Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Туған елге тағзым» өлкетану ғылыми-зерттеу экспедициясының үздік зерттеу жобалары анықталды. Биыл екінші рет қашықтан өткен дәстүрлі экспедицияда алматылық физика-математика бағытындағы NIS-тен 36 оқушы 28 зерттеуін таныстырды.
Жобаның алғашқы күні 9-сынып оқушысы Айғаным Орынбасарова ««Мәңгілік елде» Мәңгі жасайтын Сақ батыры» тақырыбындағы жұмысын қорғап шықты.
«Айғаным жобасы арқылы тарихты жас оқырманға қызықты етіп жеткізудің жолын табуды мақсат еткен. Ерекшелігі сол, тарихи оқиғаны оқушы түсінде көргендей етіп суреттеп, ертегі ретінде баяндайды», – дейді Айғанымның жоба жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Шолпан Аманкулова.
Шараның екінші күнінің басты кейіпкері — 10 cынып оқушысы Анель Аменгелдиева. Оны өзі туып-өскен Алматыдағы экологиялық мәселелер қатты толғандырады. Сол себепті «Туған елге тағзым» жобасында «Алматы қаласын түтін-тозаңнан тазартудың мүмкіндіктері мен шешу жолдары» тақырыбын көтеріп отыр.
10 сынып оқушысы Дайана Әлібек зерттеу барысында өзі туып-өскен Талхиз шаһарына барып қайтты. Жетекшісі дүниежүзілік тарих пәні мұғалімі Меруерт Сейлбековамен бірге Талхиз қорғаны, киіз үй, мыс ыдыстар, мүсіндер мен шахмат фигуралары секілді 8 ғасырдан қалған мұралармен танысты.
«Талхиз өңірі сақ дәуірінен бері келе жатыр. Бұл жер Ұлы Жібек жолының нақты нүктесі болатын. «Туған елге тағзым» жобасына дайындық кезінде Талхиз қорғанына барып, сақ дәуіріндегі адамдар өмір сүрген жерді көзбен көргенде қобалжу пайда болды»,– дейді Дайана.
Тәуелсіздік тақырыбының 12 сынып оқушысы Аружан Ибраеваның жүрегінен ерекше орын алуы бекер емес. Себебі оның атасы Мұрат Ыбыраев еліміз еркіндікке қол жеткізбей тұрған кезде жетімдіктің күйін кешіп, талай қиындықты басынан өткерген. Аружан ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Менің отбасымның шежіресі: Тәуелсіздік бізге не берді?» тақырыбындағы жұмысын қорғап шықты.
«Мен Тәуелсіздікке әр қадамым үшін қарыздармын. Кезінде мың соқпақтан өтіп, атам білімнің ең тұнығын бізге берсем деп армандаған. Енді, міне, Тәуелсіздік атамның басты арманын шындыққа ұластырып отыр. Мен еліміздегі ең үздік Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алудамын» , – деді Аружан Саятқызы.
«Туған елге тағзым» жобасының қазылар алқасы құрамындағы Елбасы кітапханасы, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бірнеше ғылыми институттар, Astana Hub IT-стартаптарының халықаралық технопаркі, республикалық Ұлттық музейі, «Ұлы дала скауттары» қоғамдық бірлестігі, «BilimInvest» білім беру инвесторларының ұлттық ассоциациясы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, сондай-ақ ЮНЕСКО сарапшылары академиялық білімнің жоғары деңгейі, оқушылардың туған өлкедегі өзекті мәселелерді шешуге деген ынтасы мен жобалардың әлеуметтік бағарына оң баға берді.
«Туған елге тағзым – 2021» экспедициясының жеңімпаздары мен қатысушыларын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады:
— Экспедицияға ұсынылған жобалардың тақырыбы жыл сайын кеңейіп, деңгейі артып келеді. «Туған елге тағзым» жобасы академиялық білімді арттыруға және зерттеу жетістіктерін дәлелдеуде теңдесіз платформаға айналды. Экспедицияда ұсынылған жұмыстардың барлығы жалғасын табуға лайық, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жобалары патенттер мен авторлық құқықтарға ие бола алады деп сеніммен айта аламын.
«Туған елге тағзым» – тоғыз жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде жүзеге асырылып келе жатқан бірегей жоба, осы уақыт ішінде мыңдаған оқушы туған өлкесін жан-жақты тани түсті.