Теріскейдің сайқын даласына өзгеше өң беріп, кең көсіліп жатқан өркеш-өркеш, бұйра құмды аймақ Тайсойған ежелден бері қойнауына да, етегі мен ернегіне де мал-жанды үйіріп алып, ұйыстыра қоныстандырған. Теріскей болғанда тілге тиек етіліп отырған бұл жер басқа жақтың емес, Атыраудың теріскейі. Сол байтақ құмның шығысы мен солтүстігінің түйіскен нағыз мүйісіне тақау алқаптағы үй орнындай ақшулан төмпешікте құшаққа сияр бөрене тектес темір белгі мен мұндалап көзге түседі. Мұның қандай нышан екендігін сұрасаң маңайынан өтіп бара жатқан адамдардың егделеулері:
– Зергер, ұста Мұқанбеттің ұстаханасының орнына қойылған белгі емес пе?
– Қасиетті орын саналады ол, – десіп, өзіңе «соны да білмейсің бе» дегендей сұрақты кейіппен таңырқай қарайды.
Білуін білемін-ау, біле тұра ежіктей сұрағыштау, сыр тарту, жазар нысаның туралы тәптіштеп зерттеу, өзгелердің пікірлерін білу қаламгердің бір тәсілі екенін оларға қайырыла айта қоймадым. Осындайда атам қазақтың «Жақсы – ортақ, ұста – ортақ» деген даналық сөзі еске түседі. Демек, бұл жұрттың жадында жатталуға лайық, дүйім жұртқа ортақ қолөнер шебері болған ғой деп топшыламасқа болмайды. Осы бір шығанда біреудің қолынан келетін, пешенесіне біткен аса сирек кәсіпті қалай меңгерді екен? Артында нендей із қалдырған ісмер? Ататегі қайдан? Өскен ортасы, жүріп өткен жолы қандай?.. Жалғаса беретін сан қилы сауалдарға бірден жауап табу, әрине, оңай емес. Ол үшін оны білетін азын-аулақ қалған тістері сары қайрақ көнекөз қарияларға жолығасың, суыртпақтап ойларында қалғандарын сұрап көресің, осыдан қырық-қырық бес жылдан астам бұрынғы өзімен тілдесіп, азды-көпті сыр бөлісудің сәті түскен мезеттерді ойға оралтып, ойланасың, бәрін зердеден өткізіп, таразылайсың. Өкініш те табылып қалады. Көзі тірісінде осылардың барлығын өзінен сұрап алып, қағаз бетіне түсіруге мүмкіндік болып еді-ау. Жастықтың алып ұшпа желігімен жүріп осынау киелі өнер иесінің өзіне де, көзден бұл-бұл ұшып бара жатқан ата кәсібіне де пәлендей мән бермеппіз ғой. Енді келіп не істеуге болады? Барымен базар дейміз де қолдағы бар деректерді қисынын тауып малданып, атамыз Мұқанбет ұстаның, Мұқанбет зергердің қиянда қалған бал дәурен шағына барлау жасап алып, әңгіме желісін бермен қарай ойыстыра тартқан орынды тәрізді.
Ақ Жайықтың төменгі сағасындағы, өзеннің сол жақ жағалауындағы Құлтай (қазіргі Алға) ауылында дүниеге келген Мұқанбет үш жасында туған жерінен ірге үзеді. Әкесі Қожақмет ағасы Бәткенге ілесіп 1890 жылы арқа беттегі Тайсойған өңіріне қоныс аударады. Осы Құлкеш Беріштің ағайынды екі баласының бірі – Бәткен Сартұлы болса байтақ құмды баяғыдан бері мекен еткен Беріш руының Тумаш Жайық тармағының Алдар әулетіне күйеу еді. Соларды өздеріне қолдаушы, тірек санайды. Ал Қожақмет қолы ұсынақты шебер, темірден түйме түйген ұста, алтын, күміс, мыстың сілбідей талшықтарымен әшекей, сән бұйымдарын тоқитын зергер болатын. Сарттың екі баласы бір-біріне сүйеніш болып жаңа ортаға тез сіңісіп кетеді. Өкінішке орай, Мұқанбет сегіз жасқа толар-толмаста аяқ астынан басынан бақыт құсы ұшып, әкесі бақилық ғұмырға аттанады. Оң-солын танып үлгермеген бала шешесі Ырыстының қолында қалады. Ең болмаса әке өнерінің қыр-сырына толық қанықпады-ау. Бірақ Ырысты өр мінезді, батыл әйел болып шығады. Күйеуінен қалған тұяқты жетімсіретпей, зарықтырмай, тарықтырмай өсіреді. Жақсыларға ілестіру қамын көздеген. Жөргегінен зерек болып еңсе көтере бастағандықтан ба, әлде көргенінен түйгені ме, тұқым қуды қасиет пе Мұқанбет әкенің қастерлі жолын жалғастырып, одан қалған құрал-саймандарды мирас етіп иеленіп, ұстауға көшеді. Әке серік еткен өнер енді балаға қонады. Халқымыз «Ата өнері – балаға мұра» дегенде осындайды көңілге тоқып, айтқаны кәміл. Ол сұлулыққа іңкәр, ізденімпаз жігіт болып ер жетеді. Беріштің Тілеуке тайпасының өрені Жұмахметпен екеуі Тайсойған аймағында зергерлігімен аты әйгілі Айжарық Бекбенбетұлы деген шебер қартқа қолқабыс көрсете жүріп, қолөнерлік кәсіптің өздеріне таныс емес, тіпті, таңсық құпиялары мен қалтарыстарын зерделеп үйренеді. Өзіне сенімді шәкірттер тауып, серік етіп алған Айжарық қанаттас Көкжар базарынан бір орын алып, жаздың бір-екі айы бойы жұмыс істейді. Сырға, білезік,өңіржиек, алқа соғып, зерлейді. Ер-тоқым, шана, ат арба, басқа да әбзелдер мен жабдықтарды жасап сатады. Осылайша Мұқанбет көпке танылады. Енді оны іздеп келіп тапсырыс берушілер көбейеді.
Жиырмасыншы жүзжылдықтың екінші он жылдығының орта жерінен аса Алдар ауылы тағы бір қызын ұзатуға әзірлік бастайды. Бұдан бұрын Досмұхамедтің қызы Торғай Қаратоқай Беріш Баймырзаның Митанына тұрмысқа шыққан. Сәні мен салтанатын асырып той жасаған. Енді Досмұхамедтің екінші ұлы Хасеннің бойжеткені Дариға құтты жерге қондырылмақшы. Алашаның жігіті Жолдығалидың босағасын аттауға уәде байласқан. «Алтын балдақ – қол сәні, әшекей, кесте – тон сәні» деген емес пе, қыздың той көйлегі, камзолы мен бешпенті, белбеуі мен сәукелесі, сақина, сырға, білезік, жүзіктері әшекейлі, зерлі, айшықты, ою-өрнекті болуы керек десті. Бас киімінің күмбезденген төбесі күлтеленген алтын шашақпен оқаланып, жиектері күміспен сіргеленіп, көздің жауын алғаны дұрыс. Міне, осы қиюын табу қиын шұқыма щаруаны кімге сеніп тапсыру керектігі сарапқа салынғанда зергерлер ішінен таңдалып барып, шеберліктері өзгелерден озық Мұқанбет пен Жұмахмет талғампаз Досмұхамед әулетінің ауыздарына ілігеді. Оған арнайы орын бөлінеді. «Халелдің ставкасы» атанып кеткен Алаш орданың Батыс бөлімшесінің Тайсойғандағы орталық тұрағына таяу жазық алаңға алты қанат киіз үй тігіледі. Көңілге шабыт ұялататын, көздің құртын жегізетін шырайлы, шұрайлы мекен. Айналасына қараңыз: қапталдары мен қыр арқалары хош иісті алуан түрлі шөптермен, дүзгенмен, құмаршықпен көмкерілген, етек жағы жыңғылды құжынаған құм төбелер мен жал-жал жоталар. Қозыкөш жерде сылдыр қағып Жарыпшыққан өзені ағып жатыр. Қос шебер ұзақты күн бас алмай тапсырысты орындауға отырады. Арасында ғана шаршауларын басып, бой сергіту үшін далаға шығып тамылжыған табиғатқа көздерін тігеді. Бір кезек өзенге барып шомылып қайтады. Жұмыстың ортасындағы мезеттерде Себек Беріштің зерделісі болған ұстаздары зергер Айжарық осылай істеуге дағдыланған кісі. Содан шәкірттеріне ауысқан әдет.
Сәндеу, әсемдеу, мәнерлеу, әшекейлеу бұйымдарын табу да, оларды жонып, өңдеп, қажетті пішінге келтіру де инемен құдық қазғандай мехнаты бастан асатын іс еді. Мұқанбет пен Жұмахметке, әсіресе, қыздың сәукелесі мен камзолын безендіру оңайға түспейді. Күнара, кейде тіпті күн сайын келіп-кететін Дариғаның діттеген ойынан шығу задында қиын-ақ. Бірде оған өңіржиектің өрімі ұнамайды. Жақұт шашып тұрғанын қалайды. Бірде зер шашақтан мін табады. «Зер белбеуім де көзге бірден түсетіндей айшықты болса екен» деген емеурін білдіреді. Сыпайы сөйлеп, сыйпай қамшылап-ақ сілеңді қатырады. Талғамы күшті қыз. Зергерлер дегеніне бақыл еткізбей қоймайтын ескертпелеріне құлақ асып, жөндейтін жерлерін жөндеп, тыңнан қосқандарын қосып, сірке алуын, июін, оюын, бедерлеуін, безеуін, кептеуін, қақтауын, қаралауын, басқа да әдіс-тәсілдерін келістіре жасап, келесі келгенінде Дариғаның қабағын жадырататын. Сырға, білезік, сақина, жүзік тәрізді сәндік бұйымдарды да мезгілінде істеп, бітіріп береді. Мұқанбет пен Жұмахмет жұмыстардың барлық жиынтығын екі айдай уақытта сәтті аяқтап, алғыстың астында қалады. Бұлар еткен еңбектеріне қарай ақыларын алып, үйді-үйлеріне тарасар тұста ауылға астанадан Досмұхамедтің Халелі келеді. Ел ішінен шежіре жинамақшы, әрі орайластырып әулетіндегі той қызығына қатынаспақшы көрінеді. Сол күні жақын маңдағы ағайындар, көрші-көлемдер бас қосысады. Әнші, күйшілер алдырылады. Шақырту алған Алдар ауылынан шыққан ақпа ақын, «Исатай-Махамбет» атты тарихи дастанды жанынан шығарып толғаушы Ығылман Шөрекұлы бастаған жыршы-жыраулар да жетеді. Ығылман бабында сыңайлы. Көмекейден шыққан қоңыр үнді тостағанмен желпи үдетіп, замана ахуалын баян ететін, өткен кезеңнің шежірелерін шертетін термелері мен толғауларын бірінен кейін бірін төкпектетеді келіп. Халел орайы келгенде зергерлер қолдарымен жасалған ажарлы өрнектерді көріп, риза болып Мұқанбет пен Жұмахметке шынайы ықыласын білдіреді. Бүкіл алты алашқа аты мәлім ірі тұлға, ғұлама ғалым, қазақтың тұңғыш профессоры, қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлының өз аузынан мадақтау есту қандай ғаламат! Шеберлердің көңілдерін өсіріп, қиялдарын қияларға шарықтатады. Дуалы ауыздан дуалы сөз шығады деген осы болар, сірә?!
Шеберліктері жетілген екі ісмер енді өз алдарына бөлек-бөлек кәсіпкерлік жұмыспен айналысуға көшеді. Тайсойған, Бүйрек, Балабейіт, Қарамен, Қазыбек өңірлерінен Мұқанбетке келіп шоқаяқ, қырғыш, көсеу, ожау, кепсер, қақпан, кісен, пышақ, ұстара жасатумен қатар шашбау, шолпы, құдағай жүзік, кемер белдік, білезік, сырға тәрізді сан түрлі әшекей, сәндік бұйымдар істеп беруін өтінушілер молаяды. Тегінде кісі меселін қайтаруға жоқ Мұқанбет бәріне уақыт тауып, тапсырыстарын уәделі мерзімінде орындап береді. Әкесі Қожақмет те осылай істейтін. Ешкімнің тауын шақпайтын. Одан бесіктен белі жаңа шыққан шағында айрылса да оның көзі барында қасында құлдыраңдап жүгіріп, ұстаханаға кіріп-шығып, тиіп-қашып балға ұстап жүріп-ақ біраз нәрсені көкейге түйіп қалыпты. «Ата көрген оқ жонар…» деген мәтелдің әу бастағы айтылу төркіні осындайды көргеннен туындаса керек. Бірақ замана ахуалының өзгеруіне орай басталған жұмыстың ырғағы бұзыла бастайды. Кеңес өкіметінің құрылымдары өз күшіне еніп, жергілікті жерлерде артель, серіктестік, ТОЗ, мойынсерік болып мың құбыла аталып құрылған шаруашылықтарға, қоғамдар мен одақтарға қолы шебер адам қажет болады да атқамінерлердің көздері ел-жұртқа танымал болып қалған зергер, ұста Мұқанбет Қожақметұлына түседі. Кемесайұлы Байтілеу, Мырзағалиұлы Жақсығали тәрізді ірі байлар мен ауқаттылардың мал-мүліктерін тәркілеп, ортаға салып, біріктірудің алғашқы сатыларынан өткен аумақтан – Қазыбек пен Балабейіт ауылдарының аралық тұсынан «Жасқайрат» ұжымдық шаруашылығы (колхоз) құрылып, оған өңірдегі беделді, жігерлі, алғыр жігіт Құсан Аққуұлы басқарма төрағасы болып сайланады. Ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағалығы қызметіне Мұрат Өзенұлы кіріседі. Құсан билікті қолға алғаннан кейін Мұқанбеттің үйіне әдейі барып:
– Мұқа, біздің колхозға мүше болсаңыз қайтеді. Бізге өзіңіздей қолөнерінің білгірі қажет болып тұр. Арнайы жабдықталған орын беремін. Керек-жарағыңның бәрін тауып беруге көмектесемін, – деп қолқа салады.
Мұндай тосын ұсынысты күтпеген Мұқанбет терең ойға беріледі. Оған кеңестік мынау жаңа шаруа мүлдем таныс емес. Алайда кедей-кепшіктердің сөздерін сөйлеп, оларға қарасып жатқан өкіметке қарсылығы жоқ. Жүрегіне жақын тартып, жылы қабылдайды. Бұған дейін серіктестіктердің адамдарына сұрап келген соң аз-кем қолғабыс бергені бар. Құрал-жабдықтар істеп беруге жәрдемін тигізген еді. Енді келіп…
– Өзі қалай болар екен? – деп бастап алып, Мұқанбет тағы мүдіреді, – Қолға алған ісім де бар ғой… Басқа да…
– Білемін, Мұқа, білемін. Бәрін білемін. Сізге құда түсуші де аз емес екендігін, өздеріне жұмысқа шақырушылар да көп болатынын түсінемін. Сол себепті де өзімді ертерек қамшылап, жұрттың алдын орап, өзіңізге өтініш жасап келіп отырмын. Әрі кеңес өкіметі уақытында жеке кәсіпкерлік деген қалады емес пе? Бәріміз ұжымдық шаруашылыққа қызмет етеміз ғой, – деп колхоз басқармасының төрағасы мән-жайды жаңа рең бере ұғындырады.
– Жөн! Жөн! Өзім де солай ойлаймын, – деп Мұқанбет қолындағы шыныаяғын дастарханға қойып Құсанға қарай бұрылып, көкшіл көзін қадайды, – Жарайды! Қайда да екі қолға бір жұмыс қой. Көндім. Колхозыңа барамын.
Міне, осылайша ұжымшарға мүше болып кірген Мұқанбет ертеден қара кешке дейін мігір таппай, тек соның ғана шаруасын күйттеумен айналысады. Ашылған шағын ұстахана іші, төңірегі темір-терсекке, кеспелтек ағашқа толады. Шана, арба, айыр, күрек, есік, терезе, шалғы орақ, кетпен, тырма, қырықтық, шот, бақан, ырғақ, ілмек… шаруа қамын ойлағандарға не керек емес дейсің, бәрі керек. Бәрін теп-тез жасап бергісі-ақ келеді. Бірақ, қол қысқа. Материал тапшы. Ойыл, Жарыпшыққан өзендері мен өзектердің, көлдіктердің ернектерінен, сай-саладан қураған қарағаштар мен тал-теректер іздеп тауып, кесіп әкеліп, өңдеп, сүргілеп қажетті құрал-жабдықтар істейді. Қазағымның «Отындық ағаштан оқтық мүсін шығады» деген тәмсілін растағандай. Ала жаздайғы көші-қон, төрт түлікті жайлауға орналастыру, құдық қазу, мал азығын дайындау, қора-қопсыны жөндеу, қой қырқу, түйе жүндеу… басқа да қыруар жұмыстардың бір ұшы міндетті түрде ұстаға келіп тіреледі. Біреуге астау керек, біреуге ат арбаға, біреуге өгіз шанаға жегіс қамыт керек, біреуге ер, үзеңгі, ауыздық керек… Керек емес нәрсе болсайшы?! Бәрін істеп беріп үлгеретін. Тіпті, соғыс жылдары түнімен көз ілмей балға соққан кездері көп болған. Сол еңбегі ескеріліп «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Алған басқа да марапаттары мен сый-сияпаттары бір басына жетерліктей. Соғыс жылдарындағы қарбалас, әсіресе, 1951 жылы ұсақ ұжымшарлар біріктіріліп, ірілендіріліп, орталығы Қазыбек тоғайы аймағына орналасқан «Қамыскөл» колхозы құрылғаннан кейін бұрынғыдан да күшеймесе азаймайды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуірі. Нағыз сындарлы шақ. Шаруашылықтың басқарма төрағасы Құрман Төлебаев өзіне де, өзгеге де тыным-тыныштық көрсетпейтін талабы күшті, ыждағатты басшы болады. Ол Мұқанбет ұстаға көрік басып, темір қыздырып, балға соғып тұру үшін Сүлеймен Нұртуғанұлы мен Жұмагерей Бисұлтанұлы тәрізді қарулы азаматтарды көмекшілікке береді.
– Колхозда жұмыстың көптігі сол, ол уақытта демалыс дегенді білген емеспіз, – деген Мұқанбет Қожақметұлы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының екінші ширегінде әңгіме-сұхбат құрысу сәті түскенде, – дайын өнім болмағандықтан кейін… қайтеміз? Сом темірлерді көрікке қыздырып, солардан жер жыртатын соқа, тырма жасаймыз. Көрікке жағатын көмір де жоқ. Ағашты, жыңғылды отқа шала жағып, оны жерге көміп, қолдан жасанды көмір дайындайтынбыз.
Қарттың айтуына қарағанда, ұстаханасындағы жұмыс үдерістері қиямет-қайымның өзі. Атқа тіркеп шөп шабуға, жинауға арналған машиналардың жөндеу күткен шатундары мен біліктерін, басқа да тетіктерін жонып, иіп, қалыпқа келтіріп жасау ең қиын іс болғанға ұқсайды. Науқандық жұмыс қызу жүріп жатқанда қиналса да, бұзып қайта-қайта істеу машақатын көрсе де оларды бітірмей жаны жай таппаған. Шеберліктің, ептіліктің көкесін танытқан жерінің бірі осы болса керек. Орақ қайрау дала қосында жүргізілсе де, оны шегелеу, дәнекерлеу ұстасыз бітпейді. Әйтеуір, бітуі жоқ шаруа 1954 жылы екі шағын ұжымшар: «Миялы» мен «Кіндіксай» қосылып Ворошилов атындағы колхоз шаңырақ көтергенде де жалғаса береді. Ол жөнінде ұстаның өз баласы, кезінде аудандық мекемелер мен партия органында қосшы болып та, басшы болып та қызмет атқарған, бүгінде жетпіс алты жастың желкенін керген зейнеткер Жаубасар Мұқанбетұлы:
– Әкемнің қолы қарап отырғанын, сірә, көрген емеспін. Колхоз басқармасының төрағасы институтты жаңадан бітіріп келген жас жігіт, білікті мал маманы Қазыбек Отаралиев деген болатын. Ол әкеме жиі келгіштеп, тапсырыстарды үйіп-төгіп беретін. Қазіргі ескерткіш қойылған жерден ұстахана салынды. Қасындағы екі көмекшісі Нұрғали Мұжықов, Исағали Даулетәлиев үшеуі бәрін қалайда жасап беріп үлгеретін. Әлі есімде 1957 жылдың бастауында жер жаман көктайғақ болды. Айнала жалтыраған көк мұз. Жаяу адамдар сырғанақтап жүре алмайтын халге жетті. Колхоз жылқылы еді. Мініс, жегін көліктері шатқаяқтап, үргелектеп аяқ баспайды. Тығырықтан шығар жалғыз жол – таға жасату. Көрік оты күн ұзынға сөнбеді. Қара темірді балқытып таға соқты. Біреу, екеу, үшеу… емес, ондап, жүздеп соқты. Көрші колхоздардың адамдары да келіп таға алып кететін. Алып кетіп ғана қойса жақсы, аттарының аяқтарына шегелетіп алатын. Нені болса да балқытып, біріктіруі жағынан қазіргі дәнекерлеуші, пісіруші аппараттан бір де кем соқпайтын. Өзі жұмыс істеген колхоздар басқармаларының мүшесі болған белсенді кісі еді. Жасы ұлғайса да колхоз басшылығы әкемді ұсталық қызметтен шамалыда босата қоймады. Сондықтан ба зейнеткерлікке мерзімінен он жылдай кеш шықты, – деп еске алады.
Иә, Жәукең тәрізді Мұқанбет ұста, Мұқанбет зергер туралы осылайша естелік айтатындар күні кешеге дейін көп болған, тіпті әлі де бар. Оған көмекші ұста болған Сатан Сұлтанмахмұтов қазір ортамызда дін аман жүр. Ал бір ұстаханада онымен иық тіресе бірге еңбек еткен қадірменді ақсақалдар Сүлеймен Нұртуғанұлы мен Исағали Даулетәлиев марқұмдардың көздерін көріп, сөздерін тыңдадық. Мұқанбет қарттың немере інісі Сарман Ғапурин де ағасының қолөнеріндегі шеберлік өнегесін тамсана отырып әңгімесіне өзек ететін. Өз перзенттерінің ішіндегі тұңғышы, 86 жасқа келгенінде өмірден озған Үміл Мұқанбетқызы мен оған тете қызы, жетпістен асып бақилық болған Бақыш та әкелерінің киелі кәсібін ерекше құрмет тұтып, ауыздарынан тастамайтын. Кім сөз етсе де Мұқанбет ұстаның шеберлігіне тәнті болмаған біреу-міреу болсайшы?! Бізге жеткен мына бір деректің таңғалтпай қоймасы хақ. Ресейдің Саратов өңірі жағынан жүк тиеп әкелген алып «Судовекр» машинасы Миялыға келіп бұзылып, шоңқияды да қалады. Артқы белдіктің ортаңғы қорабының майы қоюланып кеткен. Оңдамаса машинаға жүру жоқ. Босалқы бөлшектердің қат кезі. Іздесең де таппайсың. Жүргізуші білетіндердің жөн сілтеуімен бұзылған тетікті Мұқанбетке әкеліп көрсетеді. Аударып-төңкеріп қарап:
– Жасап көрейін, – деп оны көрікке қыздырып, балқытып зауыттан шыққан байырғы қалпына қайта келтірген. Бөлшекті орнына салып қарағанда көлік иесінің көзі жайнап кетеді. «Ғажап! Құдды құйып қойған бұрынғы өз тетігіндей. Дәл өзі» деп таңырқаған ол. Машина жолда бұзылмай барар жеріне аман-есен маңдай тіреткен ғой. Жүргізуші елімен қауышқан соң Мұқанбетке ризашылығын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізіп, сәлем хат жолдаған. Адамгершіліктің, азаматтықтың, іскерліктің, ісмерліктің анық дәлелі емес пе, бұл?! Екі жақтан да бірдей солай!
Шаруашылыққа өте қажетті құрал-саймандарды, жабдықтарды дайындаумен қатар, ара-арасында орақ, пышақ, бәкі, балта, шапашот сияқты тұрмыстық, кәсіптік қолданыстағы керек-жарақтарды шыңдап, суарып, бабына келтіру, көне тиындарды балқытып, таза күмісін айырып алу, қатты, жасық темірлерді қорытып болатқа айналдыру… күн сайын, ай сайын қайталана беретін майда-шүйде жұмыстар. Әйтеуір, теміршінің қолында темір тозбайды. Оқтын-оқтын кебеже, сандық, жүкаяқ жасап беруді сұрап келушілер де қаптап кетеді. Ауыл адамдарына бәрі қажет. Тілектерін орындамасаң көңілдері қалып торсаңдайды. Жұмыс көлемі қанша артып кетсе де Мұқанбет өзі қолдап үйретіп, тәлімгерлік жасаған көмекші ізбасарларымен бірлесе әрекет етулерінің арқасында кай тығырықтан да сытылып шыға білетін. Темірге тіл, жаңқаға жан бітіретін шеберді зейнеткерлікке шықса да ұжымшардың, артынан кеңшардың, мекемелердің Өтеш Өмірбаев, Бейіс Елеуов, Демеу Асанғалиев тәрізді әкімқаралары қарап отырғыза қойған жоқ. Бірде ананы, бірде мынаны жасап беруді өтінулерін алпысыншы жылдардың алғашқы жартысына дейін созады.
Ұстаны соққан пышағынан танитын ауыл жұрты Мұқанбет шебердің аты-жөнін ардақ тұтты, өнеріне табынды. Өмірден озған соң аруағына сыйынды. Ол бойшаң, денесі тіп-тік, кең жауырынды, иықты, батыр тұлғалы кісі болатын. Бертінде де сол қалпын сақтаған, жасы 92-ге келіп, қартаң тартса да жүрісінен де, сөзінен де жаңылмаған қария болып жадымызда тұрақталды. 1979 жылғы наурыздың 22-сінде қайтыс болғанға дейін де күш-қуаты бойында еді. Жүз жасайтын, тіпті одан да асатын халі бар секілді көрінген. Сол бір қыста үйіне кіріп-шығып жүргенінде жалтыр мұзға аяғы тайып құлап, көк еті жыртылып, жазылмай қойғаны болмаса, дені сап-сау еді ғой. Әттең…
Сөзіне ісі лайық Мұқанбет Қожақметұлы жоқ-жітікке қайырымы тиген, жетім-жесірді жебеген, ұрпаққа ұлағатын қалдырған өнегелі, ақылды жан. Басқасын айтпағанда, күйеулері неміс басқыншыларына қарсы соғысқа аттанып, қайта елге оралмаған кейуаналарды шаңырағының астында паналатып, бағып-күтіп, қамқор болуының өзі нағыз жомарт, мәрт адамның қолынан келетін істің нышаны. Қазақтың атақты ақыны Ығылман Шөрекұлы бұ дүниемен қоштасарда қасында болып басын сүйеуі, жұмсаған жеріне барып оны-мұнысын әкеліп беруі, сөз сүлейі туралы екінің бірі біле бермейтін деректерді бүгінге жеткізуі… кісілігінің тағы бір айна қатесіз көрінісі болып табылмай ма?!
Мұқанбет ақсақал екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген әке. Жұбайы Қадиша екеуі әдемі қарттық жасқа жетіп, немере-шөберелер көрді. Үлкен ұлы Жаубасар Қызылқоға өңіріне белгілі, беделді азамат. Қазір аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, Миялы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Үйінің шарбағындағы әдейілеп салынған бір бөлмеде әкесінен қалған жәдігерлерді көздің қарашығындай қастерлеп, сақтап отыр. Кәдімгі кішігірім мұражай тәрізді. Көрік, төс, балға, іскенже… сияқты құралдары, оның қолынан шыққан қырықтық, таға, ауыздық, кісен және басқа да жабдық-жарақтары, әбзелдері тұр. Күміспен күптеп, зерлеп, әшекейлеп жасаған білезік, жүзік, сырға, алқа, қапсырмалары да болған. Өкінішке орай, олар қазір әркімнің қолында бір жүр. Жаубасардың Дүйсентайдан кейінгі екінші ұлы Есентай ата жолын қуған ұлан. Жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Тұрғын жайының жанынан дәнекерлеу цехын, яғни, шеберхана ашып алған. Ауыл-аймақтың сынған, қираған көлік құралдарын, тіркемелері мен сүйретпелерін, мал азығын дайындауға қажетті техникалардың ақауларын жөндеуге атсалысып келеді. Қашан көрсең де цехтың маңы кезекте тұрған машина, тракторға толы.
Бұдан алпыс жылдан астам бұрын облыстық, аудандық газеттердің жергілікті жердегі штаттан тыс тілшісі болған Әнуар Ахметов ұста, зергер жерлесі Мұқанбет Қожақметұлы туралы «Ширек ғасыр ұста» деген тақырыппен көлемді мақала жазған еді. «Бұл, – деп еске алады балалары, – бұған дейінгі әкемізді баспасөзде мадақтаған материалдардың ішіндегі ең сүбелісі болды». Сөз жоқ, Мұқанбет Қожақметұлы қалай болса да, қанша болса да насихаттауға, бүгінгі және ертеңгі буын өкілдеріне, келер ұрпаққа үлгі етуге тұрарлық өнеге, із қалдырған, ұмытуға хақымыз жоқ айтулы шебер.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.
Атырау облысы.