Театр тамыршысы

1

(Қазақ театр тарихының сарабдал сыншысы – Әшірбек Сығай туралы естелік-эссе)

 Әшірбекті еске алсам болды, бірден ойыма театр оралады. Балаларын бөле қарамайтын ата-аналар секілді, Әшірбек театр атаулыны алаламай, бәріне бірдей қарауға ниет ететін. Әрине, баланың бұзығы да, қызығы да, шыжығы да бар емес пе? Әйтсе де, өз баласын өзекке кім тебеді, айналып келгенде, айналып-толғанып бауырына баспай ма? Ендеше, Әшірбек те әр театрға сүйінішпен, үмітпен қарап, үнемі үкілеп, баптап отыратын. Ал, ұнамаған жері болса, ұтырым тауып, ұрысып, қатал әкедей қаһарлы үкім айтатын кездері де болатын.

Ол, алдымен драманың тамырынан ұстап, ұзаққа баратын шығарма ма, жоқ әлде, бір-екі қойылымнан аспайтын, көрермен көңіліне жақпайтын көкейжасық дүние ме, бірден білетін. Осы орайда, ол театрдың тамырын ұстап, тап басып дертін табатын елшісіндей көрінетін. Драманы оқып отырып, ол – әр бейненің қай әртіске лайық екенін сезіп-біліп, бағамдап қоятын. Өйткені, Қазақстанда қанша театр бар, ондағы әрбір әртістің қимылы мен іс-әрекетін, ойнау қабілетін, білік-білімін, талант-тәжірибесін бес саусақтай білетін. Артынан, қойылымды көріп отырып, діттеген жерінен шықса, «Міне, бұл мықты драманың құдіреті!» деп қадап айтатын.

«Театр киім ілгіштен басталады» деген бір тәмсіл бар ғой. Әшірбек театрдың еден жуушыларынан бастап, орындықта көсіліп отырған «көсеміне» дейін сын көзбен қарап, көкесіндей көңіл бөліп жүретін.

Ал, Әшірбектің әртістер туралы ұғымы мен талғамы мүлде бөлек болатын. Ол әртістерге бәз біреулердей, тек «рөлді орындаушы» деп қарамай, оның тұтас адами бітім-болмысына мән беретін, олардың сөз саптаған дауыс-мақамына, қимыл-қозғалысына дейін жай көрермен емес, нағыз сыншы ретінде баға беретін. Ол, осы орайда, аламан ат жарысы – ұлы бәйгеде жарысқа шыққалы тұрған жүйріктерді сынайтын – бәріміз білетін – Күреңбай сыншыдай көрінетін. Күреңбай сыншы Құлагерді көріп, Ақанға:

– Осы жолы ұлы додаға қоспай-ақ қойсаң қайтеді, жарықтық тұлпар, жан-жағына қарап, тітіркеніп тұр екен! – деген де бір әңгіме бар емес пе? Сол сияқты, Әшірбек те, театрдың тамыршысы секілді қай әртістің қай деңгейде, қандай рөлге лайық екенін, тіпті, ұзаққа шабар жолындағы жетістіктері мен кедергілеріне дейін  күн ілгері болжап отырған сәттерінен куә болғаным бар.

– Асанәліден асқан әртіс жоқ! – деп отыратын, жарықтық. Талантын танып біле отыра, мақтауға қимайтын кейбір әріптестің Әшірбек айтқан сөзге уәж айта алмайтыны белгілі ғой. Әшірбек тек өз пікірін ғана пайымдамайды, ол халықтың көңілінен шығатын сөздерді айтады.

Әсіресе, қос Әнуар (Молдабеков, Боранбаев) туралы сөз саптағанда тіпті кең көсіліп кететін, өйткені, қос Әнуардың да өнердегі орнын, ерекшелігін, талант қарымын тап басып айта алатын кісінің бірі де, бірегейі де Әшірбек емес пе? Екеуінің де театрдағы, кинодағы, тіршіліктегі адамгершілік қасиеттеріне дейін қастерлеп, әспеттеп айтатын. «Әспеттеп» демекші, бірде Әспетова (Гүлжан) туралы толғанып кетсін, сөйлей келе, оның өз тұрғыластарының алдыңғы қатарында екенін, өзінен үлкен аға-апаларынан үлгі ала білген алғырлығына тәнті болатын. Жақсы сөзді біз де естігіміз келіп, Әшекеңнің жанына жақындай түсуші едік. Осы орайда, Әшірбектің топ бастай білген көсемдігіне ғана емес, сөз саптай білген шешендігіне талай рет тәнті болғанымыз еске түседі.

Оның өнер ордасында ректор болғанын бәріміз білеміз. Алдынан дәріс алған талай шәкірттердің сабағына сүйсініп, тамсана әңгімелегеніне куә болған сәттеріміз аз емес еді. Ол басқарған ұлы жиындар мен үлкен съезд, конференциялар, тағы басқа мәдени шаралар салған бетте жайнап, гүлденіп жүре беретін. Әшірбектің әңгімелері, әсте, ешкімді де жалықтырмайтын.Ал, ол жүргізген телехабарлар, тіпті, бірінен-бірі асып, көрермендердің көзайымы болғанын көпшілік жақсы біледі.

Билік, әттең, Әшірбек сияқты сайыпқыран, сардар жігіттерге аса көп тізгін бере қойған жоқ. Бар көтерілген биігі – «Зам.министрліктен» аспады. Ол тікелей билігі жоқ, орынбасар болып жүрсе де, өнер ордалары үшін оңтайлы жұмысты кезегімен жүйелі түрде атқара білді. Себебі, оның орынбасарлық кезеңі ұлт жанашыры – өз Ағамыз – Өзбекәлі Жәнібековпен тұстас келді.

Өзі де білікті, білімді жігітті тағдыр Өзбекәлімен табыстырған да – сол жылдар. Өнер саласы қарыштап, биікке көтерілгеніне сол кездегі ел-жұрт куә. Мемлекеттік жүйе – Өзбекәлінің өзін тұқыртып, тұсаулап ұстады. Әйтсе де, осынау ұлы қайраткерге сенімді серік бола білген Әшірбек тындырған істердің жалғасы үзілмесе екен деп тілеуші едік.

Ол достарын жанындай сүйіп, қатты қастерлеуші еді. Қос Әнуардың сыртында Әшірбектің Әшірәліге деген әсем сезімі, іңкәр көңілі ерекше болатын. Әсіресе, Әшірәлінің жұбайы Торғынмен жұптасып ойнаған рөлдеріне аса тәнті болушы еді. Кейде айтып отырушы еді: – Өнерде әртістер жұптаса білсе – ұтады. Мені ерлі-зайыптылардың өнері қызықтырады. Мәселен, Құман-Меруерт, Есболған-Сәлима, Тілектес-Жұмагүл… Өйткені, олар «Тыңда да бірге, шыңда да бірге» (Ш.Қалдаяқовтың әні) дегендей, үнемі бірге жүріп, үйде де, түзде де жолыға береді ғой.

Олардың дайындығы төсек үстінен сахнаға дейін созылады! – деуші еді. Соңғы жылдарда өзінің бірге жүрген, ойнап күлген, дүниеден ерте өтіп кеткен қатар-құрбылары туралы естеліктер жазып, оны жеке кітап етіп шығару жолында көп еңбек сіңірді. Осы орайда, әсіресе, Әшірәлі туралы естеліктер жинағын құрастырып, маған осынау ардақты досы туралы арнау өлең жаздырып алғаны есімде. Артынан маған телефон шалып, өлеңіме тәнті болғанын айтып, «Әсіресе, Торғын риза болып жатыр!» деп әзілдегені де бар еді.

Шіркін, Әшірбектің әзілдері қандай еді?! Өзінің мінезі секілді кең, жайсаң, жайдары әзілдер еді ғой. Кейде мен де оған қосылып кетіп, біраз жерге шабушы едік. Оның кейде маған: – Серікжан, ана жолғыдай Сәбит (Досанов) ағаң жайында тағы да бір көсілші! – дейтіні де бар еді. Соны іле-шала көркемдеп, кестелеп, аңызға бергісіз етіп, өзінің өнер адамдары да жайында жазбаларына қоса қоюшы еді.

Әшірбектің театр сыны туралы ерен еңбектеріне тоқтау үшін сен де ол сияқты сыншы болмасаң да, соған ұқсап бағатын қабілетің болуы керек. Білік-білімі бірдей болуы шарт. Сол үшін мен Әшірбектің сыншылық харекетін қастерлегендіктен бе екен, оған терең талдау жасап, баға беруге әзір батылым барар емес. Әшірбектің сыншылықтан тысқары қарапайым өмірдегі әңгіме-әзілдерінің өзі бір атан түйеге жүк болардай.

Әшірбек, әсіресе, менің өнердегі досым – Торғын туралы толғау-әңгімелерімді тыңдауға құштар еді. Мені сөйлетіп қойып, өзі де мәз болып: – Серікжан, осы бір жерін қыздырмалатып, қыздырып жіберген жоқсың ба, – дейтін. Мен де тоқтай қалып, бір-бірімізді бірден түсініп, құшақтаса кетуші едік.

Шіркін, Әшірбек, әр сөздің майын тамызып, тыңдай да, тыңдата да білуші едің-ау. Бұл күнде сөз қадірін түсінетін ондай асылды қайдан табамыз?!

Сапарлас кездеріміз де болып тұрды. Оңашада маған өлең оқытушы еді. Біраз өлеңдерімді жатқа білуші едім. Әсіресе, Қазақ радиосында істеп жүргенде көңілді ортада көп болушы едік. Қасымдағы жігіттер мені қажап, сол ортада отырған аруларға бір-бір ауыз өлең шығартып, мәз болатын. Бірде біздің ортамызда Күләш, Гүлсара деген қыздар отырды. Радионың қыздары ғой. Куә керек болса, досым Серікбай Оспанов та осында отырған. Ол да сол кезде радиода істейтін еді ғой. Желпініп отырған қыздарға өлең арна деп, қолқа салды. Алдымен – Гүлсараға:

– Ай аспанда тұрса да,

Күн аспанда тұрса да,

Жерде жүрген бір сенен,

Биік емес, Гүлсара! – деп едім.

Сол жердегі қыз-жігіттердің бәрі мәз болып, мені одан сайын желпінтті. Кезек Күләшқа келді (бұл екі қыздың екеуі де, бұл күнде, Радио ардагерлері, аман-есен жүргеніне тәуба деймін).

Күләшқа:

– Кезікпей жүрген шығар, сірә, сыншың,

Жүректің саған деген сыры ашылсын.

Бұл қазақ мың Күләшты туған шығар,

Сен бірақ, менің ғана Күләшымсың! – деп салдым.

Осы әңгімені Әшірбекке баяндап отырмын ғой, баяғы. Сол сәтте Әшірбек орнынан ұшып тұрып, мені құшақтай алды.

– Ой, мынау өлеңің менің жаныма жағып барады. Бұл сен емес, мен шығаратын өлең ғой.

– Мұны барлық Күләштарға арнадым деп есепте. Әркімнің көңілінде – бір Күләш! Менің де өз Күләшім бар. Секежан, сен білесің, біздің үйде де бір Күләш бар екенін! – деп, әңгімемізді одан сайын үдетіп, қызықты да, қызулы сәттерді бастан кешірдік қой, шіркін!

Айтса, айтқандай, Әшірбек театр сыншылығындағы сарабдал талғампаздығын өмірде де таңдай білген ғой. Әшекең өзінің Күләшіне жан теңгермейтін. Күләш та Әшекеңе лайық, әсем ару ғой. Бір-біріне деген сүйіспеншілігі ересең еді. Әттең, осынау қастерлі жұп ғұмыры ұзағынан болмады. Әшекең ерте жөнеп кетті. Опындырып, өкіндіріп, бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті!

Күләштің есінде болар, Әшекең дүниеден өтерінен бірер сағат бұрын менімен телефон арқылы сөйлесті. Астанада, дәл көрші болмағанмен, жақын тұрдық. Соңғы кезде бір-бірімізді қалтқысыз түсініп, араластығымыз тереңдей түскен тұс еді.

Ол жай сөйлесе де жүректің сөзін айтатын. Жалтақтық, жайдақтық деген онда болмайтын, тура, батыл айтуға тырысатын. Қандай істі де жанымен түсініп, жүрегімен атқарып…ақыры, жүректен кетіпті.

Заман жайын, Адам тағдырын көп толғаған ұлы жүрек уақыт тепкініне төтеп бере алмады ма деп алаңдаймын.

Ол Алла ғұмыр беріп, тірі жүргенде екеуміздің біраз ой жоспарымыз бар еді. Ол, әсіресе, менің кейінгі жылдары драмаға қарай бой ұрғанымды байқап, көп кеңестер бере бастады. Астанаға екінші рет оралғанда (Әлемнің Айманы оны музакадемияға тағы да шақырып алған болатын), Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрына Теменов келгеннен кейін әдебиет бөліміне басшылық жасады.

Бірде, театр қоржынындағы бұрын түскен пьесаларды ақтарып отырып, менің «Сәкеннің соңғы көктемі» деген драмама тап болыпты. Шұғыл қарап шығып, артынан маған шешімін айтты:

– Сен де, байқаймын, қарап жүрмей, драмаға бет бұрыпсың, дұрыс-ақ, театрға өгей бала емессің ғой! Жас кезіңнен анда-санда болса да, театр сынына араласып жүргеніңді білемін. Мына Мұқағалиыңды біраз жыл болды, әлі халық жақсы қабылдап жатыр. Енді осы екпінді тоқтатпа. Театр қоржынынан сенің Сәкен туралы жазбаңды тауып алдым. Әлі де болса, бір қайнары бар ішінде. Кеңестік дәуірде Сәкенді сахнаға шығарып алып, мұртын жұлып, итке талатып істемегенім жоқ қой. Ол сол заманға керек еді. Ал, біз білетін Сәкен өршіл, күрескер болуы керек.

Сен тергеушіні Сәкенге сабатыпсың, осының дұрыс болған.

Мен де шыдай алмай: – Бұл болған оқиға, мұражайдың қорында сақтаулы. Тергеушінің Сәкеннің үстінен: – Ол мені балағаттап, қол жұмсады, қылқынтуға дейін барды! – деген ағыс-шағымы бар! – деп қосып қалдым.

– Бәсе, солай болса керек! – деп бір рақат күлкісіне басты.

– Енді осыны тереңдетіп дамыт, тағы да оқиғалар қос. Фактілерің қолыңда бар, қанша дегенмен, Сәкен мұражайының директоры емессің бе! – деп қайрап қойды.

Әшірбектің сөзі маған қамшы болғаны сондай, содан кейін мен де қаламымды қолға алып, қасиетті жанрдың қатпар-қатпар сырларына қанығып, терең бойлап бар жаттым.

 

***

 

Әшірбектің менің шығармаларым – өлеңдерім мен драмаларым жайында әр жерде айтқан әңгімелері мен пікірлері кейбір баспалар мен телеарнаның таспаларында жазулы тұр. Оның да жарқырап шығар кезі болар. Осы орайда, менің есіме бір жай түсіп отыр.

Әшірбек соңғы жылдары «Хабар» телеарнасынан «Жансарай» деп аталатын танымдық хабарлар тарата бастаған еді. Көрермен халық бұл хабарды жылы қабылдап, өзіндік пікірлерін білдіре бастаған болатын. Сондай хабардың кезегінде Әшірбек мені де шақырып, сұхбат алды. Бір кезде Әшірбек маған қарата, «Алдағы жоспарларың қалай?» деп қалды. Мен бірден – «Депутат болғым келеді!» – деппін. Әлгі жерде Әшірбек ал кеп ашулансын.

– Өй, сен немене, ел сөзін айтып жүрген аузы дуалы ақынсың. Енді осы қасиетіңнен айырылып қалғың келе ме? Депутат болсаң, аузын буған өгіздей өңкиіп отырғаннан басқа не бітіресің? Қазір сенің қаламыңды ешкім қақпайды. Батыл да ойлы өлеңдеріңе ел риза! Соны біле тұра, мансапта ылығып, депутат болам дейсің.

Алдында таңғалып қалғанмен, Әшірбектің бұл уәжін орынды қабылдадым. Ол мені алған жолдан таймауға, аз да болса, айтып, жазып жүрген батыл сөздеріме берген баға! – деп түсіндім.

Шынында да, Әшірбек өзі орайын тауып, ұлт үшін, жұрт үшін, өнер үшін барынша батыл ойларын айтып, үнемі туралық танытып отыратын. Осы мінезі үшін ел-жұрт, қарапайым халық Әшірбекті ерекше бағалап, оның айтылған әр сөзіне алаң болып отыратын.

Ұлтын сүйген, оның өнерін бағалаған Азамат үшін одан асқақ бақыт бар ма?!

 

Серік Тұрғынбекұлы, ақын

 

Бөлісу: