ТІЛ МƏДЕНИЕТІ ЖƏНЕ САЯСАТ

25.07.2019 0 By admin

Тіл туралы заңнаманы іске асыру мақсатында тіл саясатын жүргізудің нақты бағыттарын анықтайтын Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл ретте біраз шаруалар атқарылды.

Бұл бағдарлама әкімшілік, білім беру, қызмет бойынша жоғарылау, қызмет көрсету және басқа да өмірдің әр түрлі салаларына арналған бірнеше арнайы және жеке бөліктерді қамтиды. Бағдарламаны жүзеге асырудың үш кезеңі бар. Бірінші кезең – 2011-2013 жылдар, екінші кезең – 2014-2016 жылдар және үшінші кезең – 2017-2020 жылдарды қамтиды. Нәтижесінде мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің көрсеткішін 20 пайыздан 80 пайызға дейін, кейін 95 пайызға жеткізу жоспарланған.

Бағдарламаны кезең-кезеңмен іске асыру өз нәтижесін беруде. Ендеше «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011- 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында тіл мәдениеті қай деңгейге көтерілді. Тіл мәдениетінің қоғам рөліндегі маңызы қандай, тіл саясатының жетістігі қандай деген сұрақтарға жауап беріп көрейік. Тәуелсіз қазақ елі әлемдегі аса дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуға ұмтылуда. Ал сол дамыған, өркениетті елдердің қатарына қандай құндылығымызбен барамыз деген мәселе туындайды. Ұлттық салт-дәстүр, әдеп- ғұрып, ана тілімізді Батыс мәдениетіне айырбастап, дамыған елдердің қатарына қосыламыз деу бос әурешілік. Қашанда өз тілін менсінбейтін «Мен қазақпын» деп айтуға намыстанатын жастардан қорқуымыз керек. Өз ұлтын қадірлемейтін — нағыз мәдениетсіздер. Ал мәдениетті жоғары біліммен өлшеуге әсте болмайтынын әлдеқашан ұғатын кез болды. Қолында дипломы бар, бірақ мәдениеті төмен деңгейдегі жастар қаншама! Оларды «надандығын қағаз жүзінде бекітіп алғандар» деп айтуға болады. Мәдениет ұлттық байлық пен ұлттық идеяға тікелей байланысты. Ол рухани байлықтың бір белгісі. Әрбірадамныңжүріс-тұрысы, сөйлегенсөзі, киімкиісі, істегенісі— бәрі де оның жеке басының мәдениетін көрсетеді. Тіл мәдениетіне тәрбиелеу сөз мәдениеті негіздері және тіл туралы жан- жақты ұғым беруден басталады. Сөз әдебі, әдетте, ауызша сөйлеу тілі мәдениетімен тұтастықта танылатындықтан, адамның айналасындағылармен табыса білуінің құпиясы қарым-қатынастың әлеуметтік- тұрмыстық және іскерлік секілді түрлерімен сабақтастық сараланды. Ал тіл мәдениеті — ана тілін білу. Өкінішке қарай, қазір кейбір жастар ана тілін білмегенге ұялмайды, керісінше, ағылшын тілін білгеніне ғана мәз. Мұның өзі мәдениетсіздіктің белгісі деуге әбден болады. Ықылым заманнан мәдениетімен танылған қазақ халқының бүгінгі жаппай сауатты жас ұрпағы мәдениетсіз дегенге сену қиын. Рухани бай, ұлттық тәрбиемізді бойына жинақтаған адам ғана жоғары мәдениет иесі болып табылады. Мәдениет — дүниемен өлшенбейтін рухани байлық. Қоғамдағы мәдениетке жеткізетін, қоғамдық ой-сананы биікке көтеретін, қуатты да құдіретті ана тілі — қазақ тілін біз өз деңгейінде қолданысқа енгізіп келеміз бе? Дәл қазіргі уақытта қазақ елі жаһандану дәуіріне қадам басып келеді. Яғни, соңғы жылдары елімізде шетелдік фирмалармен алыс-беріс жасап, ынтымақтаса жұмыс істеу көбейді. Нарықтық экономиканың халықаралық деңгейдегі сауда-делдалдық, көлік, қаржыландыру мен кредиттеу, жарнамалық қызмет, халықаралық көрмелер, аукциондар, халықаралық экономикалық қатынастар, тағы басқа алуан түрлі салалар жұмысын күшейтті. Демек, дәл осы уақытта өркендеген елде тіліміздің құрылымы мен жүйесі дами түсіп, аса күрделі құбылыстарды дәл бейнелейтін қабілеті арта береді [1].

Тіл байлығы — сөз байлығы. Ал сөз байлығы әр адамның лексикасындағы қолданылатын сөздердің санымен байланысты болғанымен, негізгі байлық — ой байлығы, сол сөздерді қиюластырып, әсем де әсерлі ой мұнарасын қалай білуде. Себебі сөзді көп біліп, бірақ оны орынды, ойлы, образды жұмсай алмасаң, одан не пайда? Ал сөзге көп мағына сыйғызып, әр сөздің парын, мән- мазмұнын, стильдік бояуын дөп басып беру ойлау қабілетімен, оның шығармашылық сипатымен ұштасып жатады. Ал ой байлығына жету үшін тіл дамуының кешегісі мен бүгінгісін, лексикалық қабаттын баю, толығу жолдарын, тілде пайда болған жаңа құбылыстардың өміршеңдігін, бір сөзбен айтқанда, тілдің ішкі, сыртқы мүмкіншілігін жақсы меңгеріп, оған қамқорлықпен, жанашыр көзбен қадағалап отыру керек. Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі — тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегенде, ойымыздың, сөзіміздің бөтен, бөгде элементтермен шұбарланбауын талап етеміз. Әрине, бөтен тілден сөз алмай, таза ана тілі материалының негізінде ғана өмір сүретін әдеби тіл деген болмайды. Көркем шығарманы, сондай-ақ әдеби нормадан ешбір ауытқымай, бөтен тілдік элементтерді қоспай, сірестіріп, «таза әдеби» тілде де жаза беруге болмайды. Өйткені, көркемсөз шеберлері оқырмандарына өмірдің өзі көтерген саласын жан-жақты көрсету, олардың дүниетанымын, эстетикалық талғамын арттыру мақсатын көздейді.

Қандай адам болмасын, ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен де байқалды. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», — деп ұлы Абай тегін айтпаған. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретіне түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады, сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді. Сөз мәдениеті мен өз мәдениетін қатар ұстап, екеуін бірге әлпештеп, қамқор болса, ана тіліне деген сүйіспеншілігі арта түсері даусыз [2]. Тілсіз рухани мәдениет те биікке жете алмайды, халықтың рухани күші — тілде. Тілі дамымаған халықтың рухы да дамымақ емес. Өйткені «Өнер алды — тіл» (М.Қашқари). Демек, дүниенің кілті — тілде. Тілдің дамуы арқылы адам баласының дүниетанымы сатылы дамиды. Яғни, ата-баба білігі балаға тіл арқылы дамып, болмыстың қасиеті мен белгілері терең таныла түседі. Тілде ертедегі танымның ізі, ел жасаған парасат пен кісіліктің пайымы жатыр. Тіл — «дыбыс таңба» жүйесі ғана емес, тілдің сақталуы арқылы халықтың бүкіл ғұмырындағы таным-түсінігі ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Басқаша айтқанда, сөз жүйесі арқылы халықтың ойлау жүйесі, материалдық және рухани мәдениеті жетеді. Ғ.Мүсірепов «Тілін білмеген түбін білмейді» дейді. Тіл — ойдың ең басты қаруы. Тіл халықтың дамуымен тарихтың шеруімен, белгілі оқиғаларға орай байып отыруы керек. Жаңа ұғымдар, жаңа терминдер қалыптасу керек. Ол жаңадан енген терминдерді де өзімізден табу мүмкін емес немесе шарт емес. Міне, дәл осылай тіліміз күрделене береді. Қазақ тілі — түпкі табиғатында ауқымы кең, оралымды, әрі аса бай тіл. Біз осы тілімізді толық иегере алдық па? Толық иегере алмай жатуымыз — сол ұшан байлықтың көрінісі. Оған жаңа терминдерді қосыңыз. Л.И.Ожегов: «Тіл мәдениеті — бұл өзінің ойын дұрыс, дәл және мәнерлі жеткізе алу білігі. Дұрыс сөз дегеніміз — әдеби тіл нормасы сақталған сөз. Тілдің нормасы — бұл коғамдық сөйлеу тілі тәжірибесінде қабылданған жалпы тілдік сөйлеу, грамматика, сөз қолдану ережесі. Ойын жеткізуде дәл әдіс таба білу ғана емес, сондай-ақ орынды сөйлеу», — деп тұжырымдайды [3].

Тіл — қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану әрқайсымыз үшін парыз. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Кешегі тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкіл халықтық қозғалыс соның айғағы.

ХХ ғасырдың ұлы жемісі — қазақ халқы үшін Егемендіктің көк туы желбіреуі.Ата-бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсатымыз — ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Ұлттық мінез, ұлттық намыс, ана тілі жоқ жерде — ұлт та жоқ. Халқымыздың аса бай рухани қазынасы — туған ана тіліміз.

Ол — қазақ тілі! Жалпы тіл мәдениетіне қойылатын талаптар қандай, әрбір мәдениетті адам мәдениетті сөйлеу, қарым- қатынас жасау үшін нені меңгеруі керек деген сұрақтар туындайды [4]. Зерттеуші М.Балақаев өзінің тіл мәдениетін тереңінен зерттеген еңбектерінде тіл мәдениетінің негізгі принципі деп, сөйлемдердің, жеке сөздердін тыңдаушыға, оқушыға бірден түсінікті болу керектігін көрсетеді. Зерттеуші жазуда, сөйлеуде адам ойына қажетті сөз таңдағанда олардың стильдік ерекшеліктерін ескеруді айтады. Тілдік норманы қалыптастыру, сауаттылық,  тіл тазалығы,  сөздерді  дұрыс  айтым,  дұрыс жазу  тіл  мәдениетінің  басты талаптары ретінде тұжырымдалады. Иә, қазақ ұлтының қасиетін білгің келсе, Абайды оқы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, тағы басқа ғұламалардың шығармаларын парақта.

«Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ана тіліміздің мәртебесін көтеру әрбір  қазақ шаңырағы өз отбасынан бастау керек. Әр ана мен әке өз баласына оның қазақ екенің, өз ұлтынан биік ұлттың жоқ екенін, қазақ ұлтының салт-дәстүрлерін бойларына сіңіре білсе, ол бала отан сүйгіш болып өседі. Демек, нағыз азамат, нағыз қазақ ең бірінші отбасынан алған тәрбиесінің жемісің, игілігін ең бірінші өз отбасына және еліне көрсетеді. Сондықтан еліміз бен жеріміздің ертеңгі иесі отаншыл, білімді ұрпақты тәрбиелеп өсіру әлемдік өркениет көшіндегі өз орнымызды анықтау болып табылады. Қазақстанның гүлденуіне, биіктерден көрінуіне, Қазақстандағы әрбір қазақ азаматының ана тілінде сөйлеуіне, жақсы білім алуына, өз құқығын білуіне міндетті. Елдің тірегін берік ұстау тек өзімізге байланысты. Рухымыздың биік, отан сүйгіштік қасиетіміз жоғары болса, тіліміздің де мәртебесі де үстем болмақ [5]!

М.Балақаевтің айтуынша, тіл мәдениетіне тәрбиелеу сөз мәдениеті негіздері туралы және тіл туралы жан- жақты ұғым беруден басталады. Сөз әдебі, әдетте, ауызша сөйлеу тілі мәдениетімен тұтастықта танылатындықтан, адамның айналасындағылармен табыса білуінің құпиясы қарым- қатынастың әлеуметтік- тұрмыстық және іскерлік секілді түрлерімен сабақтастық сараланды. Осы қатынас түрлерінің мақсатына қарай тілдің қолданыс аясының өзіндік ерекшеліктеріне көңіл аударылды. Ал, жазба тіл мәдениеті аясында, негізінен, іс-қағаздары стилі мен оқушылардың шығармашылық бағыттағы жазба жұмыстарының үлгілері топтастырылды. Осы тақырыптар бойынша берілетін білім мен іскерлік-дағдылардың шығармашылық бағытта кең өрістеуіне шешендікке баулу арқылы мүмкіндік туғызылады. Одан кейінгі кезекте жұрт алдында сөйлеуге машықтану жолдары, нақты сөзге дайындықтың сатылары, сөз құрылымы (сөздің кіріспесі, негізгі бөлімі, қорытындысы), тыңдарманмен байланыс жасаудың шарттары туралы мағлұмат беріліп, практикалық тапсырмалар мен тақырыптар көрсетіледі, пікірталасының түрлері, олардың әрқайсысының ерекшеліктері, пікірсайысындағы өзін- өзі ұстау, сөйлеу мәдениеті туралы, оның талаптары мен шарттары ұлттық және мәдени дәстүрге негізделе отырып ұсынылады. Өз пікірін қорғаудың, қарсыласын мойындатудың түрлі тәсілдері оқушы ұғымына ыңғайластырылған. Сұрақ қою, сұраққа жауап берудің әдіс-амалдары нақтыланып беріледі. Айтысу шеберлігін жетілдірудің негізгі жолдары анықталып көрсетілген. Әдістемелік жағынан, осы тақырыптарға орай ұсынылатын жұмыстарда мазмұн бірлігін сақтай отырып, грамматикалық талдаулардың да жүйелі берілуіне баса назар аударылады. Міне, осындай мәселелерге баса назар аудару арқылы тіл мәдениетінің дамуына ықпал етуге болады [6].

Қазақстан жұртшылығы тәуелсіздік дәмін татып, ақырын жүріп, анық баса біртіндеп алға озып келеді. Президентіміздің әуелден ұстанған өмірлік мақсаты — елдің тыныштығын, береке-бірлігін, халықтар достығын, өзара ынтымақтастығын көздің қарашығындай сақтай отырып, ризығымызды молайту, экономикалық әл- қуатты күшейту, рухани байлықты дамыту, өркениет өріне қарай жол тарту. Осы мүдде, осы мақсат үшін ол неше алуан шегініс жасап, неше алуан келісім-шарттарға да барып жүрді. Сол жолдан күні бүгінге дейін таймай келеді, таймайтыны да анық», — дей келе: көптеген министрліктер мен ведомстволардың республикалық облыстық деңгейдегі түрлі мекемелердің мемлекеттік тілге деген салғырттығын қалай түсінуге болады. Әрбір облыс жағдайы ескеріліп, мүмкіндіктері есепке алынып жасалған мемлекеттік бағдарлама шарттары осы салғырттық салдарынан шаң жұтып отыр. Мұның орындалуын қадағалап отыратын тіл басқармаларынан басқа ешбір мекеме қалмаған сияқты. Демей-ақ десең ұлттық намыс таптала беретін түрі бар.  Орысша оқып, орысша тәрбие алған ағайынның біразы кейінгі кезде лауазымды қызметтерге өрлей бастады. Жалпы оcы заманның жоғарғы талабы тұрғысынан қарасаңыз тал бойына еш кінәрат таба алмағандайсыз.

Алайда көбінің ана тілге деген зауқы жоқ. Ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, ұлттық сана деген өзекті мәселелерге келгенде бір қазақ енді екіге жарылып, екі ұдай күй кешуде. Сонда Президент қатты мән беріп отырған ұлт ішіндегі бірлікті қалай қалыптастырамыз? Оның үстіне соңғы уақытта «Үш тұғырлы тіл» мәселесі көп айтылып жүр. Бұл мәселені әркімдер әрқалай түсініп, әр саққа жүгіртіп, әркім өз жағына қарай бұрмалап та айтып жатыр.

Бірақ біздің айтарымыз, осы үш тілдің ішінде біздің тұғырымызға қондыруға міндетті, соған тиісті бір-ақ тіл бар, ол — осы мемлекеттің атын иеленген қазақтың ана тілі. Орыстың тілі біздің Отанымда емес, ол өз жерінде тұғырлы болуы керек, ал ағылшынның тілі бізсіз де әлемді жайлаған, қонатын тұғырын әлдеқашан тапқан тіл. Орыстың да, ағылшынның да тілін біл, тіпті, әл-Фараби бабамыз секілді, бірнеше тілді меңгер, біреудің жолына екінші адам кедергі болмайды. Бірақ жергілікті халықтың тілін білу сол халыққа деген сыйластығыңды білдіретінін ұмытпағанымыз жөн. Ал енді ана тілін білмейтін шенеуніктер жайлы айтатын болсақ, тіптен сөз басқа. «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XII Құрылтайында жария еткен болатын.  Ал  2007  жылғы «Жаңа   әлемдегі  жаңа   Қазақстан» атты   халыққа жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.

Қазақстан халқының рухани дамуымен қатар, бұл идея ішкі саясатымыздың жеке бағыты болып белгіленді. Яғни, идеяның негізі: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Басқаша айтқанда, үштұғырлы тіл идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті формуламен көрсетуге болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз. Айта кетелік, үштұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол — өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Өйткені қазіргі кезде күллі әлемге есігін айқара ашып, «ақылды» экономиканы енгізіп жатқан елдер қарыштап дамуда. Ал бұл бағыттағы толайым табыстарға, ілім-білімге алып барар жол — ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді үйрену. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Қазақстан үшін үштұғырлы    тіл — елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.

Енді «Үштұғырлы тіл» идеясының үшінші құрамдас бөлігі — ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз — ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз. Оған қоса, ағылшынша білсең — әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігін мол. Тіпті, оқуыңды тәмамдаған соң, біршама уақытқа шетелде қалып, еңбек етуің үшін де бұл тамаша мүмкіндік. Ең бастысы, ағылшын тілін білу — бұл іскерлік қарым-қатынас және әлемнің кез келген нүктесінде бизнеспен айналысу үшін міндетті талап. Қазақстандықтардың ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып- үйренуге жәрдемдесу үшін колледждер мен жоғары оқу орындарында шет тілінің болашақ оқытушыларын оқыту жүйесі мен процесіне қойылатын талаптарды күшейту керек. Сонымен қоса, жаратылыстану мен математиканы ағылшын тілінде оқытатын оқытушыларды дайындау, шетелдермен тәжірибе алмасу, шет тілдерде сөйлейтін мамандарды тарту саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, арнайы орта және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларын шетелдерде тіл үйрену мен тәжірибе жинауға жіберу сияқты бірқатар іс-шараларды жүзеге асырған жөн.

Жоғарыдағы мақсаттар Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тайға таңба басқандай етіп жазылыпты.

Жалпы алғанда, тілдерді меңгерудің тиімділігін сөз еткенде біз бұл
жұмыстың жүйелі түрде жетілдірілуіне батыл қадам жасағанымыз жөн. Әсіресеинновациялықәдістерді іздеуіміз қажет. Мысалға, әрбір облыста үш тілге бірдей оқытатын мамандандырылған орталықтар ашып, оларды алдыңғы қатарлы технологиялармен қамтамасыз етсек. Түптеп келгенде, Қазақстандағы үштұғырлы тіл саясаты — бұл елімізді, оның әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған тұтас тұжырымдама. Іс жүзінде тілдердің үштұғырлылығы идеясы бәсекеге қабілетті Қазақстанның ұлттық идеологиясының бір бөлшегі болып табылады. Яғни, мемлекет әрбір қазақстандық үшін үш тілді білу — әркімнің жеке дамуының міндетті шарты екендігін әрдайым есте ұстауды қалап отыр.

Қазір елімізде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруге үлкен көңіл бөлінуде. Бірақ осы мәселеде «үш тілдің бірлігі» елімізде қолданылу аясында қатар сақталып жүр ме? Бұл — үлкен сұрақ… Тіпті алысқа бармай-ақ, еліміздегі жоғары оқу орындарында осы үш тілдің оқытылуындағы айырмашылықтың арасы жер мен көктей екені баршамызға аян.

Барлық тіл — бірдей, адам баласының қатынас құралы, бірақ түрлі ұлт тілдерінің атқаратын рөліне қарай, оның мәртебесі әрқалай. Мәселен, Қазақ елі өз тілінің мемлекеттік мәртебесіне тек 1989 жылы ғана қол жеткізді. Бұл оның республикамыздағы барлық ұлт өкілдеріне ортақ тіл екендігінің ресми мойындалуы болатын. Алайда арада біршама жыл өтсе де, мемлекеттік тілдің мүддесі көңіл толарлықтай нәтиже шығарған жоқ. Қазіргі уақытта қазақ тілі — ресми-іскери тіл деңгейіне жете алмай отыр. Мекемелерде жүргізілетін іс-қағаздарын жүргізу құжатнамалары «аударма тіл» деңгейінен аспайды. Оның өзі — өлі тіл іспетті, арнайы тексеретін бақылаушы ұйымдар үшін ғана қатталған «оқылмайтын папкілер жиынтығы».  Бұл —  ащы  да  болса  —  шындық.  Осындай көзбояушылықтан  арылатын  кез жетті.

Мемлекеттік тілге деген жанашырлық, республикамыздың тіліне деген құрмет, жалпы елдігімізге деген азаматтық парызымыз, адами міндетіміз қайда?! [7].

«Үш тұғырлы тіл» саясатында ағылшын, орыс тілдері — ғылыми жүйеленген, ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие әрі ешқандай көмекке тәуелсіз, кәсіби қалыптасқан дербес тілдер. Мұндағы өзінің мемлекеттік мәртебесін іс жүзіне асыра алмай отырған әрі республикамызда тұратын түрлі ұлт өкілдерімен қатар, орыстілді жаңа қазақтарға тәуелді, халі мүшкіл, қандай да қолдау- көмекке зәру тіл, ол — қазақ тілі. Бүгінгі жоғары оқу орындарында негізгі пәндерден сабақ беретін оқытушылардың басым көпшілігі — ғылыми дәрежесі бар ғалымдар. Олар ғалым ретінде  қазақ тілінің ұзақ жылдар бойғы қалыптасу тарихында әдеби тіл, ғылыми тіл деңгейінде әбден жетілген ресми-іскери  тілге  лайық  «тілдік қоры бар» лексикалық бай тіл екенін білуге  тиіс.      Сондықтан «үштұғырлы» тіл саясатында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өз Отанымызда қатынас тілі дәрежесіне жетіп, ағылшын, орыс тілдерімен тең деңгейде қолданылуы олардың қолдау- қалауларында.

«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп анық жазылған. Одан әрі: «Қазақстан халқын топтастырудағы аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» екендігін атап көрсеткен. Міне, осы Заң қаншалықты орындалып отыр? Қазақ елінің мемлекет болып қалыптасу тарихында өлшеусіз еңбек еткен, ұлттық тіл ғылымының негізін салған, көрнекті ғалым әрі мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы ғасыр басында «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», — деген болатын. Шындығында, ұлт ретінде түрің сақталғанымен, тілің сақталмаса, мәртебесі басым тілдің (ағылшын, орыс, латын т.б.) жетегінде кетіп, бірте-бірте жойылуың ғажап емес. Мемлекеттің мемлекеттік дербестігін білдіретін рәміздер: елтаңба, байрақ, әнұранның қатарында тіл де бар. Бірақ тілге деген көзқарас әлі енжар қалпында, енжарлықтан арылып, тілге ден қойып, оны үйрену әрбір Қазақстан Республикасының азаматтары мен азаматшаларының (еліміздегі барлық ұлт өкілдеріне қатысты) өз қолында.

Дегенмен де, қит етсе болды үлкен-кішіміз бірдей «қазақ тілі — мемлекеттік тіл» дегенінен гөрі, «орыс тілі — ресми тіл» деген тармағын көп басшылыққа алып, соны айтып шыға келеміз. Заңымыздың тетігі жоқ, қоғамның талабы жоқ, тілдің қажеттілігін арттырмаймыз, сөйтеміз де тіл дамымады деп өкпелейміз. Сонда біз кімге өкпелеуіміз керек, өзіміздің құрметіміз бір-бірімізбен орысша сөйлесуден артпаса, соны да біреу қадағалауы керек пе [8]?

Соңғы кездерде биліктің ойлап тапқыш фразеологиялық теңеулеріне де шек болмай тұр. Кезінде қос тіл, қос қанатың» дегенді санаға сіңіру арқылы, бірталай жыл қатарынан қоғамдық пікірді адастырған билік, ақыры орыс тілін екінші тіл еткені аз болғандай, енді келіп өркениетке жету үшін «үштұғырлы тіл» дегенді ойлап тауып, ағылшын тілін игеруді міндеттеген бағдарлама  жасап, уағызын осындай үлкен теңеулермен тағы құбылтып жатыр. Бұл аз болғандай, жаппай тілі шығып үлгермеген бүлдіршіндерді үш тілде тәрбиелейтін бала- бақшалардың ашыла бастауы қазақ тілінің басына үйірілген бұлтты бұрынғыдан бетер қоюлата түскендей.

Мемлекетімізде тек қана екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептер бар. Оларға заңға сәйкес республикалық бюджеттен қаржыландыру қарастырылған. Себебі «ҚР-ның Тіл туралы» Заңы бойынша (4-б.) республикамыздың орта мектептері тек қана екі тілде қазақ және орыс тілдерінде оқытуға бағытталған.

Аталмыш Заңның 5-бабында «мемлекеттік ұйымдарда (орта мектептер мемлекеттік мекемеге жатады) және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс  тілі мен қазақ тілімен қатар қолданылатыны жазылған. Біз мектептегі реформа деген желеумен «Ата Заңдағы» (7-б.), «Тіл туралы» Заңымыздағы (4-б.) осындай қарапайым заң талаптарын бұрмалап, «үш тілде тереңдетіп оқытатын орта мектептер» деген тақтайшалардың ілініп тұрғанын көруге болады. Ендеше республикамыздың барлық облыстарындағы орта мектеп маңдайшаларындағы аталмыш тақтайшалар алынып тасталуы керек. Оқырман қауым бізді дұрыс түсінер деп ойлаймыз. Біз ағылшын тілі (өзге де шет тілдері) мүлдем оқытылмауы тиіс демейміз. Оқытылуы қажет болса,   онда «ағылшын тілі әркімнің қызмет бабы қажеттілігіне қарай, еріктілік түрде, тек қана ақылы арнаулы шет тілдері мектептерінде ғана үйретілуі тиіс». Барлық өркениетті еуропа мемлекеттерінде алты құрлықтың барлығында шет тілін үйрету мемлекеттік орта мектептен тыс, тек қана арнайы ашылған дербес «ақылы жеке мектептерде» жүреді. Өйткені ол елдердің барлығында заң баптары осылай етуді талап  етеді.  Осы  жерде  екінші  бір  жақ тарапынан:  «Ақылы  оқытуға  қазіргі  нарық заманында қарапайым ата-аналардың қаржылық мүмкіндігі жоқ, неліктен тегін оқытуға жағдай жасап отырған орта мектеп реформасына қарсы боламыз?» — деуші сұрақ та туындауы мүмкін. Жауап біреу — біз үштұғырлы тілдің бұрыстығын айтқанда мемлекеттік орта мектеп бағдарламасына кіргізетіндей Ата Заңымызда «ағылшын тілі» туралы баптардың жоғына ғана сүйеніп отырмыз. Себебі ағылшын тілін міндеттеп оқытуды бала-бақшадан бастап орта мектеп бағдарламасына кіргізу Ата Заңымызда жазылмаған. ҚР-сының «Тіл туралы Заңында» да ағылшын тілін мемлекеттік тілдің бірі ретінде оқу бағдарламасына кіргізу міндеттелмеген. Ал, заңның орындалуын, қатаң қорғалуын қамтамасыз ету кез келген мемлекеттік мекемелерде бәрінен жоғары тұруы тиіс [9].

Қазақстанның орта мектептерінде жүріп жатқан осы реформа мемлекет тарапынан «Тіл туралы» Заңды өрескел бұзу болып табылады. Осының төңірегінде Республикалық халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Тілдерді дамыту басқармасы» мәселенің осы жағын, «үштұғырлы тіл» саясатының Ата Заңымызға қаншалықты сәйкестігін зерделеп, ойланып көрді ме екен? Біздіңше, бұған тіл мамандары араласып, мұның ҚР-сының «Тіл туралы» Заңына және Конституцияға сәйкестігін сараптамадан өткізу қажет. Ағылшын тілін орта мектептерде «міндеттеп оқыту» заңнан тыс және оған бюджеттен бөлінген қаржы да заңсыздық болып табылады. Керісінше, оған бөлінген миллиондаған қаржыға қосымша сағаттар ашып, мәселен, мектеп бағдарламасына «Әлемәдебиеті» пәнін неге енгізбеске?

Осылай кете берер болса, енді бірер жылдан кейін космополиттер «төрт тіл, төрт құбылаң» дегенді тағы ойлап тауып, таяу болашақта қытай тілін үйренуге үндеулері де ғажап емес. Мәселен, қазірдің өзінде еліміздің біраз жерлерінде қытай тілінен дәріс беретін курстар ашылып, қытай тілін үйренуге шақырған хабарландырулар көбейюде. Қытай тілін оқыту курстарының жаппай жұмыс жасауының қаншалықты заңға томпақтығын тексеріп, онымен айналысып жатқан жергілікті «Қазақ тілі» қоғамы, ішкі саясат департаменті, құқық қорғау органдары да жоқ. Бұл біздің елімізде қытай ұлтының бір күндері үлкен диаспораға айналуына әкелетін алғышарт. Қытай тілінің жаппай үйретілуі бара-бара барлық жерде Қытайдың мәдени-қоғамдық ұйымдарының ашылуына әкеледі.  Бара-бара бұл қытай тілін үйренген қазақтарымыздың тұрақты кәсібіне айналып, ұлтымызды қытайландыруды өз қазағымыздың қолымен іске асыра бастайды. Мәселен, бұған бүгінде ағылшын тілін меңгеру арқылы оны болашағына кәсіп еткен өз ұлтымыздың қатарының көбейіп, бүгінде жаппай оқыту да сондай қазақтардың қолымен іске асырылып жатқаны дәлел болады. Қазаққа кезінде орыс тілі де осылай түпкілікті таңылған болатын [10].

Қорытындылайтын болсақ, Қазақстан — ортақ шаңырақ деп айтамыз, тілге келгенде ортақтаспай қаламыз. Тіл ортақтаспай — біз ортақтаспаймыз немесе бірігу неғайбыл болады. Өйткені Отан — біреу, бәріміз жазамыз десек жазып, сөйлейміз десек сөйлеп, қызмет істейміз десек, істеп жатырмыз. Ал енді қызметке келгенде мемлекеттің тілі ортақ болмайды. Осы айналып келгенде қауіптілік туғызады. Әрине, Заңныңқандай жағдайда да бұлжытпай орындалуы бәрімізге ортақ. Алайда ешбір елдің Конституциясында өзге ұлттардың да тілін дамытайық деген сөз жоқ қой. Осыған орай мемлекеттің ұрпақ тәрбиесіндегі «үштұғырлы тіл» деген ұстанымы қате саясат деп ойлаймыз. Ендеше, «айттым бітті, кестім үзілді» дегендей, бұған бас шұлғи беруге, белден басып заңды бұзуға болмайды. Ана тіліміздің күшін арттыру заңы баяғыда-ақ қабылданғанымен, бұл істің шала қолға алынып отырғаны тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Әлідеболса, мектепқабырғасындағы оқушы да, жоғары оқу орнының студенттері де, тіпті күнделікті өзіміз теледидардан да көріп жүрміз. Үкімет басындағылардың өзі қазақшаның басын құрай алмай, «қ»-ны «к» деп, «ғ»-ны «г» деп отырғанын көргенде ішің ашиды. Қазіргі таңда да тіл мәдениеті үшін күрес, ең алдымен, ана тіліміздің қоғамдағы орнының бекемдігі, әлеуметтік жағдайының жоғары болуы үшін күрес болуға тиіс.

Тіл мәдениетіне тәрбиелеу сөз мәдениеті негіздері туралы және тіл туралы жан- жақты ұғым беруден басталады. Сөз әдебі, әдетте, ауызша сөйлеу тілі мәдениетімен тұтастықта танылатындықтан, адамның айналасындағылармен табыса білуінің құпиясы қарым-қатынастың әлеуметтік- тұрмыстық және іскерлік секілді түрлерімен сабақтастық сараланды. Осы қатынас түрлерінің мақсатына қарай тілдің қолданыс аясының өзіндік ерекшеліктеріне көңіл аударылды. Ал, жазба тіл мәдениеті аясында, негізінен, іс қағаздары стилі мен оқушылардың шығармашылық бағыттағы жазба жұмыстарының үлгілері топтастырылды. Сан-саналы қазақ тілінің сөз бедері қоғамның қай саласын алсақ та ешбір тілден кем емес, толық қалыптасқан әлемдегі кемел тілдерінің бірі. Іс қағаздар, құжаттар, түрлі қарым-қатынастағы ресми тіл ретінде де өзінің қызметін атқаруда.

Заманының көшінен қалмай, бүгінде ресми тіл қайта даму үстінде. Әрине, кемшіліктері де жоқ емес. Бірақ бұл тілдің нашарлығына болған кемшілік емес, керісінше, жарты ғасырда боданда болған тілдің тұншығып барып қайта оралуы есеп болар. Еліміздегі ресми іс қағаздар стильдің жаңаша даму қарқыны әлі алда.

Қазіргі жағдайы орыс тілінен аударма, салыстырма, қосымша түрінде болып отырғаны да жасырын емес. Егер жоғарыда отырған шенеуніктердің өзі қазақ тіліне деген қажеттілікті сезінбей жатса, басқасына не деуге болады?! Сондықтан әуелі ана тіліміздің мәдени деңгейдегі мәртебесін көтеріп алмай, «үштұғырлы тіл» саясаты жайлы айту әлі ертерек пе деп ойлаймыз.

Қолумбаев Б.Е., Садвақасова А.Е. Қарағанды қаласы

Әдебиеттер тізімі

  1. Сыздық Р. Тіл мәдениеті және оның проблемалары. — Астана: Елорда, 2001. — 230-б.
  2. Кунапьянова А.Д., Аубакирова Л.Р. Тіл мәдениетінің өлшемдері және оған қойылатын талаптар // «С.Аманжолов оқулары — 2004»: Халықарал. ғыл.- практ. конф. материалдары. — Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2004 — 392-б.
  3. Ожегов Л.И. Лексикология. Лексикография. Культура речи. — М.: Высш. шк., 1974. — С.
  4. Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасы». — Астана, 1998. — 5 қазан.
  5. ӘбдіхалықовА.Т. Қазақ тілін білу деңгейін бағалау мәселелері // Тіл және қоғам. — № 2. — Астана, 2008. — 13-б.
  6. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері. — Алматы: Қазақстан, 1965. — 186-б.
  7. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. — Алматы: Мектеп, 1984. — 92-б.
  8. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. — Астана, — 7 ақп.
  9. Нұрлыбай С. Үштұғырлы тіл. http:// www.masa.kz., 09.11

10.Тұрысбек Р. Асыл сөздің арналы ағыстары. http://www.elgazeti.kz. 10.11

Бөлісу: