Туған жерім, мекенім Ақтөбем!

14
Ақтөбе қаласы

28 мамыр Ақтөбе қаласы күні

Ақтөбе – тарихы тереңнен тамыр тартқан, әр қазақтың туып өскен құтты атамекені. Көне тарихқа көз жүгіртер болсақ, Дешті Қыпшақ аумағының орталық бөлігі саналатын Ақтөбе жері тарих сахнасынан өзіндік орны қалған мемлекеттер мен тайпалардың ерліктерін баяндайтын аңыздарға бай өлке. Бұл өңір Жерұйық іздеген, халыққа рухани ұстаз болған Асан Қайғы мен данышпан Мөңке сынды талай биік тұлғаларды, әулиелер мен би-шешендерді, батырларды, хандар мен ғалымдарды дүниеге әкелген, қасиет қонған мекен.

Одан бері қарай еліміздің осы бір киелі өлкесінен кіші жүз ханы Әбілхайыр, Әйтеке би, XV ғасырдың батыры Қобыланды, Арал мен Әжібай, Бөкенбай мен Есет Көкіұлы, Шернияз, Ақтан, Сары, Саршолақ, Әлия, Хиуаз тәрізді батырларымыздың бүгінгі тәуелсіздігі үшін күресін, жанқиярлық ерлік істерін сезінеміз.

Ақтөбе өңірі сондай-ақ әйгілі лингвист, түркітанушы Құдайберген Жұбанов пен Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргеновтерден басталатын ірі мемлекет қайраткерлерінің, Нұрпейіс Байғанин, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев, Ізтәй Мәмбетов бастаған дарынды ақын-жазушылардың, әйгілі академик Ахмет Жұбанов бастаған сазгерлер мен суретшілердің, өзге де өнер тарландарының атамекені.

Әрине, әрбір адамның жүрегінде туған елге, жерге оның топырағына деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша сананың, ұлттық рухтың жаңғырмайтыны хақ. Сондықтан әрбір қазақ баласы өз ата-бабасынан мұра боп келе жатқан елін, атамекенін бөлшектемей, ұлтымның атамекені деп жылы жүрекпен қарап қастерлеуі тиіс.

Бүгін міне, 1869 жылдың мамыр айының басында негізі қаланған  құтты мекен Ақтөбе қаласына биыл 152 жыл.

Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы онлайн форматта aqtobe_madeniet инстаграм парақшасынан тікелей эфирде қала күніне орай  «Туған жерім, мекенім Ақтөбем!» тақырыбында сұқбат кешін ұйымдастырды. Ақтөбе тарихын жас ұрпаққа таныту,  танымал тұлғалардың өмірі мен қызметін, олардың құнды мұраларын насихаттау мақсатында өткен шараның тікелей эфир қонағы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі «Қазіргі заман тарихы» ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Айбек Сламғалиұлы Ертеміров мұрағат деректеріне сүйене отырып оқырмандарға Ақтөбе қаласының даму кезеңдері, ондағы көшелер атауының, тарихи-мәдени орындар мен ескерткіштердің шығу тарихы туралы баяндап, бүгінгі келбеті турасында сөз қозғап оқырмандар сауалдарына жауап берді.

Өлке тарихын білуге ұмтылған балалар үшін кітапхана қорындағы кітаптардан «Ақтөбе-алтын бесігім» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып оған әр дәуірде өмір сүрген тарихи-танымал тұлғалардың туындылары қойылды.

Осы орайда мен кітапхана қорындағы «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен басылып шыққан кітаптарды ерекше атап өткім келеді. Бұл кітаптардан оқырмандар Ақтөбе өңірінде ХV-ХІХ ғасырларда өмір кешкен ақындардың, әйгілі жыршы Н.Байғаниннің туындыларын, жергілікті Ғалым Ахмедов, Тахауи Ахтанов, Өтебай Қанахин, Қуандық Шаңғытбаев, Бәкір Тәжібаев, Ізтәй Мәмбетов, Мұхтар Құрманалин, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Сақтаған Бәйішев, Өтежан Нұрғалиев, Үмбетбай Уайдин, Мәди Айымбетов секілді жергілікті ақын-жазушылардың өмір жолы мен шығармалары туралы кең ауқымды мәліметтер алады. Т.ғ.к. Беркін Құрманбектің «Ақтөбе тарихы», т.ғ.к., доцент Марат Тәжібаевтың «Ақтөбе облысының тарихы», ф.ғ.докторы Әбілсейіт Мұқтардың «Тарих айдынындағы тұлғалар» деген зерттеу еңбектері оқырман үшін қызықты, әрі аты аңызға айналған тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы жаңа дерек-мәліметтерімен аса құнды боп келеді. Сондай-ақ ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Р.Ілиясованың «Шежірелі Ақтөбе». Кітап-альбомы, «Далам тұнған шежіре» кітаптары Ақтөбе  өңіріндегі қасиетті мекендер, осы  аймақтағы  тарихқа қатысты айшықты әңгімелер, батырлар мен бақсылар, зергер-ұсталар, өнер қайраткерлері жайында сөз қозғалады. Бұл еңбектің өткенімізді танып-білуде, туған жердің рухани қадір-қасиетін бағалай білудегі маңызы ерекше.

Қымбатты оқырман! Егер өлке тарихы сізді қызықтырса, толғантса кітапханаға келіңіз, кітап оқыңыз! Қазақ  елінің өркенді өлкесі Ақтөбе қаласының мерейтойы құтты болсын! Қаламыздың  мерейі арта берсін!

МӘНДІБАЕВА  РИМА  УБАЙДУЛЛАҚЫЗЫ, Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы, Мектепке дейінгі және төменгі класс оқушыларына қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі. Ақтөбе қаласы.

Бөлісу: