты шара­лары да белгіленген. Мен қат­ты қуандым осыған. Биік деңгей­де халықаралық конференция өткізіледі, Абайдың туған то­пыра­ғын­да бірқатар шара атқа­ры­лады. Абайдың аталары, жа­қын­дары жатқан қорым абаттан­ды­­рылады. Жидебайда «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салынады.

Абайды қалай мақтасақ та, қалай мақтансақ та соған лайық қайраткер. Шын мәнінде Абай – өзінің атасынан кемеңгер, анасынан дана болып, еліне пана болып жаратылған, өз заманынан озық туған ғұлама. Халқының мұңшысы, ұлы ақыны. Қазақ үшін дертті болған, сол дерттен айыға алмай, жан-жарасы жазылмай кеткен кеудесі қайғы мен қасіретке толған қазақ тарихындағы ең трагедиялық тұлға. Өз ұлтын өркендеген өнегелі елдердің қатарында көруді көксеген ойшыл еді. Қазақ қоғамы, оның болмысы мен келешегі туралы соншама терең толғанған, ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған, елі үшін күйіп-піскен, азапқа да түскен, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып, бүкпесіз ашық айтқан Абайдан асқан тірі пенде болған жоқ. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегенді Абай жасы жетіп, қартайғандығынан айтқан жоқ еді. Абайды жасына жетпей қартайтқан да сол қазақ, оның қылығы болатын.

Заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бәрібір түбінде қазақ халқы Абайға жүгінеді. Оның өсиетіне, аталы сөзіне келіп тоқтайды. Президентіміздің мақаласын оқығаннан кейін осындай ойға келдім. Сондықтан бұл мақаланың тарихи да, тәрбиелік маңызы да өте зор.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу: