Текеліде Өнер орталығы ашылды

1

Алматы облысы Текелі моноқаласында балалар мен жасөспірімдер үшін «Art studio» Өнер орталығы ашылды, деп хабарлайды Дәстүр тілшісі.

Мұнда түрлі үйірмелерге балалар тегін қатыса алады. Бұл орталықты «Әділжан» ЖК мемлекеттік тапсырыс шеңберінде спорттық және шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы норматив бойынша қаржыландыру механизмін іске асыру аясында ашып отыр. Қазір мұнда 100-ге жуық бала дайындыққа барады.

Текелі қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде орталық 5-тен 17 жасқа дейінгі балалар үшін түрлі үйірмелер ашқан. Соның ішінде мүсіндеу, сурет салу, гитара тарту, хореография сияқты үйірмелер бар.

Өнер орталығының әкімшісі Анастасия Антонюк «Art studio» орталығына оқушылар жинау жалғасып жатқанын айтады. Қазірге дейін 150 бала өтініш білдірген, 100-ге жуық оқушы орталыққа келіп, өнерін шыңдауда. Орталық Оқушылар сарайымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

«Алдағы уақытта декоративті-қолданбалы өнер үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз. Орталыққа қызметкерлер мамандығы және тәжірибесі бойынша қабылданады. Қазір мұнда 3 маманданған қызметкер жұмыс істейді», – деді А.Антонюк.

Атап өтсек, Алматы облысында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 58 бағыт бойынша 528 түрлі шығармашылық үйірме жұмыс жасайды, оларда 13 626 оқушы қамтылған. Спорт секцияларында 204 мың бала жаттығады. Жан басына шаққандағы норматив бойынша қаржыландыру механизмін іске асыру мақсатында биылғы жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді. 2022 жылдың соңына дейін қамтылған балалар санын 16 мыңға, 2023 жылдың соңына қарай 20 мыңға жеткізу межеленіп отыр. Қазіргі кезде спорттық секцияларда осы бағытта 2496 бала дайындалып жүр.

Бөлісу: