Түріктер жүрек тұсын басып, бас иіп сәлемдескен

50
Фото: turkystan.kz

Тарих ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ҰҒА құрметті академигі,
Гуманитарлық Академияның академигі, Қазақстан, Қарақалпақстан
Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Соғыс және еңбек ардагері Уахит Хамзаұлы Шәлекенов ақсақалмен болған эксклюзивті сұхбатты «Дәстүр» сайты ұсынып отыр.

 

– Ғаламдану дәуірі келді деп бұрын-соңды қазақта жоқ мінез бен әдет-ғұрыпты сіңіріп жатқан жай бар. Уахит аға, адамдар күн сайын көргенде бір-бірімен амандасуы парыз. Мұның астары неде? Қоғамдық рөлі қандай?

–Амандасу салты  – ежелден адам баласының алғашқы қарым-қатынасының бастауы, бір-біріне сый-құрмет білдіруі. «Адам амандасқанша, жылқы кісінескенше», – деген қанатты сөз  халық аузында тегін айтылмаған. Мұны «Кісі сөйлескенше, жылқы кісінескенше», – деп те айтады. Сәлем – сөздің анасы. Солай болса, адамзат нәсілі бір-бірімен сәлемдессе, хайуанатта сондай қатынаста болып, өзара танылатын көрінеді. Жер шарын мекендеген 7,5 миллиард халықтың баршасы өзара сәлемдеседі. Бір халық екінші халықтан өздеріне біткен ерекшеліктері арқылы бөлінеді. Сондықтан кейбір халықтарда сәлемдесудің өздерінше  өзгешеліктері бар.

Орталық Азия – түрік тілдес халықтардың отаны. Олардың ата-бабалары ғасырлар бойына сәлемдесу құндылығын қалыптастырған. Ол дәстүр бойынша оң қолымен сол жақтағы көкірегін, жүрек тұсын басып, бас иіп сәлемдескен.  Түрік этностарынан өзбек пен түрікпен халықтары күні бүгінге дейін осылайша сәлемдесуін тоқтатқан жоқ. 7 наурыз 2017 жылы «Жас Алаш» газеті Өзбекстан Республикасының жаңа Президенті Шавкат Мирзиёевтың бағзы заманғыдай амандасып тұрған суретін басып шығарыпты.  Өзбек елінің Елбасшысы халқымен ежелгі түркінің салтымен амандасып тұр. Заты түрік өзбектер бағзы ата-бабаларының салған жолмен келе жатыр.

Ежелгі ата-бабалары мирасқа қалдырған құндылығы бойынша сәлемдесуді жалғастырып келе жатырған халықтар әлемде баршылық. Оңтүстік және Шығыс Азия құрлығын мекендеген Үндістан, Бирма, Жапония және тағы басқа елдердің халықтары екі алақанды біріктіріп,  маңдайға тигізе бас иіп сәлемдеседі. Б.з.б. 6 ғасырда Үндістанда пайда болған Будда дініне негізделіп пайда болған мұндай сәлемдесу салты бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Еуропа құрлығын мекендеген этностар бірінің қолын бірі алып, қол алысып амандасады. Ұзақ уақыт көрмеген жақын адамдарымен сүйісіп амандасқан. Қазір олар жаппай қол беріп, сүйісіп амандасады (үлкені-кішісі бәрібір). Қытай халқы бас иіп сәлемдеседі.

Ал арабтар «Ассалаумағалейкум!» (Сізге тыныштық болсын), «Уағалайкуммуссалам!» (Сізге де бейбітшілік болсын) деп сәлемдеседі. Тамаша жүздесу ғой. Ислам дініне енгеннен кейін түрік этностары да осы дәстүрді пайдаланған. Қазір  түрік тілдес халықтардың өзара амандасу салты әр түрлі екенін байқаймыз.

Енді ежелгі түрік этностары ғасырлар бойы қалыптастырған сәлемдесу құндылықтарына қысқаша тоқталайық. Ертедегі түріктер оң қолымен сол жақ төсін басып, бас иіп сәлемдескендері біздің ғасырда бұл халықтарда жойылып кетпегенін көреміз. Бұл жалпы кез келген ер адаммен сәлемдесудің дәстүрлі түрі. Бұған қосымша, ағайын-тумалармен, туған-туысқандармен амандасулардың түрлері болған. Мысалы, көптен көрмеген туысқандарын, достарын кездестіргенде жынысына қарамай, құшақ жайып амандасқан. Келіндер жасы үлкен қайын жұртына сол тізесін бүгіп, ал қайын аға, қайын атаның үйіне енгенде оң тізесіне екі қолын тигізіп, сол аяғын бүгіп, үш рет сәлем жасаған. Мұндай амандасу дәстүрін сақтап жүрген жастар қазір де бар. Менің немере келінім үйіне келгенде осылайша амандасып жүр. Оны біздер талап еткен жоқпыз, ұшқан ұясындағы тәрбиесінен шыққан кішіпейілдік. Бұл әдептілікті қазіргі жастардың көпшілігі сақтамайды.

– Дала театры – айтыс өнері десек, ақындар әуелі кеңінен толғап, туған еліне сәлем береді. Бұл дәстүр бірлікке, татулық пен берекеге бастайды.

– Әрине, біздің қазақ сондықтан сөз анасы – сәлем деп білген. Амандасып болғаннан кейін кездескен адамдар бір-бірімен сөйлесіп, өзара жағдай сұрасады. Ол әр халықтың тұрмыс салтына, діни нанымына қарай жағдай сұраулары да әртүрлі. Мысалы, қытайлар «Тамақ іштің бе?», десе, қазақтар «Мал-жан, ел-жұрт аман ба?» деген. Екі халықтың сөз бастауы екі түрлі. Қытайларға қарағанда, қазақтардың сұрақтарының мағынасы басым екені байқалып тұр. Тағамды кім ішпейді. Қазақтар кездескен адамның қал-жағдайын, оның елінің көңіл-күйінен хабар беретін сұрақтарды орынды қойған. Түріктерде жасы кіші адам бұрын сәлемдеседі. Егер үлкен адам бұрын амандасса, оған жауап беріп, қайтара сәлемдеседі. Бұл жастардың үлкенді сыйлайтынын білдіреді. Себебі, кейінгі буын алдынғы буынға қарап өседі, бой түзейді, тәрбиеленеді. «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың», – деген. Адам табиғи ортасы мен қоғамына қарай өседі, ержетеді.

– Баяғы бабалардан қалған текті әдет неге әлсіреп кетті?

– Ата-бабадан ғасырлар бойы үзілмеген сәлемдесу құндылығы егеменді елімізде әлсіреп кеткені рас. Оның кейбір жақтары жойылып та бара жатыр. Оның мүшкіл жағдайға ұшырауының себептері жеткілікті. Солардың бірі, Орталық Азия, оның ажырамас бөлігі Қазақстан үш ғасырдай Ресей империясының отаршылдығында жасады. Отарласқан елдің жағдайының қандай болатынын әлем тарихы дәлелдеді ғой. Оның бүге-шүгесіне тоқталмай-ақ қоялық. Ежелден пайда болған сәлемдесу салтымыз да өзгерді.  Түрік этностары батыстың ықпалында жасап, Еуропа және орыс халықтарының қол алысып амандасуын қабылдадық.  Қазір, түрік тілдес халықтардың көпшілігі амандасуда  ата салтын ұмытып, қол алысып амандасу әдетке айналды. Солардың арасында қазақтар да бар. Себебі, Қазақстанға батыс елдерінен, әсіресе, Ресейден келген адамдардың саны көп болды ғой. Сондықтан Еуропадан келген этностар өз ықпалын жергілікті этностарға тигізді. Сөйтіп, қазірге дейін қазақтардың үлкенді-кішілері тек қол беріп амандасады, бұрынғы оң қолын сол жақ төсіне басып, бас иіп сәлем беруді ұмытқан. Қол беріп амандасудан  бұрынғы амандасу салтымыз анағұрлым жақын. Мысалы, адам барлық нәрсені қолымен атқарады. Сондықтан, медициналық тұрғыдан, тазалық сақтауда да бұл жақсы салт емес.

– Жағда ағамыз маған берген сұхбатында амандасу мәдениеті туралы «Жалпы беттен сүю – өте қауіпті нәрсе» деп қадап-қадап айтқаны бар. Әлемде амандықта ешқашан беттен сүймейтін халықтың бірі қытайлар екенін Жағда Бабалықұлы айтып қалды. Ол медициналық жағынан өте теріс қылық екенін, небір жаман дерттің жабысуына бастайтынын ханзу ұлты көнеден білетін көрінеді. Ол кісінің қытайлықтардың өсіп-өніп жатуының сырт көзге елеусіздеу көрінетін себеп-салдарының бірі ешқашан кім-көрінгеннің де, былай да кісінің бетінен сүймейтін қасиетінде жатса керек деп топшылағаны есіме түсіп отыр.

–Кейінгі кездері қол беріп амандасудан асып, кез келген адаммен сүйісетін болды. Бұл сүйісу де Еуропадан келген. Қазір елімізде осы артық қылық, нашар әдет жайылып бара жатыр. Жастары үлкен де, кіші де, балалар да, бәрі, әсіресе, қалада сүйісіп сәлемдесетін жағдайға жетті. Мұндай бекер сүйісуден кейінгі ұрпақтарды сақтауымыз бүгінгі күннің талабы. Бұл амандасу адамгершілік жағынан да, гигиеналық жағынан қарағанда басы артық, тұрпайы көрінеді. Сондықтан ежелгі ата-бабалар мұра етіп қалдырған сәлемдесуді қайта жаңғыртып, тек оң қолымен сол жақ төсін басып, бас иіп сәлемдесейік!

Мұндай әдемі амандасу басқа этностарда кездеспейді.  Тәуелсіз еліміздің Әнұраны айтылғанда ежелгі салтты ұстанып, оң қолымызды сол жақ көкірегіміздің тұсына қойып тыңдап, құрмет көрсетіп жүрміз. Осыны неге күнделікті тіршілікте қайталамасқа!

***

–Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы қазақ ғалымдарының сырт архивтерде ашылмай жатқан жәдігерлерді оқуы үшін араб, парсы, қытай, ағылшын, неміс, испан, т.б.тілдерді терең меңгерген мамандар болмаса, таяздық пен қайталауларға ұрынатынын меңзеп еді. Меніңше, дерек көздерін тек архивтерден іздемей, жолжазба, күнделік, тарих, саяхат, география, әдебиет, тіпті бейнелеу өнеріндегі суретшілердің қолтаңбасынан да, дін таратуға келген жатжерлік миссионерлердің жазбасынан да талмай іздестірсе артық болмайтын сияқты.

– Ортағасырлық  саяхатшылардың бөгде өлкелерді зерттеу, танып-білу  миссиясы болатыны рас.   1179 жылы туған Якута әл-Хамави Сириядан шығып, бірнеше мұсылман елдеріне сапарға шығып, “Муджам әл-Булдан” деген еңбегінде Испиджаб жөнінде толығырақ мағлұмат береді. Ол Испиджаб үлкен қала, оның төңірегінде қалашықтар, ауылдар өте көп. Ол Испиджаб  Алланың құрметіне бөленген, бау-бақшаның ішінде орналасқан, тұщы суға мол жаннат қала екенін жазған. Оның төңірегіндегі Тараз (Талас), Сауран, Саникет (Иль-Арслан), Фараб (Отырар) және т.б. шаһарлар бар. Мауреннахрдың жерін Хорезмшах Мұхаммед ибн Теккеш және оның әулеттері басып алып, қалаларын ойрандап, жергілікті тұрғындарды азапқа салып, қараханидтердің үстемдігін құлатқан. Оның үстіне 1219-1220 жылдары Оңтүстік Қазақстанның қалалары, ауылдары және қыстақтары монғолдардың шабуылына ұшырап, соның ішінде Испиджабта бүлінгенін әл- Хамави көрген.

–ЮНЕСКО тойлаған 2000 жылдығында Тараз Қазақстанның ең ежелгі қаласы деп ресми танылды. Бұл шаһарды парсы шайырлары жиі жырлаған деседі. Түркітанушы ғалымдар не жазады? Тілі қандай болған?

–Ортағасырлардағы Қазақстан мен Орта Азиядағы үлкен қалаларды араб, парсы деректеріне сүйеніп, В.В.Бартольд жазып, оларға сипаттама берген. Ғалымның бұл еңбектері, оның шығармаларының III томына енген. Ұлы Жібек жолындағы Оңтүстік Қазақстандағы Испиджабтан кейінгі ертеден келе жатқан Талас (Тараз) қаласы. Талас өзенінің жағасына орналасқандықтан қала сол өзеннің атымен ежелден аталған. Кейін арабтар оның атына өзгеріс кіргізіп, Тараз деп жазып жіберген.

Талас қаласы ертеден келе жатқан отырықшы мәдениеттің ірі орындарының бірі болған соң тіршілігі Ұлы Жібек жолымен байланыста болып, ортағасырда біздің жеріміздегі ірі мәдени орталыққа айналған. Таласты шығыс пен батыстың ғалымдары, саяхатшылары өздерінің еңбектерінде жазып калдырған. В.В.Бартольд Талас қаласына аздап тоқталған. М.Қашқари Талас, Баласағұн қалаларының тұрғындары соғдылардың, түркілердің тілінде сөйлегендерін жазған. Олай болса, Талас – ертеден келе жатқан қала болып, қарахандар династиясы дәуірінде кемеліне келген, Қазақстанның оңтүстігіндегі мәдениеттің ірі орталығы.

–Баласағұн деп танылған қаланы өздеріңіз аштыңыз ғой. Шу кісі есімі ме?

–Төрт мемлекеттің бас астанасы болған Баласағұн қаласы екен. Баласағұн қаласының ең бірінші іргетасын қалаған турмыстер. Махмұд Қашқари оларды сары үйсіндер деп жазыпты. Сары үйсіндердің әулеттері әлі күнге шейін осы жерді жайлайды. Шу ауданында, Мерке ауданында, Жамбыл облысының шығыс оңтүстігіндегі жерлер, Алматы облысында сары үйсіндер көп тұрады.Сары үйсіндерден шыққан Шу деген атты жас жігіт патша болып, осы қаланың негізін салған. Махмұд Қашқаридің айтуы бойынша: «Шу қала салдырды, өзіне резиденция салдырды, орда салдырды». Шу станциясының қасында Белбасар деген жерде кішкентай қаланың орны бар. Сол қала Шу қаласы деген. Оны әлі ешкім зерттемеген. Шу патша өте қолайлы жерге, төрт өзеннің Шуға құятын алқабына резиденциясын салдырған, қандай ақылды адам, керемет жерге салдырған. Белбасарда ондай жер жоқ.

Шу мен Талас өзендерінің арасында Мерке, Құлан қалалары орналасқан, В.В.Бартольд “Исламның энциклопедиялары” деген мақалаларында Қазақстанның оңтүстігіндегі көптеген калаларды жазған. Бірақ Мерке мен Құланға тоқталмаған. Бұл қалалар Ұлы Жібек жолындағы елеулі сауда орындары болғаны жөнінде араб, парсы әдебиеттерінде азды-көпті айтылады. Әл-Макдиси Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды атағанда Мерке мен Құланды да қалдырмаған. Құлан бекіністі қала, оның мединасында (Шахристан) адамдардың көп жиналатын мешіті бар. Мерке болса, орташа көлемдегі бекіністі, цитаделі бар қала. Мұнда да мешіті бар, ол ертеде шіркеу болған көрінеді.

Әңгімелескен Қ.Бегманов

Бөлісу: