Тарихы терең, тағылымы ерен көне шаһар

158

 Қазақ тарихында көне қалалардың бірі – Шымкент қаласының тарихы тереңде жатқандығына материалдық деректер айғақ бола алады. 2018 жылдың маусым айынан Қазақстан Рсепубликасының Тұңғыш Президентінің жарлығымен республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған, екі мың жылдан аса тарихы бар Шымкент шаһарының тарихы өзекті тақырып. Шымкент атауының шығу тегі мен қаланың орналасу жағдайы туралы мәліметтер қай қайсымызды болсын қызықтырады.

ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен миллионды шаһарға айналып, республикалық дербес қала мәртебесін алған Шымкент бүгінде ажары айшықталып, экономикалық әлеуеті нығайып, келбеті күн санап көріктеніп келеді.

2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған шаһардың тарихын білу, зерттеп-зерделеудің өзектілігі маңызды.

Мың жыл бұрын Иерусалимде дүниеге келіп, мұсылман елдерінің көпшілігін аралап шыққан ұлы араб географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Мақдиси ежелгі Испиджаб (қазіргі Шымкент) аймағы жайлы былай деп жазған: «Испиджаб аймағы Мәуереннахрдың (бұл жерде Оңтүстік Қазақстан) орта тұсында орналасқан. Оның Құрлұқ, Жұмышлағу, Арсубаникет, Бараб, Шабғар, Сауран, Тұрар, Зерах, Шағылжан, Баладж, Барукет, Бұрұқ, Яғанкент, Азақкент, Дех Нуджикет, Тараз, Балу, Жікіл, Барысхан, Атлах, Жамукат, Шелжі, Көл, Сұс, Тақабкет, Дех Науи, Құлан, Мирки, Нушкет, Лакра, Жамұқ,Урду, Науакет, Баласағұн, Лабан, Шүй, Абалық, Маданкет, Барсиан, Балық, Жарқан, Яқ, Яқалық, Рауанжам, Қатақ, Шұр, Чашма, Діл, Ауас, Жаркент қалалары бар. Ал бас қаласы – Испиджаб» [1, 11-б.].

1425 жылы жазылған Шараф-ад-дин Али Иаздидің «Зафар-нама» шығармасында «Шымкент» атауы Сайрам маңындағы қыстақ ретінде айтылады. Шымкент қаласынан шығысқа қарай 12 шақырым жерде ну бау-бақшаға оранған Сайрам кенті орналасқан. Көшелерінде жағалай тізіліп бой түзеп тұрған терек ағаштары. Ал айналасы – жайқалған мақта плантациясы мен бидай алқаптары.

Сегіз-он ғасыр бұрын Сайрамның ірі өңір болғанын көп адам біле бермейді. Ол қолөнершілер мекені, егіншілер ауылы және ондаған қалалары бар орталық болған. Қаланың құдіреті артып, астана болып күшейіп тұрған кезінде бұл өңірге Тараз, Отырар, Сауран, Түркістан секілді ірі қалалар кірген еді.

Бірнеше жүз жылдар бұрын өткен сол бір заманда Сайрамның атауыбасқаша аталған. Ол кездегі аты – Испиджаб.

Испиджаб – тамаша шекаралық бекініс. Айнала дуалмен қоршалған рабаттың ішінде ешкім тұрмайтын ішкі қамал – цитадель бар. Бұл жердің тұрғындары егін шықпай қалу дегенді білмейді. Жемістері үлкен болмағанымен шырынды әрі тәтті. Қала таза, бұл жердегі өмір жағымды», – деп географ әл-Мақдиси өз еңбегінде Испиджабтың үлкен қала екенін атап өтеді.

Минарет. Сайрам. ХІХ ғ.

Якут өзінің энциклопедиялық сөздігінде Испиджаб жайлы тереңірек сипаттама берген: «Испиджаб – Мәуереннахрдың Түркістанмен шекаралас жатқан жеріндегі үлкен де басты қаланың атауы. Басқа да қалалар секілді оның жері кең, елді мекендері көп. Ол – гүлденіп келе жатқан жайлы жер. Ағашы көп, жері құнарлы, бау-бақшасы жайқалған сулы өлке. Хорасанда да, Мәуереннаһрда да салық төлемейтін қала жоқ, тек Испиджабтың ғана салық төлемеуге құқы бар, өйткені ол – үлкен шекаралық бекініс.Сол себепті тұрғындар қару сатып алсын деп салықтан босатылған еді».

Жоғарыда айтылғанға қарағанда, Испиджабтың дамуы бәрінен бұрын өзінің құнарлы Бадам жеріндегі қолайлы орналасуы мен сауда жолдарының нағыз қиылысында тұрғандығынан. Сауда жолдары бұл жерде бірі Тараз арқылы Шығыс Түркістанға, екіншісі – Арыс өзенін бойлай, одан әрі Отырарға, Сыр бойының қалаларына бағыт алады. Үшінші жол – солтүстікке, Баба-Ата, Құмкент, Созаққа апарады.

Х-ХІІ ғасырларда Испиджаб Сайрам деп аталған. Махмұд Қашқари өз шығармасында былай жазған: «Сайрам – ақ қаланың (әл-Мәдина әл-Байда) атауы. Оны Сарьям деп те айтады».

1214 жылы Сайрамды Тараз қаласы секілді ірі империяның билеушісі Мұхаммед Хорезмшах тас-талқанын шығарып қиратқан [1,147-150 бб].

Ол Мәуереннахрды жаулап алып, қарахандар патшалығын жойды.

1684 жылы Сайрамды жоңғарлар басып кіріп, талқандады. Екінші рет 1723 жылы жаулап алды. Дегенмен, Испиджаб жеріндегі (Сайрамдағы) өмір әлі де жалғасын тапты. Өкінішке орай, жаңа құрылыс салдарынан ортағасырдағы қаланың материалдық мәдениеті егжей-тегжейлі зерттелмеген.  [2,114 б.].

Георгаф Ибн Хаукаль: Испиджаб (Сайрам) Бинкетпен пара пар қаланың бірі [3,38 б.].

Жазбаша деректер мен археологиялық ескерткіштер ортағасырларда Оңтүстік Қазақстанда қалалық мәдениет болған. Испиджаб аумағының қалаларының инфрақұрылымы жоғары, пошталық байланыс, Шығыс және Батыс елдерімен сауда қарым-қатынастары дамыған. Испиджаб жерінде түркілер мен соғды тайпалары қоныстанған. Олар көшпелі және отырықшы мәдениеттің орны болып табылған. Бұған М.Қашқари жазбаларындағы: «Испиджаб тұрғындары түркі тілімен қатар соғды тілінде сөйлеген» деген жазбасы дәлел.

Өз кезегінде Испиджаб түрлі діни наным-сенімдердің, атап айтқанда,  ислам, зоорастризм, несториандық діндер тоғысқан ірі мегаполис болған [4, 92 б.].

             Шымкент қалашығы

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы болып табылған Шымкент қаласының тарихы мыңжылдықты қамтиды. Шаһардың көне тарихына тас дәуірі тұсында жасалынған археологиялық артефактілер дәлел бола алады.

Қола дәуірінде шаһардың тау етегі аймағына халық тығыз қоныстанды. Ғалымдардың айтуынша, олардың мәдениеті андронов мәдениеті деп аталынды. Бұлар өзендер жағалауларында қоныстанып, мал шаруашылығымен айналысты. Андроновтықтар астық егумен қатар, мүйізді малдар, түйе, қой, жылқы өсірумен шұғылданды. Метал балқыту ісі мен қола өңдеу жоғары дәрежеде дамыды.

Шымкент шаһарының мәдени өміріндегі келесі кезеңі көптеген қоныстар мен қорғандар қалдырған сақ тайпаларымен байланысты. Шымкент қаласы орнынан сақ тайпаларының қару-жарақтары табылған. Атап айтқанда, қазіргі қаланы салу құрылыстары кезінде табылған қоладан жасалынған акинак қанжар.

Шымкент территориясында және қалаға жақын маңайдан бірнеше қоныстар белгілі, бұл қоныстардың көбі жаңа құрылыс кезінде бұзылған, нақты айтқанда, бұрынғы автобекет аймағына қатысты. Басқа қоныстар ғалымдардың зерттеуінде және өткен күннің негізгі деректері ретінде мемлекет қорғауында.

Олардың ішінде Шымкент фосфор зауытына жақын маңда орналасқан Қаратөбе қонысы.

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі Шымкент территориясында қаланың орташа өлшеміндей Хурлуг орналасқан деген пікір бар.  Бұған дәлел археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған суару керамикасы мен ХІ-ХІІ ғасырларға тиесілі мыс үккіштің табылуы. Шымкенттің бұрынғы атауы Нуджикент немесе Хурлуг деп аталуын көпшілік ғалымдар құптап отыр.  Шымкент тарихы туралы алғашқы деректердің бірі ретінде танылған Шараф ад-диннің «Зафар-наме» еңбегінде ХIV ғ. Қатысты Темірдің әскери жорықтарын баяндауда Шымкент шамамен Сайрам қаласы маңындағы мекен екенін айтып өтеді.

Х-ХІІ ғғ. Шымкентте  рабаттар немесе қолөнер сауда орындары  кеңейіп, Қошқар Ата өзені бойына созылды.

Шымкент қаласының қамалы

 

Түркістан өлкесінің зерттеушісі А.Добросмыслов 1912 жылғы өзінің «Сырдария облыстары» атты кітабында сауалнамалық мәліметтер мен этнографиялық зерттеулерге сүйене отырып,  Шымкент қаласы ХІІ ғасырда өмір сүрген деген тұжырым жасайды.

Қазіргі ғалымдардың зерттеуі мен археологиялық ашылулар нәтижесінде қала Х ғасырда Нуджикент деп танылған. Бұл жөнінде араб тарихшысы Ибн Хаукаль шығармасында 977 ж. Испиджаб-Сайрам қақпалары жайында айтқанда «Нуджакент қақпасы» деп те атап өтеді.

Ал аль-Макдисидің 985 ж. дерегінде   «Испиджаб округіндегі қалалар арасынан  «Хурлуг» және «дех Нуджикент» делінеді.

Ғалымдар Шымкент сөзінің шығу тарихын түрлі тарихи деректерде әрқалай айтады: бау-бақшалы қала», «жасыл қала», Шыммен қоршалған қала».

Шымкент түркінің «Шым» / «Чим» және иранның «Кент» (кенд, канд) – қала, мекен деген мағына беріледі.

Ал басқа түсіндірмеде қала атауы соғдылық (ирандық) «чиминь-чемень», яғни «шалғын», «гүлденген алқап» немесе «кент» сөздігін қосқанда – «жасыл қала» дегенге саяды.

Ресейдің этнограф-саяхатшысы Филипп Михаилович Назаров Қоқан хандығына барар жолда Шымкент қаласы туралы: «Қала биік жерде тұрғызылып, биік қабырғаның төбесіне қоршалған.  Бадам өзені жағынан  бір жылқы ізімен ғана қалаға кіруге мүмкіндік бар. Су қалаға қабырғада жасалған терезелер арқылы ағып жатыр, диірмендер салынған. Үйлер күйдірілген кірпіштен соғылған, қытай үйлеріне ұқсас терезелері жоқ.

Цитадель территориясындағы қазба жұмыстары нәтижесінде екі құрылыс қабаты ашылды: ХІХ және ХVII-XVIII ғғ. [5, 29-33 б.].

Шымкент шаһары тарихына үңілгенде сол халықаралық сауда жолдарының негізгі тармақтары біздің өңір арқылы өткенін ескеру керек.

Шымкент қаласы Тянь-Шань тауының Сайрам шыңы мен Қазығұрт, Қаратау тауларының кіндігінде орналасқан. Ал ғылымда бұл аумақ ежелден адамзаттың ерте қоныстарының бірінен соң бірі табылып келе жатқан киелі мекендер қатарынан саналады. Бұл өлкенің тарихы ғылыми тұрғыдан кешенді зерттеу нысаны әлі бола қойған жоқ. Ғылымның дамуына біршама көңіл бөлінген ХІХ-XX ғғ. саяси билік өзіне керекті мәселелер төңірегінде ғана сөз қозғап, халықтың осы аумаққа байланысты тарихи жадын өшіру үшін ескілікті тарихи санамен сабақтастырар фольклорлық материалдар мен сирек болса да қолда бар жазба деректерді көзден тасалау ұстаған.

Халықтың тарихи жады сақталған фольклоры мен жазба деректерде аталған аумақ туралы деректер баршылық. Мысалы, Шымкент тарихын көне Сайрам, Самарқан, Бұқара, Отырар, Яссы сияқты ірі қалалардан бөліп қарай алмаймыз. Олардың гүлденуі жоғарыда айтылған халықаралық сауда жолдарымен тығыз байланысты болған. Халық жадында сақталған Нұқ пайғамбардан соңғы адамзаттық өркениеттің алғашқы ошағы осы Қазығұрт аумағынан таралғаны туралы аңыздардың ұлттық рухты көтеруде халқымызға бергені мол болған және берері де аз емес. Өйткені, Сайрам қаласын Нұқ пайғамбардан кейінгі алғашқы қала ретінде танитын халық аңыздары мен «Авеста» сияқты кітаптарда осы өлкенің ескерілуін тегін дүние деп қарай алмаймыз. Міне, осы тұрғыдан алғанда ЮНЕСКО шеңберінде өзінің 2000 жылдығын атап өткен Самарқан қаласының кірпіштері мен керамикаларымен ұқсас археологиялық айғақ заттарға сүйеніп, Шымкенттің жасының жиырма ғасырдан асатынын айтқан археологтар, т.ғ.д., профессорлары К.Байпақов пен Б.Байтанаевтардың зерттеулері әлемдік ғалымдардың қолдауына ие болып отыр.

 

Самарқан бір кездері Афрасиаб, Семізкенд сияқты атаулармен белгілі болса, Шымкенттің атауы да өзінің осы атауын иемденгенге дейін бірнеше өзге атаулармен, мысалы Нуджикент деп ғалымдар атап жүргендей немесе тіпті Сайрам өлкесінде орналасқандықтан сол қаланың тарихи атауларының біріне ие болып жүруі де мүмкін ғой. Ал оны анықтау үшін кешенді ғылыми зерттеулер керек. Қытай деректері мен шығыстық жазбаларды ақтаратын өлкетанушы мамандар керек. Басқасын айтпағанда, кешегі орыс отарлаушылары бұл қаланың атын генерал Черняев құрметіне өзгертіп, тек Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен 1921 жылы Черняев аты өшіріліп, Шымкент қаласы өз атын қайта иемденгенін де көпшілік біле бермейді. Белгілісі, жазба деректерде қаланың аты тұңғыш рет 1425 жылы аталады. Шараф ад-Дин Али-Йаздидің «Зафар-наме» атты кітабында Ақсақ Темір 1366 жылы Ташкенттен Сайрамға барар жолда өзінің жүк тиелген арбаларын Шымкент елдімекенінен тапқаны жөніндегі жазбаларына сүйеніп қала тарихын бастаудың өзі де қосымша зерттеуді қажет етеді. Өйткені, орыс деректерінде Шымкент қаласының аты Чимин түрінде кездесетінін айтып келе жатқан өлкетанушылар да бар [6].

Шымкент – республикадағы маңызы бар ең көне қалалардың бірі. Қала маңынан неолит дәуірі, қола дәуіріне қатысты б.э.д. 2 мың жыл бұрынғы бұйымдар табылған. Қала Бадам және Қошқарата өзендерінің сағасында орналасқан. Қаланың орналасу жағдайы өмір сүруге қолайлы жағдай туғызады: тау бөктеріндегі аймақта, өзен суларымен қоршалған, егін және мал шаруашылығы дамыған, жүзім шаруашылығы жолға қойылған. Жол керуендері  Оңтүстік Қазақстанды Орта Азия, Орта және Таяу шығыс елдеріме, Түркістан, Қытай елдерімен, ұлы даланың көшпенділерімен байланыстырып отырды.

 

                   «Ескі» қала    

Шымкент қалашығының мәдени қабаттарының қуаты 14 метрді құрады. Онда Ұлы Жібек жолы  бойынан транзиттік сауда қатынастарындағы керамика және басқа да материалдардан жасалынған заттар табылған. Қала маңынан неолит дәуіріне қатысты бұйымдар мен қола дәуірінің ыдыстарының қалдықтары табылды.

Ежелгі Шымкент қалашығы өзінің тарихи ядросын, яғни қамалын сақтаған. Қамал қазіргі Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде жоғарғы төбеде орналасқан.  Солтүстік жақтан Қошқар Ата өзені белесі қоршалған.

Өзеннің суы мөлдір таза, қысы да, жазы да температурасы 11 градусты көрсетеді. Қошқар Ата өзеніне шомылған адам Шымкент қаласының байырғы тұрғындары ата-бабаларынан естіген аңызға сүйенсек, әулие Қошқар Ата ақсақал өмір сүріпті.  Өзеннің жоғарғы бөктерінен бірнеше шақырым жерде ақсақалдың қабірі жатыр.

ХІІІ ғасырдың басында Шымкент территориясы Хорезмшах мемлекеті құрамында еді.

ХІV ғасырдың орта шенінде Шымкент Чемегень (немесе Чимин) деген атаумен Сайрам қонысының маңайында белгілі болған.

ХV ғасырдың бас кезінде Шымкент ойрат тайпаларының шапқыншылығына ұшырайды.

ХVІ ғ. бастап қала Ташкент билеушісінің, ал бірде Қазақ хандығының қолына өтіп отырған. Ол кездегі Шымкент туралы жазбаша мәліметтер жоқтың қасы. Қала VIII ғасырдан ұлғая бастаған. Исфиджаб (Сайрам) қаласының қолындағы әкімшілік міндеттер бірте-бірте Шымкентке өте бастады.

1735 жылғы орыс жазбасында Шымкент ұлы жүз хандарына қарасты қала ретінде келтіріледі. ХVІ ғасырда Шымкент қазақ ханы Қасымның билігіне көшеді. Одан кейін Ташкент әміршісі Баба-Султанның, кейіннен Бұхар ханы Абуаллах үстемдік етті.

Шымкент 1597-98 жж. Тәуекел хан тұсында Қазақ хандығы билігінде болды.

1681-85 жж. қала талқандалып, Сайрам және оның қамалдары қоршауға алынды. 1720 жылы Шымкентті жоңғарлар шабуыл жасады.

XVIII ғ. 90 жылдары ташкенттік бек Жүніс Қожа Шымкентті қол астына алды.

1810-1864 жж. Қоқан иелігіне көшті.

Жергілікті қала халқы бірнеше рет қоқандықтардың үстемдігінен азат болуға талпыныс жасады. Әсіресе, ең ірі көтеріліс 1821 жылы орын алды. 12 мыңға жуық адамнан құралған көтеріліске Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулие Ата қазақтары қатысты. Бірақ көтеріліс басып-жанышталды.

1858 жылы Оңтүстік Қазақстанда 20 мыңнан астам халық қатысқан көтеріліс болды. Осы жылдың аяғында көтеріліс нәтижесіз аяқталды.

XVIII-ХІХ ғғ. (1800-1809 жж.) Қоқан ханы Әлім Оңтүстік Қазақстан территориясына әскери лагерь құрды.

Тек 1850 жылы ғана қазақтар қоқан әскерін ашық даладан ысырып тастады. Бірақ, Шымкентке бекінген жауды ала алмады. Бекініс мықты болатын.

Оңтүстік өңірі ол заманда бай еді. Жылына қоқандықтар 80 мың күміс ақшаны салық ретінде жинап отыратын. Бұған қоса әр рудан жылына 8-10 мың қой алып келген.

1864 жылдың 22 шілдесінде Шымкентке алғаш рет орыс әскері келді. Орыс әскері қоқан әскеріне қарсы соғысты. Жергілікті қазақ рулары орыс халқымен бірге жауға қарсы шықты. Алғашқы шабуыл сәтсіз ақталды. Содан кейін күзде 19 қыркүйекте қайта шабуыл жасалды. Орыс әскері зеңбірекпен оқ жаудырды. Бұл кезде қоқан әскері де қарсы беттен траншея қазып, өз зеңбіректерін орнатқан еді. Олар да қарсы оқ жаудырды. Соғыс ұзаққа бармады. Орыс әскері Шымкентке басып кірді. Орыс әскерінің Шымкентті алуы әлемде үлкен резонанс тудырды. Еуропа қалалары мұны қызу талқылап жатты. Себебі Шымкент – бүкіл Орта Азияға жол бастайтын қақпа еді [7, 23-32-бб.].

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қаланың тарихы тереңде. Дегенмен де, көне шаһардың тарихы жөніндегі нақты деректер мен археологиялық қазба жәдігерлерді жинақтап, саралап, әлі де зерделеп, елiмiздiң өркениеттi мемлекеттердiң iзбасары екенiн дәлелдеу жолында атқарылар жұмыстар жетерлік.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Байпаков К. Қазақстанның ежелгі қалалары. Алматы. – 2005. – 316 б.
  2. Акишев К.А., К.М. Байпаков. Вопросы археологии Казахстана.– Алматы. – 1979 г.
  3. Байпаков К. Великий Шелковый путь (на территории Казахстана). – Алматы. – 2007 г.
  4. Байтанаев Б. Древний Испиджаб. – Шымкент. – 2003 г.
  5. Байпаков К., Азимхан А. Все дороги ведут в Туркестан: Туркестан. Памятники. Персоны. Очерки археологии и духовной культуры Южного Казахстана. – Алматы, 2013. – 234 с.
  6. Анарбаев Қ. «Шымкент келбеті» // Тарихы терең Шымкент өркениеттің үлкен ошағы болған. – 18 тамыз 2017 жыл.
  7. А.Кипчакбаев, В.Сериков, Т.Тулеметов. Шымкент. «Историко-информационный фотоальбом. – Шымкент, 2009. – 174 с.

Оралова Ақнұр Амангелдіқызы,

Тарих ғылымының магистрі

Бөлісу: